Бақытжан САҒЫНТАЕВ: Алматының проблемасы сізді ғана толғандырмайды

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданының тұрғындарымен жүздесіп, олардың сауалдарын өз ауыздарынан тыңдап, әрқайсысына жауап берді. Әкімге сұрақ қою үшін залда үш жерге микрофон қойылған болатын. Жиналған жұртта есеп жоқ. Жазбаша сұрақ жолдаймын деген тұрғындар үшін арнайы жәшік те қойылған. Бір сағаттың көлемінде ол да жазбаша хаттарға толып қалды.

Әсел ДАҒЖАН

– Ауданда қордаланған мәселелерді бірлесе талқылап, оларды тиімді шешу жолдарын пысықтау үшін арнайы келіп отырмын. Бұған дейін «Сұңқар» трам­плин­дер кешенінде болдым. Тұңғыш Президент саябағы мен Дулати көшесіндегі саябақ­тарды көріктендіру жұмыстарымен таныс­тым. Өздеріңіз де әлеуметтік желіден көріп отырсыздар, Көкжайлау мен Алма-Арасан шатқалында тазалау жұмыстары жүргізілді, – деген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданына 2014 жылы Алматы облысынан бірқатар елді-мекендер қосылғанын, ондағы тұрғындарды көбіне ауызсу, жарық, жол, арық жүйелеріне қатысты сұрақтар мазалайтынын атап өтті. Мектеп пен балабақшаның жетіспеушілігі де бар.

Қала әкімі қыркүйектен бастап жеке қабылдайды

Айта кетейік, қала әкімі тұрғындармен тікелей байланыс үшін әрбір әлеуметтік желіде өзінің жеке парақшасын ашқан болатын. Яғни олардан түскен кез-келген өтінішке мұнда тиісті уақытта жауап қайтарылады. Дәл осындай форматта Open Almaty-да арнайы алматылықтар үшін жұмыс істеуде.

Кездесу барысында бір тұрғын бір ғана сұрақ қоюы тиіс дегенімен, қолдарына микрофон түскесін, олар ұзақ уақыт қорда­ланып қалған проблемалардың тиегін ағытып, кемі 2-3 сұрақтан қойып жатты.

Ең негізгілері әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы проблемалар, яғни мердігер­лердің сапасыз жұмыстары, нүктелі құры­лыс, монополистермен арадағы күрделі байланыс, жастардың денсаулығы, кәсіп­керлер мен мүгедектердің жанайқайы дейсіз бе, әкім бәрін тыңдады. Мәселен, қызмет көрсетушілер желілерге қосылу тарифтерін өздері белгілейді, ал бұл қалалықтардың наразылығын тудыруда. Осы істі жүйелеп, ретке келтірген жөн дейді олар. Жөндеу жұмыстары мен аула алаңдарын абаттан­дыруға қатысты жұмыстарда тұрғындардың пікірлері ескерілуі тиіс. Тұрғындар тарапы­нан наразылық болмаса ғана жұмыстарды қабылдау қажет деген өткір пікірлер де айтылды. Шағын жер учаскесіне көпқабат­ты ғимарат салғанша, саябақтар салынса, ол қала экологиясы мен тұрғындардың денсаулығы үшін игі іс болар еді дейді бостандық тұрғындары.

Кездесу кезінде қала әкімінің жеке қабылдауын сұрап, өтініш айтқан тұрғын­дар да көп болды.

– Алматының барлық проблемасын білетін бірнеше адамнан құралған азамат­тық топ бармыз. Жергілікті мәселені біз аудан әкімімен шеше аламыз. Біздің негізгі арманымыз Көкжайлаудың құрылысын үш жылға кешік­тіруді емес, оған мүлде тиіс­пеуді сұраймыз. Өзім музыкант, «Қорқыт» қоғамдық қорының директоры, 3 баланың анасы ретінде мәдениет проблемасын көтер­гім келеді. Біз бұрынғы әкім Бауыр­жан Байбектің грантын жеңіп алғанбыз. Егер жеке қабылдайтын болсаңыз, біздің біраз сұрақтарымыз бен ұсынысымыз бар еді, – деген тұрғынға шаһар басшысы бар­лық алматылыққа қарата қай кезден бастап жеке қабылдайтынын айтып өтті.

– Мен кездескен барлық аудан тұрғын­дары жеке қабылдауыма кіре алмай жат­қан­дарын жеткізді. «Қоңырау шалдық, жазыл­дық», – дейді. Бұған әкімдік қызмет­керлері еш кінәлі емес. Екі ай бойы ешкімді қабыл­дамайтынымды өзім айттым. Өйткені, ең алдымен, тұрғындармен өзім барып кездесуді жөн көрдім. Өз көзіммен көріп, тұрғындарды тыңдағым келді. Қыркүйек айынан бастап, айына екі рет қабылдау өткіземін. Бір рет әкімдікте, екінші рет «Nur Otan»-да қабыл­дай­тын боламын, – деді Бақытжан Сағын­таев.

«Алматыда туып-өскен қазақпын. Бұл қаланың проблемасын өте жақсы білемін. Мені жеке қабылдасаңыз» деген сипаттағы өтініштердің бәріне қала әкімі қыркүйекте басталатын жеке қабылдауға шақырамын деп жауап берді.

 

«№6 троллейбусты қайтарыңдар»

Қоғамдық көлік мәселесі мен көпба­лалы аналар мәселесі бұл кездесуде де шет қалған жоқ. Өзін Розыбақиев көшесі, 250-үй, 34-пәтердің тұрғынымын деп таныстырған зейнеткер Бостандық ауданы қарттарының атынан «Розыбақиев көшесінен Алматы-2 теміржол вокзалы мен Республика сарайына жете алмай отырмыз. Бізге №6 троллейбусты қайтарсаңыз» деген мәселені көтерді.

– Біз тұратын аудандағы Өтепов-Каблукова  көшелерінің қиылысында жалғыз ғана «Арзан» деген сауда орталығы болатын. Зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін не алсақ та бағасы тиімді еді. Соңғы алты айдан бері ол жабық тұр. Тұрғындарға бір ауыз айтпастан, біреулер сатып алыпты. Әкім мырза, бізге сол арзан сауда орталығын қайта ашып берсеңіз екен. Розыбақиевпен не жоғары, не төмен мүлде автобус жүрмейді. Жалғыз ғана №77 автобус бар. Оны да соңғы кездері әкімдерге кіріп айғайласып, сұрап жатып, жазып жатып жүргізгенбіз. Қалған автобустардың бәрі Гагарин және Тимирязев көшесінен бұрылып кетеді. Соңғы екі жылда осы біздің ауданнан Алматы-2 теміржол вокзалына жүретін №6 троллейбусты алып тастады. Еш себепсіз тоқтатып тастады. Біз вокзалға жете алмай отырмыз. Мұң болды. Сол №6 троллейбусты қайтарсаңыздар екен. Дүңгіршектерді алып тастағалы қазақша газет оқығанды қойдық. Балаларымыз да, өздеріміз де. Осында «Алматы ақшамының» редакторы, қызметкерлері болса, біз «Алматы ақшамын оқимыз» деген зейнеткердің сөзінің соңы залға естілмей қалды. Өйткені, микрофон өшіп қалған болатын.

«Микрофонды кім өшіріп отыр» деп ашуға булыққан әкімнің сөзінен кейін микрофон қосылғанымен, үлкен залдағы қарияның сөзі ауаға жайылып, бізге сол бойы естілмей қалды. Дегенмен, «газет оқимыз» деген оқырманның сөзі бізді ғана емес, залдағы жұртшылықты да бір сілкіп алғандай болды. Ал қала әкімі қоғамдық көлікке қатысты сауалға жауап берді.

– Тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету үшін бізге кемінде 2100 автобус қажет. Бүгінгі күні 1600 авто­бус бар. Олардың барлығы желіге бірдей шықпайды. Бұзылады, жолда сынып қалады. Күнде таңертең адам тасымалдауға шыққан автобустар туралы ақпарат алып отырамын. Таңғы сағат 08.00-де қоғамдық көліктердің 88-90%-ы жүреді. Яғни қолда­ныстағы 1600 автобустың 10 пайызы шықпайды. 160 автобус жүрмейді. Неге шықпайды? Бұзылады, – деді Бақытжан Сағынтаев. Әкім жүргізушілерге қатысты мәселені айта келе, олардың көбі сырттан келгендіктен қаланы жақсы білмейтінін жеткізді.

Дегенмен, жақсы жаңалық та жоқ емес. Келесі жылы қалаға 200 су жаңа трол­лейбус сатып алынбақшы. Көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлеу кезінде анықталған заңбұзушылықтар туралы мәселені де әкім осы жиында айтып өтті.

– Бүгінде көпбалалы 1350 отбасыға АӘК беру тоқта­тыл­ды. Біз табысын жасырған көптеген отбасыларды анықта­дық. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жанұялар бар екен. Олар табыстарын жасырған. Қалада уақытша тіркелген отбасылар да бар. Бірақ олардың балалары ата-әжелерінде қалған. Басқа облыстағы мектептерде оқиды, – деді шаһар басшысы. Оның айтуынша, осылайша айына 83 мил­лион теңгеге жуық қаржы заңсыз төленген.

 

«Манас көшесіне бағдаршам керек»

Жиын кезінде «бронхитпен ауырсам да, үйде немерем жалғыз қалса да, бүгінгі кездесуге Медеу ауданынан келдім» деп эмоцияға беріле сөйлеген тұрғынды қала әкімі сабырға шақырды.

– Алматының проблемасы жалғыз сізді ғана толғандырмайды. Аздап сабыр сақта­саңыздар. Әрбір кездесуде берілген тапсыр­малар шешімін табады. Тек аздап уақыт керек. Өйткені, мәселе тек бір адамның ғана басында емес. Бостандық ауданында да қаншама халық бар, – деді қала әкімі.

«Мерей» сауда орталығының жалға алушысымын. БРТ идеясы жақсы жүзеге асуда. Бірақ сол жақ бұрылысқа шектеу қойғалы бізге келушілердің саны 2 есеге азайып кетті. Соған сәйкес кірісіміз де екі есеге төмен. Қоғамдық көлікке басымдық береміз деп жеке көліктердің жүрісіне шектеу қойылды. Жақсы. Ал енді қоғамдық көліктің жолымен жүруге мүлде болмай­тын шешім шыққалы Ботаникалық баққа келушілердің саны да күрт төмендеп кетті. Менің ұсынысым бар. Манас көшесінен солға жүруді реттейтін бағдаршам орнатсаңыздар, ол қоғамдық көлік үшін қандай да бір катастрофа емес, – деді тағы бір тұрғын.

«Бос микрофон» форматында өткен бұл Бостандық ауданындағы кездесу үш сағатқа жуық уақытқа созылды. Келіп-кетіп жүріп сұрақ қойған халықта есеп болмады. Байқасақ, үлкен залға халық лық толған соң есік алдына таза стақандармен су да қойылған екен. Микрофонға кезекке тұруға уақыты аз тұрғындар сұрақтарын жәшікке салып кетіп жатты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *