БАБАЛАР АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Кезінде қазақ жастарының «Шаңырақ» ұйымын ұйымдастырушылардың бірі болған ұлтжанды азамат, абзал дос Манарбек Бекмұханбетұлы туралы бір үзік сыр

Біздің кейіпкеріміз  өткен ғасырдың 80-жыл­дарының соңы мен 90-жылдарының басында еліміздің тәуелсіздік алу жолында күрес жүргізген ұлттық бағыттағы партиялар мен ұйымдардың жергілікті жердегі ең белсенді мүшелерінің бірі  болған  тұлға.

Мәкең – Манарбек Бекмұхан­бетұлы Садықов 1959 жылы 25 та­мыз күні Шығыс Қазақстан облы­сы, Зайсан ауданы, Шілікті ауылында қарапайым колхозшы отбасында өмірге келді. Әкесі Бекмұхан­бет (1993 жылы 59 жасында өмірден озды, анасы Талжібек апай бүгінде сексеннің үстінде. Ұл-қыз­дары мен немере-шөберелірінің ортасында). 1974 жылы Тас­бастаудағы сегізжылдық, 1976 жылы Шіліктідегі онжылдық мектепті жақсы бітіріп, мамандық алу үшін жоғары оқу орнына түсуді көздейді. Бірақ сол кездің талабына сәйкес, екі жыл  туған ауылында механизаторлар бригадирінің көмекшісі болып еңбек жолын бастайды. Ал одан кейін 1978–1980 жылдары әскери міндетін өтейді. 1981 жылы Ал­матыға келіп, Киров атындағы машина жасау зауы­тына жұмысқа тұрады да, уақытын бос өткіз­бей, Алматы политехникалық техникумына сырт­тай оқуға түсіп, 1984 жылы оны бітіріп шығады.

Қайта құру кезеңіне дейінгі бүкіл еліміздегі сияқты  Алматы қаласында да  қалыптасқан  саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдай­лар, ана тілінің тағдыры  неге осылай, оны қалай өзгертуге  болады деген сауалдар ұлтжанды Мәкең­ді көп мазалайды. Бірінің жауабын тапса, екінші­сінің күрмеуі тым тереңдеп кеткенін түйсігімен сезінеді. Ақыры бұл жағдайлар біз­дің Мәкеңді сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік  университетінің тарих факультетіне алып келеді. 1984 жылы дайындық курсына, ал 1985 жылдан бастап күндізгі бөлімге қабылданады. Міне, осы кезден бастап біздер Манарбек Бекмұханбет­ұлымен танысып, бес жыл бірге оқып, күні бүгінге дейін тек өздеріміз ғана емес, отбасыларымызбен, бала-шаға­лары­мызбен нағыз жақын туыстай араласып келеміз.

Университет қабырғасындағы бес жыл ішінде біздер бір-бірімізді жете танып-білдік. Старос­талығы  және 5-6 жас үлкендігі бар Мәкеңнің алдын біздер кесіп өтпейміз. Оның ішкі жан дүниесінде біздің бәрімізді ынтықтыратын ұлтқа, елге, туған жерге деген қайнап жатқан таусылмас махаббат пен сүйіспеншілік бар, тіл шешендігі мен ой даналығы бар, адамдармен қарым-қатынаста жоғары мәде­ниеті мен  рухани болмысы бар. Бұл адами қасиеттері кім-кімді де оның азаматтық тұлғасын құрметтеуге  жетелейді.

Қасиетті Зайсан өңірінің киелі топырағынан нәр алып, ата-ананың тәрбиесімен қуаттанған Мәкеңнің ұлтжанды азамат болуына, адами болмысының қалыптасуы мен азаматтық көзқарастарының түзілуіне студенттік ортасы, университеттегі ұстаздарының тағылымдары, тарихи кітаптардан алған білімі негіз болды. Тарих факультетінің қабырғасында жүрген кезінде  сол тұстағы өмірдің, қоғамның әділетсіз жақтарын, оның әр түрлі себептерін түсіне бастады, оны қалай  өзгертуге болатындығы жөнінде пікірталастарда өз ойын студенттер ортасында  ашық білдіріп жүрді.

«Тәрбиеші алдымен өзі тәрбиелі болуы керек» деген қағидаға сай, ұлтжанды Мәкеңнің  қазақ халқына деген махаббаты  өзінен және отбасынан бастау алған. 1983 жылы Алматы қаласының орыс тілді Қарлығаш деген аруына үйленіп, отбасында қазақ тілінің мерейін үстем қылды. Қазақ халқының үш арысының есімін құрмет тұтып, ұлдарым үш арыстай болсын деген ырыммен  ұлдарына Сәкен, Ілияс, Бейімбет деп есім берді. Ұлдарының тілі шыға бастағаннан оларға «папа» дегізбей, қазақ үшін қасиетті де, қадірлі «әке» деген сөзді үйретіп, ұлттық сана мен қазақы дәстүрді  шаңырағының төріне шығарды. Біздер де Мәкеңнен үлгі алып, бала­ларымызға «әке» деп айтуды үйреттік. Ал жұбайы Қарлығаш  болса, 2-3 жылдан кейін мақал-мәтелдеп сөйле­генде алдына жан салмай­тын дәре­жеге көтеріліп, бәрімізді таңқалдырды.

Қайта құру саясатымен келген жариялылық жылдарында, 1986 жылдың желтоқсанында біздің Мәкең Орталық алаңға шыққан он мыңдаған қазақ жастарының бірі еді. Алаңда жүріп ой мен сана еркіндігінің бір сәт болса да азат болған­дығының куәсі болады.

1989 жылы қазақ тілінің мемле­кеттік мәртебесі сынға түскенде Мәкең біздерді және басқа да факультеттердегі студент жастардың басын қосып, қазақ тілінің мәртебесін қолдайтын жастар ұйымын құру керектігін, сол кездегі Жоғарғы Кеңеске ана тілінің болашағын заң­дас­тыратын  хаттар мен ұсыныстар жазу қажеттігін көтеріп, бірнеше рет өзі хаттар жібереді.  Оны қазіргі күнгі  достарының бірі білсе, бірі білмейді.

Сонымен қатар, Мәкең тәуелсіздік таңы қарсаңында Алматыда құрыла бастаған  «Невада-Семей» сияқты ұлттық бағыттағы ұйымдарды қолдаушылардың қатарында болды. Сол арқылы өзінің де азаматтық ұстанымын айқын  білдірді.

1990 жылғы жаз айында  Мәкең Алматы қала­сындағы  қазақ жастары үшін жер алып беру мақ­са­тында «Шаңырақ» атты ұйымды құруға белсене араласты. Досы Медет Құлжабаевпен бірге олар оншақты белсенді жігіттен тұратын «Шаңырақ» ұйы­мын халық тұратын бірнеше «Шаңырақ» ық­шам­ауданына дейін жеткізді. Бүгінде тек 1-ші және 2-ші «Шаңырақ» ықшамаудандарында 250 мың­нан аса қазақ тұрады. Одан басқа «Хан Тәңірі», «Ду­ман» секілді қазіргі күндері жайнап тұрған  аумақ­тарды өткен ғасырдың 90-жылдары­ның басында  біздің Мәкеңдер қазақтар үшін  алы­сып жүріп,  алғанын білеміз. Мұның бәрі Манарбектің және өзі секілді идеялас достарының Алматыны қазақтан­дыру жолындағы жүргізген күресінің бір парасы ғана.

Мәкең алғаш рет Алматы қаласына келгеннен өзіне өзі қойған талай сұрақтардың, талай түйінді мәселелердің  жауаптарын өзі зерде­леп,  оны іс жүзінде  шешуге белсене кіріседі. Мынадай статис­тикаға  назар аударсақ: 1979 жылы Алматыда – 169,4 мың қазақ тұрып, ол бүкіл қала тұрғын­дары­ның – 17,7 пайызы болса, 1989 жылы 255 мыңға жетіп, ол 23,8 па­йызды құраған. Ал 1999 жылы қа­зақ­тар 434 мың болып, тұрғын­дар­дың 38,5 пайызы болады. 2009 жылы Алматыда  тұратын 724 мың қазақ, жалпы алматылықтардың 53 пайызынан асты. Көріп отырғанымыздай, Алматы қаласында қазақтар санының қарыштап өсуіне біздің Мәкеңнің қосқан үлесі зор.

Еліміз тәуелсіздік алып, алғашқы қиындық­тардан шыға бастаған кезде тарихшы Манарбек Садықов  егемен елдің іргесін бекіту мақсатында офицерлік құрам қатарына шақыртылып, Шекара қызметінің Әскери институтында жауапты қызметтер атқарады. Аға инспектор, оқу дивизио­нында жастармен жұмыс істеу офицері, Тәрбиелік және әлеуметтік құқық жұмысы басқар­масының бөлім бастығы, Саяси әлеуметтік тәртіп кафедра­сының  аға оқытушысы болып, жас шекарашы офицер мамандардың нағыз патриот болып қалып­тасуына өз үлесін қосады. Шекарашы курсанттарды  Отан тарихымен сусындатып, қазақ тарихының бай мұраларымен таныстырады. Он үш  жыл ішінде адал еңбегімен  подполковник шеніне дейін өседі. Бірнеше рет басшы­лықтың алғыс хаттарымен, мақтау қағаздарымен, ҚР Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 10 жыл, 15 жыл медаль­дарымен, әскери қызметін мінсіз атқарғаны үшін 5 жыл және 10 жыл медальдары­мен марапатталады.

Шекара қызметіндегі стажына байланысты отставкаға шыққан подполковник М.Садықов 2014 жылдан бері  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әскери кафедрасында оқытушы болып жемісті қызмет атқарып келеді.

Жалпы, Манарбектің бойындағы адами қасиеттерінің қандай ерекше­ліктері басым десем, оның  досқа адалдығы мен жанға ашықтығын, ақкөңілділігі мен жарқындығын, ниетінің түзулігі мен пейілінің кеңдігін, бала тәрбиесінде ұлттық ұстанымдарды негіз етуін, ағайын-туысқа көмегі мен жанашырлығын ерекше айтар едім. Бүгінгі күні отбасының тірегі, ағайын-туыстары­ның сүйеніші, жолдас-жораларының ұйытқысы болып отырған Манарбек Бекмұханбетұлы асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Оны осынау ме­рейтойымен  құттықтай келе, төмен­дегідей өлең жолдарын арнаймын:

Тау шыңына ізгілікпен, игілікпен қарап ап,

Алты Алаштың «алалығы» жан жүрегін жаралап.

 Мәкең бүгін  АЛПЫС  деген алты  қырды

  аттады,

Сол ғұмырда елдік пенен ерлік жатыр ғаламат!

Ғазиз жүрек ел-жұртымды жеткізем

деп дүрлікті,

Жастайынан жүрегіне сәуле қылып бірлікті.

Мемлекеттік мәртебеге тіл тағдырын тапсырып,

Жұбайымен қазақ тілде тәубе  қылды тірлікті.

Ұлтжандылық ұғымды бағалар кім,

Бауырым деп білгендер жағалар  мың.

Арда ұлдарың – Сәкен, Ілияс, Бейімбетті,

Аманаты қылғайсың бабалардың!

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,  

әл-Фараби  атындағы   Қазақ  ұлттық  университетінің профессоры.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close