«БАЙҚОҢЫР» қауiп тудыра бере ме?

  • Жазылған жайға орай

(«720 сағаттан соң».  «Алматы ақшамы».  6 тамыз, 2013 жыл)

4

«Алматы ақшамы» газетiнде бүкiл қазақ халқының тағдырына, тiптi әлем тағдырына қатысты небiр құнды материалдар жарияланып жатады. Әсiресе, Ермек Жұмахметұлының мақалалары маған қатты ұнайды. Сондықтан өзiмiз қалада емес, далада (Еңбекшiқазақ ауданында) тұрсақ та «Алматы ақшамы» газетiн үнемi жаз­дырып алып оқумен келемiз.

Осы газеттен оның (биылғы 2013 жылғы 6 тамыз, сейсенбi)  «720 сағаттан соң…» атты мақаласын оқыдық. Онда Байқоңыр ғарыш айлағы ашылғаннан бергi жарты ғасырда ұшырылған зымырандардың және ең соңғы биылғы «Протон М» зымыран тасығышының құлауына байланысты барлық зардаптар мен қасiреттер туралы нақтылы тарихи және шынайы мәлiмет деректер, сондай-ақ, өз ауылына барғанында көзiмен көргендерi баяндалып, өз туыстарының, өз ауда­нының, тiптi, бүкiл Қызылорда облы­сының бүгiнгi мүшкiл хал-жағдайы ақтарыла айтылған.

Ол осы ғарыш айлағынан ұшырыл­ған және құлаған зымырындардың зардабынан  тек өз туыстарының ғана тартқан қасiретiн былай баяндайды: «Бұрын шал-кемпiрлер қауқылдасып отыратын шап-шағын ауылда үлкендер қалмаған. Үлкендердi былай қойып, 30-40-тағы азаматтардың қатары да сиреген. Халықтың оған көздерi үйренгенi соншалық, бейнебiр ол мiндеттi әдет сияқты. Күнде таңертең бiрнеше адам ұйқысынан оянбай қалады… Ал сұлу сүйер алқымын арқан «сүйiп» жатқан­дар одан да көп. Қазiр өзiм өскен көшеде еркеккiндiктi адам қалмапты. Ана бiр жылы ерте көктемде бауырымды жер қойнауына берiп келген күннiң ертеңiнде көршiмiздiң Ермұрат атты бас көтерер азаматы өз-өзiне қол салды. Жасы әлi 50-ге де жете қоймаған-ды. Бiздiң отбасымызда да 60-қа келген еркеккiндiктi жан болған емес. Туған нағашымыз Саякешевтер отбасы түгелiмен бiр ауыл төмпешiк болып жатыр. Отбасындағы 10 баланың тоғызы 40 жасын тойлай алмай, қыршынынан қиылды. Жақында ғана соңғы Серiк нағашымды Төретамнан Қазалыға әкелiп, жер қойнына бердiк… Араға бiр жыл салып өмiрден өткен туған қос бауырымның да өлiмi сәуiр айында орын алды. Әдетте, бұл айда (наурыз, сәуiр, қазан айларында) Байқоңыр космодро­мынан құрамында ғарышкерлерi мен жүк тасығыш кемелерi бар спутниктер топтап ұшырылып жатады… Алайда оған назар аударып жатқан тиiстi орындар жоқ. Аймақта дендеген аурулардың есеп-қисабы осы күнге дейiн құпия, жасырылып келедi», – дейдi Ермек Жұмахметұлы.

Мiне, бұл Қазалы ауданындағы бiр ғана ауылдың қорқынышты жағдайы. Қазiр бүкiл Қызылорда облысындағы барлық ауылдардың жағдайы осындай. Мысалы, мен ендi осы облыстағы, облыстың ең бергi шетiндегi Шиелi поселкесiнiң бiр көшесi, оның iшiнде, өз әке-шешемнiң шаңырағында болған және болып жатқан қасiреттi айтып берейiн.

Менiң әкем Мәдiрей Алмасбаев 70-ке жете бере дүние салды. Бiр өзiнде бiрнеше ауру болды. Шешем Бадиға да 70-ке жете бере қылтамақ ауруынан көп қиналып қаза болды. Ал Алматы облысын аралап жүрiп, кемпiр-шалдарды көрiп, қуанасың. Екi бауырымның ең үлкенi Шазатхан Алмасбаев бiр жылдары Семей ядролық полигоны жақта әскери борышын өтеген. Әскерден қайтып келген соң өзiн нашар сезiне бастады. Сөйтсек, оның миында тарыдай iсiк пайда болған екен. Өсе келе бармақтай болды. Үш бiрдей академик радиация зардабынан болғанын анықтап диагноз қойған. Бауырым ақыры сол аурудың зардабынан 49 жасында қайтыс болды. Бауырым үйленгеннен кейiн туған тұңғыш қызы да қол-аяғы жұмыс iстемейтiн сал ауруымен туды. Әлi күнге дейiн арбада отырады. Бойжетiп қалған қызды көтерiп шешесi дәретке апарады, жас балаша жуынды­рады, күндiз-түнi көзiнен жас кетпейдi. Кiшi бауырымның да бiр қызының аяғы кем болып туған… Ал мен ертерек Алматы облысына тұрмысқа шығып кеткен едiм. Бiрақ, менiң де екi ұлым бiрдей мүгедек…

Мен туып өскен Шиелi ауданында уран өндiрiледi. Тiптi, ашық әдiспен. Уран топырағын тиеген жүк машиналары тұп-тура үйдiң жанынан бұрқыратып өтiп жатады. Сонау Байқоңырда зымырандар ұшырылған күндерi де бұл қаланың шал-кемпiрлерiнiң көбi жатып қалады. Себебi, оның зардаптары да желмен, жаңбырмен жететiнi ғой? Шиелi ауданында да құдайдың құтты күнi ерсiлi-қарсылы жел соғады да тұрады.

Ермек бауырымыздың бұл мақала­сынан көп нәрсеге көз жеткiздiк. Геп­тил­дiң у екендiгiн, тiптi, Ресей ғалым­дары­ның өзi жасырмай айтып, сұхбат берiп жатыр екен. Мұны бiз ғана шаң жұқтыр­май жасырып-жабумен әлек болып жа­тыр­мыз. Сонда бiздiң немене өз халқы­мызға өзiмiздiң жанымыз ашыма­ғаны ма?

Мысалы, Циолковский атындағы Космонавтика академиясының сарап­шы­сы Юрий Караш «Вести ФМ» радио­станциясының тiлшiсiмен болған сұхба­тында: «Гептил – аса қауiптi. Қоршаған ортаға зымыран отынының төгiлгенi – өте үрейлi, өте қорқыныш­ты…» десе, ал Ре­сейдiң белгiлi биологы профессор Жари­ков: «Гептил – рак ауруының тiкелей қоздырушысы» деп салыпты. Өйткенi, ғалымдарға керегi шындық, ақиқат және халық денсаулығы. Ал залымдарға (саясатшыларға) керегi – пайда, атақ, мансап.

«Протон М» зымыран тасығышының қазандығында 600 тонна улы отын бол­ғандығы хабарланды. Оның басым бөлiгi ауада жанып кеттi делiндi. Мен өзiм математик, физик, химикпiн. Геп­тилдiң жанған бөлiгi де, жанбаған бөлiгi де улы. Оның уы жел арқылы бұлт-жаң­быр арқылы тарай бередi. Суға, топырақ­қа сiңiп қалып қояды. Кез-келген улы зат­тың күлi де, исi де, дәмi де, түтiнi де улы. Олардың уы ұзақ жылдарға кетедi. Мы­салы, атом бомбасы жарылды. Оның тудырған толқыны да, тараған жарығы да, радиациясы да теңдесi жоқ жойқын, қиратқыш, бүл­дiргiш қуатқа ие. Олар­дың зардаптары алдымен суға, топырақ­қа, шөпке сiңедi. Одан малға, құсқа со­лар­дың етiмен және сүтi арқылы адамға сiңедi.

Қысқасы ядролық, химиялық зар­дапты заттардың бәрi де бүкiл тiршiлiк иелерiн бүлдiредi, ауыр зардаптарға душар етедi және жояды. Бүкiл әлемдi ақырзаманға алып келедi.

Мiне, ендi осылай кете берсе, Қызыл­орда облысының халқы 2050 емес, тiптi 2030 жылға да жетпей қырылып бiтедi немесе түгел мүгедектер елiне айналады, сау адам қалмайды. Түгелдей мүге­дектер, құбыжықтар облысына айналады ғой.

Бұл сұмдықты ауыл әкiмi де, аудан, облыс әкiмдерi де бiлiп отыр, айтуға қор­қады. Сондықтан шырылдаған шындық Елбасына жетпейдi. Ал менiң бұл жанай­қайым ол кiсiге тiптi де жет­пейдi-ау. Егер жеткiзе алатын ержүрек, ақылды адам табылса, мен сол кiсiге және оның ұрпақ­тарына дүниедегi бар жақсылықты тiлер едiм.

Қазақ елiне космодромның қажетi қанша?

Бiзге космодромның ешқандай қажетi жоқ. Оның қызығын ылғи Ресей көрiп келедi. Ал зардабын бiз тартып келемiз.

Дүниеде космодромсыз да ғылым-бiлiмi, мәдениетi қарыштап дамып, халқы бақытты өмiр сүрiп жатқан елдер аз емес қой?! Мысалы, Германия, Финляндия, Швейцария мемлекеттерi.

Бiр кезде Қазақстан Республика­сының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев бiр бұйрықпен Семей ядро­лық полигонын жауып тастаған едi ғой. Ядролық қарудан бас тартқан. Осындай тағы да бiр теңдесi жоқ ерлiк жасап Байқоңыр космодромын жауып тастаса, бүкiл Қазақстан халқының көзiн мәңгiлiкке ашар едi.

Менiң осынау жанайқайыма аналық, әжелiк ақ тiлегiме ұлтына, дiнiне қара­май барша отандастарым үн қосса екен!

 

Айзахан МӘДIРЕЙҚЫЗЫ.

Тегтер
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close