Бақытжан САҒЫНТАЕВ: ШЫНДЫҚТЫ СІЗДЕР АРҚЫЛЫ БІЛЕМІН

Алматы әкімдігі: Шетсіз қала

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Құлагер» ықшамауданындағы №148 мектеп-гимназияда Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесті. Қала басшысымен болған кездесуде бір ғана ықшамаудан емес, ауданның барлық аумағынан ағылған тұрғындар өздерінің өтініш-тілектерін, арыз-шағымдарын жеткізуге асықты. Алдымен шаһар басшысы әр саланың ең өткір мәселелеріне тоқталды. Екі айға жуық уақыт ішінде қолға алынып шешіліп жатқан ауқымды істермен де таныстырып өтті.

Рая ЕСКЕНДІР

Әсіресе, жаңа жоба «Шетсіз қала» бағдарламасы туралы айтқан әкімнің әңгімесін тұрғындар зор ықыласпен қабылдап, қошемет білдіріп отырды. Бақытжан Әбдірұлы Алатау, Наурызбай аудандарында жаңадан әлемдік стандартқа сай келетін, бүгінгі өмір талабына толық жауап беретін Оқушылар сарайының салынатынын айтып, құрылысы 2020 жылы басталатын мұндай ғимараттар қаланың басқа аудандарында да салынатынын жеткізді. Бүгінгі балалардың ертеңгі қала тұрғындары екендігі ақиқат. Сондықтан салауатты қала тұрғындарын қалыптастыру үшін түрлі спорт кешендерінің бой көтеретіндігін және олардың тегін болатынын жеткізді.

Қала өмірінде кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Шаһар басшысының да кәсіпкерлік бағытындағы іс-жоспарлары көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, Жетісу ауданындағы криминалдық жағдайлардың да азаймай тұрғаны кеңінен сөз болды.

Қала әкімі қоғамдық қауіпсіздік туралы да кеңінен әңгімелей келе: – Бұрын да айтқанымдай, криминалды аудандарда қажетті қондырғылармен жабдықталған полицияның мобильді пункттері орнатылатын болады. Сәтін салса, ертең олардың алғашқылары іске кірісетін болады, – деді.

Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі, әсіресе жастардың кәсіптік білім алып, жұмыс таппай жүргенін баса айтты.

Алғашқы сөз кезегін алған тұрғын «Құлагердегі» емхананың өте тар екендігін айтып, осы маңда ұзақ жылдан бері бос тұрған «Ника» компаниясының ғимара­тына көшсе деген ұсынысын жеткізді.

Жетісу ауданында осыдан екі жыл бұрын басталған жолайрығының құрылысы кезінде сүрілуге кеткен үйлердің тұрғындары өздеріне тиесілі қаржыны ала алмай жүргендерін айтып, көмек сұрады. Сот болғанын, қолдарында шешімі бар екендігін алға тартқан тұрғындар осы мәселені басты назарға алсаңыз деген тілектерін жеткізді.

Бұл тек қала шешетін мәселе емес. Қалаға келген күннен бастап осындай мәселенің бар екендігінен хабардармын. Осы мәселені Үкімет басшысымен де қарастырдым. Тиісті қаражат бөлінді. Енді тек күту қалды. Сәтін салса, енді бір-екі айда бұл мәселеге толық нүкте қоятын боламыз, – деді қала әкімі.

Жер дауының аса өзекті мәселе екендігі белгілі. Сондықтан да кездесуге келгендердің басым бөлігі жерді заңдастыру, тұрғын үйді жекешелендіру сияқты мәселелерді көптеп көтерді. Олардың арасында алаяқтардың қармағына түсіп, құжаты жоқ жер телімін алып, алданып қалғандары да бар.

Бөбегін бауырына қысқан жас ана тапа-тал түсте ұялы телефонын тартып алған ұрыдан көрген зәбірін айтып, шағымданды. Төңірек толған полиция мен сақшы бола тұра «өзіңді-өзің қорғауың керек» деген жауап естідім. Екі кішкентай баламен мен өзімді қалай қорғауым керек? Осы сауалдың жауабын есту үшін талай құзырлы органдардың есігін қақтым деді.

Бұл шағымды қалалық Ішкі істер департаменті басшы­сының орынбасары тікелей өзі назарға алатынын жеткізді.

«Көкжиек» ықшамауданынан арнайы келген бірнеше тұрғын осы ықшамауданда орналасқан ГРҚ-дегі газдың исінен тәулік бойы терезе аша алмай отырғандарын, сыртқа шықса да осы ауамен тыныстайтындарын айтып шағымданды. Осы салаға тиісті мамандар бұл мәселенің нақты қай күні шешілетіндігін айтпаса да түбі оң шешімін табатынын жеткізді.

Осы күнге дейін ауызсу мәселесі шешімін таппай отырған ықшамаудандар бар болып шықты. Құдықтан су ішіп отырғанын айтқан тұрғындар өздерін қалалықтар сезінгісі келетіндіктерін білдірді.

Осы аудандағы Қыдырбекұлы көшесінде тұратын тұрғын №103 мектепте 1500–1800-дей бала оқиды, дегенмен жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмаған деп шағымданды.

«Жұмысшылар кенті» ықшамауданында да көптеген мәселе бар. Осы ықшамаудан тұрғыны Мұқан Дөненовтің су жүйелеріне қатысты қойған сауалы 15 қыркүйекке дейін шешімін табатын болды.

Аудандық Ардагерлер кеңесі төрайымының орынба­сары Ф.Аринова «Көкжиектегі» газ мәселесін тағы да бір пысықтап, қайта көтерді. Осы аудандағы Палладин көшесінің мәселесі әлі күнге дейін бір шешімін таба алмай келеді.

Сайдағы үйлердің жәйін 25 жыл бойы жырлап келеміз – деген Г.Исмаилова есімді тұрғын құжатқа әлі күнге қол жеткізе алмай жүргенін айтып, шағымданды. Осы көшенің жарығы жоқ екенін айтып, кеш түссе ұры-қары торып, қылмыс азаймайтынын ашына жеткізді.

Шаһар басшысы 208 көшеге қосымша жарық көздерінің орнатылатынын айтып, аудандық әкімшілікке хабарласыңыздар, сіздердің көшелеріңіз де тізімде бар шығар. Жалпы, келесі жылы барлық қала көшесі толығымен жарықпен қамтылатын болады, – деді.

Осы кездесу барысында тұрғындар барлық сала басшыларымен жүзбе-жүз, бетпе-бет кездесіп, талай сауалдың жауабын алды. Мәселелерінің қолма-қол шешімін тапқанына қуанып жатқан тұрғындар да жетерлік. Әсіресе, газ шаруашылығы мен су шаруашылығы, жарық мекемесі сияқты басқармаларға тиесілі сауалдар көптеп қойылды.

Кездесуде қала басшысы жекеменшік үйлердің әлі күнге қоқыстарын көше бойына қоя салатынын сынға алды. Қоқыс таситын көліктердің уақытылы келмейтіні белгілі. Қаңғыбас иттер әлгі қоқысты шашып, желге ұшқан қағаз қалдығы, бос пакеттердің көше-көшені кезіп кететінін көріп жүрген тұрғындар бұл мәселе төңірегінде де қоштап отырды.

Тұрғындар Ипподром маңында дәріхана, газет сататын киоскілер мүлдем жоқ екендігін айтты. Құрылыс заттарын, көлік бөлшектерін сататын дүкендер ашылса деген де сауал келіп түсті. Аудандағы емханаларда әлі күнге мамандардың жетіспейтіні сөз болды. Азамат Багданев өзінің бес баласы бар екендігін, арендалық үйлерге қалай құжат тапсыруға болады, қалалық тіркеуім жоқ еді дейді. Тұрғындардың дені көлік тығынына байланысты ойларын ортаға салып, жаңа оқу жылында тағы да осы мәселелер қайталана ма деді.

Аудандағы көпбалалы аналар да өздерінің шағым­дарын айтты. Қолжетімді баспанаға қол жеткізгілері келетінін айтып, көмек сұрады. Осы аудан тұрғыны Г.Омарова өзінің Боралдай көшесінде тұратынын айтып, жолдың нашар, жарықтың жоқ екендігіне шағымданды.

«Айнабұлақ» ықшамауданының тұрғыны Б.Сман­құлова да әлі күнге баспанасын заңдастыра алмай жүргенін айтып, көмек сұрады.

«Желтоқсан» қозғалысының мүшесі Дана Алтынбаева қанша жыл өтсе де, әлі күнге ақтала алмай жүргенін айтты.

– 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне дейін АДК құры­лыс комбинатында қызмет еткенін, көтеріліске қатыс­қанын растайтын бірде-бір құжат болмағандықтан ешқандай жеңілдік ала алмай келемін, – дейді Дана.

Солтүстік айналма жол бойында қарбыз сатып, күнін көріп жүрген көпбалалы аналар полиция қызметкерлері айыппұл жазып, сауда жасатқызбайды деп шағымдануда. Ең құрығанда бір-екі ай қарбыз сатып, балаларымыздың киім-кешегін бүтіндеп алайықшы деген көпбалалы аналар тілегі де оң шешім табатын сыңайлы.

Шаһар басшысы қаланың кез-келген бұрышына тұра қалып сауда жасауға болмайтынын айтып, бұл мәселені ойласуға уәде етті.

Өзін көпбалалы анамын деп таныстырған тұрғын қалалық тіркеуінің бір жыл екенін айтып, үй кезегіне тұрғысы келетінін жеткізді.

– Заң бойынша үш жылдық қалалық тіркеу болуы шарт. Заң бәрімізге ортақ, – деді қала әкімі.

Екі сағаттан астам уақытта қала басшысына 52 адам сауал жолдады. Әр адам екі-үш сауалдан қойды. Тұр­ғындардың кейбірі бір сауалды бірнеше мәрте қойды.

Азық-түлік бағасының тым шарықтап кетуі туралы да, азық-түлік жәрмеңкелерінің  бағасы аспандап тұрғаны  да сөз болды.

– Азық-түлік бағасына келсек, жақында Алматы облысы әкімшілігімен жұмыс жүргіздік. Ауыл шаруашы­лығы өнімдеріне қатысты да талқыладық. Біз өз тарапы­мыздан осы бағыттағы бағдарламамызды ұсындық. Сәтін салса, олар шаруашылықты дамытып, өнімдерін біздің қалаға әкелетін болады. Өз кезегінде ол өнімдердің тұтыну­шыға жетуіне біз де өз тарапымыздан көмек көрсететін боламыз. Қаладағы барлық сауда нүктелеріне еш бөгетсіз жетуіне көмектесеміз, – деді қала басшысы.

Осы ауданның байырғы тұрғындары қала әкімінің жұмысына табыс тілеп, көп үміт күтетіндіктерін айтты. Әсем қаланың келбетіне көрік берер сәтті жобалардың көп болуына тілектестік білдірді. Шаһар басшысы мұндай ашық диалогтардың аса маңызды екеніне тоқталып, былай деді:

– Сіздермен кездесіп, сауалдарыңызды есту үшін арнайы келіп отырған жоқпын ба? Кабинетте қабылдауға да болар еді, бірақ оған ұзақ уақыт кетеді. Оның үстіне осының өзі қабылдау. Мен сіздердің барлықтарыңыздың сауалдарыңызды жазып алдым. Бағанадан бері 52 адам сауал жолдады. Шешілмейтін, күрмеуі қиын сауалды көріп тұрғаным жоқ. Барлығы шешімін табатын болады. Мен қолымнан келмесе сіздерге жалған уәде беріп, үміттендірмес едім. Бұл мәселенің барлығы шешіледі. Әлеуметтік желілер арқылы да көптеген сауалдар келіп жатыр. Сіздердің әрқайсыларыңыздың бізден көмек күтіп, үміт ететін­діктеріңізді біліп тұрмын. Ең өзекті мәселелеріңізді шешу үшін осында келіп, жеткізіп жатқандарыңызды да көріп отырмын.

Шындықты мен әріптестерімнен емес, сіздер арқылы білемін. Менің әріптестерім «олай емес, бұлай емес» деп ақталулары мүмкін. Сондықтан өз көзіммен көріп, есту үшін сіздердің орталарыңызға келіп отырмын. Бала­ларымыздың еркін өсуіне, қауіпсіз өмір сүруіне, көлікпен еш қиналмай жүрулеріне барлық жағдайды жасаймыз. Ескілерін ауыстыратын боламыз, – деген шаһар басшы­сының әрбір сөзін тұрғындар зор ыждағаттылықпен тыңдап, ризашылық білдірді.

Екі сағаттан астам уақытта қала басшысына 52 адам сауал жолдады. Әр адам екі-үш сауалдан қойды. Тұр­ғындардың кейбірі бір сауалды бірнеше мәрте қойды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *