Бәсекеге қабілетті білім – жетістік желкені

 

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деген дана Абайдың сөзі еш уақытта өз мәнін жойған емес. Киелі қара шаңырақ Ш.Смаханұлы атындағы №62 гимназия­ның Атығай Бүркітбайұлы бастаған  ұжы­мы егеменді еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі талапты жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде, оқушылардың бойын­дағы ерекше қабілеттері мен таланттарын жан-жақты аша түсу үшін аянбай еңбек етуде. Биылғы оқу жылы гимназия үшін жемісті жылдың бірі болды. Сол жетістіктер желкенінің астарында ұстаздардың шынайы, бәсекеге қабілетті білімі жатыр. Оқушылар өз білімдері мен өнерлерін қалалық, республикалық, халық­аралық деңгейде көрсете отырып, биік белестерді бағындырды. Атап айтсақ, 10-сынып оқушысы Хасен Әли еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспа­рына сәйкес республикалық шығармалар байқауында «Менің арманымдағы Қазақ­стан – 2025 жылы» тақырыбында шығарма жазып, І орын жүлдегері атанды. Әлидің жетекшісі Гүлмира  Рыскелдиевамен бірге Астана қаласына арнайы шақырту алып, Қазақстан эконо­мика, білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапат­талды және ЭКСПО-2017 көрмесі мен Дю Солей циркін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясын­да «Өнерлінің жолы ашық» атты қалалық көрме байқауының сәндік-қолданбалы жанры бойынша 10 «а» сынып оқушысы Алуа Тұрлыбекова І орын, қалалық «ХІХ Абай оқулары» байқауында «Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша 8-сынып оқушысы Бағжан Жомартов І орын иемденді.

Гимназияда «Мұрагер» домбыра оркестрі, «Нарқыз» би ансамблі жемісті жұмыс жасап келеді. Республикалық «Ақ шағала» хореографиялық фестиваль-байқауында «Нарқыз» би ансамблі қалалық байқаудан Бас жүлдеге ие болып, маусым айында Қызылорда қаласында өтетін байқауда Алматы қаласының намысын қорғайтын болады. Сондай-ақ, гимназия­ның «Нарқыз» би ансамблінің оқушылары (жетекшісі Ибрагимова Михриниса Айдыновна) Сан Марино Республикасын­дағы, Италиядағы, Мальтадағы Қазақстан Республикасының елшілігінің, Сан Марино Республикасының  Мәдениет министрлі­гінің қолдауымен «FestіvaІ&Contest» Мәдени ассоциациясы  Президенті Chrіstіan Cartocetі мырзадан шілдеде Сан Марино мен Италияда өтетін халықаралық «Танысу Сан Марино» фестиваль-конкур­сына қатысуға шақырту алды. «Нарқыз» би ансамблінің әлемдік деңгейдегі осы фестиваль-конкурсқа қатысуы  еліміздің, қаламыздың, ауданымыздың имиджін көте­руге, жас талантты оқушылардың өнерлерін шыңдауға, әлемдік деңгейдегі үлкен сахна­да өнер көрсетіп, Қазақстан Республика­сын әлемдік деңгейде таны­туына мүмкіндік жасайтынына сеніміміз мол.

Ұстаз мәртебесі шәкіртінің бағын­дырған биіктерімен өлшенетіні белгілі. Жоғарыда жетістікке жеткен оқушылар – гимназияның ғана емес, күллі қазақ елінің мақтаныштары. «Бізге керегі – шын дарындар. Нарық қол-аяғымызды қалай қыспасын, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйрік­терін қолдауға, қорғауға міндетті», – дейді Елбасы. Олай болса, нағыз дарындарды тәрбиелеп отырған гимназия ұжымына, гимназия директоры Атығай Бүркітбай­ұлына ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбекте­ріңіз жана берсін дейміз. Егеменді ел ұстаздары мен оқушыларының бағындырар биіктері әлі алда.

 

Ғайни АБНАСЫРОВА,

Ш.Смаханұлы атындағы

№62 гимназияның тәрбие

ісі жөніндегі орынбасары.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *