Бақыттың  кілті  – адамзаттың өзінде…

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Қилы заманнан Жер бетіндегі адам баласының  басты арманы  — соғыс­сыз, қантөгізсіз, бейбіт те алаңсыз һәм бақытты ғұмыр кешу. Бір өкініштісі,  зілзала, су тасқыны, қуаңшылық  сияқты табиғат апатынан басқа зұлматтың  бүкіл айыбы мен күнәсі адамзаттың өз мойнында. Әйтсе де, соғысты, қантөгісті бол­дырмау, тыныштық пен бейбітшілікті сақтау  жолында қаншама ұйымдар, бірлестіктер, альянстар ұйымдастырылып, талай-талай  амал-әрекеттер мен іс-шара­лардың  жүргізіліп келе жатқаны тағы шындық. Басқасын былай қойғанда,  Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылы ауқымды да сан тармақты ООН (Біріккен Ұлттар Ұйымының), 1973 жылы  ОБСЕ (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының), 2002 жылы СВМДА (Азиядағы өз ара іс-қимыл мен сенім шаралары кеңесінің) құрылып, әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, мем­лекеттер арасындағы  қарым-қатынасты нығайту бағытында бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарып  келе жатқаны осының айқын дәлелі.

 

 

12 ақпанда Дубайда  (Бірік­кен Араб Әмірліктері)  өткен Дүние жүзі үкіметтерінің  (World Government Summіt)  VІ  саммитінде  бес елдің: Бірік­кен Араб Әмірліктері, Қазақстан, Коста-Рика, Мексика, Португалия және Словенияның құрылтайшылы­ғымен ҒБК ( Ғаламдық бақыт коали­циясы) дейтін халықаралық ұйымның іргесі қаланып, тұсауы кесілді. Бұл жиынның  ауқымдылығы сондай, оған  140 ел, әр түрлі халықаралық ұйымдар, жетекші ғылыми-техникалық  құры­лым­дар мен технологиялық корпора­циялардан 4 мыңнан астам делегат келіп қатынасты. Саммитте Қазақстанның атынан  Ақпарат және коммуника­циялар министрі Дәурен Абаев өкілдік етіп, тиісті құжаттарға қол қойды.

Форумның күн тәртібінде  мемле­кетті тиімді басқару және өмірдің көптеген салаларына осы заманғы озық технологияларды ендіру  мәселелері қаралып, жан-жақты талқыланды.

Жаңалық хабардан аңғарылғанын­дай,  мұндай әлемдік ұйым құрудың бастамашысы  БАӘ-рі. Өйткені, ол жер қойнауындағы «қара алтын» мен «кө­гілдір отынды» тиімді жұмсап, айналасы 40—50 жылдың ішінде экономикасын өркендетіп, халқының тұрмысын жоға­ры деңгейге көтерген, қылтанақ өспей­тін құмдауыт шөл даланы жұмаққа айналдырған ел. Сондықтан да сам­митке  Әмірліктің  премьер-министрі  және Дубайдың басшысы Мұхаммед  бин Рашидтің өзі келіп  қатынасып:

— Әлем халықтарының  алаңсыз да бақуат және бақытты өмір сүруі үшін осындай коалицияны құрудың қажет­тілігі туып отыр,  — дегенді айтты.  Оның  айтуынша, БАӘ ұсынып отырған халықаралық ұйым — Ғаламдық бақыт коалициясы  күллі адамзат үшін жарқын болашақтың іргесін қалауды көздейді.  Осы мақсатта барлық елдердің үкімет­теріне  тізе қосып, күш біріктіретін, қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайда­ла­натын уақыт келді.  «Әрбір  елдегі халықтардың мұқтажсыз, бақытты  тұрмыс-тіршілік кешуі  сондағы үкі­меттің  жүргізген саясаты мен бағдарла­масының  дұрыстығының,  әрі ұтымды да тиімді жұмыс істеуінің, сайып кел­генде, оның жеке сектормен де үйлесімді әрекет етуінің  көрсеткіші  болып табылады», — деді.

Жаңа коалицияның  бағдарламасына сәйкес бұл ұйымның мүшелері  БАӘ-нің осы бағыттағы жұмыстарымен тере­ңірек танысады және бір-бірімен тәжі­рибелер алмасып отыратын болады.

Ақиқатында,  БАӘ-нен үлгі алып, үйренетін жәйттар баршылық. Әмірлік­тің жер қойнауы,  әсіресе, Әбу-Даби, Дубай, Шарджа және Рас әл-Хайман өңірлері мұнайдың мол қорына ие екені, жалпы мұнда шамамен 97,8 млрд. баррель мұнай  (әлемдік қордың 10 пайызы) және 6 триллион текше метр «көгілдір отын» (әлемдік қордың 3,8 пайызы) қоры бар екені жұртшылыққа мәлім.

Кешегі сексенінші жылдарға дейін елдің ЖІӨ-нің 80 пайызын мұнай экспорты  құрап отырды. Алайда,  Әмір­лік үкіметі оның шексіз емес екенін, күндердің күнінде түбі көрініп, сарқы­латынын бажайлай білді. Сондық­тан да күні бұрын елдің келешегін ойлаған  үкімет қолдан келгенше басқа сала­ларды рэкспорттап, құрылыс индус­трия­сын, сауда-саттық пен туризм­ді, ауыл шаруа­шылығын дамытуды қолға алды. 1998 жылға қарай мұнайдың ЖІӨ-дегі үлесін 32 пайызға, ал 2009-2010 жылдары тағы да  7—9 пайызға азайтты.

Жері құнарсыз, шөлейтті, табиғи су көздеріне тапшы болса да істің көзін тауып, ауыл шаруашылығын, оның ішінде бау-бақша өсіруді дұрыс жолға қойып құлпынай өнім­дерін Еуропа елдеріне шығарып сатуға қол жеткізді.

Соңғы он-он бес жылдың көлемінде Әмірлікте туризм индустриясы қар­қын­ды дамып келеді. Олай болатыны, елдің Дубай, Әбу-Даби, Шарджа сияқты қалаларында ең жаңа үлгідегі үш және бес жұлдызды қонақ үйлер салынып, туристер үшін барлық жағдай жасылынған. Осындай қолайлы да жанға жайлы мүмкіндіктер жасалынған­дықтан, БАӘ-не жыл бойына әлемнің әр түкпірінен миллиондаған туристер келіп, Парсы және Оман шығанақтары жағалауындағы теңіз суына шомылып, жағажайдағы құмдауытта күнге қыз­дырынып, қанағаттанғандық көңілмен тынығып қайтады. Мәселен, өткен жылы туризмнен түскен пайда  20 млрд. долларға жетіп, ЖІӨ-нің 6,1 пайызын құраған.

Бізде соңғы кездері жиі айтылып жүрген экономиканы диверсифика­ция­лаудың  (әртараптандырудың) нақты көрінісі мен жарқын мысалы осы.

Бүгінде БАӘ ЖІӨ 360 млрд. доллар шамасында. Ол жан басына шаққанда 48158 доллардан айналады. Елдегі әрбір елу бесінші тұрғын миллионер сана­лады. Елде халықты әлеуметтік қолдау бағдарламасы табысты жұмыс істейді. Ол бойынша жаңадан үйленген жас жұбайларға бір жолғы 100 мың доллар­лық көмек көрсетіледі. Жергілікті  араб әйеліне босанған әрбір баласы үшін  20 мың доллар жәрдемақы мен тиісті жер телімі беріледі. Халқының саны 5 мил­лионға жуық. Әйтсе де оның жетпіс пайызы Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен келіп, жалданып жұмыс істеп жүргендер. Олардың құқық­тары шектеулі.  Әлеуметтік-экономикалық  қолдап-қуаттау басым­дығы  жергілікті  тұрғындарға берілген. Сырттан келгендер салыстырмалы түрде тәуір саналатын жалақыларын қанағат тұтады. Сапасыз жұмыс істеп, тәртіппен заңды бұзғандар еш аяусыз дереу елден шығарылады. Басқа елден барып, сонда  кәсіпкерлікпен айналысқысы келгендер өзімен бірге жергілікті тұрғынды тіркеп және оған басымдықты соған беруі тиіс.

Жалпы, қалай дегенмен де БАӘ-нің небәрі 40—50 жылдың ішінде эконо­микасы дамып-өркендеп, халқының тұр­мысы өскен жаңа заманның ал­дыңғы қатардағы мемлекетіне  айнал­ғаны әлемді таңқалдырады.

Бір айта кететіні, біздің еліміз бей­бітшілік пен қауіпсіздік, тұрақтылыққа, адамзаттың игілігіне қызмет ететін халықаралық ұйымдардың жұмысынан, мүмкіндігінше оған белсене араласудан тыс қалған емес. Бұл орайда Қазақ­станның  ОБСЕ  ұйымына 2010 жылы төрағалық етіп, сол жылдың желтоқ­санында Астанада оның он бір жылдық үзілістен кейінгі Саммитін абыроймен табысты өткізгенін, 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының  47 сессиясында  Елба­сымыз Н.Назарбаевтың  Азияда да өзара ынтымақ­тастыққа қызмет ететін ұйым құру жөнінде ұсыныс жасағанын, соның нәти­жесінде 2002 жылы СВМДА (Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шара­лары кеңе­сінің)  құрыл­ғанын айтсақ  та жеткілікті. Бұлар­дан тыс  Қа­зақ­стан ЦАС (Орта­лық Азия ынты­мақ­­тастығы), ОИС (Ислам  ынты­мақтас­тығы ұйымы), ССТГ (Түркі­тілдес  мем­ле­кет­тер ынты­мақ­­тас­тығы кеңесі), ШОС (Шанхай ынты­мақ­тастығы ұйы­мы), СНГ (Тәу­ел­сіз Мем­­­лекет­тер Дос­тас­тығы)  секілді әлем­дік және аймақ­­тық альянстардың бел­сенді мүшесі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close