БАҒЫ ЖАНСА, ӘРТІС ТЕ ПРЕЗИДЕНТ БОЛАДЫ

Шоумен Зеленский Украинаны өрге сүйрей ала ма?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Бұл күндері саясатқа бей-жай қарамай, әр жаңалығын сараптап отыратын жұрттың аузында – Украинаның су жаңа президенті. Мұның себебі мен сыры бар. 21 сәуірде Украи­надағы  президенттік сайлаудың екінші турында шоумен, әзілкеш әртіс, продюсер Владимир Зеленский талайларды таң қалдырып, 73,22 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның басты қарсыласы болған осыған дейін президент болып келген, тәжірибелі саясаткер Петр Порошенко небәрі 24,45 пайыз көрсеткішпен қалып қойды. Зелен­скийдің оза шауып, жеңіске жеткені жөнінде әр түрлі  пікірлер айтылды. Порошенконың тобы: «оған шет елде жатып, қалталы олигарх Игорь Коломойский дем беріп, қаржылай көмектесіп жатыр» деп байбалам салды. Оны Коломойскийдің өзі: «бір-екі рет ақыл қосқаным болмаса, басқадай көмегім тиген жоқ» деп дереу теріске шығарды.

«Жеңілгенге сылтау көп, жеңгеннің мәртебесі биік» дейтіндей, біздің болжауы­мызша: «Халық сайланғанша уәдені үйіп-төгіп беріп, артынан орындамайтын құбыл­малы қайраткерлер мен саясаткерлерден әбден шаршаған.  Сондықтан  да  амалсыз ел тізгінін  өнер адамына ұстатты».

Сөйтіп, Владимир Зеленскийдің  бағы жанды. Дауыс беру нәтижесі белгілі болы­сымен, Порошенконың штабы стратегиялық ақпарат таратуда қателік жібергендерін, өткен бес жылда  өз үміткерлерінің прези­дент ретінде  атқарған жұмыстарын, алда қандай істерді жоспарлар жобалап отыр­ғанын жұртшылыққа жөндеп жеткізе алма­ғандарын мойын­дады. Ал Петр Алексее­вичтің Зеленскийді  жеңісімен құт­тықтап, ортақ Отандары Украина мемлекетінің мақсат-мүддесі жолында қолдан келер көмегін аямайтынын айтты.  Оның  мұнысы Батыстың демократиясынан үлгі алған  мәдениет пен әдептің  белгісіндей көрінді.

Украинаның жаңа президенті Зеленскийді алғаш болып  Еуропалық  Кеңес  басшысы  Дональд Туск, Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер, АҚШ президенті Дональд Трамп, Франция президенті Эммануэль Макрон, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Польша президенті Анджей Дуда, т.б.  құттықтады. Бұрынғы КСРО республи­ка­ларынан: Молдова президенті Игорь Додон, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Грузия президенті Саломе Зурабишвили, Литва президенті Даля Грибаускайте, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, т.б. құттықтаулар жолдап, оған мемлекет басшысы  қызметінде  жетістіктер мен табыстар  тіледі. Украинамен арадағы қырғиқабақ қатынас­тың  әсерінен бе, Ресей президенті Владимир Путин  үнсіз  қалды.

Әрине, Владимир Зеленскийді  жана­шырлық және тілектестікпен құттықтап жатқандармен қатар, оны барынша сынап-мінеп, жоғары лауазымды қызметті атқара алатынына  күмән мен күдік келтіріп жат­қандар да баршылық. Базбір саясаттану­шылар мен сарапшылар, талдаушы мамандар Зеленскийдің  өмір жолына жіті үңіліп, қарым-қабілеті қарымына баға беріп,   болжам-жорамал жасаумен әуре.

Өз кезегінде ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар берушілер, жөн сілтеушілер де табылуда. Мәселен, «Взгляд» басы­лымында жазылғанындай, тәуелсіз Украинаның тұңғыш президенті Леонид Кравчук Зеленскийді жеңісімен құттықтай отырып,  Қырымды  өгейсітіп, оқшауламау туралы кеңес берген. Оның  ойынша: «Украина ешуақытта  Қырымды жат санамайды. Ресейге  қосылғанын  мойындамайды. Сон­дықтан  Қырым тұрғындарымен қарым-қатынас адамгершілік тұрғысында  болуы керек. Олармен арадағы қоршау-тос­қауылды алып тастаған абзал». Ол, сондай-ақ, украина­лықтардың сенімін ақтау үшін қалыптасқан жемқорлық жүйені бұзып, басқару аппаратын түгелдей жаңартуды, Порошенконың ықпалындағы  Жоғарғы Раданы таратуды тапсырған.

Осы сияқты ТМД елдері  институты Украина филиа­лы­ның директоры  Денис Денисов  Зеленскийдің алдында тұрған алғашқы кезектегі төмендегідей бес міндетті  атап көрсеткен:

Бірінші, кезектен тыс парламент сайлауын өткізу.  Онсыз  қазіргі құрамдағы Жоғарғы Рада  оның аяғына тұсау салып,  жұмысына кедергі келтіре береді.

Екінші,  Батыс елдерімен  қарым-қаты­насты  ретке келтіріп, жақсарту.

Үшінші, ірі қаржылық-өнеркәсіптік топтармен, олигархтармен  ықпалдаса жұмыс істеу. Мұндағы мәселенің  түйткілі мынада: екіжақты диалог ереже бойынша жүре ме, әлде  олигархтар  Зеленский  еркін әрекет етіп, жұмыс істей алатындай  белгілі бір өлшемде дәліз жасап бере ме?

Төртінші, Донбасс мәселесі. Бұл ретте Зеленскийдің тұрғын  халықтың  тыныштық пен бейбітшілік жөніндегі қалауын,  бітіспес қарсылықты және Батыстың ұстанымын  ескеруі ләзім. Әзірше  ол Ресей мен Дон­бастың  көзқара­сымен санасады деген үміт те жоқ емес. Егер де осындай саясат ұстанатын болса, парламенттік сайлауда  да жеңіске жетуі шүбәсіз. Олай болмаған жағдайда оппозицияның қырына ілігіп, «клоун» деген мазақтауына  ұшы­райды.

Бесінші,  экономика жайы. Бұл сала қазірше қиындау күй кешуде.  Өйткені,  биылғы 2019 жылы  Украина  18 млрд. доллар қарызды  қайтаруы тиіс.  Зеленскийдің ондай мол соманы таба қоюы екіталай. Сондықтан  ол амалсыз  қаржылық әлемдік ұйымдарға  өтініш жасап, ХВҚ (Халықаралық  валюта қорының)  көмегіне сүйенеді. Сөз жоқ, бір­қатар экономикалық реформалар жасауға әрекеттенеді.  Алайда, оның  жер рыногына қатысты өзгерістері   олигархтарға   қолайлы болып, жердің бәрі солардың иелігіне өтіп кетуі мүмкін.

Жұртшылыққа  мәлім, қазіргі таңда Украина үшін  Луганск мен Донбастағы қарулы қақтығыс қаншама қайғы-қасірет пен зиян-залал әкеліп,  «жазылмай тұрған жара» секілді өзекті мәселе болып тұр. БҰҰ-ның мәлі­меті бойынша мұнда  2014 жылдың  сәуірінен  бергі  бес жыл ішінде соғыс сал­дарынан 35 мың адам зардап шегіп, 10 мыңнан астам  адам көз жұмған. (Неміс барлау қызметінің дерегінше, опат болған­дары саны 50 мыңнан асады). Бүлініп қираған  үйлер мен ғимараттар, инфрақұрылымдық нысандар, жалпы келген материалдық шығын  қаншама!

Мұндай қантөгісті жағдайдың тууына Украинаға қоса, АҚШ және бірқатар  мемлекеттер, сондай-ақ, НАТО, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропалық кеңес және Еуроодақ Ресей Федерациясын кінәлайды. Кремль Донецк мен Луганскідегі  қайшылыққа орынсыз килігіп, бүлікшілерге  қару-жарақ және қаржы-қаражат жөнінен көмектесіп отыр деп айыптайды. Ал, Ресей басшылығы  мұның бәрін  жоққа шығарып, өзіне шаң жуытпайды.

Соғыстан зәрезап болып, титықтаған   халықтың бірден-бір тілегі  – елдің шығысындағы қантөгістің тоқтаталып, тыныштық пен бейбітшіліктің  орнауы. Сол себепті олардың  саясатпен шырмалып, түрлі байшыкеш олигархтармен байланысып былықпаған, жас та жігерлі  жаңа прези­дентке  үлкен үміт артуы қисынды.

Расында да  В.Зеленский Украинаның шығыс өңірінде тұтанған отты өшіріп, ты­ныштық орната ала ма?  Оның  бұл  бағыт­тағы  ұстанған   көзқарасы қандай? Осыған аздап тоқтала кетейік. Арғы жағын айтпағанда,  2019 жылғы 18 сәуірде  (пре­зи­денттік сайлаудың екінші кезеңіне өткенде) В.Зеленский  өзінің Дон­басқа ерекше мәртебе беруге және  мойын­далмаған  ДХР (Донецк халық республикасы)  және ЛХР (Луганск халық республикасы)  өкілдерімен  тікелей келіссөздер жүргізуге, оның жасақтарына кешірім жасауға   келіспейтінін білдірді.

Арада  үш күн өтіп, сайлау нәтижесі бел­гілі  болысымен,  21 сәуірде  Минск келісімін одан әрі жандандыратынын айтып: «Біз  қалай дегенмен де «нормандық төрттік» фор­матында жұмыс жүргізіп, Минск про­цесін  жалғастырамыз, бәлкім кадрлық өзгерістер болатын шығар», – деді.    Барын­ша Донбастағы атысты тоқтатуға  күш салатынын, ол үшін  қуатты ақпараттық  шабуыл жүргізілетінін  жеткізді.

Десе де, 24 сәуірде  РФ президенті  В.Путиннің  Украи­надағы Донецк және Луганск облыстарына қарасты кейбір аудандардың тұрғындарына  оңайлатылған тәртіппен Ресей азаматтығын беру туралы жарлық шығаруы «бықсып тұрған отқа май құйғандай» жағдайды бұрынғыдан  да ушықтыра түсті.

Мәскеудің  мұндай  шара қабылдауына  Зеленскийдің командасы үзілді-кесілді қарсы шығып,  «Ресейдің  мұнысы  өзінің  басқын­шы мемлекет ретіндегі жауапкершілігін мойындауы», – деп бағалады. «Бұл әрекеті­мен  ол  әлемдік қауымдастықтың алдында  өзінің Украинаға қарсы соғыс жүргізіп отырған  агрессор мемлекет екенін дәлел­деді» десті.

27 сәуірде  Зеленскийдің бас идеологі  Дмитрий Разумков  «112 Украина»  телеарна­сына берген сұхбатында  өздерінің: «Дон­баста бейбітшілік  Украинаның   шарты  бойынша  орнауы тиіс» деген ұстанымдарын жеткізді. Оның сөзінше Ресейдің қойған талабын елдің ешбір патриоты қабылда­майды.

Дәл сол күні  В.Зеленский   Facebook-ғы жеке  парақшасында өзінің  Ресеймен келіссөздер жүргізуге дайын   екенін айтып,  нормандық форматта өтетін ол кездесуде  Кремль  деэскалацияға барады және  тұтын­қындарды баспа-бас түгелдей ауыстыруға  келіседі деп үміттенетінін жазды.

Жаңа президент В.Зеленскийдің таным-түсінігінше: «Украиналықтар  азат елдің  – еркін өмір сүретін азаматтары.  Украинаның азаматтығы – бұл қадір-қасиет, құрмет пен мақтаныш». Сондықтан: «мұндай ұстанымды біз қорғап келеміз және қорғай береміз. Украина  посткеңестік елдер үшін демокра­тияның  үлгісі, көшбастаушысы  бола береді. Өз елдерінде  қысым мен қуғын көрген аза­маттардың бәріне, әсіресе, бірінші кезекте  басқалардан көбірек жапа шегіп  отырған    ресейліктерге  азаматтық береміз», – дейді. Сондай-ақ, ол Ресеймен арақатынасы жайын сөз еткенде: «Украина мен украиналықтарды қорқытып-үркітудің, әскери және эконо­микалық қысымдар жасаудың  қажеті жоқ. Мұндай әрекеттер атысты тоқтатуға және Минскі  шарттарын орындауға  ықпал етпейді. Біз бейбіт келіссөздерге әрқашан дайынбыз. Бірақ шынайы қарым-қатынас Қырым мен Донбасс  басқыншылықтан толық тазартылған  жағдайда ғана орнайды», – дегенді айтады.

Бұған қоса, Зеленскийдің әскери кеңесшісі Иван Апрашиннің  ойынша:  «Путинмен тікелей келіссөз жүргізу ешқандай пайда бермейді. Өйткені, оның қандай да бір уәде-кепілдік беріп, оны орындауы  екіталай. Сол үшін  ондай келіссөздерге қосымша АҚШ пен Ұлы­британия сияқты әлеуетті  елдердің  қатысқаны нәтижелі болады».

Саяси сарапшы, таладаушылармен қатар, былайғы жұртты да қызықтыратын  ендігі бір мәселе: «Зеленскийдің президент ретінде  алдымен нендей шаруаларды қолға алатындығы».

Жоғарыда аталған  бас идеолог Дмитрий Разумковтың сөзіне қарағанда  Зеленский  бірінші кезекте: халық билігі, шынайы демократияның нормаларын кеңейту, депутатқа және президентке тиіспеу деген тәрізді сегіз  заңды қабылдайды.  Бірақ та мұны біреулер  «Украина  мемлекеті үшін шұғыл қабылдануға тиіс, маңызды заңдар емес», – дейді.

Украиналық «Новое время» интернет-басылымы  арқылы  президент Зеленскийдің  «әскери доктринасы» да айқын болды. Онда жазылғанындай,  Украина әскері алдағы уақытта  НАТО үлгісімен  басқарылады. Қарулы күштердің Бас қол­басшысына  бөлек  Бас штаб жұмыс істейді. Ол қорға­нысты жоспарлау әскерді стра­тегиялық тұрғыдан қолдану  істерімен ай­налысады. Әскерді жасақтау және дайын­даумен  қарулы күштер салалары басшы­ларының міндетіне жатады. Әскер мен қару қолдану  мәселесін  бірлескен оперативтік штаб шешеді.

Танымал LІGA.net агенттігіне берген интервьюінде президенттің  кеңесшісінің бірі, бұрынғы қаржы министрі  Александр Данилюк жаңа мемлекет басшысының ал­ғашқы жүз күнде  немен айналысып, қандай шаруаларды атқаратынын санамалап берді. Оның айтуынша,  Зеленский  бұған  95 пайыз дайын және бірінші кезекте сыбайлас жем­қорлықпен күреске кірісіп, онымен айна­лысатын органдарды қайта жасақтайды. Бұған сөз жоқ,  Жоғарғы Раданың  заңна­ма­лық  шешімдері мен өзгерістер  енгізу қажеттілігі туады.

Екінші кезекте  қолға алатын іс – сот жүйесінде қатаң  тәртіп орнатып, ретке  келтіру болмақ. Осыдай мақсаттар үшін Жемқорлыққа қарсы күрес орталығымен  тығыз жұмыс жүргізіліп, парламентке  нақты  ұсыныстар  енгізіледі. Және де  судьялардың  жаңа құрамы  іріктеліп, қызмет жасап жүргендері   аттестациядан  өткізіледі.

Зеленский командасының алдына қойыл­ған  кезек күтірмейтін ең қауырт шаруа –  президенттің қызметке  кірісу  салтанатын  те­зірек және жоғары деңгейде өткізу бола­тын. Өйткені, инаугурация 27 мамырға дейін өткізілмесе, Зеленский  ел парламенті  – Жо­ғарғы Раданы тарата алмайды. Себебі,  Украина  Конституциясында: «сайлау мер­зімінің аяқталуына алты ай қалғанда пар­ламент таратылмайды», деп көрсетілген. Осы жолы сайланған Жоғарғы  Раданың  өкілеттілігі  2019 жылдың 27 қараша­сында  аяқталады. Оны  таратып үлгермесе жоғарыда   тұңғыш пре­зидент Леонид Кравчук және басқалар айтқандай В.Зелен­скийге Поро­шенконың ықпалындағы  Жоғарғы Рада құрамымен  жұмыс істеу қиынға соғады. Бір секем алатыны, кейбір сарапшылардың жорамалынша:  «АҚШ пен Батыс  теңгер­мешілікті сақтау үшін  Жоғарғы Раданы тартуға жол бермейді».

Команда тарапынан ә дегенен инаугура­цияны 19 мамырда өткізу  ұсынылды. Бірақ та оны  Жоғарғы Рада  ол саяси  қуғын құрбандарын еске алу күні деп  қабылдамай тастады.  Қалай болғанда да,  Зеленский командасы президентті ұлықтау салтанатын  Киевтегі «Олимпийский» ұлттық спорт кешенінде  жоғары дәрежеде, беделді  шет мемлекеттер басшыларының қатысуымен  өткізу ниетінде екенін аңғартты. Біреулер: «салтанатты  шараға  мұхит асып, сонау алыстағы Америкадан – президент  Дональд Трамп  келеді», – деп сәуе­гейлік жасаған. Бірақ ол неғайбыл болатын. Өйткені, бұған дейінгі  президенттер: 2005 жылы  В.Ющенконың  ұлықтауына – АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Колин Пауэл,  2014 жылы  Петр Порошенконың  салтанатына  – вице-президент Джозеф Байден келіп қатынасқан.

Әйтеуір біраз қиындық-кедергілермен  Жоғарғы Рада мақұлдап, Украинаның жаңа президенті  Владимир Зеленскийдің қызметке кірісу рәсімі 20 мамырда парла­менттің мәжіліс залында салтанатты түрде өтті. Жиынды спикер Андрей Парубий ашып,  сөзді Орталық Сайлау комиссиясының төрағасына берді.  Ол ресми түрде сайлау нәтижесін жариялады. Конституциялық соттың төрағасы В.Зеленскийден ант қабылдады. Сонан соң  оған президенттік куәлік пен  алқа табыс етілді. Ұлықтау  жиынына қазақ­стандық делегацияны республика парламенті Сенат төрағасының орынбасары  Бектас  Бекназаров бастап барды.

Осылайша талайлар тағатсыздана күткен  инаугурация өтіп,  В.Зеленский  президенттік  қызметке кірісті. Украиналықтардың көңілін күптілеу етіп отырған  ендігі  күрделі сауал: «Ел басқару ісінен бейхабар, саясаттан кенжелеу әртіс, шоумен  Украинадай үлкен мемлекетті  өрге сүйреп, оның  ішкі өмірі мен сыртқы саясатындағы  көкейтесті  мақсат-міндеттерді шеше ала ма? Әлде, билікті қожыратып жібер ме?».  Мәселе сонда!

Әйтсе де бұл орайда Зеленскийдің тілектестері мен жақтастары сонау 1981–1989 ж.ж. аралығында АҚШ-ты актер, радио­хабарын жүргізуші  Рональд Рейганның  табысты басқарғанын, беріде 2011–2016 ж.ж. Гаитиде музыкант Мишель Мартинидің  президент болғанын,  2016 жылдан бері  Гватемелланы актер-комик Джимми Моралестің басқарып  отырғанын  дәлелге келтіреді.

Күдік келтірушілер 1991-1992 ж.ж.  Грузияны әдебиетші-филолог Звиад Гам­сахурдианың, 1992-1993 ж.ж. Әзер­байжанды шығыстанушы, аудармашы Әбілфаз Елши­бейдің басқара алмай, қызметтен кеткендерін  көлденең тартады.

Енді біреулер: «Несі бар?! Айналасына  білікті, іскер де ақылды адамдарды  топ­тастырып, ортақ мақсатқа жұмылдыра білсе,  басқарып кетуі ғажап емес. Саясаттан бейхабар болған  Трамп та  АҚШ-ты тізгін­деп отырған жоқ па?» деген  үміттерін үзбейді.

Жоғарғы РаданЗеленский оны таратып үлгеретін болса, онда  шілдеде өтетін пар­ламенттік сайлауда  әрбір депутаттық орын үшін күрес аса  қызу және тартысты болмақ.

Айтпақшы, Tengrіnews.kz. интернет басылымының  жазуынша, Зеленскийден  президенттікке үміткер кезінде  Қазақстан туралы сұрағанда, біздің елде бұрын-соңды болмағанын, кешегі 90-жылдары  Мәскеуде қазақстандық КВН ойыншыларымен  таныс-біліс болғанын,  олардың  Алматыға қыдырып қайтуға шақырғанын, әсем де көрікті   қаланы көруге  қатты қызыққанын, бірақ та сәті түспегенін айтқан.  Дұрыстығын уақыт көрсетер, әйтсе де, кейінгі жаңа буын басшылар сияқты В.Зеленский де «жоғары деңгейде сән-салтанаты жоғары, аста-төк жағдайдағы резиденцияда тұрмаймын,  қызметтік қымбат көлік  пен жеке ұшақтан бас тартамын, көшелерді жаптырмай ел қатарлы  кептелісте  тұра беремін» деп отыр.

Осының өзі «мен президентпін!» деп шіренетіндей тақ пен атаққұмарлық заманның өтіп бара жатқанын,  шын мәнісінде президенттің – «халық қызметшісі» болуы керектігін байқатқандай.

 

«Ақшамның» анықтамасы

Владимир Александрович Зеленский  (укр. Володимир  Олександрович  Зеленський) 25 қаңтар, 1978 жылы Днепропетров облысындағы  Кривой Рог қаласында дүниеге келген. Бұған дейін саясатпен айна­лыспаған. Елге әзілкеш әртіс, продюсер, сценарист,  шоумен, «Квартал-95 студия­сының жетекшісі және  «95 квартал»  КВН командасының капитаны ретінде   танылған. Украин, орыс және ағылшын тілдерін біледі.

Әкесі Александр Семёнович Зеленский (1947) математик ғалым, программист, техника ғылымының докторы, профессор. Шешесі Римма Владимировна Зеленская (1950), зейнетке шыққанға дейін ұзақ жылдар инженер болып қызмет жасаған.

Бала Володия Кривой Рогтағы ағылшын тілін тереңдете оқытатын мектепте білім алып, грек-рим күресімен, ауыр атлетикамен айналысқан, волейбол, футболмен әуестен­ген,  пианино мен гитарада  ойнап, түрлі маркалар  жинаған. 16 жа­сында Израильге барып оқу грантын жеңіп алғанымен,  әкесі жібермеген.

1995 жылы орта мектепті үздік бітіріп, МГИМО (Мәскеу мемлекеттік  халықаралық қатынастар институтына) түсіп оқып, дипломат болуды армандаған. Алайда,  ондай арман-мақсатының сәті келмей, Киев ұлттық университетіне қарасты Кривой Рог эко­номика институтында білім алып,  заң факультетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істемеген.  

КВН (Ойланғыштар мен тапқырлар клубына) 11 сыныптан бастап қатынасып, туған қаласында танылып, кейін Киевке ауысқан. 1998–2003 ж.ж. Мәскеуде тұрып, әйгілі  КВН клубының жоғары лигасында өнер көрсетіп, ТМД елдерінде гастрольдік сапарларда болған. Бірнеше кинофильмдерге түскен. 2010 жылы  түсірілген  «Ржевский против Наполеона» фильмінде Наполеон Бонапарттың рөлін сомдап, 2015 жылы режиссёр Алексей Кирющенконың  «Слуга народа» фильмінде  президенттік лауазымға жеткен  тарихшы  мұғалім Василий Голобо­родьконың  рөлін ойнаған. Жұрт Зеленский­дің кинофильмдегідей өмірде де   президент болып сайланғанына  қайран қалады.

Зеленский ең алғаш 2018 жылдың жел­тоқсанында  украиналық журналист Дмитрий Гордонмен болған әңгімеде  «Слуга народа» партиясының атынан  парламенттік және президенттік сайлауларға  қатынасып, бағын сынап көргісі келетінін жеткізіп,  өзінің  ХВҚ траншы, томос (жоғалтқанның қайтарылуы), декоммунизация, Донбастағы соғыс, тіл мәселесі, олигархтарға көзқарас, Украина­ның Еуроодаққа және НАТО-ға кіру туралы ойларымен бөліскен. Айтқанындай-ақ,  2019 жылдың 21 қаңтарында оны «Слуга народа» партиясы президенттікке  кандидат етіп ұсынды. Үміткер  «Украинская правда»  газе­тіне берген сұхбатында: «егерде президент болып сайлансам, Донбастағы атысты тоқ­татуға қол жеткіземін» дегенді айтып, жасақтаған командасы шұғыл түрде кәдуілгі  сайлау науқанындағыдай стандартты емес, бүкіл ел көлемінде  шоу түріндегі үгіт-наси­хат жұмыс­тарына кірісіп кетті. Үш социа­логиялық  компания  алдын ала  сұрау салып қарағанда  тұрғындардың:  23 пайызы – Зеленскийді, 16,4 пайызы – Порошенконы, 15,7  пайызы – Тимошенконы жақтайтын­дарын білдірген.

Көпшілік  күтпегендей,  2019 жылғы 31 нау­рыздағы  пре­зиденттік сайлаудың алғашқы турында  Владимир Зеленский  30,24 пайыздық көрсеткішпен, өзінен екі есе аз дауыс жинаған президент  Петр Порошен­комен  екінші кезеңге өтті. 18 сә­уірдегі  екінші кезеңде ол 73,22 пайыздық дауыспен, 24,45 пайыз  дауыс жинаған қарсыласынан  басым түсіп, тәуелсіз Украина Республи­касының  жетінші президенті  болып сайланды.

Зайыбы  Елена Зеленская мамандығы бойынша архитектор болғанымен, өзі сияқты өнерге бейім. «Студия Квартал-95»  компа­ниясының жұмысына белсене араласып, түрлі сценарий­лер жазып тұрады. Екеуінің Александра атты 15 жастағы қызы мен  Кирилл  есімді  6 жасар ұлы өсіп келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *