Байқошқарованың бақыты

Н.НАЗАРБАЕВ:

«Біз «Жаныңда жүр жақ­сы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама заман­дас­тарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез-келген статистикадан да артық көрсеткіш».

 

Елбасының   «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған осы бір жолдар  «Қазақ­стандағы  100 жаңа есім» жобасының жеңім­­пазы, еліміздегі  тұңғыш ашылған дене­ден тыс ұрықтандыру немесе экстрокорпоральді ұрықтандыру зерт­ханасының жетекшісі, репродук­толог, эмбриолог, биология ғылымынң док­торы, Қазақстанның Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің екі мәрте иегері, «Алтын дәрігер»  мара­па­тының иесі, «Құрмет» орденді, есімі  Қазақстанның Алтын кітабына, рекорд­тар кітабына енген, Репродукция және эмбриология бойынша еуропалық, ресейлік ассоциациялардың мүшесі, Қазақстандағы адам репродукциясы ассоциациясының президенті Салтанат  Берденқызы Байқошқарова жайында айтылғандай көрінеді.  Бұл есімді қазіргі таңда  Қазақстан жұрты ғана емес, әлем­нің бірқатар елі таниды десек, артық болмас.  Бар болмысынан  ұлт­жан­дылық пен ұлттық рух танылып тұратын Салтанаттың жүзіне қараған адам оның бойындағы қайсар мінезді, табандылық пен сабырлылықты, ең алдымен,  ұлтына деген жанашырлық пен мейірімді байқар еді.  Оның бойында осы бір мінездер болмаса,  осыдан жиырма екі жыл бұрынғы  қиындықтарға шыдамай қолын бір сілтеп, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүрер жол таңдап кетер еді. Бірақ Бердендей елағасы атана білген  асқар тау әке тәрбиесін көрген  Салтанат Бай­­қошқарова   ұстаздары В.М.Зданов­ский мен Б.В.Леоновтың  өзіне деген сенімін ақтап шығу үшін алға ұмтылды. Ғылым­ның ең жаңа, ең кенже саласы  бедеу­лікті емдеу мен   денеден тыс ұрықтан­дыру тәсілін елімізде бірінші болып қол­ға алды. Келіндері босана алмай қина­лып жатқан, бар ырымдарын жасап, «адамнан адам шықпақ оңай ма?» дейтін еді, әйелдің  өмірге бала әкелуі­нің қиындығын осы бір ауыз сөзімен ғана жеткізетін аналарымыз. Ал табиғи жол­мен  Жаратқан бұйыртпаған шара­наны,  басқаша айтқанда,  денеден тыс, яғни  қолдан ұрықтандыру арқылы өмірге әкелу де  жұрт ойлайтындай оңай шаруа емес-ті. С.Байқошқаро­ваның бұл салаға деген қызығушылығы   КазГУ-дің Био­логия факультетін бітіріп, еңбек жолын Алматы қаласын­дағы «Неке және отбасы» адам ұрпағын өрбіту орталы­ғында дәрігер-зертха­нашы болып қыз­мет атқарып жүрген кезден басталған болатын. Міне, содан бері  зымырап оты­рып жиырма екі жыл өте шығыпты. Жиырма екі жыл айтуға оңай болған­мен, осы жиырма екі жылда Байқош­қарова болып қалыптасу жолында қаншама маңдай тер төгілді, ұйқысыз түндер өтті десеңізші.  Алды-артыңда қарайлайтын, тәжірибе алма­сып, ой бөлісетін ешкім жоқ, бірінші болудың қиындығы өз алдына.  Деген­мен,  Ресей­дің тұңғыш  адам ұрпағын өрбіту ғылы­мының тұңғыш өкілдері, Ресейдегі құты­дағы тұңғыш сәбидің кіндігін кескен эмбриологтар  В.М.Зда­нов­ский мен  Б.В.Леоновтың   қазақтың осы бір қараторы, қоңыр мінезді қызына деген сенімдері   мықты болды.  Тіпті,   Салта­натты медицина саласын­дағы тың жаңа­лық денеден тыс ұрық­тандыру ғылымы бойынша  Қазақстан­ның  ден­саулық сақтау саласы мен меди­цинасына мойын­датқан да солар болды десек, артық болмас. Бүгінде Қазақстан­дағы денеден тыс ұрықтандыру тәсілі­мен өмірге келген тұңғыш  ЭКО-сәби биыл­ғы жылдың шілде айында жиырма екіге келеді. Ал оның соңынан ерген іні-сіңі­лі­лерінің саны бүгінде он мыңнан асып­­ты. Яғни Салтанат еліміз­дің демогра­фия­лық саясатын дамытуға зор үлес қосып отырған «Алтын құрсақты», алтын  қолды ана. Қазір елімізде мұндай орталықтар саны көп, дегенмен, бірін­шінің аты бірінші,  олар біз мықтымыз дегендерімен, жұрт  Байқошқарованы көбірек іздейді.

– Өмірге ұрпақ әкелудің жауап­кер­шілігі өте зор.   Құдайдың бұйыртпаған нәрсесін қанша маңдай теріңді төгіп, еңбектенсең де жасай алмауың мүмкін. Жаратқан ие әр адамның өз ниеті мен пейіліне беретін шығар. Құдіреті күшті Жаратқанның бұйыртатын бақы­тына, қуанышына біз медициналық жолмен дәнекер боламыз. Бір әйелдер   бірінші операциядан кейін бірден  жүкті болады, ал кейбір келіншектер түсік тастап барып көтеріп жатады. Бұл жерде біз ұрықты ғана денеден тыс ұрық­тандырып алғанымыз болмаса,  сәби табиғи жолмен ана жатырында дамиды.  Кездейсоқ қателіктерге жол беріл­мейді. Сондықтан болар, ЭКО тәсілімен өмірге келген балалардың денсаулығы  өте жақсы болады.   «Тфә-тфә» деп айтайын, осы уақытқа дейін  біздің клиникамыз арқылы өмірге келген сәбилердің бір-бірінде  дамудың туабіт­ті кемістіктері болған емес.  Қазір жас ерлі-зайыптылар арасында бедеулік дерті көбейіп барады.  Бедеулік дертіне соқтыратын  себептердің 70—80 пайы­зын түсік жасату құрайды. Бұл диаг­ноз­ды қою, оны әйелге естірту қандай қиын болса, емдеу де сондай қиын.   Сондық­тан   аналар қыздарына болашақта әйел, ана болатындығын ескертіп,  қыздары­ның  денсаулықтарына көңіл бөлсе дей­мін. Қазіргі кезде жас қыздар арасында түсік жасату, ерте жаста жүкті болу сияқты келеңсіз жағдайлар  көбейіп барады. Бұл аналарымыздың қыздарына деген тәрбиенің төмендеуінің нәтижесі.  Қызға қырық үйден тыйым жасау керектігін ұмыттық. Ал оның кесірі ұлтымыздың демографиялық саясатына кері әсерін тигізіп жатыр. Бедеулік дерті­нің ерлер мен әйелдер арасында  көбейіп бара жатқандықтан, тіпті мемлекетіміз ЭКО бойынша квота бөліп, оның санын арттырып отыр, – дейді ұлтының ертеңіне алаңдайтын ұлтжанды,   халық таңдауымен «Қазақ­стандағы жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы, оң мыңнан астам сәбидің кіндік шешесі атанып отырған жастарға еңбегімен ғана емес, азаматтық, адам­гер­шілік қасиеттерімен де отбасылық ұлағатымен де үлгі болып жүрген Салтанат Берденқызы Байқошқарова.  Ол  ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүше­сі. Байқошқарова  үшін тұңғыш ЭКО сәбиі қаншалықты ыстық болса, осы саладағы жетістіктігі үшін 2001 жылы   алған  алғашқы марапаты – «Ал­ма­ты жұлдызы» да соншалықты ыстық көрінеді.

– Маған адамдарға қуаныш сый­лайтын құдіретті жол  сыйлаған еңбе­гім­нің жұлдызын жандырған  Алма­тымның орны бөлек. Алматы менің бақытым мен бағымның мекені. Шет елге шықсам  Алматымды сағынам дейді, –  өз жұлдызын Алматыда жаққан  Қазақстан жұртының қалаулы қызы.

 

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *