Бақытжан САҒЫНТАЕВ: АЛМАТЫНЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауына арналған қала активіндегі сөйлеген сөзі

Біз бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын Алматы қаласында орындау мәселелерін талқылауға арналған қала активінің отырысына жиналып отырмыз.

Отырысқа қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері, құқық қорғау огандары, аудан әкімдері, қалалық және аумақтық құрылымдардың басшылары қатысуда.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында ел дамуының 5 басым бағытын айқындап, мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттерді белгілеп берді.

Атап айтқанда, талабына сай тиімді мемлекет қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құруға, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін бастауға және өңірлердің қуаттылығын арттыруға, оның ішінде «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға аса көңіл бөлінді.

Алматы – Орта Азиядағы ең ірі өңірлік іскерлік және қаржы орталығы. Ел экономикасының ең басты қозғаушы күші болып табылатын шағын және орта бизнес қаласы. Еліміздегі халықаралық құрылымдар мен қаржы институттарының, ірі ІT-компаниялардың, жоғары оқу орындарының басым бөлігі осында орналасқан.

Олай болса, Алматы қаласы Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға экономикалық әлеуеті мен мүмкіндіктері жағынан толықтай дайын.

Бүгін біз Жолдауды орындаудағы басты мақсат-міндеттерімізді нақтылап алуға жиналып отырмыз.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында біз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарында және үшінші жаңғырту курсында қойылған қағидаттар мен міндеттерді басшылыққа алатынымызды атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы біздің күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіс дамудың 5 негізгі басымдықтарын айқындап берді.

Бірінші.

ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТ

Біздің ортақ міндетіміз – барлық азаматтардың сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін «тыңдай алатын мемлекеттің» тұжырымдамасын іске асыру. Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде өз аккаунттарын ашып, алматылықтармен тікелей «кері байланыс» байланыс орнатты. «Алматы» телеарнасында аптасына екі рет «AKІMAT LІVE» бағдарламасы шықты. Тікелей эфирде аудан әкімдері мен басқарма басшылары тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Басқармалар мен аудан әкімдіктерінде екі аптада бір рет «Ашық есік күндері» өткізіледі.

Алматылықтардың өтініштеріне назар аудармаған бірінші басшылар жеке жауапкершілікке тартылады. Кадрлық шешімдер бірінші кезекте тұрғындардың жұмысын бағалау негізінде қабылданады. Бұл мәселеде басымдық «Nur Otan» партиясына беріледі.

Жақында партия филиалының кеңейтілген отырысында қаладағы партиялық жұмысты күшейту бойынша бірқатар нақты қадамдарды белгіледім. Ай сайын мемлекеттік орган басшыларының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасының орындалуы мен алматылық сайлаушылардың өтініштердің іске асыруы жөнінде мәселелер тыңдалатын болады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыс күшейтілмек. Азаматтардың әлеуметтік-экономикалық өтініштерін қарау жөніндегі азаматтық комитет құрылды. Мемлекет басшысы заңда белгіленген тәртіп бойынша митингілер өткізуге рұқсат беруді тапсырды. Қысқа мерзімде қалада бейбіт жиналыстар өткізу үшін орындар анықталып, БАҚ-да жарияланатын болады.

 

Екінші.

АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін толыққанды реформалауды жалғастыруды тапсырды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңа технологияларға басымдық беріледі. Тек осы жылы камералардың көмегімен мыңнан астам қылмыс ашылды.

Жыл соңына дейін қалада бейнесараптама функциясы бар және қаланың барлық негізгі әрі адам көп шоғырланатын нысандарды қамтитын бейнемониторинг жүйесі енгізілуі тиіс. Жыл соңына дейін 600 камера, 2020 жылы 400 камера орнатылады. «Е-қылмыстық іс» және «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізімі» жобалары енгізілді. Бүгінде полиция қылмыстық істерді (орташа және ауыр емес) электрондық форматта жүргізуге арналған жабдықтармен 100 пайызға жабдықталды.

Сонымен қатар, полиция әлі де сандық құралдарды пайдаланады. Осылайша бірінші жартыжылдықта элект­рондық форматта қылмыстық істердің шамамен 11 пайызы ғана жүргізілді.

Ашықтықты арттыру үшін полиция департаменті өз жұмысында сандық шешімдерді толыққанды пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.

Шұғыл қызметтердің тиімді жұмыс істеуі үшін келесі жылдың соңына дейін 112 бірыңғай шұғыл қызметін іске қосу қажет.

Ашықтықты қамтамасыз ету үшін қаланың барлық аудандарында полицияның 11 фронт-кеңсесі ашылады. Мұнда келушілер ХҚКО-лары қағидаты бойынша ыңғайлы жағдайда қызмет ала алады.

Алматы сел қаупі жоғары аймақта тұр. Ағымдағы жылы Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендері бассейндерінде сел қаупінің автоматтандырылған 10 стансасының құрылысы басталды.

 

Үшінші.

Дамыған және инклюзивті экономика

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда 2025 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жыл сайынғы тұрақты өсуін 5%-ға қамтамасыз етуді тапсырды.

Бүгінде Алматы экономикасы жыл сайын орта есеппен 3%-ға өсіп келеді.

Президенттің тапсырмасын орындау үшін қалаға тұрақты салық базасы, бәсекеге қабілетті бизнес қажет. Экономиканы әртараптандыру, инновацияларды және «білім экономикасын» дамыту талап етіледі.

Қазіргі уақытта қаланы дамытудың ұзақ мерзімді Концепт-жоспары әзірленуде. Қазан айында біз оны қоғамдық талқылауға шығарамыз.

Бізге бірінші кезекте мәдениет және туризм, көлік және логистика секторын, сондай-ақ инновацияларды дамыту қажет.

Экономикалық өсуде тиімді шағын және орта бизнес маңызды рөл атқаруы тиіс.

Бүгінде 185 мың ШОБ субъектісі ЖӨӨ-нің 40%-ын, салықтардың 64%-ын, 600 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Сондықтан ШОБ-ті қолдау және кәсіпкерлікті дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз.

Алматыда «Qolday» кәсіпкерлік орталығының қаланың 6 ауданында филиалдары бар, онда 30 көзден 525 халыққа қызмет көрсетіледі.

Орталық бір операциялық залда «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске қызмет көрсететін барлық мемлекеттік органдарды, даму институттарын және монополистерді біріктіреді. Бұл шара мерзімдерді айтарлықтай қысқартуға және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Алматы Бизнес–2025» бағдарламасының жобасы әзірленді. Жыл сайын 20 мың кәсіпкерді оқыту жоспарланған.

ШОБ қаржылық қолдау көлемі 2,3 есеге артты (4,5 млрд. теңгеден 10,5 млрд. теңгеге дейін, одан әрі 31 млрд. теңгеге дейін өсіммен). Бизнес үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігі проблемаларын шешу үшін «Almaty Fіnance» компаниялары мен «Almaty» микроқаржы ұйымы құрылды, жалпы капиталдандыру 2019 жылы ғана 3 млрд. теңгеге жетті. Бұл ақшаны алматылық кәсіпкерлер алады. Бұл ретте жобаларды қаржыландырудың сараланған тәсілі қолданылатын болады: іскерлік белсенділігі төмен аудандар үшін – 2%, қалған аудандарда – 7%.

Екінші деңгейлі банктер арқылы ШОБ жобаларын қаржыландыру үшін «Даму» қорымен бірлесіп тепе-тең негізде 2 млрд. теңге бөлінді, келесі жылы осы бағыт шеңберінде тағы да 10 млрд. теңге жоспарланған.

Нәтижесінде, ШОБ қаржылық қолдаудың жалпы көлемі ағымдағы жылы 4,5 млрд. теңгеден келесі жылдан бастап 30 млрд. теңгеге дейін жетеді.

Сондай-ақ, Алматылық кәсіпорындардың экспорттық өндірісін ынталандыру және жергілікті қамтуды дамыту көзделген. Біздің кәсіпкерлер қаланың мемлекеттік сатып алуларына қатысуы керек.

Кәсіпкер болу мүмкіндігі әркімде болуы тиіс. Біз ең алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін отбасылық бизнес құруды қолдауға тиіспіз.

«Бақытты отбасы» көпбалалы аналарды қолдау орталықтары базасында әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту бойынша «Іsker Ana» бағдарламасы іске қосылды.

Жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жұмыс орнында тәлімгерлікті және тағылымдаманы ұйымдастыра отырып, қолдау көрсетілетін жұмыспен қамту орталығын ашу жоспарлануда.

Президент экономиканың маңызды саласы ретінде туризмді дамытуға ерекше назар аударуды тапсырды.

Өздеріңіз білетіндей, тау шаңғысы туризмі – қаланың визит карточкасына айналды. Алайда, Шымбұлақ өз қуаттылығының шегіне жетті, ең үлкен шыңға шығу тәулігіне 10 мың адамға жетті. Бізге басқа тау курорттарын, ең алдымен жұмыс істеп тұрған тау-кен курорттарын дамыту қажет.

Қазіргі уақытта Іле-Алатау ұлттық паркінен жерді 5 жыл мерзімге жалға беру мәселесі қарастырылуда, әрі қарай «Бутаковка» және «ЦСКА» курорттарын дамыту үшін алаңы 1 мың га. және 215 га. жерді коммуналдық меншікке беру мәселесі қарастырылуда. Әкім орынбасары Қожағапановқа бұл мәселені шешуді жеделдетуді тапсырамын. Президент тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұл атқарушы биліктің басым міндеттерінің бірі.

Бұл міндетке қол жеткізу біз сіздермен бірге Алматыда өткізетін жұмысқа тікелей байланысты. Бұл міндетке қол жеткізу біздің сіздермен бірге Алматыда өткізетін жұмыстарымызға тікелей байланысты. Біздің қалада еліміздің банктерінің 90%-ының, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың 60-тан астам кеңсесі орналасқан. Жақында біз «Almaty Іnvest» инвестиция тарту орталығын құрдық. Бүгінде 20 жоба үшін 1 млрд. долларға инвесторлар тартылды, оның ішінде Tesla және Google халықаралық алыптары (офисті РФ-нан көшіру) бар. Бұл жұмысты инвесторлармен күшейту керек.

Келесі бағыт – жаңа технологияларды дамыту-5G, SmartCіty, үлкен деректер, блок және басқа да жаңа сандық құралдар.

Алматы – Қазақстанның цифрлық астанасы. Бүгінгі күні елдегі ең жоғары Сандық сауаттылық деңгейі біздің қалада (82,6%), цифрландыруға арналған бюджеттің ең үлкен көлемі де бізде. Еліміздің АТ-қызметінің үштен екісі біздің қалада жүргізіледі. АТ-мамандығы бойынша бітірушілердің 60%-ын Алматы жоғары оқу орындары дайындайды. Алматыда Астанамен қатар 5G жоғары жылдамдықты деректерді берудің жаңа форматы тестілеуде.

Менің тапсырмам бойынша әкімдікте цифрландыру мәселелері бойынша жеке басқарма құрылады.

Оның міндеттері – ақылды қаланың жаңа жобаларын енгізуді қамтамасыз ету, Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды аяқтау, Алматыда АТ-сектордың жыл сайынғы озық өсуі үшін жағдай жасау.

Бүгін Алматыда сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің 80%-ы автоматтандырылды. Жаңа цифрландыру басқармасының міндеті – 2020 жылдың соңына дейін қажетті мемлекеттік қызметтерді толық автоматтандыруды аяқтау.

Президент өз Жолдауында біздің экономикамыздың ең проблемалы мәселелерінің бірі – оны несиелеу көлемінің жеткіліксіздігі екенін атап өтті.

Жыл сайын банктер қала кәсіпорындарын 900 млрд. теңгеге кредиттейді, ал қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды 10%-дан асырмай жабады. Осы бағдарламалардың тиімділігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмысты құру қажет.

***

Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, ЖІӨ және тұрғындардың табыстарының өскеніне қарамастан қазақстандық жұртшылық арасында мүліктік алшақтық сақталып, тіпті күшейіп бара жатқан тәрізді. Бұл өзгешелік Алматыға да тән болып тұр.

Бүгінде әр түрлі мамандықтар саласындағы табыстардың елеулі айырмашылықтары айқын байқалады.

Ең жоғары айлық – қаржы мен сақтандыру саласында. Ең төменгі жалақы – мектепалды мен бастауыш білім беру, денсаулық сақтау, яғни адамдық капиталдың сапасына ықпал ететін салаларда.

Бұған қоса, қала іші мен сыртындағы «тербелісті» көші-қон да кері әсерін тигізуде.

Біздің есебімізше, күн сайын қалаға 200-250 мың автокөлік кіріп, жарты миллионға жуық адамды жұмысқа, оқуға, емделуге және демалуға тасымалдап отырады.

Қаламыздың күндізгі тұрғындары саны 2,3 млн. адамға жетеді. Яғни ресми санақтан 400 мыңға артық. Бұл жұмыс орындарына қосымша бәсекелестік тудырады.

Орталық аудандардағы өмір сүрудің деңгейінің жоғарылығы – онда адам капиталы мен кәсіптің шоғырлануын арттыра түседі. Мәселен, Алмалы мен Әуезов аудандарындағы халықтың тығыздығы мен жұмыс істеуі Алатау мен Наурызбай аудандарына қарағанда 5-7 есе артық.

Сондықтан халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, орталық пен сыртқы жақтарда тұратын алматылықтардың өмір сүру деңгейлеріндегі айырмашылықты біртіндеп жою шараларын қарастыру қажет.

 

Төртінші.

Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі

Сапалы білім – қаланың дамуы мен экономикалық өсуінің ең басты факторларының бірі.

Мұндағы біздің міндеттеріміз айқын. Біз оларды қаланың педагогикалық активімен болған тамыз кеңесінде талқыладық.

Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін оқушылардың қарым-қабілетін ескере отырып, кәсіптік бағдар беру саясатын қолға алып, еңсеруге тиіспіз.

Алматы мектептерінде кәсіптік бағдар тестерін жүргізу арқылы оқушылардың қабілеттерін анықтау негізінде кәсіптік бағдар жолдары мен тетіктерін іске қосу керек.

***

Президенттің тапсырмасына орай Үкімет әр аймақтағы медициналық сырқаттардың басым түрлерінің тізімін жасап, соның негізінде қаржыландыру жүйесі жасалынады.

Осы мәселе бойынша қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы нақты ұсыныстарды әзірлеуде.

Әлеуметтік қызметтер көрсетудегі әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы орталық пен шеткі аудандардағы сапалық және сандық айырмашылықтар қысқаратын болады.

Бүгінде аудит жүргізу арқылы дәрігерлік амбулаторияға сұраныстың 3 жылдық жоспары белгіленді. Бас-аяғы 35 амбулатория қажет екен.

Қазірдің өзінде Медеу ауданында бір ауысымда 100 адамды қабылдай алатын жанұялық-дәрігерлік амбулатория жұмыс істей бастады.

Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуына жүргізілген аудитте қала емханаларының қамтамасыз етілуінде 20%-дан 80%-ға дейін айырмашылық бар екені анықталды, осының негізінде оны жоюдың үш жылдық жоспары әзірленді.

Медициналық ұйымдарда 30 мыңнан астам құрал-жабдық, қондырғылар болса, солардың 10,9 мыңы ескірген.

Осыған байланысты жаңа медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 86 млрд. теңге бөлу көзделген. 2020 жылдың өзінде 1,4 мың медтехника сатып алынады.

Алдағы жылы жедел кардиологиялық көмек көрсетілу мақсатында Орталық қалалық клиникалық ауруханада, №4 және №7 қалалық клиникалық ауруханаларда кардиологиялық бөлімшелер ашылмақ.

Биылғы 2019 жылдың қазанында Алатау ауданында Жедел медициналық көмек көрсетудің жаңа стансасы ашылады. Конституция күні қарсаңында Жедел медициналық көмек көрсету қызметіне 28 автокөлік сатып алынды. Келесі жылы тағы да қосымша 80 автокөлік сатып алынады.

 

Әлеуметтік саясат

Қиын жағдайда отырған тұрғындарды қолдау мақсатында қалалық «Бақытты отбасы» кешендік бағдарламасы жасалып, ол бюджеттен ықшамдалып, үнемделген 16,2 млрд. теңге есебінен қаржыландырылды. Осы бағдарламаның шаралары аясында 48,5 мың адам қамтылды.

Бұған қоса, Президент мектеп жасына дейінгі балаларға тұрақты көмек көрсету, барлық оқушыларға тегін ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдары және формамен қамтамасыз ету, медициналық оның ішінде стомато­логиялық көмектің, қоғамдық көлікте жүрудің ақысын төлеу сияқты кепілді әлеуметтік жәрдем топтамасын енгізуді тапсырған-тын. Бұл мәселе де өз шешімін табады.

 

Бесінші.

Күшті аймақтар – күшті ел

Өздеріңіз білетіндей, біздің жұмысымыздың нәтижелілігін жұртшылық бағалайды. Осы орайда әрбір басшының жұмыс тиімділігінің көрсеткіштеріне талдау жасалады, қажет болса жетілдіріледі, әрі оны бақылау күшейтіледі.

Басқармалы урбанизация мен ортақ тұрғын үй саясаты – жұмысымыздың маңызды бір бағыты.

Қала халқы жылына 50 мыңнан астам адамға өсіп отырады, оның 60% сырттан келетіндер. Осының өзі жол-көлік, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдарға, барлық қызметтерге, құқық  қорғау органдарына да айтарлықтай ауыртпалық тудырады. Бұларды еңсеру үшін урбанизация процесін сауатты түрде басқару керек.

Мұндағы негізгі сүйенетін нәрсе «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң болып табылады. Президент өзінің Жолдауында бұл құжатты жетілдіру қажеттігін айқын көрсетіп берді. Сондықтан жаңа заң жобасы жасалынып, қарауға ұсынылады. Осыған байланысты қаланың белсенді тұрғындарының өз ұсыныстарын беруін қалар едім.

Шығындардың тиімді жоспарлану мен жүйелілігін қамтамасыз ету және қала шетін дамыту мақсатында «Жаңа Алматы» жоспары жасалынуда. Қала белсенділерін осы іске үлес қосуға шақырамын.

 

Тұрғын үй бағдарламасы

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2019 жылдың аяғына дейін жұмыс істейтін жастар үшін 1020 пәтер сатып алынады. Сондай-ақ, Алатау мен Түрксіб аудандарында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларына т.б. арналған 1020 пәтерлік 30 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Өзінің тиімділігін көрсеткен қалалық «Алматы жастары» бағдарламасы да одан әрі жалғастырылады. 2020 жылы жұмыс істейтін жастарға тағы да 1000 пәтер бөлінеді.

Тозығы жеткен үйлер бойынша «НУХ «Бәйтерек» АҚ арқылы 17,7 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражат тозған үйлердің тұрғындарын көшіруге салынатын үй құрылысына жұмсалады.

Осы сияқты ескіріп, тозығы жеткен 948 үйді біртіндеп бұзу бағдарламасы жасалынған. Алдағы 4-5 жыл көлемінде ескі 267 үй сүріліп, 2321 отбасы жаңа қоныстарға көшіріледі.

Көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеу жұмыстары жалғастырыла береді. Таяу 2-3 жылда ескірген барлық лифттер ауыстырылады. Алдағы жылда қаланың архитектуралық келбетін жақсарту мақсатында үйлердің төбелері мен алдыңғы қасбеттерін жөндеуге арнайы қаржы-қаражат бөлінеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *