БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ, БІР-БІРІНЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУҒА ШАҚЫРДЫ

Сәрсенбі күні қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы «AkimatLIVE» бағдарламасында қонақта болып, тікелей эфир арқылы қала тұрғындарының көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Билік пен бұқара арасындағы алаңға айналған бір сағаттық бағдарламада Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай кеңінен баяндалды. Сондай-ақ, шаһар басшысы пандемия жағдайында қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында мегаполисте қолға алынған нақты іс-қимылдар туралы айтты.

 

«Алдағы уақытта зертханалардың қуатын күніне 19,5 мыңға дейін жеткізбекпіз»

 

Жүргізуші: 

– Хабарымызды осы аптаның басты жаңалығымен бастасақ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқандығын хабарлады. Ал, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай қалай?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Бүгінде қалада қауіпті індетті жұқтырған 12 мың 641 адам тіркелген. Бір тәуліктің ішінде жаңа 176 жағдай анықталды. Бұл аурудан барлығы 7590 адам емделіп шықса (60%), бір тәуліктің ішінде 504 науқас сауықты.

Оң динамиканың қалыптасып келе жатқанын байқадық. Қауіпті індеттен жазылып шыққандардың саны ауруханаға жатқызылған адамдардан 3,3 есе көп. Індетті жұқтырушылардың күнделікті өсімі 30 пайызға төмендеді (бұған дейін 250 болса, бүгінде 176 жағдай тіркеліп отыр).

Ал коронавирустан 164 адам көз жұмған. Шілде айының алдыңғы аптасымен салыстырғанда соңғы күндері өлім-жітім 40 пайызға төмендеді.

Бүгінде КВИ-дің симптомы бар және симптомсыз деген 1496 адам үй бақылауында. Соның ішінде симптомсызы – 7996, ал 697 пациентте симптом бар. Негізінен бұлар жеңіл және орташа дәрежедегілер. Өткен тәулікте 55 адам бақылауға алынды. Өсім 0,6 пайызды құрады.

ДДҰ әзірлеген және еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған бағамдау әдістемесіне сәйкес қабылданатын шаралардың тиімділігін бағалау жүргізіледі. Бұл – Репродукция индексі деп аталады. Яғни, бойында вирусы бар бір тасымалдаушының оны қанша адамға жұқтыратынын анықтау.

Бүгінгі күні осы көрсеткіштің төмендеу үрдісі байқалады. (31 шілдеден 4 тамызға дейінгі аралықта 0.98; 1.01; 1.00; 0.95; 0.90). Демек, бір тасымалдаушы бір адамнан аз адамға жұқтырған кезде, бұл – аурудың жойылуын білдіреді. Яғни, пандемия деңгейінің төмендеуі. Біздің міндетіміз – вирустың адамнан адамға берілу санын азайту. Бұған қалай қол жеткізуге болады. Басқа адамдармен байланысты тоқтату керек. Әрқайсымыздың әлеуметтік жауапкершілік танытқанымыз абзал.

Жүргізуші:

– Эпиджағдайды тұрақтандыру үшін қалада кешенді шаралардың қабылданып жатқаны белгілі. Әйтсе де, инфекция бойынша статистика бәсеңдеген емес. Алматыда бұл індет көрсеткішінің жоғары болуы немен байланысты?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Біз бастапқыда ПТР әдісімен тестілеуге жататын адамдар тобын ұлғайтуға және оның шеңберін кеңейтуге көңіл бөлдік. Қазір зертханалардың қуаттылығы 2,5 мыңнан 9,5 мыңға дейін артқан. Алдағы уақытта зерттеудің осы түрін жүргізетін зертханалардың қуатын күніне 19,5 мыңға дейін (1 қыркүйекке қарай) жеткізбекпіз.

Бүгінгі таңда 435 мыңдай зерттеу жүргізілді (Алматы – жүргізілетін тест саны бойынша ел аумағында көш бастап тұр). Яғни, қала халқының 15-17%-ы тестілеуден өтті. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш бойынша бұл Еуропа елдерінде өткізілетін тестілеу деңгейіне сәйкес келеді.

Біз үшін медициналық ұйымдарға түсетін жүктеменің нақты көрінісін білу өте маңызды. Неге десеңіз, дәрі-дәрмектердің қажетті қорын құру, дәрігерлерге жүктемені есептеу және т.б. көрсеткіштер неғұрлым дәл болса, КВИ-мен күрес соғұрлым тиімді болады.

Алматы – көші-қоны ағыны мен халық тығыздығы жоғары елдің ең ірі мегаполисі екенін ескеру керек.

Бұрын хабарлағанымыздай, КВИ мен пневмониядан емделгендердің төрттен бірі – басқа аймақтардың тұрғындары. Сондай-ақ, өз еріктерімен ПТР-тестілеуден өткендердің 40 пайызы Алматының тұрғындары емес. Алайда, басқа қалалардан келгендердің үлесі автоматты түрде Алматы қаласының жалпы статистикасына енгізіледі.

Жүргізуші:

– Бақытжан Әбдірұлы, алда күз айлары келе жатыр. Нақты қандай жоспарлар бар?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Пандемия жағдайында қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша нақты іс-қимыл жоспары бар. Жедел жәрдемді бағдарлаудың жаңа моделі құрылды. Негізгі клиникалық-диагностикалық бағыттар бойынша штаттан тыс Бас мамандар институты құрылды. Жалпықалалық зертханалық желілер жүйесі орталықтандырылды.

Енді екінші кезең бойынша атқарылатын жұмыстарды жүзеге асыруға көшпекпіз. Күзгі-қысқы маусымда, яғни пандемияның екінші толқыны күтілуде. Соған дайындық шараларын бастап кеттік. Ошақтарды бақылау, жұқтыру тізбегін үзу бойынша жұмыстар күшейтіледі. Жалпы, санэпидқадағалау шараларына басымдық беріледі.

Сондай-ақ, аурудың алдын алу мақсатында ЖРВИ мен тұмауға қарсы жаппай вакцинациялау мәселесі пысықталуда.

Сондай-ақ, қолға алынған шаралардың ішінде COVID-19-дың жеңіл және симптомсыз түрі анықталған пациенттер үшін Телемедициналық бақылау және қолдау орталығын құру жоспарлануда.

Бұдан өзге жоспарымызда амбулаторлық емделуде жүрген КВИ-мен ауыратын науқастарды қашықтан бақылауға арналған мобильді қосымшаны құру.

Психологиялық көмек көрсету бойынша жұмыс күшейтіледі.

Қазіргі колл-орталықтың базасында COVID-19-бен ауырған науқастар және олардың туыстары үшін психологиялық қолдау тобын құру жоспарлануда. Бұған психология орталығының әлеуетін іске қосуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, әрбір инфекциялық стационарда пациенттің туыстарымен байланыс орнатуға болатын қолдау қызметі жұмыс істейтін болады.

Бүгін біз қаладағы індеттің барысы мен дамуына әсер етуі мүмкін барлық ықтимал тәуекелдерді барынша қарастыруға ниеттіміз.

Жүргізуші:

Ауруханалардың жүктемесіне байланысты проблемалар болғаны есімізде. Біз күн сайын  инфекцияның жаңа жағдайлары туралы естиміз.

Айтыңызшы, ауруханалардағы қазіргі жағдай қандай? Ауру белгілері анықталған және симптомсыз науқастарға орын жеткілікті ме?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Бүгінгі таңда COVID-19 инфекциясымен күреске 27 медициналық ұйым тартылған. Ал пандемияның алғашқы кезеңінде олар екеу ғана болған.

Коронавируспен күресуге бағытталған уақтылы қабылданған шешімдер өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде стационарлардың жүктемесі төмендеді. Бұрын ол 90% болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 30%-ды құрап отыр.

Яғни, бүгінгі таңда 70% орын дайын тұр (бұл шамамен – 4016 төсек). Егер қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 150-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылса, бір кездері бұл көрсеткіш 525 адамға жеткен болатын.

Осыған байланысты біз кезең-кезеңімен қалыпты жұмыс режиміне көпсалалы 2 аурухананы қайтарамыз. Олар №4 және №7 қалалық клиникалық аурухана. Жұқпалы аурулар ауруханаларына жалпы жүктеме аясында бұл клиникалар жоспарлы қабылдауды қалпына келтіре алады. Мәселен, №7 ҚКЕ-да КВИ бар адамдарды орналастыру үшін 300 орын болған, қазір олар 50-ге дейін қысқартылды.

Сондай-ақ, біз 1300-ден астам төсекті сақтауға мүмкіндігіміз бар.

Тамыздың соңына дейін пандемияның жаңа толқынына дайындық аясында ауыр науқастарға арналған бірінші эшелон стационарларында орынды 1015 төсекке арттырамыз. Сондай-ақ, тамыз айының соңына дейін 500 төсек-орынға арналған жаңа госпиталь іске қосылады.

Қыркүйек айының ортасына дейін 300 төсек-орынға арналған тағы бір тез салынатын жұқпалы аурулар ауруханасы жұмысын бастайды. 1-қазанға дейін екі қонақ үй базасында жеке инвестициялар есебінен қуаты 215 төсек-орынды толыққанды ковид клиникалары құрылатын болады.

Жүргізуші:

– Пандемияның шарықтау кезеңінде ауыр халдегі науқастарды емдеу үшін медициналық оттегі тапшы болды. Бұл мәселе шешімін тапты ма?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Стационарларды орталықтандырылған медициналық газбен қамтамасыз ету үшін қалалық бағдарламаны іске асыру басталды. 10 қыркүйекке дейін 8 базалық стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етіледі. Олар аяқталғаннан кейін қалған стационарлар бойынша жұмысты жалғастырамыз.

Бірінші эшелонның барлық стационарларын медициналық газбен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 1500-ден астам төсек деген сөз.

Бұрын қалалық стационарларда медициналық газбен қамтамасыз ету жүйесі болған. Бірақ ол мұндай көлемде емес еді. Төсек қуатының артуына байланысты біз барлық талаптарға сәйкес ауруханалардың техникалық жабдықталуын да арттыратын боламыз.

Жүргізуші:

Өткен кездесуде Сіз КВИ-ге қарсы күреске бюджеттен 60 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінгенін хабарлаған едіңіз. Мұндай ауқымды қаражат қандай мақсаттарға жұмсалды?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Бірден айта кетейін, біз үшін қала тұрғындарының денсаулығы маңызды. Ал шығыстардың басым емес баптары қысқартылды.

Жергілікті бюджет қаражатынан коронавирустық инфекциямен қарсы іс-қимыл шараларына 68,5 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға – 30,6 млрд. теңге, орталықтандырылған медициналық газ жүйесімен жарақтандыруға – 4,8 млрд. теңге, 35 жедел жәрдем машинасын сатып алуға – 1,5 млрд. теңге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға – 5 млрд. теңге және дәрілік тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін 5 млрд. теңге, дәрі-дәрмек құралдарын, тепловизорлар мен ауруханаларға клиникалық-диагностикалық зертханалардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін 575 млн. теңге, провизорлық және инфекциялық бейіндегі госпитальды орналастыру үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуге 550 млн. теңге. қаражат жұмсалды.

Сондай-ақ науқастарды ауызсумен қамтамасыз етуге 128,5 млн. теңге, 860-тан астам медицина қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлерге үстемеақы мен өтемақыларды уақытылы төлеу үшін 890,6 млн. теңге, медицина қызметкерлері мен науқастардың тамақтануы мен тұруына 3 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 531,7 млн.теңге, блок-бекеттердің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 736,2 млн. теңге, кіреберістер мен аула аумақтары мен көшелерді дезинфекциялауға 1,1 млрд. теңге бөлінді.

Бұдан өзге «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» аясында біз 10,3 млрд.теңге үнемделген қаражат есебінен тез тұрғызылатын жұқпалы аурулар госпитальдарын құруды қарастырудамыз.

«Бетперде режимінің» сақталу-сақталмауын анықтайтын жүйе жұмыс істейді»

Жүргізуші:

– Коронавируске қарсы іс-қимыл шаралары барасында жаңа ауруханалар ашылды. Бірақ онда медициналық аппараттар жеткілікті ме? Жасанды тыныс алу, рентген аппараттары сияқты құрылғылар бар ма? 

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Жыл басынан бері жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 30,6 млрд. теңгеден асатын 10,5 мыңнан астам медициналық жабдық сатып алынды. Соның ішінде:

– 3,9 млрд. теңге сомасына 252 бірлік ӨЖЖ аппараты;

– 367 млн. теңге сомасына 1050 бірлік оттегі концентраторлары;

– жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден асатын компьютерлік томографтар 5 бірлік;

– 1,8 млрд. теңгеге 33 рентген қондырғылары, сондай-ақ жергілікті жерде диагностикалық қызмет көрсету үшін жылжымалы кешендер сатып алынды.

Республикалық бюджет аясында 30 бірлік ӨЖЖ аппараты жеткізілді. 87 мыңнан астам обаға қарсы бір рет қолданылатын костюмдер және 17,5 мың бірнеше рет қолданылатын обаға қарсы костюмдер, 4 млн. дана үш қабатты маскалар сатып алынып, таратылды.

«Халық аренасы» мен ОҚКА-ға барлық қажетті медициналық жабдықтар тізімі толық сатып алынды.

Бұл – қаланың медициналық ұйымдарындағы реанимациялық және диагностикалық бағыттарды халыққа жоғары білікті көмек көрсету үшін заманауи, жаңа жабдықтармен жарақтандыруға мүмкіндік берді.

Тамыз айының соңына дейін жергілікті бюджет есебінен қосымша 1050 бірлік оттегі концентраторы түседі.

Қыркүйектің ортасына дейін тағы 379 ӨЖЖ аппараты келіп түседі, оның 252-сі жергілікті бюджет қаражатынан (10 қыркүйекке дейін жеткізіледі деп күтілуде).

Бұл жабдықтардың барлығы коронавирустық инфекциямен күресуге жұмылдырылған барлық медициналық ұйымдарға бөлініп беріледі.

Жүргізуші:

– Инфрақұрылымды дамыту туралы әңгімені жалғастыра отырып, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және сарқынды суларды тазарту мәселелеріне тоқталуды ұсынамын. Бұл, әсіресе, ковидті медициналық мекемелерге қатысты.

Егер біз дұрыс түсінсек, бұл коронавирустың ғана емес, сонымен қатар басқа да жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтуға мүмкіндік беретін өте ауқымды жобалар. Бақытжан Әбдірұлы, жобаны әзірлеу қай кезеңде, қашан жүзеге асырылады?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Біз күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың жалпы қалалық бағдарламасын әзірледік. Ал, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі бойынша айтар болсам, қазіргі уақытта пайдаланылған бір реттік медициналық мақсаттағы бұйымдарды, персонал мен науқастардың жеке қорғау құралдарын кейін деструктуризациялаумен зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Барлық ковид орталықтарында Б және В класындағы медициналық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша заманауи терминалдар салу жоспарлануда.

Осы шараларды қабылдау арқылы медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуды бақылауды күшейтуге және жаңа ошақтардың пайда болу қаупін азайтуға мүмкіндік береміз. Айта кету керек, бұл әдіс ҚР Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген талаптарға жауап береді.  Сонымен қатар БҰҰ-ның мақұлдаған талаптары қатарына кіреді.

Бұдан басқа, пандемиямен күресуге жұмылдырылған барлық медициналық ұйымдар ағынды суларды зарарсыздандыру жүйелерімен жарақтандырылады. Бұл – қала бойынша канализациялық-сорғы стансалары мен канализациялық-тазарту құрылыстары арқылы инфекцияның таралу ықтималдығын болдырмауға мүмкіндік береді. Жалпы, коронавирустық инфекциямен күресуге қатысатын әрбір медициналық мекемеде ағынды суларды тазартудың заманауи стансаларын салу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда барлық медициналық мекемелерден қалдықтарды залалсыздандыру және кәдеге жаратумен 9 мамандандырылған ұйым (мердігер) айналысады.

Қала тұрғыны қойған сұрақ:

Неліктен вирустың симптомсыз тасымалдаушыларын қатаң бақылау туралы шешім қабылданды? Ол қалай жүзеге асырылады? Бұл шаралар КВИ-мен күресте қаншалықты тиімді?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Бұл жерде мен тұрақтану байқалса да, біз үшін коронавирустық инфекцияның жаппай таралуына және одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық шараларды сақтау өте маңызды екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты аталған шараларды күшейту симптомсыз және жеңіл нысандағы азаматтардың карантиндік режимін сақтауға бағытталған қаулы шығарылды. Бүгін біз, өкінішке орай, осы санаттағы адамдар үй карантині режимін бұзып, сол арқылы өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар бар екенін көріп отырмыз.

2020 жылдың 3 тамызынан бастап Алматыда COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында қосымша шектеу шаралары енгізілді. Бұл COVID-19 диагнозы расталған адамдарға үйде оқшаулау талаптарын міндетті түрде сақтау шаралары болып табылады.

ПТР-зерттеудің оң нәтижесі анықталған жағдайда, азаматтарға белгіленген ережелерді сақтау туралы қолхат беріледі. Сондай-ақ, оларға үй карантинін бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылатыны туралы (оның ішінде әкімшілік айыппұл) ескертіледі.

Бүгінде барлық жағдай жасалған арнайы стационарға 4 симптомсыз КВИ тасымалдаушы оқшауланған. Оларға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Егер олар өзге адамдарға ауру жұқтырса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің (АМСК) рөлі COVID-19-бен күресу үшін бейімделген. Басты мақсат – науқастарды амбулаториялық емдеуде уақтылы анықтау және жедел ем-шара жүргізу. Бұл аурудың ауыр ағымы бар науқастар санының өсуін тежеуге мүмкіндік береді.

АМСК ұйымдарына өте үлкен жауапкершілік артылып отыр. Өйткені олар халықпен негізгі байланыстырушы буын болып табылады. Қалалық емханаларда жұмыс штаттық режимде жүргізіледі; дене қызуы көтерілген және COVID-19-ға күдігі бар, сондай-ақ соматикалық аурулары бар науқастардың ағымы бөлек орналастырылады.

Созылмалы аурулары бар барлық науқастар дәрігерлердің бақылауында болады. Барлығы қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Оны үйге учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жеткізетін болады.

Жүргізуші:

– Коронавирустың жеңіл ағымы бар қала тұрғындары үйде емделеді. Бұған дейін әркімнің жағдайы бақыланатыны туралы хабарланған болатын. Алайда, біздің арнаға тұрақты мониторингтің жоқтығы туралы хабарламалар келеді. Қашықтан бақылау жүйесі қалай жұмыс істейді? Үй карантиніндегі адамдарға қанша дәрігер тағайындалады?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Қазіргі уақытта амбулаториялық емдеуде жеңіл дәрежедегі 1636 пациент (оның ішінде симптомсыз – 943, симптоммен 693 пациент) бар. 2-3 апта бұрын бұл көрсеткіш 2500-ге жетті. Сондай-ақ, соңғы аптада адамдардың емханаға жүгіну саны азайды, яғни 30%-ға төмендеді.

Емханалардың жұмысы мобильді бригадалармен күшейтілді. Олардың саны 4 есеге артты, яғни егер бұрын 409 медицина қызметкері бар 72 бригада жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 296 мобильді бригаданы құрайды, оған 925 медицина қызметкері жұмылдырылды.

Сонымен қатар, амбулаториялық емделуде жүрген COVID-19-ы бар пациенттерді жүргізуде алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК)  ұйымдарын қолдау үшін пациенттерді мониторингілеу орталығы құрылды. Оның мақсаты – қауіп тобындағы амбулаториялық пациенттерді бақылау. Соңғы айда Орталық 1000-нан астам науқасқа көмек көрсетті. Оның ішінде 14%-ын еліміздің басқа өңірлерінің пациенттері құрайды.

Профессор-оқытушылар құрамынан (кардиолог, пульмонолог, эндокринолог және басқалар) 54 бейінді маман жұмылдырылды.

Тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталық құрылды. Ол дәрігерлерге қоңырау шалуға және бейнеконсультация өткізуге мүмкіндік береді. 

Жүргізуші:

– Коронавируспен күресте жаңа цифрлық жүйені енгізудің пайдасы бар ма? Мәселен, КТ және рентген диагностикалаудың бірыңғай базасында қалай қолданылады?  Қоғамдық көліктегі құқық бұзушылықтар санын азайтуда, әсіресе бетперде режимін мониторингілеуде пайдасы бар ма?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Цифрландыру жүйесі аясында бірқатар шаралар кешені әзірленді.

Ең алдымен, қоғамдық көліктерде «Бетперде режимінің» сақталу-сақталмауын анықтайтын жүйе жұмыс істейді. Бұл жүйе жолаушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықтың сақталатынын да анықтауға мүмкіндік береді. Екіншіден, КТ және рентген диагностикалаудың бірыңғай базасы құрылды.

Медициналық суреттерді өңдеудің бірыңғай базасы сандық радиологиялық суреттерді сақтауға және мұрағаттауға мүмкіндік береді. Бұл база Алматыдағы бірқатар ауруханаларға енгізілді. Атап айтқанда, И. Жекенова  атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына, қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы, Модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы және т. б.

Қосымша бұл база қалалық жедел жәрдем ауруханасына (ҚЖЖА), қалалық Онкологиялық орталығы мен №12 қалалық клиникалық ауруханаға енгізіледі.

Бірыңғай база қаладағы ауруханаларға сандық медициналық көрсеткіштерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл ретте пациентті бір медициналық ұйымнан екінші ұйымға жіберген кезде пленкалы немесе қағаз суреттерді пайдаланудың қажеті жоқ. Аурулардың динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, covid-analytics.kz картасы іске қосылды. Мұның көмегімен мобильді абоненттердің мәліметтері бойынша қала бойынша адамдар жиналатын орындар мен уақыты бақыланады. Жұқтыру ошақтарының картасы бойынша интеграция жүргізілді. Сондай-ақ, агломерация бойынша gsm-деректерді ұсыну бойынша ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізілуде.

– Қайырлы кеш, Бақытжан Әбдірұлы. Пандемияның шарықтау кезінде көптеген адамдар дәрі-дәрмек тапшылығына тап болды. Өкініштісі, қажетті дәрі-дәрмекті табу қиынға соқты. Оның үстіне дәріханаларда үлкен кезектер пайда болды.

Әлеуметтік желілер арқылы Сіздің бірнеше дәріхананы аралап шыққаныңызды көрдік. Бұл мәселе шешілді ме?Қазір дәріханаларда ғана емес, ауруханалардағы дәрі-дәрмек мәселесі қай деңгейде? (What’up арқылы келген сұрақ).

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Бүгінде қаладағы барлық дәріханалар желісі мен барлық медициналық мекемелер қажетті дәрі-дәрмекпен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілді.

Дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар бойынша құрылған тұрақтандыру қоры аясында жергілікті бюджеттен 10 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл жыл соңына дейін жоғарыда аталған өнімнің 69 атауынан қажетті қорларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Бұл қордың негізгі міндеті – жеке дәріхана желілерімен қатар,  стационарлық емдеу нысандарын әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету. Бұл ретте жеке дәріхана желілері үшін 5 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, стационарлық емдеу нысандарына да 5 млрд. теңге бөлінді (оның 2,5 млрд. теңгесі инфекциялық стационарлар үшін ФОМС белгіленген тарифі шеңберінде көзделмеген бірқатар дәрі-дәрмектерді сатып алуға бағытталады. Қалған 2,5 млрд. теңгеге неғұрлым сұранысқа ие стационарлық препараттардың қоры қалыптастырылады).

10 шілдеден бастап Алматыға бортында 9,4 млн. қорап дәрі-дәрмегі бар  9 ұшақ келді. Соның ішінде тұрақтандыру қоры аясында көлемі 121 тонна  болатын немесе 3,6 млн. дана дәрісі бар 4 ұшақ келді.

4 тамыздағы жағдай бойынша дәріханаларда қалған дәрілер 493 354 дана, ал қоймаларда 5 596 690 дана бар.

Қажет болған жағдайда тұрақтандыру қорын толықтыру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылады.

Сондай-ақ, бұл бағытта да цифрландыру жүйесінің оң шешімін тапқанын ерекше атап өткім келеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша арнайы жоба жұмыс істейді. Бұл жобаға сәйкес барлық дәріханалар бойынша тапсырысты автоматтандыру және өндірушіден, дистрибьютордан дәріханаларға жеткізу тізбегін ұйымдастыру бойынша мәліметтер жинастырылады. Жүйе барлық дистрибьюторлардың 91%-ымен және Алматы қаласындағы дәріханалардың 64%-ымен бірігіп жұмыс істейді.

«Карантин кезінде 16,5 мың қала тұрғыны жұмысқа орналастырылды»

Жүргізуші:

– Мемлекет басшысы отандық медициналық препараттар өндірісін кеңейту міндетін қойды. Бұл тапсырма Алматыда қалай жүзеге асырылуда?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Қазіргі уақытта «Инновациялық технологиялардың паркі» арнайы экономикалық аумағында фармацевтикалық препараттарды, медициналық бұйымдар мен техниканы өндіру бойынша өнеркәсіптік парк құрылуда (26 га). Бұл ретте «DemeuTrading» ЖШС (5 га) алғашқылардың бірі болып матадан жасалмаған материалдар (спанбонд, мельтблаун) өндірісін, сондай-ақ одан әртүрлі жеке қорғаныш құралдарын (қорғаныш комбинезондары, медициналық маскалар, респиратор, бахила, хирургиялық халаттар және т.б.) өндіруді ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 9 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске асыру мерзімі – 2021 жылдың соңы.

Сондай-ақ, фармпрепараттар мен медбұйымдарды өндіру бойынша тағы үш жобаны орналастыру жоспарлануда. Dolce Pharm медициналық маскалар, бір рет қолданылатын медициналық қолғап пен стерильді шығын материалдары (2,7 млрд. теңге) үшін сүзгілер мен резеңке жолақтар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Boston Biopharma ісікке қарсы препараттар өндірісін бастамақ (4,1 млрд. теңге). Viva Pharm онкологиялық және гормондық дәрілік препараттар өндірісін (4,5 млрд теңге) қолға алмақшы. 

Жүргізуші:

– Қаланы ТЖ-дан кезең-кезеңмен шығару кезінде арнайы порталдың іске қосылғанын білеміз. Бүгінгі таңда бұл порталдың қызметі қандай?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Төтенше жағдай мен күшейтілген карантин режимі кезеңінде қаладағы кәсіпорындардың қызметіне шектеу қойылып,  кәсіпкерлердің де жүріп-тұруына шектеулер енгізілген еді. Бұл ретте деректерді жинап, оларды өңдеп, сақтау және автоматтандыру үшін infoalmaty.kz порталы іске қосылды.

Үстіміздегі жылдың 29-шілдедегі жағдайға сәйкес

– 32,5 мың кәсіпорын;

– Кәсіпорындардың 493,5 мың қызметкері;

– 219,2 мың автокөлік рұқсат етілген салалар мен қызмет түрлері бойынша тіркеуден өткен екен.

Порталда тіркелу үшін қызметкерлер мен автомобильдер тізімі бойынша нысанды толтырып, бірінші басшының ЭЦҚ-сымен қол қою қажет. Осы нысанға қол қоя отырып, ұйымның бірінші басшысы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға келіседі, жеке деректерді өңдеуге және оны беруге келісім береді, сондай-ақ осы ақпараттың өзектілігі үшін жауап береді.

Порталда тіркелу кезінде МКД деректеріне сәйкес қызметкерлер саны бойынша шектеу қойылғанын атап өткен жөн.

Кез-келген тілек білдіруші өзінің ЖСН (қызметкер), МТНБ (автомобиль) немесе БСН (ұйым) тиісті іздеу жолына енгізу арқылы рұқсаттың болуын тексере алады. Сондай-ақ бұрын берілген өтінімдерді өңдей алады.

Келіп түскен деректерді өңдеуді ескере отырып, портал бірегей ақпараттың 27 түрін (БСН, ЭҚЖЖ, байланыс деректері, штат саны және т.б.) алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қала экономикасы да қосымша артықшылықтарға ие болды:

1) экономиканы көлеңкеден шығару (38 мың қызметкер кәсіпорындардың салық есебінде қайта көрсетілді);

2) бизнеспен атаулы жұмыс (1,3 мың кәсіпорынның нақты мекен-жайы  анықталып, байланыс орнатылды);

3) қызметті жүзеге асыру орны бойынша қайта тіркеу (3,1 мың кәсіпорын бұрын басқа облыстарда тіркелген);

4) Талдамалық процестерді автоматтандыру (ай сайын өзекті мәселелер бойынша кәсіпкерлерге сауалнама жүргізіледі, сауалнамаларды толтыру конверсиясы 40%-дан асады).

Алынған ақпараттың арқасында Алматы бизнесінің жай-күйінің айқын көрінісі жасақталды. Мысалы, қызметкерлердің нақты саны салық есебінің деректерінен асатын 6,7 мың кәсіпкерлік субъектісі анықталды. Портал жұмысының нәтижелері бойынша 1,3 мың кәсіпкерлік субъектісі негізгі ЭҚЖЖ-ға сәйкес келтірілді. Бұған қоса, Алматы облысында тіркелген, ал іс жүзінде Алматыда жұмыс істейтін 3,1 мың кәсіпорын анықталды.

Портал ү.ж. 1 маусымына дейін Алматы периметрі бойынша орнатылған блок-бекеттерді кесіп өткен адамдарды бақылау мақсатында «Сергек блок-бекет», «Сергек планшет» базаларымен біріктірілген.

Бұл платформаны құруға жеке инвесторлар тартылды. Платформаны құруға және оны дамытуға, қызмет көрсетуге бюджеттен қаражат бөлінбеді.

Бұл жоба бизнес пен жергілікті атқарушы биліктің өзара іс-қимылының жақсы үлгісі болып табылады. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бұл тәжірибе бүкіл республикаға таралатын болады.

– Жедел жәрдем қызметіне хабарласатындар азайды ма? Жалпы күніне жедел жәрдем қызметіне қанша адам жүгінеді? Мобильді топтар жеткілікті ме? МӘМС аясында жекеменшік бригадалар жұмысын бастады ма? (What’up арқылы келген сұрақ).

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Жалпы, біз қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

Өздеріңіз білетіндей, ауруханадан тыс COVID-19, ЖРВИ және пневмониямен ауыратын науқастарға жедел медициналық көмек көрсету алгоритмі жетілдірілді. Науқастарды ауруханаға жатқызудың жалғыз механизмі – жедел жәрдемнің жұмысы. Жедел жәрдемді бағдарлаудың жаңа моделі құрылды. Негізгі клиникалық-диагностикалық бағыттар бойынша штаттан тыс бас мамандар институты құрылды. Жалпықалалық зертханалық желілер жүйесі орталықтандырылды.

Қазір қалада оң динамика байқалады. Жедел медициналық жәрдем қызметіне ЖРВИ, КВИ және пневмониямен жүгінушілердің 69%-ға дейін төмендегенін көріп отырмыз. Егер 15 маусым мен 5 шілде аралығында, яғни сырқаттың шарықтау кезінде 8000 өтініш пен 5000 шақырту болса, бүгін 2500 өтініш пен 1700 шақырту тіркеліп отыр.

Бұл ретте ЖРВИ, КВИ және пневмониямен ауырған науқастардан келіп түсетін шақырулардың үлесі шамамен 3,5 есе төмендеді: аурудың шарықтау кезеңінде (шілде айының ортасында) 39,5%-дан 11,9%-ға дейін болған.

Жедел жәрдем қызметі қосымша машиналармен толықтырылады. Жуырда 55 жедел жәрдем көлігі келеді деп күтілуде. Сонымен қатар, Үкіметтің қолдауымен ҚДБ арқылы тағы 35 машинаны жеткізуді пысықтап жатырмыз.

Жүргізуші:

– КВИ-мен күрестегі ең маңызды мәселелердің бірі – кадр мәселесі. Біздің дәрігерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Әкімдік тарапынан қандай қолдау шаралары көрсетіліп жатыр?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Біз ковид-пен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетеміз. Бұл жерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы ең маңызды буын кадр мәселесі екенін ерекше атап өткім келеді.

Бүгінде жалақы, сондай-ақ барлық төлемдер мен үстемеақылар Үкіметтің қаулысына сәйкес әр айдың соңында жүргізіледі.

Инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, өздеріңіз білетіндей, бірнеше ай бойы қонақ үйлерде тұрып, күніне үш рет тамақпен, көлікпен қамтамасыз етілді.

Барлығы алдыңғы қатарда 4,5 мыңнан астам (4 666) қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 915 дәрігер, орта медперсонал 1888, кіші медперсонал 1462, басқалары 401.

Сонымен қатар, қосымша төсек орындарын ашып, кадр резервін дайындап, медициналық қызметкерлерді тұрақты қайта даярлауды жүргіземіз. Бір ай ішінде кадрлық резервті қалыптастыру бойынша жұмыс белсенді жүргізілді. Бүгінгі күні резервте 2335 қызметкер бар (дәрігерлер 341, орта медперсонал 1572, кіші медперсонал 422). Барлығы КВИ бар пациенттермен жұмыс істеу ережелері бойынша тиісті оқудан өтеді.

Жүргізуші:

– Бақытжан Әбдірұлы, біздіңредакциямызға карантин режимін бұзғандарды айтып, хабарласатын тұрғындар көп. Кафелер кешкі сағат 22.00-ден кейін де істейді немесе үйлерінде балаларға арналған кезекші топ ашып алған деген сияқты ақпараттар редакциямызға түсіп отырады. Қалада карантин шараларының күшейтілгенін ескерсек, осындай кәсіпорындарының немесе азаматтардың санитарлық нормаларды сақтауы қалай қадағаланып отыр?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Қалада мониторингтік топтар жүйелі жұмыс істейді. Орта есеппен күн сайын 24 топ жұмыс істейді. Олардың құрамына ҚБҚБК, жергілікті полиция қызметі, аудандық кәсіпкерлік басқармаларының қызметкерлері кіреді.

Жоспар бойынша қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштерді қарастыру  бойынша да іс-шаралар жүргізіледі. Мобильдік топтар карантиндік шаралардың сақталуын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

5 шілдеден бастап мониторингтік топтар 1400-ден астам заңбұзушылықты анықтап, тиісті шаралар қабылдады.

Сондай-ақ, «Халықтық бақылау» қағидаты бойынша карантин режимін бұзушыларды анықтауға көмектесетін еріктілерге алғыс айтқым келеді. КВИ-мен бірлескен күресте қоғамның рөлі өте маңызды.

Жүргізуші:

– Карантин режимі ұзартылды. Бұл ретте қалада жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Шектеу шаралары режимінің ұзартылуына байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табыс көзін жоғалтуға байланысты 42500 теңге мөлшерінде төлемдер тағайындалды. Алматы тұрғындарынан 235,2 мың өтініш келіп түсті, оның 212 мыңы төлем алады. Тамыз айында осы соманың 50 пайызы қайта есептеу арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Сонымен қатар, 71,5 мың алматылық азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтың орнына 2 АЕК көлемінде төлем алды.

Осы кезеңде халықты жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінді. Тұрақты жұмыс орындарына 20 мыңға жуық адам, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 8 140 адам жұмысқа орналастырылды.

Карантин кезінде 16,5 мың қала тұрғыны жұмысқа орналастырылды. 5 096 адам «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сонымен қатар, шағын несиелеуге 17 бағыт және бизнес-идеяларды іске асыруға 706 мемлекеттік грант берілді.

Жүргізуші:

– ПТР тестілеуден ақылы түрде өтуге мүмкіндігі жоқ халық не істей алады? Алматы агломерациясының елді-мекендерінен тестілеуден өткісі келетіндердің легін азайту үшін не істелді?

Б.Сағынтаев, қала әкімі:

– Халықтың әлеуметтік осал тобы Ұлттық сараптама орталығының зертханасында немесе кез-келген басқа зертхана базасында коронавирусқа ПТР тексеруден тегін өте алады.

Алматы облысының ең жақын аудандарының тұрғындарына қатысты айтар болсам, Алматы облысының тұрғындарына да зерттеу жүргізу мәселесі шешілді. Қаладан облыстың шекаралас аудандарының тұрғындарын тексеру үшін бір зертхана жіберілді. Зертхана тәулігіне 1,5 мың зерттеу жүргізе алады.

 

Сұрақ-жауапты дайындаған – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ,

Мәншүк БЕКБОСЫН.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *