БҮРКІТШІ. КӨКПАРШЫ. САДАҚШЫ

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалін сән-салтанатқа бөледі

Асқар Алатаудың етегінде жатқан «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде екі күнге созылған «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестивалі өз мәресіне жетті. Оған барған да арманда, бармаған да арманда! Үлкен-кіші бірдей қол ұстаса барып серуендеген, демалған тамашаға толы танымдық фестиваль қазақ пен түркі халықтарының бай мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.

 Нұржамал ӘЛІШЕВА

Екі күн ішінде Алматы тұрғындары мен меймандары бүркітшілердің, шабандоздардың, көкпаршылардың, садақ атушылардың шеберліктерін, желдей ескен ат үстінде отырып жерден тиын алғандардың ептілігін де тамашалады.

Қазақстанның жеті дүркін, әлемнің екі дүркін чемпио­ны, Гиннестің рекордтар кітабына екі рет енген Сергей Цырульниковтың басқаруымен көрініс тапқан алыптар шоуына таңдай қағысты. Ал Андрош Бироның жетекші­лі­гімен Мажарстаннан келген меймандар әскери ат ойындарын ұсынды. Башқұртстаннан келген садақшы­лар жаяу және ат үстінде тұрып «Мэргэн уксы» мергендік өнер­лерін көрсетті. Қырғыздың «Салбуурун» командасы бүркіт­пен және тазы итпен аң аулау шеберліктерімен бөлісті.

Қазір бала біткеннің мектептен босап, жазғы демалысқа шыққан уақыты ғой, бәрінен де соларға қызық болды. Фес­тивальдің мақсаты да сол, яғни өскелең ұрпақты тарихи-мәдени мұра жауһарларымен етене танысыру еді.

Мәселен, менің 11 жастағы ұлым бұрын фильмдерден, суреттерден көріп жүрген киіз үйлердің ішіне кіріп, ондағы қазақтың байырғы тұрмыстық заттарымен танысқанына риза болды, қуанды. Бұл орайда шаһардың барлық сегіз ауданы тіккен ақшаңқан киіз үйлердің бірінен бірі өткен әдемі, еңселі болғандығын да айта кетейік. Ұлым далаға, көк шөптің үстіне малдасын құрып жайғасып, тамақ­танғанына риза болды, «жайлауда отырған сияқтымын» деп күлгені де риясыз.

Иә, этнофестивальдегі «Балалар» аймағы күміс те шат-шадыман күлкіге, қуанышқа тұнып тұрды. Олар да үлкендерше бар күштерін  салып  тұрып арқан тартысты, гір көтерді, күресті. Алтыбақан тепті. Биік бөренеге өрмелеп, ұшар басына жеткен шынашақтай балақайларды көргенде таңқалдым. Таңқала тұрып, егемен елдің бола­шағы, епті, намысқой бармақтай ұлдары үшін қуандым. Атқа отырып көріп жатқан балалар да алған әсерлерін айтып тауыса алмауда.

Фестивальде ұлттық тағамдардың түр-түрі ұсынылды. Бауырсақ, салқын көше, тары, жент, құрт-ірімшік дейсіз бе, бәрі бар. Ізімізде жүрген бала-шағамыз балмұздақтарын да ұмытпай, жалап-жұқтап жеп алды. Таза ауада, ашық аспан астында ағзаға бәрі жұғымды, әрі пайдалы.

Фестиваль аясында бірқатар заманауи ұлттық өнер көрмелері ұйымдастырылыпты. Қыз-келіншектердің көздің жауын ұрлаған түрлі әшекей бұйымдарын айтсаңызшы, бәрін сатып алғың келеді-ақ.

«Тұран», «ХасСак» этно-фольклорлық ансамбльдерінің, Түркиядан, Моңғолиядан, Алтай мен Тывадан, Чувашия мен Қырғызстаннан және басқа елдерден келген танымал артистердің өнерін тамашаладық. Гала-концертте өзіміздің «Ұлытау», «Тұран» этнотоптары да Алатау етегін ерекше әуенге бөледі.

Фестиваль аяқталатын екінші күні жаңбыр төкті, одан аспан қайта шайдай ашылды. Түс ауа қайта құйды. Бірақ мерекелік көңіл-күй, алған әсерлер сол қалпында сақта­лып қалды.

Екі күн ішінде 20 мыңнан астам адам келген «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этно-мәдени фестива­ліне әлемнің 18 елінен 140-тан астам өкіл қатысты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *