Бай мен кедей арасы

Адамзат баласы жаратылғалы бері бай мен кедей болып бөлініп келеді. Ал сол байлықтың өзі көп жағдайда ақылмен, еңбекпен келеді. Кежегесі кері тартқан, нағыз жалқау, жатыпішер жандар өмірінде жарымай, өзгеге телміріп, көзін сатып өтеді. Кешегі жетпіс жыл дәуірлеген кеңес өкіметінің басты кемшілігінің бірі – елдің бәрін бірдей етуге талпынды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

1928–1930 жылдардағы бай-манап­тардың мал-мүлкін тәркілеп, тартып алып, сіңірі шыққан кедейлерге бөліп берді. Сол бай-манаптардың мал-мүлкі ұзақ жылдық еңбекпен, ата-бабаларынан мұра болып келе жатқан байлық еді. Ол кезде байлардың шық бермес Шығайбайлары болған да шығар, бірақ көпшілігі ақылды, төңірегіне ағайын-туысын топтастырып, жұмысын істетіп, жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай қауымдап жүрді. «Бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» деген нақыл сол кезден қалған. Бай-манаптардың мал-мүлкіне ие болған кедей-кепшік еңбексіз келген нәпақасын тез тауысып, сол баяғы жоқ-жұпыны күндеріне қайта түсті. «Болмағырға болыспа» деген даналық сөз  бостан-босқа айтылмаса керек. Адам баласына барлық нығымет пен жақсылықты беретін тек Алла тағала екенін естен шығарып алудың зардабы осындай болды. Бақ-дәулет пен жақсылықтар Алланың рақымымен беріледі. Жақсылық жасаған адамға рахмет айту қажеттігін барша әлем жақсы біледі. Жақсылығы мен шапағаты тиген адамға құрмет көрсетіледі. Ислам діні экономи­калық тұрғыдан капиталистік және коммунистік ұғымдарды қабылдамайды. Кедей-кепшікті қорғап, байларды кінәла­майды. Байлардың кедейлерге зекет және садақа беруіне кеңес береді. Ислам адамзат баласын бір-бірін жақсы көруге, бір-біріне жәрдемдесіп, бауырларша өмір сүруге үндейді. Туған елін дамытуды, адамдардың рух, тән және пікірлесу тұрғысынан еркін өмір сүруін қалайды. Исламда мұсыл­ман­дық құлшылықтарын орындаған адамның жасаған еңбегі сауапқа айналып, жұмысы қасиетті саналады. Қасиетті Пайғамбары­мыз (с.а.с.) «Ешкім де өзінің маңдай терімен тапқаннан артық дүние таппаған» деп Дәуіт пайғамбарды мысал еткен. Отбасының нәпақасын табу мақсатымен жолға сапарлап шыққан жанның Алла тағаланың ақ жолында жүргенмен тең екендігі айтылған. Сол сияқты, ешкімге күнін қаратпау үшін тер төккен кісінің әр қимылы ғибадат болып есептеледі.

Қазіргі кезеңнің байларын бұрынғы заманның байларымен салыстыруға әсте болмайды. Бүгінгінің олигарх-байлары бұрынғының бай-манаптарын он орап алады. Бірақ олардың басым көпшілігінің байлығын таза еңбек, маңдай термен тапқан деп айтуға келмейтін де шығар. Қазіргінің байларының ішінде қайырымды, сауап істерге қолұшын беріп тұратындары да баршылық. Ертеде Абай заманында болған байлық пен мансап қуу, адамдық асыл қасиеттерді тәрк ету, көңілге қаяу түсіретін күнделікті өмірдегі жат қасиеттер қай кезеңде де заман ағысынан қалмай келеді. Қазақтың белгілі сөз зергері, ғалым, аудармашы Ісләм Жарылғаповтың соңында қалған жазба мұрасының арасынан «Тегінде тектес емес, таптас туыс» деген өлеңінде бай мен кедейдің арасы ешқашан бірікпейтінін айтады:

Тегінде тектес емес, таптас туыс,

Екі топтың арасы терең қуыс.

Қанша туыс, дос, сүйек болғанменен,

Бай мен кедей жүрмейді онша жуыс.

Байлық – мұрат, кедейлік – ұят емес,

Бақ-дәулетке таласпас адал кедей.

Оны адамға санамас байығандар,

Алтын басты болса да күміс көмей.

Не көрмейді өлмесе тірі пенде,

Осындай бір шалқу бар бүгін елде.

Ескі байлар орнына жаңа байлар,

Қаулап, көктеп шығыпты өртең жерге.

Адамшылық, ар-ұят болмас байда,

Мың түрлі айламенен қуған пайда.

Ісі түспес кісіге, рахымы жоқ,

Без бүйрек, іші қатты, сырты майда.

Қиналғанда жоқшылық қысып кейде,

Байысам деп көксеймін мен де пенде.

Жоқ меншік, дерті жеңсік, кәрі сиқыр,

Оны сүйме, кітап сүй, білім теңде.

Көздің құрты қу дүние, жисаң симас,

Нәпсің тоймас, ар қоймас, көзің қимас.

Сөз – кедейше, іс – байша, жинағаны,

Әлдекімге, опасыз, қалар мирас».

Қасиетті ораза айында байшыкеш, дәулетті жандардың қайырымды да, сауапты істерге көп көңіл бөлуін қалар едік. Адамның адамгершілік қасиетіне сынақ болып табылатын мейірімді айда мүмкіндігі бар жандардың елге шапағаты тисін деп тілейік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *