БӘРІ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

 

Құсман ШАЛАБАЕВ, Алматы қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі, белгілі кәсіпкер-меценат:

Жер-әлемді дүрліктіріп отырған коронавирус, өкінішке орай, бізге де жетіп, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде төтенше жағдай жариялады. Бұл індеттің алдын алу үшін дер кезінде қабылданған дұрыс шешім.

Алматы да еліміздің ең үлкен мәдени, рухани қаласы болғандықтан, келімді-кетімді адам өте көп болатыны заңдылық. Қазақстанда короновирус жұқтырған 32 адамның 11-і Алматыда тіркеліп отыр. Бұл алаңдатарлық жағдай.

«Сақтансаң, сақтаймын» демекші, бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Президентке және Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға қалада карантин енгізу туралы ұсыныс енгізді. Карантин 19 наурызда түнгі сағат 00.00-де енгізіледі. Басты мақсат – қаланың сыртқы периметрін қатаң бақылауға алу және қала ішінде қатаң карантин режимін енгізу арқылы инфекцияның таралу жолын тоқтату.

Қала әкімі азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын орындардан басқа, ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылатыны айтты.

– Карантин режиміне орай мегаполистің бүкіл тіршілігі жаңа ережелердің талаптарына сәйкес қайта құрылады. Карантин қолайсыздық тудырып, әдеттегі қалыптасқан тіршілік дағдысын бұзуға мәжбүр етеді. Бұған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Карантин біздің ортақ қауіпсіздігіміз, қаланың, жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін енгізіледі, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Иә, біз мұндай шараларға түсіністікпен қарағанымыз, дүрлікпегеніміз жөн. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар желдей есіп жүр. Соларды оқып алатын ағайын өз арасында дүрбелең туғызып жатыр. Мен сіздерден тек ресми орындар берген ақпараттарға құлақ асуды сұраймын. Алып-қашпа әңгімелерге ермейік, неғұрлым сабырлы болайық. Төтенше жағдайда әрбір қала тұрғынының саналы әрекеті мен қоғамдық тәртібі өте маңызды.

Кісі аяғы көп жүретін жерлерге бармаған абзал. Үйде қарапайым тазалық ережелерін сақтап жүрейік, мәселен, сыртқа кіріп-шыққан сайын қолымызды жиі-жиі жуып отырған дұрыс. Бөлмелерді де жиі-жиі желдетіп отыруды ұмытпайық. Бәрі өз қолымызда. Біз бұл қиындықты бірге еңсереміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *