БҰРЫНҒЫ «БАРАХОЛКА» АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРІП ЖАТЫР

899Құттыбек АЙМАХАН

Естеріңізде болса, өткен жылы «Алматы ақшамы» газеті 2013 жылдан бастап Алматыда базарларды жетілдіру жұмыстары жүріп жатқанын жазып, ондағы өзгерістерге дүркін-дүркін оқырмандар назарын аударып отырған еді. Осы орайда былтыр «Барахолка» аумағындағы заңсыз жұмыс істеп келген және «қызыл сызықта» тұрған 16 базарға бұзу жұмыстары басталып, сүрілген 14 базардың жері босатыла бастаған еді. Жыл бастала салысымен сол жұмыстар қайта жалғасын тауып жатыр.

Сөйтіп, бұзылуға түскен 16 базардың 16,2179 гектар бос жеріне қазірдің өзінде жаңазамандық сауда орталықтарының қаңқалары бой көтеріп үлгерді. Бұл ретте «Керемет» базары орнында жаңа сауда орнының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Одан қалды, «Рахат» базарының «қызыл сызық» үстінде тұрған екі қатар контейнерлері алынып тасталып, бүгінде Солтүстік айналым көшесі бойында кеңейту жұмыстары қарқын алған.

Атап өтетіні, бұл «Рахат» базарындағы бұзылған контейнерлерде сауда жасап келген сатушылар аталған базардың түбіндегі бос орындарға көшірілді. Тіпті, олардың өз болашағына алаңдауына да негіз жоқ. Өйткені, «Рахат» базарының әкімшісі Дидар Серікұлы «Болашақта бұл базардың орнына заманауи сауда орталығы салынады. Онда бүгінгі күні суық контей­нерлерде бүрсеңдеп сауда жасаған жеке кәсіпкерлер жылы, жайлы жағдайда жұмыс істейтін болады» деп сендіре сөйледі.

8999Осылай бұрынғы «жабайы барахолканың» кескін-келбеті қазір көз алдымызда керемет өзгеріске түсіп жатыр. Бұл ретте жоғарыда айтқан 16 базардың орны бүгінгі таңда тазартылып, қазір ол жерлерде жаңадан сауда орталықтарын салу жұмыстары басталып кеткен. Мысалы, ендігі кезекте «Юпитер» және «Жетісу» базарлары сүрілу алдында тұр.

Дегенмен  де «барахолкадағы» базарларды бұзу жұмыстары асқан қиындықтармен жүріп жатқанын айту керек. Өйткені, қайсыбір кәсіпкерлер базардың сүрілуіне, оның ішінде өз контейнерлерін көшіруге келіспей, жалпы жұмыстың жылдам жүруіне кедергі келтіріп жатыр. Мысалы, жоғарыда бұзылған 16 базардың 11-ін күшпен көндіруге мәжбүрлік туындапты. Ал жалпы, «Базарларды жетілдіру» жобасын толыққанды жүзеге асыру үшін барлығы 28 базарды сүріп тастау керек. Олай болса, осыған байланысты әлі де талай дау-дамайлар туындайтыны сезіледі. Осы ретте Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының нормативтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Владимир Яковлев «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында «Бес базардың меншік иелері базарларды сүру туралы шешімге келіспей, сотқа аппеляциялық шағым түсірген. Сөйтіп, қазір осы «Азия», «Саяхат», «Еуразия» және «Батыр» базарлары бойынша сот іс қарауда. Тіпті, қайсыбір базарлар сот шешімінің өзіне қарсы келіп жатыр. Атап айтқанда, өтемақы бойынша бірінші деңгейдегі сот шешіміне Жер қатынастары басқармасы «Жетісу» базары бойынша аппеляциялық арыз-шағым жасады» дейді.

Көріп отырсыздар, қаладағы көптеген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруда көптеген қиындықтар кездесуде. Осы ретте өз болашағына күмәнмен қарап отырған сатушы-кәсіпкерлерді түсінбейміз. Өйткені, жаңа заманға жылдам үйреніп келе жатқан қала халқы болашақта олардың «жа­байы» саудаларына бар­майды ғой. Әрине, жан-жағында заманауи сауда орталықтары жұмыс істеп тұрғанда, баяғыдан қалған «жыртық-жамау» базарды қайтсін. Одан да олар өз кәсіптерін сақтап, жағдай­ларын жақсартуды көздесе, қала билігі ұсынған зама­науи жобадан бас тарт­паулары керек. Негізі, қазір «барахолка» аумағы жылдам өзгеріп жатыр. Оны қазір көрген адам танымайды да. Өйткені, бұрын көлік біткен кептеліспен әзер жылжитын көше бойы кеңейіп, жол үстінен жаяу жүргіншілер өтетін өтпе жолдар салынып, заманауи сауда орталықтары бой түзеп жатыр. Ендеше бұрынғы антисанитариялық жағдайға үйренген сату­шыларға да жаңа заманға үйренетін кез келді деп білеміз!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *