БАҒДАРЛАМАНЫ ҒЫЛЫМИ СҮЙЕМЕЛДЕУ ЗОР МАҢЫЗҒА ИЕ

Кенжехан Іслямжанұлы

МАТЫЖАНОВ,

филология ғылымының докторы,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Рухани жаңғыру»  ғылыми-инновациялық орталығы-жобалық офисінің  ғылыми жетекшісі:

Еркін ойлы жастарды ерте білу керек

 

– Кенжехан Іслямжанұлы, өзіңізге белгілі, Мемлекет бас­шысының қазақ жастарына артқан үміті зор. Әсіресе, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасында Елбасы болашақтың кілтін жастарға сеніп тапсырғанын жақсы білеміз. Сіз қазір жастардың ортасында дәл осы «Рухани жаңғыру» бағдарла­масының жүзеге асуына жетек­шілік жасап келесіз. Қалай ойлайсыз, қазақ жастары өздеріне артылған осы жауапкершілікті сезіне алды ма?

– Сезінгенде қандай. Қазіргі жастар Кеңес үкіметінің не екенін тек кітаптан ғана біледі, олар азат елдің, яғни тәуелсіздіктің арда түлектері дер едім. Олар еркін ойлы, жаңашыл, өзгеше ойлайтын жандар. Қазіргі буырқанған қо­ғамды алға сүйреп кете алатындай білімі мен тәжірибесі бар. Бүгінгі жастар ертең Қазақ­станды әлем­дегі көшбасшы елдердің қатарына шығара алатындай әлеуетке ие. Ол үшін қазір мемлекет тара­пынан мүмкін болатын жан-жақты қолдаулар көрсетіліп жатыр. Біздің Ұлттық универ­ситеттің «Рухани жаңғыру» ғылыми-инновациялық орталығы да сол жастарға көрсетілген қолдаудың бірі дер едім.

– Жастарды жаңашыл, еркін ойлы деп айтып отырсыз, яғни бұрынғыдай қызыл сөзге, бос пафосқа сене бермейді. Олардың санасын жаңғырту үшін ғылым мен технология бағытын таңдау керек. Өзіңіз басқарып отырған ғылыми орталықтың жұмысы туралы айтсаңыз…

– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының іске аса бастағанына екі жылға аяқ басты. Елбасы бізге алдыңғы қатарлы елдермен рухани тұрғыда иық теңестіру үшін таяу арада жедел атқарылуы тиіс алты бағыт пен алты міндетті айқындап берді. Осы міндеттер бойынша универ­ситет деңгейінде атқарылатын шаруалардың кең ауқымды жоспары қабылданды. Жоспарға сәйкес, маңызды да күрделі істерді үйлестіріп, оның нақты жүзеге асуын қадағалап отыру үшін «Рухани жаңғыру»  ғылыми-инновациялық орталығы жоба­лық офисі құрылды. Орталық құрылған күннен қоғамдық сананы өзгерту, ұлттың рухын жаңғырту мәселесінде аса маңызды бастамаларды іске асырып келеді. Қазір заманауи университеттерге жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадр­ларды дайындаумен қатар, адамзаттың болашағына жауапты өз заманының шынайы азаматын қалыптастыру міндеті де жүктеліп отыр. Сондықтан біздің білім ордасында оқу, зерттеу, инновациялық-кәсіпкерлік және рухани-адамгершілік секілді төрт миссияның басын біріктіретін Төртінші ұрпақ университетінің жаңа үлгісі жасалды.

 

Ұлттық университет ұйытқы болып отыр

 

– Жастар санасында сілкініс туғызып, оларды өзге елдің үздік тәжірибелерімен таныстырып отыру үшін мұндай шаралар ауқымы ел ішінде шектеліп қалмауы тиіс секілді. Ұлттық университет халықаралық дең­гейдегі іс-шараларды ұйымдас­тыруда, халықаралық білім алаңында қаншалықты белсенді?

– Өте дұрыс айтасыз, қоғам­ның санасын, әсіресе жастардың санасын жаңғырту үшін уни­верситет қабырғасында халық­аралық деңгейдегі ғылыми шаралар көптеп өткізіледі. ҚазҰУ ұжымы 2019 жылдың жоспарына халықаралық деңгейде бірнеше шара өткізуді енгізіп отыр. Мәселен, келер жылы қыр­күйекте әлем университеттерінің «Рухани құндылықтар мен жоғары технологиялар үйлесімі» атты Бүкіләлемдік форумы және халықаралық көрмесі ұйым­дастырылады. QS World Unіversіty Rankіngs ЖОО-лар бірегей жаһандық рейтингісінде ҚазҰУ әлемдік үздік универ­ситеттер тізімінің 220-топ қатарына енді. Сондықтан да осындай сенім мен жауапкершілік жүктелді. Бұл ауқымды жиынға әлемнің маңдайалды 800-ден аса университетінің көшбасшылары мен танымал ғалымдары жина­лады. Олар білім беру мен ғылым саласының озық тәжірибелері туралы айтып, академиялық талқы мазмұнын жаңа деңгейге көтереді. Халықаралық маңызы жоғары мұндай конференциялар мен форумдардың елімізде ұйымдастырылуы – білім беру жүйесіне тың серпін әкеліп, бәсекеге қабілеттігін арттырады. Халықаралық білім алаңындағы беделін еселеп, Қазақстанды Орта Азиядағы білім беру хабына айналдыруға даңғыл жол салары сөзсіз. Сондай-ақ, университеті­міздің атын иеленген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы жақындап қалды. Осыған орай университет басшы­лығы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясына осы мерейтойды ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне қосу және 2020 жылды «Әбу Насыр әл-Фараби жылы» деп атау бастамасын көтеріп отыр.

– Ірі жобалар мен баста­малардың барлығының қозғаушы күші – жастар дедіңіз. Жалпы, университет аудиторияларында іске асып жатқан өзекті зерттеу­лер, ғылыми жобалар мен жиын­дар жөнінде кеңірек айтып берсеңіз…

–Университетімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сының негізгі бағыттарын тал­қылау мақсатында 33 халықара­лық және 18 республикалық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция, форумдар, дөңгелек үстелдер өтті. Оған қоса, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында гранттық қаржыландыру негі­зінде 2018-2020 жылдарға арналған 10 ғылыми-зерттеу жобасы жұмыс істеп жатыр. Университет ғалымдары мен ұстаздары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 25 монография мен 100-ден аса ғылыми мақалалар шығарған. Республикалық басылымдарда университет докторанттары, аспиранттары мен студенттері 200-ден аса мақала жариялады. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыт­тарын қамтыған 176 ғылыми жоба, магистрлік диссертация мен диплом жұмыстары қорғалды.

 

Жаңа оқулықтардың жүгі қандай болды?

 

– Биыл жаңа оқу жылында Қазақстан студенттері «100 жаңа оқулық» жобасы аясында басы­лып шыққан оқулықтармен білім алады. Бүгінгі таңда 18 кітап дайын. Бұл оқулықтарды шет тілінен ана тілімізге аударуға Ұлттық аударма орталығымен қатар, сіздің университет профес­сорлары мен оқытушылары да қатысты. Бұл жұмыс қалай ұйымдастырылды?

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны ретінде бұл істе көшбасшы болып келеді. Университет ректорының бұйрығымен арнайы редакция алқасы, жұмысшы тобы құрылды. «100 жаңа оқулық» жобасының алғашқы кезеңінде университетіміздің гуманитарлық саладағы ғалым-ұстаздары Ұлттық аударма бюросымен бірлесіп 6 оқулықты аударып баспаға дайындады. Аударма, ғылыми редактура ісіне универ­ситетімізден жалпы саны 31 маман тартылды. Біздің мамандар Дерек Джонстонның «Филосо­фияның қысқаша тарихы», Грегори Мэнкьюдің әйгілі «Экономикс», Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкилердің «Әлеуметтану теориясы», Алан Барнардтың «Әлеуметтік антро­пология: тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық револю­циясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік психологияға кіріспесі» оқулық­тарын қазақ тілінде сөйлетуге үлес қосты. Бұл оқу құралдары шетелдік маңдайалды 100 үздік университет бағдарламасына енген, әрқайсысы кем дегенде үш мәрте қайта басылған, идеоло­гиялық тұрғыда бейтарап, әлемдік сұра­нысқа ие. Қазіргі таңда оқыту­шыларымыз жобаның екінші легі – 30 кітап аударма­сына да атсалысып, 5 оқулықты қазақ тіліне аударатын жауапты топтың құрамына кірді. Жаз айларында жетекші университет ретінде ҚазҰУ ғалымдары әлеуметтану, психология, мәде­ниеттану, фи­лософия, саясаттану, экономика, журналистика және филология салалары бойынша оқу үдерісіне 18 жаңа оқулықты енгізуге арналған әдістемелік нұсқаулық­тар жасап шықты. Сонымен қоса, университет мамандары биыл «Қазіргі заман философиясының бастауы» (Энтони Джон Патрик Кенни, 3-том), «Қазіргі заман филосо­фиясы» (Энтони Джон Патрик Кенни, 4-том), «Panora­ma: Дүниежүзі тарихы» (Росс Е. Данн, Лаура Дж. Митчелл, 1-кітап), «Медиа және журна­листика: Теория мен тәжірибеге жаңа көзқарас» (Жейсон Бейнбридж, Никола Гок, Лиз Тайнан,  3-басылым), «Халықаралық бизнес: Жаһандық нарықтағы бәсеке»  (Чарльз У.Л. Хилл, Доктор Томас Халт, 12-басылым), «Оқыту теориясы» (Дейл Х. Шунк, 7-басылым), «Цифрлық дәуір педагогикасы: XXІ ғасырдағы білім беру» (Хелен Битэм, Рона Шарп, 2-басылым), «Маркетинг принциптері» (Филип Котлер, Гари Армстронг, 17-басылым) оқулықтарын қазақшаға аударуға қатысып жатыр. Осы жобалардың барлы­ғын  «Рухани жаңғыру» ғылыми-инновациялық орталығы жобалық кеңсесі үйлестіріп, ұйымдастырып отыр.

 

Туған жерді түлету мүмкіндігі туды

 

– «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының 6 басым бағыттан тұратынын білеміз. Барлығы да қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған: патриоттықты, елге деген сүйіспеншілікті арттыруды көздейді. Әсіресе, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» секілді бағдар­ламалар тарихымызды танып, туған өлкеміздің гүлденуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруда сіздің орталықтың, ондағы жастардың қосып жатқан үлесі қандай?

– «Туған жер» жобасын жүзеге асыруда ҚазҰУ, Сорбонна-Қазақстан, Орта Азия зерттеулері (ІFEAC) Француз институттарымен бірге GІS-технологиясын қолдана отырып тақырыптық интерактивтік карта кешені – Алматы қаласының атласын жасау жобасын бастады. Университет ректоры бастап, елге белгілі ғалымдар туған жерлеріне барып, өздері оқыған мектептерде кездесулер өткізді, қолдау көрсетуді өнегелі дәстүрге айналдырды. Университетімізде әл-Фараби және палеолит, биология музейлерін жаңғыртып, ұйымдастыру жұмыстары жалғасын тапты. Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыру конкурсына «Орталық Азия халықтарының саламатты өмірге негізделген мінез-құлық прагматизмінің тарихи тәжірибесі және сабақтары», «Орта Азия халықтарының әлеуметтік-саяси өмірінде популистік, радикалды идеологиялардың пайда болуы­ның тарихи тамырлары және күйреу себептері мен қорытын­дылары», «1917 жыл: револю­циялық сілкіністердің ұлттар тағдырындағы салдар­лары», «Ұлы даладағы халық­тардың этникалық және ұлттық жаңғыруға бағыт­талған дербес мемлекеттік даму үлгісін (ұлттық кодты) қалып­тастырудағы тарихи тәжірибесі», «Ұлы Даладағы тарихи этно­нимдер мен тарихи топонимика – көшпелілердің мәдени-генети­калық кодының негізі» атты тақырыптар бойынша гранттық қаржыландыруға ғылыми жоба­лар ұсынылды. Сонымен қатар, «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасы бойынша да университет ғалымдарының еңбегін атап өткен жөн. Бізде оқу орындарына арналған «Өлкетану» танымдық-ақпараттық оқу курс­тарының бағдарламасы дайын­далды. Білім және ғылым ми­нистр­лігінің гранттық қаржы­ландыру конкурсына «Ежелгі және орта ғасырлардағы Алтай – Орталық Азия халықтарының этно-мәдени құндылықтарының тарихи символы», «Қазақстан және Орта Азия су жүйесі тарихы, атаулары, қолданыс аясы: археологиялық-этнографиялық реконструкция» атты тақырыптар бойынша ғылы­ми жобалар әзір­ленді. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының жүзеге асуына сарап­тамалық және ғылыми сүйе­мелдеу жасау зор маңызға ие. Әрбір қадамы­мызға есеп беріп, өткен мен бүгінді сараптап, елеп-екшеп, қорытындылап отыруы­мыз керек.

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті еліміздегі ең іргелі, байырғы білім ордасы ретінде «Рухани жаңғыру» мемле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыруда да алдыңғы қатардан табылып, еліміздің жоғары оқу орындарына үлгі-өнеге көрсетеді деп сенеміз.

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан –

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *