Бақытжан САҒЫНТАЕВ: ЕЛБАСЫ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗІРГІ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ҚР Конституциясы күніне арналған салтанатты жиындағы сөзінің негізгі тезистері

Бүгін — конституция күні

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығының арқасында еліміз қиын кезеңдерден небәрі 28 жылдың ішінде азаматтық соғыстар мен қақтығыстарсыз өтті.

 Ардақты алматылықтар! Құрметті қала тұрғындары!

Баршаңызды қасиетті де ұлық мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі Алматыда қабылданған ел Конституциясы ең алдымен азаттығымыздың жаршысы, елдігіміз бен мемлекеттілігімізді айқындайтын басты құжат, халық билігінің қайнар көзі.

30 тамыз – Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні.

Біз осыдан 24 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымызды қабылдадық.

Ескі мен жаңа тоқайласқан алмағайып кезеңде халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті. Жаңа Қазақстанның заманның талаптарына сай келетін Негізгі Заңының мәтінін бекітті.

«Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білді.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың теңдігі – Отанымыздың дамуы мен гүл­денуінің басты қайнары», – деп айрықша атап көрсетті.

Қоғамның өркендеуіне серпін беріп, Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен татулығына жол бастаған Ата Заңда бекітілген конституциялық нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Қымбатты алматылықтар! Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!

 1995 жылы еліміздің Ата Заңын қабыл­дау – өте күрделі саяси жағдайда халық­тың тарихи тағдырын таңдау еді. Бұл Тұң­ғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың басшы­лығымен еліміздің мем­лекеттік дамудың жаңа тарихи кезеңіне жасаған бетбұрыс қадамы.

Сол уақытта жалпыұлттық референ­думда қазақстан­дықтар заманауи құқық­тық мемлекет, еркіндік пен прогресс үшін дауыс берді. Олар мемлекетке қауіп төн­дірген жүйелі дағдарысқа, кеңес өкіметінің инерциялық басқару нысан­дарына және тиімсіз экономикаға қарсы дауыс берді.

Жаңа Конституция 90-жылдардың басындағы күрделі экономикалық дағ­дарыс пен саяси тұрақсыздықты жеңуге айрықша үлес қосты. Тікелей ықпал ету құжаты ретінде ол мемлекет пен егемен­дігімізді нығайтты.

Бүгін біз уақыт биігінен Негізгі Заңның нақты жасам­паз рөлін көріп отырмыз. Конституция еліміздің барлық азаматтары үшін алдағы онжылдықтың құндылық тұғыр­намасына айналып, біздің қоғамы­мызды бір арнаға біріктірді.

Осы жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы Конституция негізінде, оның мәні мен рухына толық сәйкестікпен жасалды.

Қазақстан бүгінде қалыптасқан, әлем­дік құрметке ие болған және соған лайық­ты мемлекет. Бұл біздің Ата Заңы­мыздың және еліміздің даму векторының дұрысты­ғының айқын дәлелі.

Тарих бізге барлық дамыған мемле­кеттер үшін табыстың негізгі құрамдас бөлігі – саяси көшбасшылық пен саяси еркіндік екендігін көрсетеді.

Елбасы – Қазақстанның қазіргі конс­титуциялық құрылысының негізін қалаушы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басшылығының арқасында еліміз қиын кезеңдерден небәрі 28 жылдың ішінде аза­маттық соғыстар мен қақтығыстарсыз өтті.

Бүгін, осынау тарихи орын – Респуб­лика Сарайының залында, Елбасына Конституциямызды қалыптастыруға және оны қолданысқа енгізуге көмектескен серік­тестерін көріп, қуанып отырмын. Оңтайлы сәтті пайдалана отырып, Сіздерге осы жасаған ұлы істеріңіз үшін алғыс айтқым келеді.

Тек ширек ғасыр ішінде біз Консти­туция ережелерін сақтай отырып, биік белестерді бағындырдық.

Еліміз жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарыс сынақтарына бірнеше рет тойтарыс берді.

Біз әміршілдік-әкімшілік экономиканы бұза отырып, заманауи нарықтық үлгіні жасадық.

Елбасының 1995 жылы қабылдаған заң күші бар 147 Жар­лығы елдегі жағ­дайды нарықтық қатынастардың пайда­сына бұрып, шын мәнінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әзірлеген Қазақстанды жаңғыртудың алғашқы табысты тәжіри­бесіне айналды.

Осылайша біз мемлекеттік құрылы­мының барлық жүйесін түбегейлі өзгерттік. Дәл осы 1995 жылы саяси жүйе мақсатты түрде жаңартылды. Конституция қабыл­дан­ғаннан кейін қоғамда жаңадан үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз бұқара­лық ақпарат құралдары бар азаматтық секторды және партияны дамыту үшін қолайлы жағдай туындады. Сонымен қатар, Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді.

Конституцияда барлық қазақстандық­тардың ортақ құндылықтары нақты көрсетілген. Азаматтарды жыны­сына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне және кез-келген басқа да белгілеріне қарай кемсітуге қатаң тыйым салу негізінде елімізде бүкіл халықтың татулығы, тұрақтылығы мен келісімі қамтамасыз етілуде.

Конституцияның арқасында біздің еліміз бен дана халқымыз үстіміздегі жылдың көктемінде Негізгі заңға сәйкес ешбір елеңсіз, тыныш жағдайда жоғары биліктің берілуін қамтамасыз етті.

Бүгін мемлекет дамуының жаңа кезеңінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен біз «Н.Назарбаевтың моделі» – Қазақстандық моделі бойынша даму жолын жалғастырамыз.

Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарла­масын­да «Баршаның игілігі! Сабақтастық. Әділдік. Прогресс» атты ауқымды жалпыұлттық міндеттер қойды.

Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Оның мәні – Қазақ­стан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан әрі аша түсу.

Бұл біздің қалаға да қатысты.

 

Бұл жұмыстың басымдықтары қандай?

Біріншіден, Алматының «Шетсіз қала» қағидасы бойын­ша дамуы. Біздің алдымызға мұндай бағдарламалық міндетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр.

Ең өзекті мәселе: қаланың тарихи орталығы мен мегаполиске қосылған аудандарын, яғни Жаңа Алматы қаласын дамытудағы теңгерімсіздіктерді жою.

Соңғы 10 жылда қала аумағы 2 еседен артық үлкейді. Осыған орай, жаңа аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттілігі де күрт өсті.

* Қазір инженерлік желілердің тозуы 60%-дан асады.

* Әрбір 19-шы алматылық орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген.

* Наурызбай, Алатау, Медеу, Түрксіб, Бостандық және Жетісу аудандарындағы 23 шағынауданда орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесі жоқ.

* Қала көшелерінің 35%-ы жарықтандырылмаған неме­се жартылай жарықтандырылған. Наурызбай, Алатау, Ме­деу және Бостандық аудандарына қосылған аудандарда – 40%-ға жуық көше жарықтандырылмаған.

* Қаланың 3 мың шақырымнан астам көше-жол желі­сінің 30%-ы, әсіресе Жаңа Алматыда нашар жағдайда тұр.

* Аудандардың бір бөлігі, ең алдымен Түрксіб, Жетісу, Әуезов аудандары – тұрғын үй және мектептермен то­лық­тай қамтамасыз етілмеген. Жаңа Алматыдағы мектеп­термен қамтамасыз ету 1,5 есе төмен.

* Тұрғын үй саясатындағы елеулі теңгерімсіздік. 6 жыл ішінде Алматыдағы көппәтерлі үйлердің жалпы саны 13%-ға, ал ЖТҚ саны 2 еседен астам өсті.

Субурбанизация – қаланың таралуы және инфра­құрылымға жұмсалатын шығындардың өсуі орын алуда.

* Бізде еліміздегі ең ірі тұрғын үй қоры – 8,4 мыңды құрайды. Сонымен бірге 24,5 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр (өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өсті). Қолжетімді жайлы баспана жеткіліксіз (қала тұрғын­дарының 80%-дан астамы несиеге (ипотекаға) жайлы тұрғын үй алуға мүмкіндіктері жоқ).

* Алматыда ел халқының тек 10%-ы ғана тұрады, алайда республика бойынша жасалған қылмыстың 20%-ы осында тіркеледі. Қылмыстық жауапкершілікке тартыл­ғандардың үштен бірі сырттан келгендер, ал жәбірлене­тіндер негізінен орталық тұрғындары. Мың адамға шақ­қанда Наурызбай ауданына қарағанда Алмалы ауданында 3,4 есе көп қылмыс жасалады.

* Алматы үшін маңызды мәселе – ауаның ластанған жағдайы. Сұралғандардың 80%-ы қаланың барлық әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерінің ішінен экологияны бірінші орынға қояды.

Бұл проблемалардың шешімін табу керек, яғни ол үшін мол инвестиция, уақыт пен жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың үлкен күш салуы қажет.

 

Шетсіз қала  қандай қала және біз не нәрсеге ұмтылуға тиіспіз?

Алматы әкімі ретінде мен үшін ол бәрінен бұрын:

* Қала орталығы мен шалғай аудандарының әрбір тұрғыны жоғары сапалы өмірге қол жеткізу мүмкіндігі тең қала.

* Кез-келген тұрғын тұратын ауданына қарамастан, өзін біртұтас қалалық кеңістіктің бір бөлшегі сезінетін қала.

* Әрбір тұрғын инфрақұрылымы дамыған және өмір сүруге қолайлы жағдайы бар ауданымен мақтанатын қала.

Сондықтан біз әкімдік ретінде факторлардың ішінен біреуін бөліп жармай, бір мезгілде экономиканы да және қолайлы ортаны да дамытатын боламыз.

Біз қалалықтардың сұранысына қарай іс-қимыл жасай­мыз. Қаланың дамуына «тұрғындар көзімен» қараймыз.

Бұл бүгінде қалалық күн тәртібінің негізгі элементі болып үлгерді.

***

Жергілікті биліктің қала тұрғындары алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін біз «Тыңдаушы мемлекеттік қызметші» тұжырымдамасын белсенді енгіземіз.

Менің тапсырмам бойынша аудан әкімдері мен қалалық басқарма басшылары ашық есік күндерін және арнайы орынға шыға отырып, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп тұрады.

Барлық аудандық әкімдіктер мен әкімдер әлеуметтік желілерде аккаунттарын ашты.

Сонымен қатар, Сіз өз ауданыңыздың әкіміне «Almaty» телеарнасындағы «Akіmat LІVE» бағдарламасының апта сайынғы эфирінде сұрағыңызды қоя аласыз.

Өтініштерді қабылдауды жүйелеу және оңайлату үшін қала әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлімі жұмыс істейді.

Осы кері байланыс арналары арқылы мегаполистің әрбір тұрғыны өтініш беріп, кеңес сұрай алады, толған­дыратын мәселелерін тікелей шешуге мүмкіндігі бар.

Апта сайынғы жиналыста мен өзекті мәселелердің қалай пысықталып жатқанын қарастырамын. Осыған сүйене отырып, біздің басымдықтарымыз азаматтар үшін негізгі қызметтерге «қадамдық қолжетімділік» қағидаты негізінде айқындалады.

Мен оларға толығырақ тоқталамын.

1) Экономика. Жұмыспен қамтамасыз ету

Алматы – еліміздегі жалпы ішкі өнімінің бестен бір бөлігін қамтамасыз ететін экономикалық белсенділіктің маңызды орталығы.

Алматының негізгі даму бағыттарын анықтау үшін қаланы дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдама-жоспары әзірленуде. Қазан айына дейін біз оны көпшіліктің назарына ұсынамыз.

Сауда және қызмет көрсету экономикалық құрылымы­ның 85%-дан астамына ие. 185 мың шағын және орта бизнес субъектісі жалпы өңірлік өнімнің 40%-ын, салық түсімінің 64%-ын, сонымен қатар 600 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Сондықтан біздің стратегиялық бағытымыз – кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету.

Бүгінгі таңда шағын бизнес – жаңа жұмыс орындарын құрудың басты драйвері екенін ескерсек, аудандық әкімдер мен қалалық басқармалардың жұмысын бағалау жергілікті жерлердегі сапалы жұмыспен қамту көрсеткіші болады.

* Аталған мақсатқа табысты қол жеткізу үшін «Алматы Бизнес-2025» – кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай аймақтық бағдарламасын жасадық.

* Қаланың 6 ауданында филиалдарын аша отырып, «Qoldaу» кәсіпкерлік орталығы құрылды.

* Онда кәсіпкерлер «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтің 525 түріне қол жеткізе алады. Бұл уақытты едәуір қысқартады және қызметтерге қол жетімділікті арттырады.

* Бизнеске арналған қаржы ресурстарының қол­жетім­ділігін кеңейту үшін біз Almaty Fіnance компания­сын және тек 2019 жыл­дың өзінде 3 млрд. теңге жалпы капитал­дан­дырумен «Almaty» микроқаржы ұйымын құрдық. Бұл қаражаттың барлығын алматылық кәсіпкерлер алады.

* Бұл ретте жобаларды қаржыландырудың сараланған тәсілі қолданылатын болады. Іскерлік белсенділігі төмен аудандар үшін – 2%, қалған аудандарға – 7%.

* Екінші деңгейдегі банктер арқылы шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыру үшін «Даму» қорымен бірлесіп, тепе-тең негізде қосымша 2 млрд. теңге бөлінді, келесі жылы тек осы бағытқа тағы 10 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.

* Биыл шағын және орта бизнесті қаржылық қолдаудың жалпы көлемі 4,5 млрд. теңгеге, ал келесі жылы 30 млрд. теңгеге дейін жеткізіледі.

* Ірі инвесторларды тарту үшін құрамында Almaty Іnvest аша отырып, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­сының қызметін қайта жаңарттық. Бүгінгі таңда 1,8 млрд. АҚШ доллары сомасында қолдау көрсету үшін 15 инвес­тициялық жоба анықталды.

* Сонымен қатар, Tesla сервистік орталықтары мен инфрақұрылымын құру, Google аймақтық кеңсесін ашу және сол секілді әлемдік брендтерді кеңінен тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

* Осы жылы Алматы қаласының 5 ауданында тоқтап тұрған өнеркәсіптік объектілері мен жер учаскелері бар жеке инвесторлар есебінен шағын өнеркәсіптік парктер құруды бастаймыз.

Бұл жобаны іске асыру жалпы саны 1,5 мың жұмыс орны бар шамамен 80 өндіріс орнын құруға мүмкіндік береді.

* «Алматы Бизнес-2025» бағдарламасы аясында жұмы­сын жаңадан бастаған кәсіпкерлер мен жаңа мамандық алғысы келгендерді жаппай оқыту жобасын іске қосамыз.

Бір күндік мотивациялық курстар шеңберінде ағымда­ғы жылдың өзінде шамамен 75 мың адамды (2020 жылы – 200 мың адам) қамту жоспарланып отыр. Олардың 10 мың­ға жуығы жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ар­налған арнайы курстарға, 4 мыңнан астамы жаңа маман­дықтар алу үшін қысқа мерзімді курстарға бағыт­талады.

2) Инфрақұрылым

* Негізгі басымдықтардың бірі – қала тұрғындарын 100% ауызсумен қамтамасыз ету деп санаймын. Жыл соңына қарай 11 аймақта құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауды ұйғардық. Сондай-ақ, жаңа Алматыдағы 12 ша­ғынаудан үшін жобалар әзірлеуді жоспарлап отырмыз.

23 шағынаудандағы 105 мың тұрғынды сумен жабдық­тау және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бойынша барлық жұмыстарды 2024 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

* Біз жаңа Алматы аудандарының көшелерін жарық­тандыруға арналған қаражатты қайта қарастырып, бөлдік. Жыл соңына дейін 208 көшенің сыртқы жарықтандыру құрылысын аяқтауға қазірдің өзінде 1,3 млрд. теңге бөлін­ді. Қалған 959 көше мен 873 аулаға жобалық-смета­лық құжаттамасын әзірлеуге 851 млн. теңге бөлінді.

* Қысқа мерзімді міндеттің бірі – жолдардың үлесін 75% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу. Ала­тау, Медеу, Түрксіб, Наурызбай аудандарындағы 10 шағын­ауданда 110 шақырым жол құрылысын жобалау басталды. Алатау ауданының 13 шағынауданында 118 шақырым жол және жолайрықтар салу, сондай-ақ көшелерді тегістеу үшін жер учаскелерін сатып алуға республикалық бюджет­тен қаражат бөлу жұмыстары Үкіметпен пысықталуда.

Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін және Нұрлы көшесін Сабденов көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі аралықта ұзартуды көздейтін, Наурызбай ауданының негізгі магистралына айналатын жоба жасалуда.

3) Қолжетімді тұрғын үй

* Көпбалалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» қалалық тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды және та­бысты жүзеге асырылуда. 281 отбасы тұрғын үй сер­ти­­фикаттарын және жеңілдікті шарттармен тұрғын үй сатып алды, жылдық пайызы – 2%.

* Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жастарға арналған 1 020 пәтер беріледі (7,2 млрд.теңге бөлінді).

* Сондай-ақ, Алатау және Түрксіб аудандарындағы көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары және т.б. үшін 30 көппәтерлі үй (немесе 1 020 пәтер)  пай­далануға беріледі.

* Бұған дейін де жақсы нәтиже берген «Алматы жастары» жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жалғасын табады. 2020 жылы жұмыс істейтін жастар қосымша 1000 пәтермен қамтамасыз етіледі.

* Ескірген үйлер мәселесінің артуы. Қазіргі уақытта «Бәйтерек» АҚ арқылы 17,7 млрд. теңге сомасында ескі тұр­ғын үй мәселелерін шешу үшін қаржыландыру механизмі әзірленуде. Бұл қаражат ескі үйлердің тұрғындарын көшіруге арналған үйлерді салуға бағытталады.

Сондай-ақ, қаладағы 948 ескірген үйлерді қамтитын ескі үй құрылыстарын бұзудың кезеңдік бағдарламасы әзірленді. 4-5 жыл ішінде 267 ескі үйді бұзу жоспарлануда, 2 321 отбасы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

* Көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда (үйлердің 52%-ы жөндеуді және 18% лифттер ауыстыруды қажет етеді).

Алдағы 2-3 жылда ескірген лифттерді 100% ауыс­тыруды аяқтаймыз. Келесі жылы қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін жасау үшін үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге қаражат бөлеміз.

* Жыл соңына дейін аулалардың 55%-ы абаттанды­ры­лады. 369 ауланы абаттандыруға жобалық-сметалық құ­жаттама әзірленуде, одан кейін 819 аулаға, алдағы 2 жыл­да аулаларды абаттандыруды 100% аяқтауды жос­парлап отырмыз.

4) Әлеуметтік даму.

Білім беру және денсаулық сақтау

* Әлеуметтік мемлекеттің конституциялық қағидаты білім беру, денсаулық сақтау, азаматтардың әлеуметтік жұмыспен қамтылуы салаларын жаңғырту жөніндегі шаралармен дәйекті түрде кеңейтілетін болады. Бұл – әлеуметтік саясаттың үш негізгі бағыты.

* Біздің міндетіміз — жергілікті деңгейде білім берудің сапалы инфрақұрылымын қамтамасыз ету.

«Қадамдық қолжетімділік» қағидаттары аясында биыл­ғы жылы 790 орындық 5 балабақша, оның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 1 балабақша құрылысы аяқталады.

Келесі жылы 600 және 1200 орындық 2 мектеп, 1 800 орын­­дық қосымша 4 құрылыс пайдалануға беріледі. Алатау және Наурызбай аудандарында 7 000 орындық мектеп, ал 2022 жылға дейін «Алғабаста» 720 орындық колледж және студенттерге арналған 2 жатақхана салынбақ.

* Азаматтардың денсаулық сақтау құқығын толық­қанды жүзеге асыру үшін қалада медициналық нысан­дардың сандық картасы жасалынды.

Дәрігерлік амбулаторияларға қажеттіліктің 3 жылдық жоспары анықталды, барлығы 35 амбулатория қажет. Медеу ауданында күніне 100 келушіге арналған отбасы­лық-дәрігерлік амбулатория ашылды. Жыл соңына дейін тағы 10 амбулатория  ашылады.

Әлеуметтік қызметтердің саны мен сапасындағы, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы, орталық пен шалғай аудандар арасындағы алшақтық қысқарады.

Медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жабдықтау аудитінің нәтижелері бойынша қала емхана­ларында 20%-дан 80%-ға дейін жабдықталу айырмашы­лығы анықталды, соның негізінде 3 жылға арналған қамта­масыз ету жоспары құрылды.

Медициналық ұйымдарда 30 мыңнан астам медицина­лық жабдықтар бар, оның ішінде 10,9 мың бірлік мораль­дық және физикалық жағынан ескірген.

Осыған орай, медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға 86 миллиардтан астам теңге жұмсау жоспарлануда. 2020 жылдың өзінде 1,4 мың бірлік медициналық жабдық сатып алынады.

Келесі жылы жедел кардиологиялық көмек көрсету үшін қаланың 3 емханасында (Орталық клиникалық емхана, №4 және 7 қалалық клиникалық емханаларда) кардио­логия­лық бөлімдер ашу жоспарлануда.

2019 жылдың қазан айында Алатау ауданында жедел жәрдем қызметінің жаңа қосалқы станциясы ашылады.

Бүгін қалалық жедел жәрдем қызметіне 28 көліктің кілті табысталды. Келесі жылы 70 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарлануда. Осылайша 2020 жылы сервистік жабдықпен қамтамасыз ету 88%-ға дейін жеткізіледі.

«Еңбек» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы тұрақты жұмыс орындарына 13 мың адам, уақытша жұмысқа 6 мың адам орналастырылды.

Жыл басынан бері 29,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін қысқарту бойынша оң серпін байқалады. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 5,1% (2014 – 5,5%, 2018 – 5,2%).

Жұмыссыз азаматтар үшін базарларда, вокзалдарда, жәрмеңкелерде 10 мобильді жұмыспен қамту орталық­тарын құрдық.

Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (505 мың теңге) гранттар бөлінеді.

«Бақытты отбасы» көпбалалы аналарды қолдау орталықтары базасында әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту және олардың жобаларын қаржыландыру бойынша «Іsker Ana» бағдарламасы іске қосылды.

5) Экология және қоршаған орта

«Жеңіл» қалаларды байыпты жаңарту қажет. Қалада 2 миллионға жуық ағаш бар, бірақ 500 мыңға жуығы апаттық немесе ауыр жағдайда.

Сондықтан күзде үш жылдық Jasyl Almaty жобасын бастауды және кем дегенде миллион жаңа ағаш отыр­ғызуды ұсынамын. Бұл ауқымды акция және бұған барлық қала тұрғындарын белсенді қатысуға шақырамын.

Тұрақты көздерден шығатын қалдықтардың 93%-ға дерлігі Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарында, қаланың төменгі бөлігінде жинақталады.

Біз тұрақты көздерден шығатын қалдықтарды азайту бойынша Үкіметпен және «Самұрық-Энергомен» белсенді жұмыс жүргізетін боламыз.

Мен қалалық ТЕЦ-2-ні газға көшіру мүмкіндігі мәсе­ле­сін егжей-тегжейлі зерделеуді және даму көрінісін ұсынуды тапсырамын. Зерттеу нәтижелері келесі жылдың көктемінде белгілі болады. Одан әрі қалай әрекет ететініміз анықталады.

6)      Транспорт

Бүгінгі таңда 700 мыңнан астам қалалық және сырттан келетін автокөліктер жол желісіне және қала экологиясына үлкен ауыртпалық әкеліп отыр. Ауаның ластануында көліктің үлесі 65%-ға дейін бағаланады.

Қалған тұрақты ластаушы көздер, бірінші кезекте ТЭЦ-2 (қалдықтар 34 мың тонна, 27%). Сондықтан біз қоғамдық көлік желісін дамытуды, әсіресе Жаңа Алматыда жалғас­тырамыз.

Қоғамдық көліктерді жаңарту мәселесін шешу үшін (588 бірлік) қазірдің өзінде 172 автобус сатып алынды. 2019 жылдың соңына дейін 260 автобус сатып алынады.

2019 жылдың соңына дейін ұзындығы 5,1 км. бола­тын БРТ дәлізі бойынша троллейбус желісін жаңғыртуға 300 млн. теңге бөлінді (ЖБ).

7) Қоғамдық қауіпсіздік

Біз жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін және қала көшелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алатын боламыз. Қайтыс болудың «нөлдік» бағдарламасын іске асыру үшін 100 жаңа бағдаршам орнатылып, 70 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылады (2020 ж).

Сонымен қатар, «Сергек» бейне жазу жүйесінің 707 бей­­непосты қосымша орнатылады (2019 жыл соңына дейін — 400, 2020 жылы — 307).

Полицияның материалдық-техникалық жабдықтал­уын жақсартамыз, бұл қазірдің өзінде елдегі ең жоғары көр­сеткіш – 87%. Жақын арада қалалық полиция тағы 70 жаңа көлік алады.

Ашықтықты қамтамасыз ету үшін қаланың барлық аудандарында полицияның 11 кезекші бөлімін ашу жоспар­ланған. Онда келушілер арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары негізінде ыңғайлы жағдайда қызмет ала алады.

Қаланың көптеген криминогенді аудандарында модульдік және мобильді полиция бекеттері жұмыс істей бастады. Қазірдің өзінде қала тұрғындарының оң пікірлері бар. Осындай 32 бекетті енгізу жоспарлануда.

Тамыз айының басынан бастап біз көше патрульдерін күшейтіп, басым бағыттарды аулаларға бағыттадық. 550 пат­­рульдік маршрут жасалды.

Сонымен қатар, 1000 камера орнатумен «Халық жаппай шоғырланатын жерлерге арналған бейнебақылау жүйесін» енгіземіз.

Жүйелік операторлар қауіпті оқиға орын алған жерге жедел түрде полиция бөлімшелерін немесе төтенше күштерді бағыттай алады.

Қабылданған шаралар қаладағы қылмыстар санын азайтуға мүмкіндік берді. Қылмыстың ашылуы 26,0%-дан 83,5%-ға дейін жақсарды. Барлық желілер бойынша құқық бұзушылықтар саны 10,2% қысқарды.

8) Азаматтық қоғаммен өзара байланыс

Конституция азаматтарға мемлекеттік басқаруға араласуға мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» формуласы бойынша саяси модернизациялануда Елбасы бағытын жалғастыруды күн тәртібіне қойды. Сол үшін де өз жұмысын жандан­дырған Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрылды.

Алматы – азаматтық қоғамы өте белсенді қала және менің ұстанымым біздің мегаполисті үкіметтік емес сектормен бірге жұмыс істеу.

Біз қазірдің өзінде өзара бірге жұмыс істеудің бағыт­тарын белгілеп қойдық және қала өміріне қатысты шешімдерді жасауда барлық пікір ескерілетін болады.

Қалада «Бюджетке қатысу» жобасы іске қосылды. Әр ауданға 500 млн. теңгеге дейін бөліп беру қарастырылып отыр.

Тұрғындар бұл қаржыны қайда жұмсау керектігін өз­дері шеше алады. Мысалы, қаламыздың орталық аудан­дарында тұратын тұрғындар әлеуметтік жағынан жетістік­терге қол жеткізіп отырған болса, олар қаржыны абаттан­дыруға жұмсай алады, ал Жаңа Алматы тұрғын­дары оны әлеуметтік инфрақұрылымдарды жақсартуға жұмсай алады.

Қала тұрғындары өмір сүру сапасын арттыруды анық­тауға тиіс өз ықшамаудандарын немесе аудандарын басқаруға араласуға, күнделікті мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндігі болады.

Қала өмірінде Қоғамдық кеңес ерекше рөл ат­қарады. Алайда, биліктің ашықтығы мен жариялылығын қам­та­масыз ету әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан Қоғамдық ке­ңестің рөлін арттыру мақсатында оның құра­мын 37 адамға дейін арттыру ұсынылып отыр. Қала мәселелерін шешуде қоғамның қатысуын арттыратын жаңа адамдар келеді.

Қоғамдық кеңес жылына бір рет қаладағы жағдайларға қатысты әкімдікке мәселелерді шешу жолдарын айтып, балама баяндама әзірлеуін ұсынамын.

Қала бюджетін әзірлеп, қабылдауда және оның жұм­салуына бақылау жасауда мәслихаттың рөлін арттыратын боламыз.

«Nur Otan» партиясы филиалының жанынан Әлеу­меттік-экономикалық мәселелерді қарастыратын Азаматтық комитет құрылатын болады. Қала тұрғындары өздерінің мәселелері бойынша осы комитетке де хабарлас­уына болады. Олар ол жерде мемлекеттік органдармен бірлесе отырып мәселені шешу жолдарын қарастырып және оның орындалу барысын қадағалай алады.

Біз азаматтық қоғам институттарымен өзара байла­ны­сымызды арттыратын боламыз. Қазір біз Қазақстан Азаматтық альянсымен және жергілікті белсенді Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып Алматыдағы азаматтық қоғаммен өзара байланыс концепциясын әзірлеп жатыр­мыз.

Urban-форум – пікір алмасу алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл барлық қызығушылық танытатын жақтар үшін – қоғам, ҮЕҰ, девелоперлер, инвесторлар, техноло­гиялық стартап-жобалар, медиа өкілдері және сарапшылар қауымдастығы үшін біздің қаламызды одан ары дамыту мен оның тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне арналады.

* Біз қазір қалада рұқсат берілген митингілер өткізетін жерлерді арттыру мәселелерін қарастырып отырмыз.

Мен «Сарыарқа» кинотеатрының жанындағы скверден басқа азаматтардың бейбіт жиындары өтетін тағы бір орынды белгілеуі туралы мәслихатқа өтініш айтып, арнайы ұсыныс жасамақпын.

Алайда, бұл шешім қаладағы саяси және құқықтық мәдениеттің жаңа сапасы мен жоғары деңгейін талап ететін болады.

Мен Конституциямыздың құқықтық нигилизмді жеңе алатын асқақ мән-маңызын ерекше атап айтқым келеді.

Конституциямыздың нормалары мен құндылықтары біздің еліміздің әр адамына түсінікті де анық болуы керек, оны түсіндіру жұмыстары тыңғылықты және үзіліссіз жүргізіліп отыруы тиіс.

 Құрметті алматылықтар!

Біздің бойымыздағы қаламыз бен еліміз үшін жауап­кершілік сезімі – ол Қазақстан Конституциясының негізгі лейтмотиві, тұтас жүйесі және өзегі, әрқайсымызға үндеуі.

Ата Заңымыздың алтын әріптерін және рухын терең түсіне білу, соған сай қалыптасу барлық саяси күштер, қоғам және әрбір азамат үшін өте маңызды.

Біз өзіміздің барлық түйткілді мәселелерімізді, қиын­дықтарымызды жақсы білеміз және оларды бірте-бірте, кезең-кезеңімен еңсеретін боламыз. Біз халық қабылдаған Конституция ережелерін құрметтеп және сақтай отырып, алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде бірге қол жеткіземіз.

 

Құрметті қауым!

Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құнды­лықтар жинағы. Мемлекеттігіміздің алтын қазығын қастер­леу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конститу­ция­ның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжыт­пай сақ­тасақ алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Сол арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз.

«Заңы заңғар елдің – заманы озық» деген терең мағына­лы сөз бар. Сондықтан да ата-бабаларымыздың асыл ар­маны Тәуелсіздіктің арқасында Ата Заңымызды басшы­лық­қа ала отырып, Біз, барлық қазақстандықтардың жарқын болашағына жол ашатын жаңа асуларды алатын боламыз!

Ендеше, Ата Заңымыздың мерейлі белесі құтты болсын! Елдігіміздің тұмары болып асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алар асуларымыз әрқашан биік болсын!

Мереке құтты болсын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *