Бақытжан САҒЫНТАЕВ: ЖАҢА АЛМАТЫНЫ ЖАСАУҒА БІЗГЕ БЕС ЖЫЛ КЕРЕК

Қала әкімінің Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуі 3,5 сағатқа созылды

Алматыға келген күннен бастап шет аудандардың мәселесіне айрықша мән берген қала басшысы Бақытжан Сағынтаев Алатау аудандары тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Бірыңғай қабылдау күні аясында өткен бұл жүздесу барысында Бақытжан Әбдірұлы алатаулықтарға өзі қалаға әкім болып тағайындалған күннен бастап бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстары, сол кездесулер барысында тұрғындардың өтініш-тілектері мен сын-ескертпелеріне орай жүзеге асырылған жұмыстары туралы айтып, соның ішінде Алатау ауданы тұрғындарының өтініш-тілектері бойынша атқарылған іс-шараларға тоқталды. Аудан тұрғындарымен 9 тамызда болған кездесуге 500-ден астам адам келіп, олардан 400-ден астам ауызша және жазбаша сұрақтар түскен.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Олардың басым бөлігі сол кездесу бары­сында шешілсе, қалған сауалдары бойынша басқармалар мен салалық қызметтерге, ауданның әкімдігіне 161 тапсырма берілгенін мәлімдей келіп, үлкен Алматының болаша­ғын болжайтын «Алматы-2050» даму страте­гиясымен таныстырып өтті. Өз сөзінде қала басшысы уақыт өтіп, заман өзгерген сайын тұрғындардың да талап-тілектері артып, жақсы нәрсеге деген ұмтылыстарының көп болатындығын және оның заңдылық екендігін айтып, ендігі кезекте қаланы сол жаңа заман талаптарына сай құру қажет­тілігіне жан-жақты тоқталып өтті. Жаңа Алматы немесе үлкен Алматының жаңа келбетін қалыптастыру үшін 800 миллиард теңге қаражат керек екен. Оның жарты бөлігі республикалық бюджеттен қарастырылса, жартысы жергілікті қазына қалтасынан, ал қалған бөлігі жекеменшік серіктестіктері арқылы жүзеге асатындығын жеткізді. Ал осы қыруар қаржыны игеріп, тиянақты әрі жүйелі жұмыс істеу үшін арнайы құжат қажет болды. Осынша қаржыны алып, оны анда кетті, мында кетті деп жұмсайтын болсақ, қазіргі күнгі қордаланып қалған күрделі мәселелерді шеше алмаймыз. Сол себепті, біз Алматыны дамытудың жаңа бағыттағы «Алматы-2050» бағдарламасын жасадық, – деді қала әкімі Бақытжан Әбдір­ұлы. Әкімнің айтуынша, бұл бағдарлама нысан-қаржы жүйесі бойынша жүзеге асы­рылмақ. Демек, жүйелі жұмыс атқару үшін қаржы да жүйелі түрде жұмсалатын болады.

Болашақты болжай білуіміз керек

Өмір сүру сапасы өзгерген сайын талап та өзгеретінін тілге тиек еткен қала басшысы тұрғындарға болашақты болжай білу керектігін ескертті. Жаңа қала болашақ ұрпақтың ертеңгі нұрлы болашағы үшін құрылатын болғандықтан, солардың жақсы тәрбие, жақсы біліп алып, елінің тұлғалы азаматы болып қалыптасуына не қажет, олардың сұраныстары қалай, соны ескеріп, ендігі жерде қай саланы болсын сол келер ұрпақтың сұранысына қарай қалыптасты­руымыз керек. Жақсы білім алу үшін жақсы мектеп, тәрбие орталықтары және жақсы оқу орындары керек. Сонымен қатар, жастар өз мамандықтарына сай жұмыспен қамтылуы қажет. Өкінішке орай, қазіргі таңда жастар мамандықтары бойынша жұмыс таппай басқа салада жұмыс істеп жүр. Қазір қалада тұратын тұрғындардың бір миллионға жуығы жұмысқа қабілетті болса, оның 68 пайызы­ның білімі жоғары. Бұл үлкен мүмкіндік дегенмен, сол жоғары білімді азаматтар өз мамандығымен жұмыс істемейді. Біз оған жол бермеуіміз керек. Мамандық дайындау ісіне жауапкершілікпен қарау қажет. Халық жақсы өмір сүруі тиіс, халықтың өсіміне қарай экономикамыз даму қажет болса, бізде керісінше, халық саны өскенмен, экономикамыз өспей отыр. Сондықтан бізге өндірісті, өнім шығаратын шағын кәсіпорын­дарды көбірек ашып, жаңа заман талабына сай жұмыс орындарын құруымыз керек деген қала басшысы осы мәселе төңірегінде бірқатар іс-жоспарла­рымен бөлісті.

 

2020 жылға — 200 миллиард теңге

Биылғы жылы Аматы қаласын дамытуға қосымша 100 млрд. қаражат қарастырылған болса, 2020 жылға 200 млрд. теңге қарасты­рылып отырған көрінеді. Бұл қаражат қаламыздың аудандарындағы әлі де шешімі табылмай отырған көшелерді жарықтан­дыруы, жол жөндеу, су мәселесін шешуге және басқа да әлеуметтік нысандардың құры­лысын салуға жұмсалатын болады. Болашақта Алматы қаласында 8 мектеп салынатын болса, соның төртеуі осы Алатау ауданында бой көтермек. Ең қуаныштысы, келер жылы Алатау ауданында жаңа үлгідегі, балалардың қызығушылықтарын арттыруға толық мүмкіндік беретін Оқушылар үйінің құрылысы қолға алынбақ. Дәл осындай Оқушылар сарайы Наурызбай ауданында да салынатын болады. Әкім қала тынысы үшін маңызды саналатын су жүйелері, арық, жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру мәселелерін де тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Болашақта мыңға тарта көше жарықтандырылады деп жоспарланып отырса, соның 208-і бірінші рет жарықтанды­рылатын болады. Сол бірінші рет жарық түсетін көшелердің 60-ы осы Алатау ауда­нына тиесілі. Су жүргізуге қатысты орын алып отырған күрделі мәселелерді де Бақытжан Әбдірұлы тұрғындарға түсінікті түрде айтып түсіндірді. Құбыр тартқаны­мыз­бен су алатын су көзі жоқ, қалаға келетін су көздері Іле Алатауы қорығынан тарайтын­дықтан, бізге заңды құжат керек, ал құжаттар қазір дайындалып жатыр, осы құжат негізін­де су көздері қала игілігіне берілетін болса, Алматының шет аудандарындағы су мәселесі де өз шешімін табады деген қала басшы­сы Жаңа Алматы бағдарламасының қысқаша мазмұны осы дей келіп, Алатау тұрғында­рының өтініш тілектеріне құлақ түрді. Әкімнің осы сөзін күткен тұрғындар микрофонға лап қойды. Бірімен-бірі жарыс­қан жұрттың сөзін қала басшысы мұқият тыңдап, әр сауал бойынша тиісті сала басшы­ларын орында­рынан тұрғызып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруді талап етті. Кездесу бары­сында тұрғындар қала басшысына елуден астам сауал жолдапты. Соның барлығына жауап беріліп, кейбірінің мәселесі осы жиын үстінде шұғыл шешімін тауып жатты. Тұрғындар сауалда­рына құлақ түріп отырған біз де «Саялы», «Зерделі», «Нұркент» ықшам­аудандарындағы жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлердің сапасының сын көтермейтіндігін, мердігер компаниялардың өз жұмыстарына жауапсыз қарап, одан кейінгілер «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады­ның» күйін кешіп отырға­нын аңғардық. Тұрғын­дардың өз жанайқай­ларын қала басшысына жеткізуге асығула­рының тағы бір себебі – жергілікті жерлердегі тиісті сала басшы­ларының өз жұмыстарына деген немқұрай­лылығынан болса керек. Айтқан уәдесінде тұрмайтын, бір-біріне итере салатын құрғақ сөзбен шығарып салатын, жауапкершіліктен жалтаратын басшылардың жалған уәдесінен жалыққан жұрт бар үмітін қала әкіміне артып отырғандай.

930 жер телімінің 724-і бойынша заңдастыру шаралары қабылда­ныпты

Аудандағы тиісті сала басшы­лары өз жұмыстарына жауапты қарайтын болса, берген уәдесіне берік болса, қаңғыбас иттің мәселесін, сыпырылмай жатқан көшенің, тазаланбай жатқан аулаларды, еркімен кеткен ПИК-тердің жұмысын қала басшы­сына айтып нелері бар. Ауданға жетпеген жанайқайымыз қалаға жетсе бір мәнісі болар дегендері шығар. Әйтеуір әкім­нен айырылғылары келмей, оның көлігіне дейін ілесе барып мұқтаждарын айтып жатты. Бұл ауданның құрылғанына он бір жылдан асқан­мен, байқап отырсақ, шешілмеген мәселе әлі шаш-етектен көрінеді. Батпаққа батып отырған көшелер, көгілдір отын қызығын көрмей отырған тұрғындар, жер телімдері мен салған үйін заңдастыра алмай жүрген азаматтар әлі де жетерлік екен бұл ауданда. Айтпақшы, тамыз айындағы қала әкімімен болған кездесуден кейін заңдасты­рыл­маған 930 жер телімінің 724-і бойынша заңдастыру шаралары қабылда­ныпты. Заңға өзгерістер енгізілсе, су қорғау аймағында тұрған 206 жер телімі иелерінің де заңды құжаттарын қолдарына алатын күндері алыс емес сияқты. Қала әкімінің айтқан сөзінде тұратындығын, екі сөйлемей­тіндігін білетін Алатау тұрғындары бұл кездесуде де қала басшысына айтқан өтініш тілектерінің орын­далатындығына бек сенімді көрінді. Ал әкім болса, үйіп-төгіп уәде берген жоқ, халыққа барлық мәселенің заң жүзінде тиісті шешімін табатындығын, Жаңа Алматы жоба­сының тұрғындардың осындай талап-тілек­терінен туындағанын, жүйелі жұмыс, қатаң тәртіп болмаса, майда-шүйдемен күн өткізіп алатынымызды түсіндіріп, Жаңа Алматының келбетін бірге жасауға шақырды.

  • Алатау, Наурызбай ауданда­рын­да салы­натын жаңа үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы келесі жылы басталады.
  • Жаңа Алматының жаңа келбетін қалыптастыруға 800 миллиард теңге керек.
  • Аудандағы 9 шағын ауданда 12,2 млрд. теңгеге инженерлік желі салынып жатыр. Желінің ұзындығы 291,26 км., оның ішінде: су құбыры – 156,676 км., кәріз – 134,584 км. Осы шағын­ аудан­дарда желі салынып біткеннен кейін аудан 85%-ға сумен қамтамасыз етіледі (31 705 үй).
  • Ауданда 131 аула бар. Оның 125-не жарық орнатылды. 53 аула толық абаттанды­рылды. Кейбір шағынау­дан­­дардағы су басу мәселесін шешу үшін 124 млн. теңгеге 6 км. арық желісі салынатын болады.
  • Қазір ауданда 641 автобус қатынайды. Олар 45 бағытта жүреді. Осыған қарамастан жылдың соңына дейін аудандағы көлік саны 200 авто­буспен толықтырылып, жаңа маршрут­тар ашылады.
  • «Зерделі» шағынауданында 2022 жылдың соңына дейін 600 орынды мектеп салу үшін 2 учаске берілді. Жаңа 2020 оқу жылында №164 мек­теп­ке 192 орынды қосымша ғимарат құрылысы аяқталады.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *