Бақытжан САҒЫНТАЕВ: АСТАНА – ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

Мәншүк БЕКБОСЫН

Астана күні – бір қаланың ғана мейра­мы емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мереке екенін тілге тиек еткен Премьер-Министр Қазақ Елінің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты деп атап өтті.

–       Ел бола аламыз ба, әлде заман­ның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана – жаңғырған, жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол – қастерлі Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыз­дың төл перзенті. Басында өзге түгілі, өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді. Халқымыз­дың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі – алып бәйтерекке айналды, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Астана – терең тарихтан тамыр тартқан даңқты өткенімізді бүкіл әлем таңдай қаққан бүгінгі биіктерімізбен және жаһандық нарықта бәсекелік қабілеті жоғары, Мәңгілік Ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын Елдігіміздің алтын арқауы.

–       Қарасаң көз жетпейтін Ұлы Дала­ның Аспанмен астасқан көкжие­гіне көз салсақ, көк пен жерді жалғай­тын алтын көпір іспетті Астананың алып мұнаралары алыстан асқақтап, менмұндалайды. Ол – барша халқы­мыздың бақытты өмірі мен үкілі үміті­нің символы, – деді Премьер-Министр.

Расымен, бүгінде еліміздің саяси, экономикалық қана емес, мәдени, рухани жүрегі атанған Елорда Қазақ­станның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, аймақтардың дамуына қуатты серпін беруде. Бас ордамыз – дарынды, мақсаткер, еңбек­қор, білімді жастардың арман-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, барша қазақ­стандықтарды біріктірген кіндік қала. Ол татулық пен тұрақтылықтың, жасам­паздық пен бейбітшіліктің симво­лы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер жүзіне лайықты үлгі болуда. Әлем­дік деңгейдегі бастамалар мен іс-шара­лар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті. Осының бәрі кең байтақ Ұлы Даланың төрінде Ұлы Мемлекет құрған Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара бас­шылығы мен шексіз еңбегінің жемісі.

–       Сәні мен салтанатына барша адамзат таңдай қаққан Бақ ордамызды қастер тұту, оны дамытып, көркейте түсу – бәрімізге ортақ парыз.

Еліміздің асқақ рухы мен жасам­паздығының жарқын нышаны болған Астананың 20 жылдығымен барша­ңызды тағы да шын жүректен құттық­таймын! Ортақ мақтанышымыз, Отаны­мыздың жүрегі Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырып, жайнай берсін! – деп қорытындылады сөзін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Айта кету керек, күні бұрын Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстан және елорданың қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Президентінің Жарлы­ғымен марапатталғандарға «Астана 20 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс­таған болатын.

Марапатталғандардың қатарында: ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруа­шылығы министрі Ө.Шөкеев, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Досаев, Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұ­мағалиев, сондай-ақ Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Н.Алда­бергенов бар.

Мерейтойлық медаль Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевқа, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұловқа, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановқа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымоваға, Әділет министрі М.Бекетаевқа, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа, Энерге­тика министрі Қ.Бозымбаевқа, Қорға­ныс министрі С.Жасұзақовқа, Қоғам­дық даму министрі Д.Кәлетаевқа, Инвести­циялар және даму министрі Ж.Қасым­бекке, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов­қа, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке, Ұлттық эконо­мика министрі Т.Сүлейменовке, Қаржы министрі Б.Сұлтановқа, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметовке, «Назарбаев универ­ситеті» ДББҰ президенті Ш.Катсуге, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасарлары — Е.Баба­құмаров және Т.Сәрсенбаевқа табыс­талды.

«Астана 20 жыл» медалі ҚР және оның елордасын қалыптастыруға және дамытуға елеулі үлес қосқан қазақстан­дықтар мен шетел азаматтарын ынта­лан­дыру мақсатында әзірленген. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы 2018 жылдың 17 сәуірінде қол қойды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *