Бұрынғы мемлекет басшылары қалай тұрып жатыр?

Бұл оқырман үшін де қызық сауал болуы әбден мүмкін. Білгеннің артығы жоқ. Олай болса айтып көрейік.

Ұста. Дәнекерлеуші

Геогрий Маргвелашвили 5 жыл Гру­зияны басқарды. 2018 жылы желтоқсанда қызметтен кетті. Қыркүйекте елуге толады. Зейнетке әлі ерте. Ол президенттік қызметтен кеткен соң одан әрі саяси мансапты жалғастыруды ойлаған да жоқ. Өмір сүрудің мүлдем басқа жолын таңдады. Бірден Тбилисиден 50 шақырым жердегі Душети шаһарына тартты. Георгий бұл үйді 2004 жылы бар болғаны 2,5 мың дол­ларға сатып алған. Есесіне өткен 15 жыл ішінде ол үйінің қасынан үлкен энергияны жақсы үнемдейтін шағын зәулім коттедж салып алды да, оны бүгінде туристер қабылдайтын жерге айналдырды.

Бір түндік ақысы – 80 доллар. Оның бағында Ильхам Әлиев сыйға тартқан анар мен Лукашенко сыйлаған картоп өсіп, мол өнім беріп тұр. Ол сонымен қатар, туристер үшін жылқы ұстамақшы және шағын ғана шарапхана ашу да ойында бар.

Прези­денттікке дейін білім министрі болып істеді. Қазір сол күнкөріс үшін Грузияның қоғамдық істер университетінде дәріс оқымақшы. Әрине, отбасын асырау үшін оған бөлмені жалға беру мен дәріс оқу аздық етеді. Сондықтан ол ұсталық кәсіпті игеріп көрмекші. Бүгінде өз қолымен жасалған жиһаздар үйіне көрік беріп тұр. Алайда, туысқандарының айтуынша, бұдан былай жиһаздарды сатуға арнап жаса­мақшы. Ақша артық болмайды. Ұсталық­пен, дәнекерлеумен де табандап айналыс­пақшы. Президенттің жұбайы «Рустави-2» телеарнасына берген сұхбатында жиған-терген ештеңелері жоқ екенін ағынан жарылып айтқан. Бүгінде ол бос кезінде тоқу жұмысымен айналысқанды, әскери әуендер тыңдағанды ұнатады.

 

Киноны кәсіп етіп жүр

Мұхиттың арғы жағындағы бұрынғы президенттер мұндай қарапайымдылықтан алыстау. Олардың кәсібі – жүздеген мың доллар пайда әкелетін дәріс оқу, миллиондаған қаламақыға мемуар жазады, тіпті болмаған күнде әйтеуір бір қайырымдылық қорын ашады. Солардың көбісінен АҚШ-тың 44-президенті Барак Обаманың (2009–2017) өмірі өзгеше болып шықты. Сірә, оған 205,7 мың доллар зейнетақысы аздық еткен болар, әйелімен бірге кинобизнеспен айналысуға кірісті. Бір жылдан бері олар құны 50 млн. доллар тұратын фильмдер мен сериалдар жобасына қызу кірісіп кетті. Ең қызығы, бұл шіркіндер «Дональд Трамптың пре­зиденттігінің алғашқы кезеңі» деген сериалды түсіруге дайын­далып жатыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта Майкл Льюис­стің «Бесінші тәуекел» саяси кітабы мен американдық жазушы Фредерик Дугластың өмірбаяны туралы фильм түсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Нью-Йорктің сән әлемін де экрандамақшы көрінеді.

Қазір Обаманың әмиянында 135 млн. доллар бар. Олар мұнымен де шектелетін түрі жоқ. Таяу арада ерлі-зайыптылар өздерінің тірі дауысын аудишоуға шығармақшы. Келісім-шарттың құны әзірге құпия.

 

Ең кедей президент

Уругвайды бес жыл басқарған (2010–2015) Хосе Мухиканы «Әлемдегі ең кедей президент» деп атайды. Бұрынғы партизан, өзінің президенттік қызметі тұсында әскери диктатурамен күрескен ол өте қарапайым өмір сүреді. Жалақысының басым бөлігін (жалақысы 12500 доллар болса, содан өзіне айына 1250 доллар қалдырып отырған) қайырымдылыққа жұмсады. Ресми рези­денциясы өзінің жекеменшік фермасында болғанын қалады. Үй шаруасына қажетті суды өзі құдықтан тартып ішті. Мемлекет басшысы жуған киімін есіктің алдында жіпке жайып қояды. Президенттік ұшақтан бас тартты. Басқа елдерге ресми сапарға бару үшін жәй авиарейсте экономкласпен ұшты. Тек қана 1945 долларға алған «Фольк­сваген Жук» деген 1987 жылғы көлігі болды. Ал Уругвайдың бірінші ханы­мы қызметші жалдаған жоқ. Көкөністер мен гүлдерді өзі бақтан үзіп жүріп, тамақты да өзі дайындады. Президент жергілікті емханада емделіп, дәрігердің қабылдауында қарапайым халықпен бірге кезекте тұрды. Жұмыстан соң дүкенге барып, үйге азық-түлік алып қайтады.

Президенттік қызметтен кеткен соң ол үш жыл сенатор болды, алайда оған да көп ұзамай, өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Сенаторлық зейнетақыдан бас тартты. Оның банкіде жиғаны да, қарызы да жоқ.

– Маған ақша жетіп-артылады, – дейді Мухика. – Есесіне, уругвайлықтардың табысы төмен, – деп қамығады ол.

 Р.S. Не деген адам десейші. Осылай да өмір сүруге болады екен ғой. Шынында да адамға көп нәрсенің керегі жоқ қой.

 

Парламенттің мәслихатына қатысқан емес

Марк Рютте 2010 жылдың 14 қазанынан бастап Нидерландының премьер-министрі. Әрине, ол жалақыдан бас тартқан жоқ. Жоғары деңгейдегі саясаткер қарапайым салауатты өмір қағидасын ұстанады. Парла­менттің мәслихатына өмірі қатысқан емес. Есесіне, көшеде халық көп жерде жаяу жалпылап жүре береді. Жұмысқа анда-санда велосипедпен барады. Түскі асқа парламенттің жанындағы көпшілік асханасына барады.

 

КӨше сыпырып тұрады

«Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежад (2005–2013) қой бағады және көше сыпырады». Кезінде осындай тақырыппен әлем басылымдары шулап жазды. Ол президент болғанға дейін қарапайым өмір сүрген, автобуспен жүрген, әйелі медреседе еден жуушы болған. Ол Тегерандағы кедей аудандағы әкесінен қалған үйде тұрады. 1977 жылғы «Пежо 504» автокөлігі бар. Президенттік зейнетақыдан бас тартқан. Ол қызметтен кеткен соң университетте дәріс оқып, ғылыммен айналысқаны белгілі. Бұдан басқа оны жоғары аятолла Әли Хаменеи жоғары мақсаткерлік кеңесіне мүшелікке алып, жарлық берді.

 Р.S. Бар болғаны осы. Арагідік көше сыпырып тұрады, оған еш арланбайды. Адамға тән нәрсе деп біледі.

 

Халыққа бір рет кӨрінді

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг екі мәрте Норвегия премьер-министрі болған адам. Ол бірде шағын әлеуметтік эксперимент жасау ойымен Ослода бір күн такси айдайды. Мақсаты «Сайлаушылармен жүздесу». Көзіне күннен қорғайтын көзәйнек және таксистің униформасын киеді. Көлікке жабық түрде бейнекамера орнатады. Өзінше, сайлаушылардың шын сөздерін естігісі келеді. Өйткені, нағыз шын әңгімелер таксиде айтылады деп ойлайды. Саясаткерді бір адам танып қалады. Жолаушыларды тегін тасымалдайды. Соған қарамастан олардың кейбірі премьер-министрдің көлік айдау мәнерін қатты сынға алады. Содан ол тежегішті шатастырып қатты сасады. Осыдан кейін норвегиялық саясаткер халыққа көрінбепті.

Қ.ИМАН.     

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *