Бақытжан САҒЫНТАЕВ: ӘКІМДЕР КАБИНЕТТЕ ОТЫРМАУЫ КЕРЕК

«Біз қазір түрлі медициналық аппараттармен жабдықталған жылжымалы үш автокөлікті жолға шығардық. Кәсіби дәрігерлер жанын мазалап жүрген сырқатын арнайы емханаға барып көрсетуге мүміндігі не уақыты жоқ адамдарды өзіне қолайлы жерге, есігінің алдына барып тұрып тексереді. Сол арқылы кез-келген кеселдің алдын алуға мүмкіндік бар».
«Қазір жадыраған жаз. Демалыста жүрген балалар қайда барады, қайда ойнайды, міне, тағы бір мәселе! Ал ойнайтын, көңілін бөлетін жері жоқ бала, әрине, бірдеңеге ұрынып қалуы мүмкін. Сондықтан мен ашық және жабық спорт алаңдарын салуды тапсырдым».
«Жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту мақсатында қала колледжерінің өкілдері де ел арасына шықты. Олар мектеп қабырғасынан кейін қайда барарын білмей, бағыт-бағдарын айқындай алмай, өлместің күнін көру үшін базар жағалап, арба сүйреп жүрген жастарды сол базардан да іздеп тауып алып, өздеріне тегін оқуға шақырады».
«Әкімдер кабинетте отырмауы керек. Олар халық алдына күнде шығып, оларды не толғандыратынын өз құлақтарымен естіп, біліп барып, кабинетіне соларды шешу жолдарын қарастыру үшін кіруі тиіс. Мен барлық аудан әкіміне осыны тапсырдым».
Кеше Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев еңселі «Almaty Art Center» ғимаратында Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті. Өзімен бірге қалалық бүкіл басқарма басшылары да қаз-қатар отырды. Өйткені, оларға да халықтың мұң-мұқтажы тікелей жетуі керек.
Нұржамал ӘЛІШЕВА
Алдымен қала басшысы түрлі өтініш-тілекпен, арыз-шағыммен, үкілі үмітпен, өзіне деген зор сеніммен жиналған тұрғындарға мегаполисті одан әрі қарқынды түрде дамытудың басым бағыттары, әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымы, медициналық қызметтің қолжетімді болуы, қаланың тыныштығы, әр адамның құқығы, жұмыссыз жүрген ағайынды жұмыспен қамту мәселесі жайында баяндады.
– Жасыратыны жоқ, Алатау ауданы – Алматымен іргелес жатқан ауылдардан құралған, кейіндеу игерілген жерлерден тұратын аумақ. Проблема бар. Әсіресе, жол, су тақырыбы ушығып тұр. Бұл мәселелерді біз кезең-кезеңімен шешеміз. Алдымен су тартамыз. Иә, жол да керек. «Лай, батпақ кешіп шаршадық, тым болмаса қиыршық тас төсеп беріңіздерші» деген ұсыныстар да бар. Әрине, жол азабын жүрген біледі. Бірақ жолды салып алып, ертеңіне су әкелеміз деп құбырлар тарту керек болса, әлгі жасаған жолымызды қопарып тастауымызға тура келеді. Сондықтан ағайын, бұл мәселеде сәл сабыр, төзім керек. Келесі жылы Алматы көшелерінің бәрі толықтай жарықтандырылатын болады, – деді шаһар басшысы.
Б.Сағынтаев, сондай-ақ, барлық ауданда медициналық қызметтің сапалы болу керектігін шегелей айтты. Бұл бағытта орталықтағы емханаға немесе ауруханаға жетуі қиын тұрғындар үшін жергілікті шағынауданнан медициналық қосындар, амбулаториялар ашылатынын да айтты. Онда кәсіби дәрігерлер науқас адамға тым болмаса алғашқы көмегін көрсетіп, жарақатын таңып немесе қан қысымын тексеріп, инесін салып беретін, ыстығы көтеріліп тұрған сәбиге де алғашқы ем-домын жасайтын болады. Айтпақшы, 1 тамыздан бастап «Денсаулық айлығы» аясында қала бойынша жылжымалы медицина қосындары қызмет көрсете бастады.
– Біз қазір түрлі медициналық аппараттармен жабдықталған жылжымалы үш автокөлікті жолға шығардық. Кәсіби дәрігерлер жанын мазалап жүрген сырқатын арнайы емханаға барып көрсетуге мүміндігі не уақыты жоқ адамдарды өзіне қолайлы жерге, есігінің алдына барып тұрып тексереді. Сол арқылы кез-келген кеселдің алдын алуға мүмкіндік бар, – деді Б.Сағынтаев. Осы орайда айта кетейік, «Денсаулық айлығы» аясында бүгінге дейін 3000-дай адам тегін тексеруден өтіпті.
***
Қала әкімі тұрғындарды таяу уақытта балаларға арнап ашық, жабық спорт алаңдары салынатындығын айтып қуантты.
– Қазір жадыраған жаз. Демалыста жүрген балалар қайда барады, қайда ойнайды, міне, тағы бір мәселе! Ал ойнайтын, көңілін бөлетін жері жоқ бала, әрине, бірдеңеге ұрынып қалуы мүмкін. Сондықтан мен ашық және жабық спорт алаңдарын салуды тапсырдым. Ол соншалықты қомақты қаражатты керек етпейді, оған қаржы табамыз. Қазір балаларға арналған ақылы үйірмелер, секциялар өте көп. Ал оған қалтасы көтеретіндер барады, көтермегендер қалады. Талдықорған мен Петропавлда Оқушылар сарайы ашылған. Барып көрдім. Баланы анау ғарышты зерттеуден бастап, кесте тігуге дейін үйретеді. Біз енді Алматыдан да сондай сарай ашатын боламыз, – деді Б.Сағынтаев.
Сондай-ақ, әкім шағын және орта бизнес аясында қандай жаңашылдықтар қолға алынғандығын да атап өтті. Қазір қала аудандарында көпбалалы аналарды қолдау мақсатында және кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті аналарға жол көрсетуге арналған «Іскер ана» жобасын жүзеге асыратын «Бақытты отбасы» орталықтары ашылып жатыр. Бұл жаңалық та жиналған жұртшылықты қуантты.
Қалада «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту мақсатында шаһар басшысының тапсырмасымен қала колледжерінің өкілдері де ел арасына шықты. Олар мектеп қабырғасынан кейін қайда барарын білмей, бағыт-бағдарын айқындай алмай, өлместің күнін көру үшін базар жағалап, арба сүйреп жүрген жастарды сол базардан да іздеп тауып алып, өздеріне тегін оқуға шақырады. Тамағы да ақысыз болмақ, стипендия да төленеді. Бұл – жұмыссыз жүрген жастарға «балық аулап жейтін қармақ» ұстатқанмен бірдей.
Ал қауіпсіздік мәселесі бойынша қылмыстық оқиғалар, ұрлық-қарлық өршіп тұрған аумақтарға мобильді полиция қосындары ашылатын болады.
Алатау ауданында мектеп мәселесі де өткір тұрғаны байқалады. Себебі, ауданда қазіргі таңда 4760 оқушыға орын жетпейді.
***
Бақытжан Сағынтаевтың алғы сөзінен кейін тұрғындар сауалдарын қоюға көшті.
Алғашқы мезетте-ақ микрофонға таласа жармасқан ағайын алға қарай екпіндей ұмылып, бір-біріне жол бергісі келмей, даурығысып-ақ қалды. Әрине, мұны түсінуге болады. Халық талай жылдан бері алыстан белдері қайыса су тасып ішіп, жолсыз жермен жаз мезгілінде май шаңдақ жұтып, жауынды күндері батпақ кешіп, үйлеріне тасқараңғы көшеде қармана жүріп әрең жетіп, тұрмыс тауқыметінен әбден титықтаған. Ашу-ыза әлі де бойларында жүр. Осы мезетте Б.Сағынтаев:
– Қордаланған бұл мәселелерді біз құр айқаймен, бір-бірімізге дауыс көтерумен шеше алмаймыз. Құр шулағаннан ештеңе өндірме алмаймыз. Бір-бірімізді тыңдай білейік, бір-бірімізбен иық түйістіре, тілек, ниет, сенім біріктіре отырып шешуге ұмтылайық, – деп сабырға шақыра білді.
Жиналған тұрғындардың басым көпшілігі Бақытжан Әбдірұлына оның осылай қарапайым халық алдында төбе көрсетіп, мұң-мұқтаждарын тікелей өз ауыздарынан, көзбе-көз отырып естіп, тыңдап жатқанына ризашылықтарын білдірді.
– Әкімдер кабинетте отырмауы керек. Олар халық алдына күнде шығып, оларды не толғандыратынын өз құлақтарымен естіп, біліп барып, кабинетіне соларды шешу жолдарын қарастыру үшін кіруі тиіс. Мен барлық аудан әкіміне осыны тапсырдым. Мына отырған әріптестерім сіздерді «жоқ, болмайды, шеше алмаймыз» деп шығарып салмауы керек. Осы қызметке келген екен, ендеше шешу жолдарын өздеріңізбен біріге отырып іздеуі, жауапкершілікті мойнына алуы тиіс. Егер шеше алмай ма, онда орнын босатады, – деп әңгіменің ашығын айтты.
***
Тұрғындар негізінен сапалы ауызсу, көше жарығы, арық және кәріз жүйелері, жол, мектеп, емхана және заңдастырылмаған жер телімдері туралы сауалдар тастады.
– Бізге мектеп керек. Бастауыш сыныптағы кішкентай балаларымыз даладағы әжетханаға барып келеді, ал күннің суығында қайтпек?! Біздің көшелерге кәріз жүйесі де тартылмаған.
– Учаскелік полициямыздың жүзін танымаймыз.
– Емхана керек. Мектеп салып берсеңіздер екен.
– Әлеуметтік нысандарға мүгедек жандардың кіріп-шығуы қиын, пандустар орнатылмаған.
– Бізге де су, жарық, жол керек.
– Банкомат, пошта бөлімшесі керек.
– Аялдамалар шаң-шаң, сүртілмейді. Біз шеткі аудан деп қараусыз қала береміз бе сонда?
– Біз пайдаланып отырған электр сымдарына жарты ғасыр болған…
– «Нұркент» үйлерінің қасбеті адамдардың басына құлауда. Сапасыз жұмыстарға кім жауапты?
– Осыдан екі жыл бұрын бізге кәріз жүйесін, су құбырын жүргізген, бірақ аяқсыз қалды. Мердігерлердің осындай салғырттығын кімдер тексереді?
– Қолымдағы мына бір қағаздан біздің көшеге жол салынғаны туралы оқып қалдым. Қайдағы жол, көшемізде көлденең тұрған бір тракторды да көргеніміз жоқ.
Үш сағатқа созылған жүздесуде Алатау ауданының тұрғындарынан шаһар басшысына осы тектес 400-ден астам сұрақ (ауызша және жазбаша) қойылды. Қала әкімі ешкімнің сөзін бөлместен барлық сұрақты тапжылмай отырып тыңдады.
Бұл сауалдың бәрін Алматы әкімдігі хатшылығының өкілдері тіркеуге алды. Ертең-ақ оларға сараптама жұмыстары жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданатын болады.
– Мен сіздерге ертең не бүрсігүні мына мәселелеріңізді түгел шешіп беремін деп өтірік айтып, жалған уәде беріп кетуден аулақпын. Дәл қазіргі таңда біз айналаны абаттандыруды және көшелерге жарық тартуды көпке созбаймыз, шешеміз. Ал қосымша уақытты және қосымша қаражатты талап ететін өзге түйінді мәселелерді кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, қала әкімі сөзінің соңында бұл соңғы кездесу еместігін де атап өтті.
– Біз бүгін, міне, өздеріңізбен үш сағат отырып әңгімелестік. Келесі жолы бір-бірімізді екі сағат тыңдайтын боламыз. Ал одан кейінгі жүздесуде бізге бір сағат та жеткілікті болады деп ойлаймын, – деді Бақытжан Сағынтаев.
«Денсаулық айлығы» аясында бүгінге дейін 3000-дай адам тегін тексеруден өтті.
Алатау ауданында қазіргі таңда 4760 оқушыға орын жетпейді.
Үш сағатқа созылған жүздесуде 400-ден астам сұрақ қойылды.