Бақыт бағалағанның қолына қонады

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

Биыл бесінші рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қала­лық кезеңінде Алматы қаласының тұрғындары Сәбит Иманғалиев пен Зубайра Қыстаубаеваның отбасы Гран-приді иеле­ніп, қыркүйек айында өтетін республи­калық байқауға жолдама алды. Қалалық бай­қаудың салтанатты жиынына келген   Алматы жұртын  бұл отбасының өмірбаяны  қызықтырған еді. Қызықса қызыққандай,  өйткені олардың отбасылық тарихы  көп отбасының тарихынан өзгешелеу еді. 

Бес бала сүйіп, олардан  он сегіз немере, төрт шөбере  көріп отырған Сәбит пен Зубайра Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Жаңаталап, қазіргі Т.Жүргенов атындағы  ауылда туып-өскен. Бір аудан­ның топырағында  өмірге келіп ержеткен екеуінің жүректері де, жандары  да жара­сым тауып, елу жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Үйлесімділік бар жерге бақ пен береке қонақтайды емес пе. Міне, Иманғалиев­тардың отбасы сол  бақ пен бақыт қонақ­таған  қазақтың қасиетті шаңырақ­та­рының бірі. Құрдастары мен туыстары бұл шаңы­рақты білім мен ғылымның рухы қолдаған деп те мақтаныш тұтады. Шындығында солай, бес баланың үшеуі ғылым жолын қуса, олардың балалары да осы білім мен ғылым жолында жүр. Бір отбасында үш  ғалымның болуы, екі Журналистер одағы­ның мүшесі мен үш  бірдей ауданның Құр­метті азаматының, екі өз саласының үздік­терінің болуы өте сирек кездесетін    жағдай болса керек.  Ал  Қазақ­стан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Сәбит  Иманғалиев пен   Білім беру ісінің үздігі, 9–11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулығының  авторы Зубайра Қыс­таубаеваның еліміздің білімі мен рухани дүниесіне қосқан еңбектері қаншама?!

Бұл отбасы мүшелері 17 кітаптың авторы екендігін білсеңіз, ал отбасының ұлағатты ұстаздық жолдағы жалпы еңбек өтілдері  бір ғасырды құрайды.  Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педа­гогикалық училищені, одан кейін Қызыл­орда қаласындағы  бұрынғы  Гоголь, қазіргі Қорқыт ата атындағы университеттің Филология факультетінің түлегі  Зубайра Қыстаубаева 9–11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы. 17 мың таралыммен «Мектеп» баспасынан шыққан бұл оқулық күні бүгінге дейін жас ұрпақ­тың  ана тіліне деген  құрметін арттыруға дем беріп келеді.  Зубайра Қыстаубаева,  сонымен бірге, 1993 жылы  жарық көрген  «Орысша-қазақша» сөздіктің, «Біздің қаланың көшелері» (1997 жылы),  1998–2008 жылдары жарияланған «Қызылорда қаласының көшелері» атты кітаптардың да авторы.   Жалағаш ауданындағы, Қызылор­да қаласындағы мектептерінде өзі білім алған Қорқыт ата атындағы университ­тердегі ұстаздық еңбегі кейін Алматыға  қоныс аударып келіп, жұмысқа орна­ласқан Алматы  экономика және статис­тика академиясында, одан кейінгі  Қазақ–Америка университеттерінде қызмет еткен жылдары көп көмегін тигізіп, Зубайра Қыстаубаеваның  ұлағатты ұстаз атануына септігін тигізді. Оның еңбек қоржынында талай марапаттар, Алғыс хаттар мен Құрметті грамоталары жетерлік, бірақ ұлағатты ұстаз үшін солардың ішіндегі ең құрметтісі, әрине, «Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгісі.

Отағасы  Сәбит  Иманғалиев ағамыз­дың еңбек жолы өте қызықты. Ол кісі  дәрігер-филолог. Мектеп бітірген 1959 жылы Қызылорда қаласында медицина училишесінің  емдеу ісі бөлімін фельдшер мамандығы бойынша бітірген  Сәбит Иман­ғалиев сегіз жыл  денсаулық сақтау сала­сында фельдшер, фельдшерлік пункттің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Бірақ жүрек түкпіріндегі сөз өнеріне, қаламға деген құштарлығы  тән шипагері  мамандығын жан шипагерлігіне ауысты­руына  септігін тигізді. Екі мамандықты таңдауда қателескен жоқпын, дейді Ал­маты қаласының «Мерейлі отбасы» бай­қауының жеңімпазы атанған Сәбит  Иман­ғалиев. Күні бүгінге дейін отбасы мүше­лерінің бірі сырқаттана қалса  әкелеріне келеді. Сәбит Иманғалиевтың да еңбек жолы өнегеге толы. Әсіресе, ол кісінің сонау  тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау кездегі қайтсем қазақ тілін жандан­дырам деген мақсатпен Украинадан қазақ  қаріптерін орнату үшін 250 жазу машин­касын алдырып, оған қазақ қаріптерін орналастырған еңбегін қызылордалық тіл жанашырлары әлі күнге ұмыт­­пайды.   Білім, меди­ци­на, техника салалары бойын­­ша 10 мың сөзден  құралған «Орысша-қазақ­ша» сөздігі, қазақша іс жүргізу қағазда­ры­ның 30 түрлі үлгісін жа­сауы да ол кісі­нің ана тіліне деген жана­шырлығын  таны­тады.

Сәбит Иманғалиев Қа­зақ­станның әр кездері аста­насы болған Қызылорда, Алматы, Астана қалала­рын­дағы көшелерге аты берілген 1500-дей танымал тұлғалар жайлы бес кітап жазған автор екендігін  біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Бұл кітап кезінде Германия мен Түркімен­станда өткен  Ха­лық­аралық кітап көрмесі­не қойылған.  Бүгінде  Сәбең  Қызыл­орда қаласының 200 жылдығына орай Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдар­ламасы аясында кітап дайын­дау үстінде.  Адам баласына мына  өмірде    отбасын құру, өмірге ұрпақ әкеліп,  одан  парасатты да салиқалы ұрпақ өрбіту, үй салып, ағаш отырғызу парыз етілсе,  Сәбит   Иманға­лиев пен Зубайра Қыстау­баева бұл парыз­дарын   адал атқарып келе жатқан аяулы ата-ана, ұл-қыздарынан тара­ған немере­лері мен шөберелерінің  сүйікті ата-әжесі. Балалары Гүлжан, Гүл­сара, Бауыр­жан, Гүлназ, Сәтжан өмірден өз орындарын тапқан бір-бір  әулеттің иелері. Бауыржан,  Гүлназ, Сәтжан ғылым жолында. Сәтжан «Болашақ» бағдарла­масының түлегі. Гүлжан мен Гүлсара да өздері қалаған маман­дық иелері Гүлсара қаржы саласы­ның үздігі.  Отбасында үш Құрметті азамат бар десек, ұлы Сәтжан Жалғаш ауданы­ның, келіні Маржан Орда­басы ауданының, ал Сәбит Иманға­лиев­тың өзі Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. Ұлы Бауыр­жан да Журналистер одағының мүшесі. Бауыржанның Т.Жүрге­нов туралы жазған кітабы да Халықаралық кітап көр­месіне қойылған. Алты жасында шахмат­тан Қазақстан чемпионы, спорт шебері атанған күні кеше ғана Халық­аралық жарыста ел намысын қорғап қайт­қан  Алдияр  Аңсатов  Сәбит пен Зубайра­ның ғана емес, елі мақтан тұтатын неме­ресі.  Ал  Назеркесі  дәстүрлі ән айтудың жүлдегері.

Сәбит пен Зубайра  отбасындағы осы бақ пен бақытты тал бесіктен берілген ұлттық тәрбие мен ата-ананың тәлімінің жемісі деп бағалайды. Ал Алматының «Мерей­лі отбасы» мәртебесі бұл отбасына лайықты берілген баға  екендігі даусыз. Мерейлеріңіз үстем болсын, ұлтына үлгі бола білген, босағаларын махаббат пен сыйластық қорғап келе жатқан Иманға­лиевтар отбасы дегіміз келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *