БАҚЫТ МИНИСТРЛІГІ БАР ЕЛ

немесе сіздегі бақыт неден тұрады?

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ    

Бақыт министрі: «Көп айлық алатындар аз айлық алатындардан бақыттырақ. Бірақ ақшаға бақыттың 5 пайызы ғана байланысты». «Комсомольская правда» газетіне сұхбат берген Бақыт министрі Дордже Пенджоның осы бір сөзі терең ойға батырды. Сондай-ақ, оның әдемілік, мән-мағына, жеке бірегейлік жайлы айтқан сөздері де ойландырмай қоймайды. Қарасаңыз, қызметінің атауы да ерекше. «Бақыт министрі» дегенді естігеннің өзінде көзбен көріп, жүздеспесек те қолыңа әкеліп бір уыс бақытты ұстата салатындай сезінеді екенсіз. Бір жағынан, ол ойыншық секілді де көрінеді. Өйткені, бақыт деген сіздің шотыңызға аудара салатын қаражат емес, ыдысыңызға құйып бере салатын су емес қой. Тіпті, оны көре де, ұстай да алмайсыз. Ал «Бақыт министрі» мен оның қоластындағылардың атқаратын қызметі не болмақ? Әлде олар көшеде жүріп, кім мұңайса, соның жанына барып, «сен неге күлмейсің?» немесе «көңіл-күйің неге жоқ?» деп сұрап жүре ме?

 

Гималайға барғым келеді

Десе де, осындай министрлігі бар ел бар. Суретіне қарасаңыз тура бір ертегі дерсіз. Ол Гималай тауларында орналасқан Бутан шағын патшалығы.

«Бақыт министрі» Дордже Пенджо дәл сол патшалықта тұрады. Мәскеуде өткен форумға келген ол көпшілікті таңқалдырды. Маңызды шараға әдетте шырттай киініп баратын көпшілік арасында ұлттық киімімен жүрді және онысына мүлдем қысылмады. Бутан патшалығында гхо деп аталатын бұндай киімді тек шенеуніктер киеді екен.

Дордже Пенджо мырзаның киіміне, қызметінің атауына қарап, жеңіл-желпі ойлар желпіп өтеді. «Азаматтарын мемлекет қалай бақытты етпек?» деп те ойлайсыз. Рас, бақытты адамның өзі қолдан жасайды ғой. Дымың жоқ болса, жұмыс істеп, ақша тауып, керегіңді аласың. Үй керек болса үйге, көлік керек болса, көлікке ұмтыласың. Сөйтіп, анау керек, мынау керек деп жүріп уақыт өте береді. Балалы боласыз, олардың балалары болады. Бір күні «бақыт деген осы екен ғой?!» дейсіз. Ал Бақыт министрлігі болса, осының бәрін жасап бере ме екен? Білмеймін, сіздің қандай ойда отырғаныңызды, ал мен, бутандық жолмен жүрмесем де Гималайға барып, көзіммен көргім келіп кетті.

 

Мемлекет сізді қалай бақытты етеді?

Мемлекет шынымен өз азаматтарын бақытты ете ала ма?  Әлде қайда тұрса да әркім өз бақытын өзі жасай ма?

Министр мемлекеттің бақытты жасап бермейтінін, бірақ бақытты болуға жағдай жасайтынын айтады. Бұл ретте денсаулық пен білім алу бірінші орында. Мәселен, аталған елде білім алу тегін. Мектепте болсын, ЖОО-да болсын тегін оқуға жағдай қарастырылған. Бұл ретте ешкімді ешкім күштеп те оқытпайды. «Оқымаймын!» деген адамға зорлық жоқ. Бірақ мемлекет азаматтарын оқытуды парыз деп санайды. Сол секілді, елдің кез-келген азаматы мемлекет есебінен дәрігерге көріне алады. Мұны да патшалық мойнына алған. Өйткені, азаматтарының дені сау болғаны маңызды. Денсаулықтың адамның ұстанған өмір салтына байланысты екені де ұмытылмайды. Олар салауатты өмір сүрген адамның ауырмайтынын айтады. Сондықтан денсаулық көрсеткіші салауатты өмір салтының көрсеткішімен егіз деп қарастырылады.

 

Бутандық жүйе дегеніміз не?

Денсаулық пен білімді министр бірінші орынға бекерден-бекер қоймаса керек. Бұл екеуі бутандық жүйені кұрайтын негізгі бөліктер екен. Десе де, тек бұлар ғана емес. Негізінен бутандық жүйе негізгі 9 бөліктен тұрады. Мұны халық арасында 2008 жылдан бері зерттеген екен. Олар: психологиялық өзін-өзі сезіну, денсаулық, уақытты пайдалану, білім, мәдениет, жақсы басқару, экология, өмір сапасы, әлеуметтік байланыстар. Бір елді бақытты еткен қарапайым да құнды дүние!

Осылардың арасынан ең маңыздысы қайсы деп ойлайсыз? Адам бақытты болу үшін осылардың қайсылары болу керек? Мәселен, маған денсаулық, білім, психологиялық өзін-өзі сезіну және уақытты дұрыс пайдалану ең керегі секілді. Өйткені, денің сау болмаса, сауатсыз болсаң, бақытты сезіне алмайтын секілдімін. Ал психологиялық көңіл-күй дұрыс болмаса, адам сәтсіздікке ұрына беретіндей көрінеді. Уақытты тиімді пайдалану қалған мәселені шешетіндей. Тек жұмыс демей, отбасыға, демалысқа да уақыт бөліп тұру керектей. 1 күнде болатын 24 сағатты тиімді пайдаланған адам ғана бәріне қол жеткізетіндей көрінеді. Ал сіз қайсысын таңдар едіңіз, оқырман?

Бутан елінде билік бірінші орынға денсаулықты қояды екен. Министрдің өзі әлеуметтік байланыстарды жоғары бағалайды. Бір жағынан дұрыс та. Себебі, адамды бұзатын да, түзейтін де орта.

10 жыл жүргізілген зерттеу нәтижесі Бутан елінде ерлердің бақытты білімнен, әйелдердің әлеуметтік ортадан табатынын көрсетіпті. Қалада тұратын халық өмір сапасы, денсаулық жағынан бақытты болса, ауыл тұрғындары психологиялық өзін-өзі сезіну, уақытты дұрыс пайдалану, қанағат жағынан бақытты көрінеді. Осы ретте Бутан елінің аграрлы ел екенін, халықтың тек 20 пайызы ғана қалада тұратынын айта кетейік.

 

Бақыттың 5 пайызын ғана ақша құрайды

Көбімізге таныс сөз «бақыт ақшада емес» дейміз. 10 жыл бойы жүргізілген зерттеу қомақты айлық алатындар аз мөлшерде жалақы алатындардан бақыттырақ екенін көрсеткен. Тіпті, бақытты болудың ақшаға қатысын 5 пайыз деп қана бағалапты. Бұған бүгінгі күнмен қарасақ, келісе қоймасымыз анық. әай отырғанның өзінде «ақшам болса ғой, анандай зат алар едім, мынаны былай жасайтын едім» деп жоспарлап кетеміз. Біреу келіп, бір құшақ ақша берсе, бар қиындығымыз шешіліп кететіндей көрінеді. Солай бола тұра, бұл 5 пайыздық үлеспен қалай келісеміз? Қызық, осы зерттеуді біздің елімізде жүргізсе, қандай көрсеткіштері бірінші орынға шығар екен?

 

Қанағат болу керек

Бутан елінің премьері Лотай Черинг берген бір сұхбатында «Біз үшін бақыт деген ха-ха немесе хи-хи емес. Біз бақыт деп өмірге қанағаттану, ақылың мен қалауыңды бақылауда ұстау. Біреудің қолындағыға қызыққанша, өзіңде барға қанағат тұтып үйрену. Жаны ашу және бөлісу. Міне, бақытты болу деген осы!» деген екен. Сөзінің жаны бар. Рас, әжем үнемі «қанағаты жоқ адамнан түңіл» деп айтып отырушы еді. Пендеміз ғой, кейде қолымызда барды қоя салып, одан жоғары тұрғанға жүгіреміз. Оған жете алмайтынымызды білсек те, сөйтеміз. Сөйтіп жүріп, барымыздан айырылып, арманымызға жете алмай жолда қаламыз. Бұл «барыңмен отыра бер» деген емес, шамаңа қарай әрекет ет дегенге көптеу келеді. Расыменде, кейде қанағатымызды қалтаға салып қойып, қайта-қайта қолымызды созып, аузымызды ашатынымыз бар ғой.

Министр қолда барыңа риза болу керектігін, өзіңді ешкіммен салыстырмау керектігін айтады. Материалдық құндылықтарға құнығудың да соңы жақсы болмайды. Күндердің күні бәріміздің бақилық болатынымыз және сол кезде біздің қанша ақшамыз бар екені емес, не істеп үлгергеніміз маңызды болатынын айтады. «Сондай-ақ, біреудің мәдениетін көшірсең, үнемі бірінші емес, екінші боласыз. Егер әркім өзінің кім екенін білсе, ешкімнен көшірудің де қажеті жоқ. Өз мәдениетіңді сақтасаң, сен мінсізсің. Адам бақытты болу үшін негізін білу керек, сезіну керек. Өйткені, ол бізді ұстап тұрған іргетас секілді. Үй іргетассыз қалай тұрсын? Адам да дәл солай. Негіз дегеніміз ол – тарих, мәдениет, дәстүр…». Бұл министрдің сөзі. Әдемі айтылған. Тек әдемі ғана емес, қадап, шегелеп айтылған. Мемлекет тұрғысынан емес, жеке адам ретінде алып қарасаңыз да, дәл солай. Біреуге қарап қызығып, бой түзеп, ой түзеп жүргенде керуен кетіп қалады. Біреудің қылығы, мінезі, әрекеті екінші біреуге жараспайды. Өйткені, оның жаратылысы басқа. Ел ретінде алып қарағанда да дәл солай. Тіл бар, дін бар, салт-дәстүр бар.

 

Жәй серуендеу деген болмау керек

Табиғатқа ғашық болу, ағаштарды жақсы көру, пейжазға сүйсіну адамның бақытын еселей түседі дейді министр. Бұл ретте ол науқас адамдарды мысалға алады. Қабырғаға қарап отырған науқастан, терезеден табиғатқа қарап отырған науқасқа ем тез қонатын көрінеді.

Сонымен қатар, шенеунік жаяу жүрудің, серуендеудің пайдасы зор екенін алға тартады. Одан бақытты болып кетпесіңіз анық, бірақ десе де ол сізді ширатады. Әсіресе, кеңселерде, компьютердің алдында отыратындарға жиі серуендеу қажет деседі.

Министр қыдыру жәй жүріп қайту дегенді білмейді. Жаяу жүру керек дейді, бірақ жәйдан жәй емес. «Жаяу жүргіңіз келсе, бір затты біреуге апарып беріңіз немесе алып келіңіз…» дейді шенеунік. Яғни жаяу жүргеннің өзін әрі тиімді ету керектігін тілге тиек етеді. Кез-келген нәрседе мән мен мағына болу керек. Далаға серуендеп шыққанның өзінде бір нәрсе істеп, тірлік тындырып жүру керек дегенге дөп келеді. Мәселен, қоқысты ала кетіңіз немесе су ала келіңіз, болмаса дүкенге соғып, керек заттарды ала салыңыз. Бірақ бізде бірден «онда бұның несі демалыс болды?» деген сауал туындауы мүмкін. Осы ретте уақытты пайдалы әрі ұтымды өткізу керектігін ойлау қажеттей.

Зерттеу нәтижесі бутандықтардың 8 пайызы – өте-өте бақытты екенін, 35 пайызы – шын бақытты, 48 пайызы – жәй ғана бақытты екенін, халықтың тек 9 пайызы ғана бақытты емес екенін көрсеткен. Пайыздық үстемдік бойынша бүкіл Бутанның бақытты екенін көруге болады. Десе де, аталған ел әлем бойынша бақытты елдердің қатарында 97-орында тұр. Тізімді БҰҰ-ның тапсырысы бойынша зерттеушілер дайындап, «World Happіness Report–2018» деп жария еткен. Бұл тізімге қарап, халқының 9 пайызы ғана бақытсыз ел 97-орында тұрса, оның алдындағы елдердің халқы қаншалықты бақытты деп ойлап қалады екенсіз. Бірақ бұл ретте елдер БҰҰ ұсынған талаптарға сай сараланғанын ескерген жөн. Айта кетейік, бүгінде әлем бойынша 5 елде «Бақыт министрлігі» құрылған. Тағы бірнеше ел гималайлық бақыт зерттеуін жүргізіп жатыр. Ал сіздің бақыт формулаңыз қандай? Сізге бақытты болуыңыз үшін не қажет?

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *