Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі: «Қауіпті жете түсінбеу – жауапсыздық және қылмыспен пара-пар»

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев карантинге немқұрайлы қарап, шектеу шараларын сақтамай, халықтың өмірін қауіп-қатерге тіккен жандарды сынға алды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.
«Құрметті алматылықтар! Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болды. Қауіпті жете түсінбеу – жауапсыздық және қылмыспен пара-пар. Өкініштісі сол, карантинге немқұрайлы қарап, шектеу шараларын сақтамай, халықтың өмірін қауіп-қатерге тіккен жандар азаймай тұр. Жұмысын жалғастырып жатқан спорт залдары мен мейрамханалар, санитарлық нормаларды сақтамаған азық-түлік дүкендері анықталды. Мамандардың сөзіне құлақ аспай, көшеде қыдырып жүрген тұрғындар да бар. Тәртіпке бағынбағандар үшін қатаң шара қолданылады» делінген жазбада.
Сонымен қатар шаһар басшысы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық жедел штабтың өкілдері қосымша шектеу шараларын қарастырып жатқанын жазды.
«Ертеңнен бастап (26 наурыз — авт.) қоғамдық көлік қозғалысының кестесін сағат таңғы 6.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қысқартамыз. Сондай-ақ, штабтың шешімімен негізгі сауда нысандары мен қызмет көрсету нысандарының жұмысы тоқтатылды. Бұл шешім тек дәріханалар мен медициналық ұйымдардың, азық-түлік дүкендері, жанар-жағармай стансаларының жұмысына шектеу қоймайды» деді қала әкімі Б.Сағынтаев.

Дайындаған – Мәншүк БЕКБОСЫН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *