БАЛА КІММЕН ТҰРҒЫСЫ КЕЛЕТІНІН ҚАЙ ЖАСТАН БАСТАП ШЕШЕ АЛАДЫ?

Сауал — сізден, жауап — бізден

– Әйеліммен ажырасқан болатынмын. Бірақ екі балам да қазір анасымен бірге тұ­рып келеді. Үлкен ұлым 13 жасқа толып, қа­зір менімен бірге тұрғысы келетінін айту­да. Заң бойынша бала қай жастан бастап кім­мен тұрғысы келетінін өзі шеше алады? Әлде, бұл үшін тағы да соттың шешімі керек пе?

 Марат.  Наурызбай ауданы.

 ҚР Неке және отбасы туралы кодексінің 62-бабына сәйкес, егер ата-аналары ажырасқан жағдайда баланың пікірі сот ісін қарау барысында тыңдалуға құқылы. Бұл ретте он жасқа толған баланың пікірі міндетті түрде ескерілуге тиіс. Егер ата-ана­лары келіспей қалған жағ­дайда, онда баланың мүдделерін негізге алып, оның пікірін ескере отырып, ата-аналардың талап етуі бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен сот шешеді. Бұл ретте сот баланың ата-анасының қайсысына, егер болса, аға-інілері (қарындастары) мен апа-сіңлілеріне үйірлігін, баланың жасын, ата-аналардың адамгершілік және өзге де жеке қасиеттерін, ата-аналардың әр­қайсысы мен баланың арасын­дағы қарым-қатынастарды, бала­ның дамуы және тәрбиесі үшін жағдайлар жасау мүмкіндігін (ата-аналар қызметінің түрін, жұмыс режимін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да осын­дай жағдайларды) ескереді.

 

Алиментті Өндіре алмаған жағдайда не істеу керек?

– Күйеуіммен дәм-тұзымыз жараспай, ажырастым. Қазір екі балам бар. Балаларымның әкесі жұмыс істесе де, сот орын­­дау­шылары алиментті өн­діріп ала алмай келеді. Бұл мә­се­лені қалай шешуіме бо­ла­­ды?

 Жанар. Алатау ауданы.

Заңгерлердің айтуынша, мұндай кезде сот орындаушыларынан жасал­ған әре­кеттері жайында ақпарат алуы­ңыз керек. Жазбаша түрде сот орын­дау­шысынан борышкер туралы мәлі­метті алып, али­ментті өндіруді талап етіңіз. Сот орындау­шы­сының әрекет­сіздігі жөнінде сот актілерін орындау жөніндегі департа­ментке, проку­рату­раға немесе сотқа шағымданыңыз. Борышкердің алиментті төлеуден жалтар­ғаны үшін қылмыстық жауап­кер­шілікке тартуды талап етіңіз.

 

Баланы сенбілікке шақыру қаншалықты заңды?

– Ұлым 6-сыныпта оқиды. Мектепте көктем сайын  әр сенбі күні сенбіліктер өткізіліп тұрады. Сұрайын дегенім, мектептің бала­ны сенбілікке шақырып, жұмысқа салуы заңды ма?

 Гүлнәр. Алматы қаласы.

ҚР Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағ­дайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі. Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексінің 8-бабымен де еріксіз еңбекке тартуға тыйым салынған. Дегенмен, ҚР «Бала­лардың құқықтары туралы» Заңының 16-бабының 2-тармағына сәйкес, балалар 14 жастан бастап, ата-аналарының рұқсаты­мен оқудан бос кезінде денсаулығына және өсіп-жетілуіне оңтайлы, баланың дене бітіміне, имандылығына және психикалық жай-күйіне зиян келтірмейтін қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл нормада баланың қоғамға пайдалы жұмыстарға қатысуға құқығы бекітілген. Сенбілік баланың қоршаған орта тазалығына деген санасын да қалыптастыратынын ойлаған жөн. Соған қарамастан, мектеп оқушы­ларын сенбіліктерге, жазғы тәжірибеге және ауыл шаруашылық жұмыстарға қатысты­руда ата-аналардың келісімі және баланың өз ойы ескерілуі керек.

Дайындаған — Серік ЖҰМАБАЙ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *