БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

«Бала – бауыр етің». Өміріңнің мәні, де, сәні де солар… Таңның атысы мен күннің батысына қарамай, жұмыс істеуіңнің себебі де сол бала қамы. «Қайтсем, ұрпағыма жағдай жасаймын» деген ата-ана үшін бұл бақытты өмірдің баспалдағы іспетті. Бұл әу бастан солай… Кезінде ата-бабамыз жазу-сызуды білмесе де, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұрпағының текті һәм саналы болып өсуіне бар күш-жігерін жұмсаған. «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейін құрдасыңдай сыйла» деп, ұрпағының ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған да сол аға буын. Ата-әжелеріміз шет ел асып оқымаса да, адам баласы нені беру керек, нені сұрау керек, нені тілеу керек деген адами қасиетке шомылып өсті. Жазылмаған дала заңы оларды ештеңеден кенде еткен жоқ. Керісінше, өнегелі де парасатты ұрпақ болып өсуіне жол ашты.

Ал бүгін ше? Бүгінгі ұрпақ – «жоқ» дегенді білмейтін заманның кейіпкерлері. Не ішем, не кием демейді. Қарны тоқ, көйлегі көк. Себебі, олар адам жанынан басқа­сының бәрін сатып алуға болатын заманда өмір сүріп жатыр. Иә, бар­лық бала ата-анасының құшағында алаңсыз өмір сүруге лайық. Десек те, біз бала қауіпсіздігінің басты назар­да екенін естен шығарып алып жүргендейміз.

Бүгінде жасөспірімдердің қатыс­уымен орын алатын оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Балконнан құлаған сәби, түтінге уланған бала, суға бат­қан жасөспірім, отқа күйген нәресте, өгей шешенің қорлығы, қатал әкенің сұмдығы… Одан бөлек, ата-анала­рының кәмелетке толмаған бала­ларын қараусыз қалдырып, оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатқан жағдайлар…

Алысқа бармай-ақ, күні кеше ғана Астанада орын алған қайғылы оқиғаны айтыңызшы… Айдың-күннің аманында бес бірдей баладан айырылу деген… Ешкімнің басына бермесін. Сол балалардың қамы үшін ешкімге қол жаймай, ақ адал еңбегімен нәпақа тауып жүрген ата-ана үшін қандай ауыр қайғы еді бұл. Қаралы қауым қайғыдан қан жұтқан ата-ананың қасынан табылды. Бірақ… «тас түскен жеріне ауыр»… Есін жиып үлгермеген халықты Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Ұзынбұлақ ауылында бүтіндей бір отбасы – әкесі, анасы және екі баласы ыстан уланып көз жұмғаны жығылған үстіне жұдырық болды. Осыдан бір ай бұрын Қызылорданың «Наурыз» учаскесіндегі өрт салдарынан үш бірдей ұлынан айырылған ананың жанайқайы қандай ауыр?! Елді есеңгіреткен жантүршігерлік оқиға­дан кейін қоғамда ана-мен балаға қатысты түрлі пікірлер айтылып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Басым көпшілігі әлеуметтік жағдайдың төмендігін, тұрмыстың қиындығын, бай елде тұрсақ та кедейдің күнін кешіп жүргенін алға тартты. «Үйің болмай, күйің бол­май­ды» деген осы шығар, бәлкім. Қан­дай жағдайда да біздің ешкімді жаз­ғыруға, біреуден кінә іздеуге қақы­мыз жоқ. Десек те, бұл оқиға көп­шілігімізге сабақ болғаны жасырын емес. Бұдан былай балаларын үйде қалдырып, алаңсыз жүре беретін отбасылардың саны азаятынына шүбәміз жоқ. Есесіне, бала қауіп­сіздігінің қаншалықты маңызды екенін түсінетін ата-ананың қатары көбейетініне сеніміміз зор. Әсілінде, балалар арасындағы қайғылы оқиға­ларды болдырмаудың алғышарты – әйелге жағдай жасаудан басталса керек. Егер әйел үйде отырса бала тәр­биесі ақсамайды, отбасының ты­ныштығы бұзылмайды. Демек, ба­лаң бағулы, қазаның асулы тұрады.

Иә, бала – сіздің көзіңіздің нұры, көңіліңіздің қуанышы! Дүниенің бар алтынына айырбастамайтын қым­батыңыз! Біздің көңіліміз балада болғанымен, баланың көңілі далада екені рас. Бала болған соң ойнайды. Білуге құштар болып, әр нәрсені бір түртетіні де әу бастан белгілі. Алай­да, жаза деген аяқасты. Балаларды қайғылы оқиғалардан қорғау үшін қарапайым ережелерді жадыңызда ұстау артықтық етпейді. Ендеше, бала бар жерде:

  • токпен қайнайтын шәугімдерді қараусыз қалдырмаңыз;
  • розеткаларды өз бетінше пайдалануға жол бермеңіз;
  • баланың газ плитасы және сіріңкені қолдануына рұқсат етпеңіз;
  • қайда барсаңыз да (ойын-сауық орталықтары, табиғат аясы, бас­сейн, т.б.), сол жерге қатысты қауіп­­сіздік шаралары жайында балаңызды хабардар етіп отырыңыз;
  • ең бастысы, ешқашан бала­ңызды жалғыз өзін үйде қалдыр­маңыз!

Есіңізде болсын, баланың қауіп­сіздігі –  сіздің жауапкершілігіңізде!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *