Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Алматы қаласының әкімі: СІЗДЕРДІҢ БҰЛ САУАЛДАРЫҢЫЗ БЕН ӨТІНІШ-ТІЛЕКТЕРІҢІЗ АЛМАТЫДАҒЫ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бейсенбі күні Наурызбай ауданы тұрғындарымен екінші рет кездесу өткізді. Онда алғашқы кездесуде айтылған сын-ескертпелер мен тұрғындардың өтініштерінің орындалу барысымен танысып, тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, кейбір мәселе­лердің жиын үстінде шешімін табуына ықпал етті. Сонымен бірге, бұл кездесуде қала басшысы наурызбайлықтарды келешекте Алматыны дамытуға бағытталып отырған жеті бағыттан тұратын бағдарламамен де таныстырып өтті.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Кездесу барысында тұрғындар әкімге өздерін толғандырып жүрген және де шешімі табылмай келген мәселелер бойын­ша 123 сауал жолдапты. Оның 50-і жазба­ша түрде жолданған. Кездесу барысында Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғайұлы тамыз айында өткен кездесу кезінде тұрғындар тарапынан жолданған сауалдар негізінде атқарылған жұмыстар туралы қала басшысына есеп берді. Аудан басшысының ақпаратына құлақ түрген аудан халқы бес айдың ішінде әжептәуір іс тындырылып, әкімдердің айтқан уәдесінде тұрғандарына ризашылықтарын білдірді.

Бұл аудандағы бірінші мәселенің бірі – сумен, жарықпен және газбен қамтамасыз ету болса, аталған мәселелердің біртіндеп шешімі табылып келе жатқаны байқалады. Осы екі кездесу аралығында аудан бойынша иесіз деп танылған 54 қосалқы трансформатор қала балансына берілсе, енді қалған 100 трансформатор бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. «Жай­лау», «Құрамыс», «Таужолы» ықшамаудан­дарында су құбырлары мен кәріз жүйелерін тарту жұмыстары қолға алынса, аудандағы тағы алты ықшамауданда су желілері тартылып, екі су тоғаны салынуда. «Шұғы­ла» тұрғын үй кешені тұрғындары тарапы­нан жолданған абаттандыру мен газдан­дыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Қазір­гі күнге дейін 14 үйге газ беріліп, аулалары абаттандырылса, осы айдың соңына дейін тағы 16 үйге газ берілмек. Көшелерді жарық­тандыру, асфальттау жұмыстары бойынша да көңіл көншітер шаруалар болғанмен, тұрғындардың оған әлі де болса қоғамдық көлік қатынасына, тазалық мәсе­лесіне толық көңілдері толмайтыны байқалды. Қаланың экологиялық ахуалы­на да тұрғындар алаңдаушылық білдіріп жатты. Шалағайлық пен атқарылатын істі бір мекемеден екінші мекемеге ысырып тастау секілді жағдайлар жиі орын алған. Оны кездесу барысында тұрғындардың қала басшысына жолдаған сауалдарынан аңғаруға болады.

Аудан басшысының қысқаша баян­дауын мұқият тыңдаған Бақытжан Әбдір­ұлы кезекті тұрғындарға бере отырып, олардың кейбір мәселерін осы жиын үстінде тиісті сала басшыларының қатысуымен оң шешілуіне ықпал етті. Сауал жолдаған тұрғындардың арасында «Премьера», «Ақжар», «Баубақша» кооперативтерінен сауал мен өтініш тілек айтушылар қатары көп болды. «Премьера» тұрғындары аулала­рының тарлығына, көлік қоятын орынның, балалар алаңының жоқтығын тілге тиек етсе, «Ақжар» ықшамауданы тұрғындары көшелерді жөндеу, жарықтан­дыру және сумен қамтамасыз ету мәселе­сін, «Баубақ­ша» кооперативтерінің мүшелері де осы мәселелер төңірегінде көптеген сұрақтар қойды. Жиырма жылдан бері тұрып келе жатқан үйлерін заңдастыра алмай жүрген «Қалқаман-2» ықшамаудан тұрғын­дары, жылдап пәтер кезегінде тұрса да, үй кезегі­не жете алмай жүрген тұрғын­дар да, ауру­ха­наға жатып емделу үшін портал алуға зар болып жүрген азаматтар, денсаулықтарына байланысты мүгедектік ала алмай жүрген азаматтар еңбекке жарамсыздық туралы анықтама беретін комиссия мүшелерінің әділетсіз шешімдері туралы айтылған өтініш-тілектерін ақтарды. Екі айдан бері Атаулы әлеуметтік жәрдемақысын ала алмай жүрген көпбалалы ананың жанай­қайын да әкім осы залдан естіді. Шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары жаңа автобустарға ауыстыру жөнінде де ұсыныстар айтылды.

Жүз жиырма үш сауалдың әрқайсын ден қоя тыңдаған қала басшысы тиісті сала басшыларын орындарынан тұрғызып тап­сырмалар берумен қатар, өзінің орын­басарларына осы мәселелердің шеші­луін назар­ға алуды, ал аудан басшысына әр тұр­ғынның өтініш-тілегін жауапсыз қал­дыр­мауды ескертіп, кездесуді қорытын­дылады.

Бақытжан Әбдірұлы өз сөзінде: «ең бастысы, біз тұрғындардың оларды тыңдай алатынымызға және өтініш-тілектеріне дер кезінде назар аудара алатындығымызға көздерін жеткіздік. Егер ағымдағы жылдың 14 тамызында 41 сұрақ қойылса, бүгін 123 сауал қойылды, оның 50-ден астамы жазбаша берілді. Көптеген сұрақтар жедел шешілуде, ал қалғандарына әрине уақыт керек. Оны келер жылы Алматыны дамыту бағдарла­масы аясында жүйелі түрде шеше­тін бола­мыз. Ести алатын мемлекет жұмыс үстінде, сіздер осы талаптарыңыз арқылы бізге Алматыдағы өмір сапасын жақсар­туға көмектесудесіздер. Жаңа Алматының жаңа келбетін бірге қалыптас­тырайық», — деп қала әкімі Наурызбай ауданы тұрғын­дарымен келер жылдың көктемінде тағы кездесуге келуге уәде берді. Әкімнің бұл сөзі аудан тұр­ғындарының ертеңгі күнге деген сенімдерін арттырғаны анық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *