Бәрінікі жөн, бәрінікі дұрыс

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Өзім секілді жұмыстан қайтқан елдің көптігін троллейбусқа мінгенде білдім. Іште ине шаншар жер жоқ. Бәрінің қабағы қатулы, бәрі де шаршаған. Жолақы төлеу үшін «Оңай» картасын жа­ныңда­ғылардан жалғап жібер­месең, қиын-ақ. Ал ақшалай төлей­тіндердің жағдайы одан бетер: ығы-жығы халықтың арасымен қыстырылып-қым­тырылып келіп, тиын-тебенін жүргізу­шіге өз қолымен береді. Онысы басқаларға деген сенімнің аздығынан болар бәлкім. Сондай бір сәтте орта тұстан:

– Маған билет беріңіз, – деген дауыс саңқ етті. Отыз­дың үстіндегі орыс әйел екен. Кондуктор іле жауап қатып:

– Билетсіз жүре беріңіз, – деді.

Оған көнетін жолаушы көрінбейді, дызақтап тұрып алды. Жүргізуші келіншек терминалдағы қағаздың тау­сылғанын түсіндіріп болған­ша орыс әйел кеше ғана билетсіз баланың автобустан қалай қуылғанын мысал ретінде айтып үлгерді.

– Аялдамаға жетіп ала­йық, сосын беремін! Шы­даңыз!

Негізі, жеке кондукторы болмаса, қоғамдық көлік тізгініндегі адамдардың бір уақытта бәріне үлгермеуін түсінуге болады. Біреу келіп аялдамасын анықтап, екіншісі жолақы ұсынып, үшінші жолаушы қайдағы-жайда­ғыны әңгімелейді. Ал бұның бәрі санаға салмақ түсір­геннен басқа ештеңе әпер­мейді.

…Билеті қолына тиген жолаушының аузы жабылған тұста екінші біреу келіп, жүргізушіге жүз елу теңгесін ұсынды. Ауылдың қазағы екені байқалып тұр.

– Ақша керек емес ма­ған! Тегін жүре беріңдер. Тек қана мені деп мазала­масаңдар болды! – деп кө­лік­тегі «капитанның» талағы тарс айырылды.

Осыдан кейін тыныш­талған троллейбус ішінен «Жүргізушінікі жөн ғой. Алаңдатқанымыздың кесі­рінен апатқа ұрынсақ, қайтер едік?» деген күңкіл естіліп жатты. Ал ақша ұсынған әлгі бауырым «Билет бермей-ақ қойыңыз, бірақ тегін жүрге­нім ұят болады» деді де, үнсіз келіп, жүргізу­шінің алдына дөңге­ленген тиын­дарды тас­тай салды.

Былай қарасаң, бәрінікі дұрыс. Бірақ «Оңайдың» жолында әлі де қиындықтар жатқанға ұқсайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *