Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Алматы қаласының әкімі: Қағаз жүзінде қалалық болу оңай болғанмен, шет аудандардың қала болып қалыптасуы оңай шаруа емес

Алматы әкімдігі: Шетсіз қала

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Алматыдағы жұмыс күндерін қаланың шет аудандарының тыныс-тіршілігімен танысудан бастаған  қала басшысы Бақытжан Сағынтаев  Алматының сегізінші ауданы Наурызбайға бірнеше рет барып, ондағы негізгі мәселелердің мән-жайымен танысып, аудан  әкімдігіне бірқатар тап­сырмалар жүктеген болатын. Ал кеше  Бақытжан Әбдірұлы наурызбайлықтармен ашық әңгіме өткізіп, аудандағы өзекті мәселелерді тұрғындармен бірге талқылады.    Тұрғындармен әңгімесін бастамас бұрын, Қарғалы өзенінде болған төтенше жағдайға тоқталып, жағдайдың қалыпқа келіп, қауіптің беті қайтқанын мәлімдеп өтті.

Бұдан соң   қала басшысы дәл қазіргі уақытта қаладағы қолға алынып жатқан жаңа жобалар бойынша  атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып өтті. Онда әлеуметтік жағдайлар, денсаулық, білім беру саласы, орта және шағын бизнесті дамыту,  кәсіп  ашам деген азаматтарға көрсетілетін қолдаулар жөнінде айтты. Солардың ішінде аудан тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша тоқталып, қазіргі уақытта жоба жасалып, қажетті қаражат көздері қарастырылып отырғандығынан жұртшылықты хабардар етті.   Адамдардың денсаулығын жақсартумен қатар, олардың медициналық көмекке деген қолжетімділігін арттыру мақсатында өткізіліп жатқан «Денсаулық айлығы» туралы, емдеу мекемелерін құрал-жабдықпен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген аудиттің қорытындылары  жөнінде де аудан халқын хабардар ете келе,   жыл соңына дейін қаламыздағы 5 емханаға 400 миллионға жаңа құрал-жабдықтар сатып алынатындығын айтты.

Ал 2022 жылы  емдеу мекемелерін  жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді  90 пайызға жеткізу көзделіп отыр деп атап өтті қала басшысы.  Қала нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар дайындау, қоғамдық тәртіп,  қоғамдық көлік, жол құрылысы, Наурызбай ауданын ауызсумен қамтамасыз ету, мәдени-демалыс орындарын, балаларға арналған ойын алаңдарын салу мәселелері де әкімнің назарынан тыс  қалмады.  Қағаз жүзінде қалалық болу оңай болғанмен, қала болып қалыптасу үшін  көп жұмыстар атқарылуы тиіс, ол үшін   уақыт және   көп  қаражат қажет. Ендігі жерде  әр жоба бойынша жүйелі  жұмыс жүргізіп, атқарылған жұмыстарды қадағалап, барысын бақылап отыру  қажеттілігін  қала құрылымдарының басшылары мен аудан әкімдігінің қызметкерлеріне құлаққағыс етті.     Наурызбай ауданы тұрғындарын қуантқан әңгіменің  тағы бірі – жаңадан кәсіп ашқысы келген Алатау, Наурызбай тұрғындарына екі пайыздық үстемемен несие  берілетіндігі жөніндегі хабар болды десек, артық болмас. Ал үйде отырып жұмыс істегісі келетін көпбалалы аналарға да қала әкімдігі мен «Даму» қоры арқылы қаржылай көмек көрсетілетін болады. Оған қажетті қаражат көздері де қарастырылып қойыпты. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында әр аудандарда ашылып жатқан «Іскер ана» орталықтары көпбалалы аналардың өзінің кәсіптерін ашып, кәсіп  игерулеріне мүмкіндік бермек. Мұндай орталықтар  қаладағы сегіз ауданда ашылмақ. Болашақта бұл ауданда демалыс орындары, ойын-сауық орталықтары, жабық спорт алаңдары, мектептер мен балабақшалар көптеп бой көтеретін болады. Оған  әрине  уақыт керек. Сондықтан әр іске сабырлылықпен қарауымыз керек  деді қала басшысы.

Бұдан әрі әкімнің аудан тұрғындармен ашық әңгімесі басталды.

Су – су таситын көліктермен жеткізіледі

Әкімге бірінші болып сауалын жолдаған «Ақжар» ықшамауданының тұрғыны  (аты-жөнін атаған жоқ) аталған ықшамауданда ауызсу мәселесінің шешілмей отырғандығын жеткізді.

«Ақжар» ықшамауданы ғана емес, осы Наурызбай ауданындағы №1 мәселенің бірі ауызсу  болып  тұрғанын жақсы білетін қала басшысы ауызсу мәселесінің бүгін-ертең шешіле  қоймайтындығын  түсіндіріп, осы уақытқа дейін ауызсу бір мезгіл жеткізіліп келсе, бұдан былай үш мезгіл тасымалданатындығын  айтты.

 

Мәдениет үйі қайта салынса…

В.А.КИРИЕНКО,

«Таусамалы» ықшамауданының тұрғыны,

Ақсақалдар кеңесі бастауыш ұйымының төрағасы:

– Құрметті әкім мырза,  қазіргі «Таусамалы», бұрынғы «Каменка» ауылының байырғы тұрғындарының бірімін. Осында қызмет еттім.  Бұл ауыл кезінде өзіңіз  жиі айтатын арығында суы ағып, даласында гүлі жайнаған, «Қыз бен жігіт» кинофильмі түсірілген, Мәдениет үйі   рухани құндылықтар орталығы болған көркем  ауылдардың бірі еді. Ал қазір арықтағы суы тартылып, Мәдениет үйіміз сатылып кетті. Мәдениет үйін айтасыз, жергілікті әкімдер кезінде арықтарымызды  да жер телімімен  бірге сатып жібергендіктен, қазір бау-бақшамызды суғара алмай отырмыз. Арық жоқ. Орнына  тұрғын үйлер салынып кеткен. Менің сізге айтарым, бізге жаңадан Мәдениет үйін салып берудің қажеті жоқ, сол үйімізді   қайтарып берсеңіз болды. Содан кейінгі мәселенің бірі – зейнетақыны алу. Осы ықшамауданда тұратын 2800 зейнеткер  зейнетақымызды пошта бөлімшесінен алатын едік.   «Қазпошта» шағын бөлімшелерін қысқартып жатыр екен, жағдай солай болып жатса, біз зейнетақымызды қалай, қайда барып аламыз? Содан кейінгі тағы бір өтінішім, біздің «Қарағайлы» ықшамауданда тұратын  28 отбасы үйлеріне газ тарта алмай отыр, қаражаттары жоқ, соған көмектессеңіз?

Бақытжан ӘБДІРҰЛЫ:

– Ақсақал өте орынды мәселе көтеріп отырсыз.   Айтқан мәселелеріңізді жақын арада   қарастырамыз.   Поштаға барып зейнетақы алу сіздер үшін бір уақыт болса да әңгімелесіп, көңіл-күйлеріңізді баптап қайтатын орын  екендігін  жақсы түсінемін. Бірақ ол сіздерге тиімді болғанмен, мемлекеттің қалтасы үшін тиімсіз  шығар, сондықтан оны да тиісті мекемелермен сөйлесіп, оң шешімін табуға тырысармыз.  Пошта бөлімшелерін ұстау тиімсіз деп жатса, зейнетақыны карточкалық жүйеге ауыстыруға  тура келеді. Аудан басшысы  отыр жанымда. Сіздерге тиімді болатын  жолдарын қарастырамыз. Осы ретте сіздерге  біз қазіргі уақытта  құны 500 миллион теңгені құрайтын «Бюджеттің қатысуымен» деген пилоттық жобаны қолға  алғанымызды  айтқым келеді. Осы жоба арқылы сіз өзіңіз тұратын ықшамауданға қандай  мәдени-демалыс орындары керектігін   айтып,  оның қандай үлгіде болуын қалайтыныңызды  көрсеткен жобаларыңызды ұсына аласыздар. Бұл жобаның да түпкі мақсаты шет аудандарды қала өмірімен теңестіруден туындап отыр.  Біртіндеп қала орталығында өтетін ірі фестивальдар мен үлкен концерттерді шет аудандарда өткізуді де ойластырудамыз.

Кириенко ақсақалдың  әлеуметтік жағдайы төмен 28 отба­сына газ құбырын тартып беру жөніндегі сауалына аудан  әкімі Санжар Тоғай жауап беріп,   қазіргі уақытта  «Тәуекел» газ шаруашылығы ЖШС  және «Самұрық қазынамен»  жеңілдіктер беру  туралы келісім-шарт жасалып жатқандығын, болашақта бұл мәселе де оң шешімін тауып, тіпті кейбір отбасыларына газ құбырлары тегін  тартылып  берілуі мүмкін  екендігін жеткізді.

«Өзім істеймін» деген адамның қолын қақпау керек

– Мен жас кәсіпкермін, жуырда Жандосов пен Яссауи көшесінің қиылысынан бес қабатты ғимарат сатып алған едім, бірақ оның төңірегін арамшөп басып қалыпты, соны тазалап,  абаттандыру жұмыстарын жүргізейін десем, аудан әкімдігі рұқсат етпейді.  Содан соң,  Әшімов көшесіндегі жекеменшік үйімді шағын кафеге айналдыру үшін оның мақсатты бағытын  қоғамдық қызмет көрсететін  мекемеге ауыстыра алмай жүрмін. Аудан әкімдігіне бірнеше рет бардым,  бірақ мәселем шешілмей отыр, соған қолұшын берсеңіз?

 Бақытжан САҒЫНТАЕВ:

– Өз күшімен, өз қаражатымен қаланы көркейтуге, өзі тұратын  жердің мәдениетін көтергісі келетіндерді қолдап, алғыс айтқаннан басқа айтарымыз жоқ. Бұл мәселеңіздің шешілетіндігіне сенімдімін. Ісіңізге сәттілік.

Алматы қаласы бойынша жалған құжатпен  АӘК алған  2,5 мың адам анықталған

– Менің бес балам бар,  уақытша тіркеудеміз. Пәтерде тұрамын. Пәтерде тұратындықтан, екі балам ауылда анаммен бірге тұрады. Сол үшін маған беріліп келген 21 теңге атаулы әлеуметтік жәрдемақы тоқтатылып қалды?   Көмектесіңізші.

Көпбалалы ананың бұл сауалына Алматы қалалық әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева жауап беріп, көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу үшін отбасы бір мекен-жайда тіркеуде болуы керектігін,   бірге тұрмағандықтан атаулы көмек берілмейтіндігін  айтты.  Басқарма басшысы, сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін  Алматы қаласы бойынша жалған құжатпен  АӘК алып келген 2,5 мың көпбалалы аналардың  анықталғандығын, 930 отбасының  өздері Алматыда, ал балалары басқа жақта тұратындығы  белгілі болғандығын  мәлімдеді.

 

Қала тұрғындарын жиі сенбілікке шығарып тұру керек, сонда ғана олар тазалықтың қадірін түсінеді

Кездесу барысында тұрғындар  қала басшысына  өздерін толғандырып жүрген  жол, қоғамдық көлік, көшелерді  жарықтандыру, кеңейту,  тазалық мәселесі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы  да сауалдар қойды.  Әр сауалға  тиісті сала басшыларын қатыстыра отырып жауап берген қала басшысы, қаланың көркеюі, мәдениетті қала қатарында болуы сол қалада тұратын адамдардың өзінің мәдениеті, өзі тұратын қаласына деген жанашырлығына тікелей байланысты екендігін айтты.    Тазалық  әр үйдің ауласынан басталуы керек.  Қаланы  сырттан келіп біреулер ластап жатқан жоқ, өзіміз, сондықтан мен аудан басшыларына  әр сенбі сайын  тұрғындардың қатысуымен сенбілік өткізіп тұрыңдар дегім келеді.  Өзі ластаған жерді өз қолдарымен тазалаған соң тазалықтың қадірін білетін шығар.  Ал енді бүгінгі аз уақыттағы кездесу барысында аудан өміріндегі бар мәселенің жауабын тауып, күрмеуін шешіп тастау мүмкін емес. Біздің «Шетсіз қала» бағдарламамыздың басты мақсаты да сол, шет аудандардың тұрмыс-тіршілігін, демалысын, мәдени өмірін қала орталықтарымен деңгейлестіру. Ол үшін бізге бірлесіп, әр жоба бойынша жүйелі түрде  жұмыс істеу керек. Өйткені, Алматы бәрімізге  ортақ қала. Сіздердің ойларыңызды ашық айтып, ұсыныстарыңызды ортаға салғандарыңызға рахмет.  Аудан жас болғанмен, сабырлы, жүректеріңізде  шүкірліктеріңіз  мол  аудан екенсіздер,  біздің  жұмысымызға түсіністікпен қарағандарыңызға рахмет деп қала басшысы кездесуін  түйіндеді.  Аудан тұрғындары атынан аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Мәдениет Кәркенов сөз алып, «Сөзіңнен  істің исі  аңқып тұр, жақсы ісің көп болсын!»    деп қаланың жаңа басшысына ақ батасын берді.  Иә жақсы ісіміз көп болсын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *