Бала еңбегін қанауға жол жоқ!

Жазғы демалыста оқушылардың уақыттарын қалай өткізуіне олардың ата-аналарының ықпалы өте зор. Себебі, ауылдық жерлерде мектеп жасындағы, яғни кәмелетке толма­ған балаларды әр түрлі жұмыстарға жегіп қойып жатқандарын көріп те, біліп те жүрміз. Бұл ретте көп адам­дардың балалар еңбегі мен еңбек тәрбиесін шатастыратыны белгілі. Мұнда еңбек тәрбиесі дегеніміз – үйде ата-анаға көмектесу, қоғамдық жұмыстарға араласу. Балаларға мұндай еңбектен келіп-кетер қауіп жоқ. Керісінше, бұл баланы тәрбие­леудегі, болашақ өмірге бейімдеудегі негізгі құрал болып табылады.

Айтайын дегенім, бала еңбегін заңсыз пайдалану мәселесі біздің қоғамда әлі де өзекті мәселе болып отыр. Әрине, мұндай мәселе тек бізде ғана емес, басқа да елдерде белең алған. Ауыр жұмыс баланың дене дамуы мен психо-әлеуметтік дамуына үлкен, кейде оңалмайтын нұқсан келтіретіні бар. Мұндай жас мөлшері сай емес, ауыр балалар еңбегіне негізінен әлеуметтік жағдайы төмен елдер мен тұрмыс деңгейі нашар отбасы­лардың немесе толық емес отбасылардың балалары арала­сып жатады.

Елімізде де әлеуметтік жағ­дайға байланысты кейбір отбасылар балаларының дема­лыс уақыттарын пайдала­нып, өз нәпақаларын табу үшін неше түрлі заңсыз жұмысқа жегіп келеді. Мұның салдары біріншіден – баланың денсау­лығына нұқсан келеді, екінші­ден – болашақта білім алу құмарлықтарын нашарлатады, ал ол өз кезегінде оның кейін­нен жұмысқа орналасуына әсер етеді. Сондықтан да еліміз­де бала еңбегін заңсыз пайда­лануға жол бермей, оған қарсы түсіндірме жұмыстары жүргі­зіліп, оңтайлы шара қолдану қажет. Бала еңбегіне қатысты еңбек заңына сүйенсек, 18 жасқа толмағандарға жұмыс істеуге тыйым салынған. Олардың жас ерекшеліктеріне қарай күніне 2 жарым сағаттан 4 сағатқа дейін ғана еңбек етуге рұқсат етілген. Ал 14-16 жас аралығындағылар аптасына 24 сағат; 16-18 жастағылар апта­сына 36 сағат қана еңбекке тарты­луы керек. Біздің елде 14 жастан асқан баланың сабақтан тыс уақытта еңбекке арала­суына рұқсат етілгенмен, олар­дың психикасы пен физио­логиясына кері әсер ететін жұмыс істеуіне болмайды. Ал біздің елде қабырғасы қатай­маған жеткіншекке 12 сағаттан аса жұмыс істету деректері кездеседі. Бұл дегеніміз, бала еңбегінің уақыт мөлшері сақта­ла бермейтінін көрсетеді. Елімізде балаларды көбінесе садақа сұрауға, мақта теруге, құрылыс жұмыстарына, сауда-саттыққа жұмсайды. Бұл өз кезегінде баланың құқығын шектеп, денсаулығына зиянын тигізеді.

Осы жағдайларды негізге ала отырып, балалардың құқы­ғын шектемеу, бала еңбегін қанауға жол бермеу керек екендігін, оның салдары жақ­сылыққа алып бармайтынын әрбір ата-ана сезінуі тиістілігін ескертеміз. Әрине, бұл бағытта мемлекет тарапынан да жұ­мыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін жедел қорғау мақсатында құрылған мобильдік топтар жеткін­шек­тердің еңбегін заңсыз пайда­ланудың алдын алу мақсатында түрлі шараларды қолға алып жатыр.

Қысқасы, баланың дене бітімі, ақыл-ойы дұрыс қалып­тасуы жеке отбасы үшін де, еліміз үшін де маңызды екенін естен шығармағанымыз жөн.

 

Нүрилә ОМАРОВА,

Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *