БҰҰ-НЫҢ АФРИКА құрлығындағы өкілі болған

Қарбалас әлемнің қым-қуыт тірлігінде кімнің қайда жүргенін, не істеп жүргенін біліп болмайды. Мұндайда іздегеніңді бір нүктені басып таба қоятын интернет деген білгішің бар. Бірақ іздеген адамымызды одан таппадық. Ол құпия грифі бар халықаралық саясаткер болып шықты. Сол кездегі құпия белгімен оның есімі БҰҰ-ның шаң басқан мұрағатында қалды.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

«Журналистік тергеу»

Іздеген адам оны қашанда табады. Біз кейіпкеріміз туралы мәліметті сонау Сыр бойында жатқан оның бауыры Уәлихан Әуесханұлынан сұрап білдік.

Зерттеуші-ғалым Майкл Шапироның: «Адамды тану үшін өзімен тілдесу шарт емес, оның көзін көргендердің куәлігі де құнды» деген сөзі бар. Осы сөзді мұрат тұтып, өзімізше журналистік зерттеу жүргізуге тырыстық. Оны «Журналистік тергеу» десе де болады.

Бүгінгі заманда кім қай жерде тұратынын өзі шешеді. Отбасына, жеке ісіне байланысты елден қоныс аударып жатқан азаматтарға ешкімнің сын көзбен қарауына құқы жоқ. Бірақ біз әңгіме арқауына алып отырған азамат ол категорияға жатпайды. Себебі, ол сәт сайын қалаған уақытында еркін қозғалыста түнеме­лігін өзгертіп отыратын саясаткер. Осыған қарап, оны көрінбейтін адам десе де болады. Оның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемесі болды. Сондықтан ол туралы күні бүгінге дейін ақпарат құрал­дарында іліп алар ешбір мәлімет жоқ. Алайда, көзін көрген азаматтардың бірқатары белгілі бір дәрежеде сыртта болып жатқан саяси құбы­лыстарға байланысты ой-пікірлерін білдіруді ұзақ уақыт кейінге қалдырып келді. Олардың бәрі оның өз елін сағынышпен еске алып, туған Отанын ұмытпағанын айтумен ғана шектелді.

Бір нәрсе айқын, ол өзінің қызметтік міндеттерін атқарған елдер туралы да өзге ойлы теріс пікірлер білдірген емес. БҰҰ-ның Африка құрлығындағы миссиясымен алып қара құрлықтың жан беріп, жан алысып жатқан күресіне куә бола отырып та, соңына бір жапырақ жазба қалдыр­мады. Ол керек пе еді, әрине, керек еді…

 

Қазақ дипломаты

Әдетте, әлемді жаңаша билеп-төстеу оп-оңай жүзеге асырыла салатын шаруа емес. Мигра­циялық ағындар жойылып кетпейді, керісінше босқындар көбейе түседі. Өйткені, адамдар тамұқтан бас сауғалап қашып, жұмақта тірі қалуға үміттенеді. Мұндайда біреулердің бақыты өзгелер­дің бақытсыздығы мен азабынан тұрмауы тиіс дейтін гуманистер де жойылып кетпейді. Міне, осы түсінік шеңберінде тұтас Африка құрлығында әлемдік бөліс саясатында күрделі ойын ойналды. Ол ойынға халықаралық арбитр ретінде БҰҰ да қатысты. Халықаралық мәртебелі ұйымның құрамында бүгінгі біздің кейіпкеріміз, жерлесіміз – Айдар Қаратабанов сол саяси процеске басынан аяғына дейін қатысты.

Айдар Жұбаниязұлы Қаратабанов кәсіби дипломат. 1952 жылы 18 қаңтарда Алматы қала­сында дүниеге келген. Осындағы №25 мектепті Алтын медальмен бітіріп, Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтын 1974 жылы ағылшын, француз, орыс тілдері аудармашысы мамандығы бойынша бітірген. Одан соң Мәскеуде БҰҰ-ның арнаулы аудармашылар курсының 13-ші шақырылымы бойынша оқып шыққан. Бұл өз кезегінде мемлекет басшыларына ғана қызмет көрсететін арнайы бөлім. Айдар Жұбаниязұлы 1975 жылдан 1979 жылға дейін Женевадағы БҰҰ-ның қызметкері, 1984 жылға дейін КСРО Сыртқы істер министрлігінің аппаратында, 1984 жылдан 2002 жылға дейін БҰҰ-да қызмет атқарады. Осы жылдары БҰҰ-ның Найроби, Намибия, Конго, Оңтүстік Африка елдеріндегі ЮНОН өкілдігінде жауапты қызметтер атқарады.

Француз ғалымы Раймон Арон «елді сыртқа танытатын екі тұлға бар, оның бірі – дипломат, екіншісі – солдат» деген екен. Ол оның екеуінің де рөлін атқарды.

Айдар 2002 жылы ЮНОН-ның Найроби­дағы Конференция қызметі бастығы қызметінен отставкаға кетеді.  Мәскеуде ТНК – ВР қызметінде болып, 2005 жылдан БҰҰ-ның Женевадағы, Венадағы және ОБСЕ ұйымын­дағы ерікті аудармашысы қызметтерін атқа­рады. Саяси дипломатияда домицилий деген ұғым бар. Халықаралық келісім бойынша ол атау жүріп-тұруы ерікті дипломат тұлғаларға ғана беріледі. Айдар Қаратабанов осы атақпен өмірінің соңына дейін қызмет атқарды.

Ұлттың бәрі тең, өз ұлтыңнан ғана жар таңдау шарт емес дейтін кеңестік қоғамның тәрбиесінде өскен Айдардың да көзі өзге ұлттың өкіліне түсті. Бұл енді оның өз өмірі.

Тәжірибелі дипломат 2012 жылы 5 қазанда Австрия астанасы Вена қаласында жүрек талмасынан қапияда қаза тапты. Денесі Мәскеу қаласына жеткізіліп, Хованскі қабірханасына қойылды. Соңында әйелі мен бір қызы қалды.

Оның дипломатиялық миссиясы Африка құрлығындағы өте күрделі кезеңге сәйкес келді. Африка құрлығын отарлау мен Үндістанға баратын тура жолды іздеу бір уақытта басталды. Африка топырағында осы ұзақ жол бойында салынған шекаралық белдеулер уақыт өте келе тәуелсіз маңызы бар тіректерге айналды. Құрлыққа ат ізін салғандар бірден колониялық сауданы, әсіресе, тропикалық Африкадағы құл саудасын дамытудың алғашқы нүктелеріне айналды. Бұл саясатты жас дипломат Айдар Жұбаниязұлы жақсы түсінетін. Бұл елдегі қанды соғыстың негізгі астары қара халық пен отарлаушы­лар­дың арасындағы түсініспеушілік емес, мәселе басқада екенін ол жақсы түсіне білді. Бар мәсе­ле қазбалы байлыққа таласу еді. Өзі қызмет атқарып жүрген елдер Африкадағы көмірсу­тегіне аса бай елдер болатын. Бұл елдер Еуро­паға көмірсутегі өнімін шығаруға ең ыңғайлы стратегиялық аймақта орналасуымен де құнды болатын. Міне, бар мәселе осында жатты.

Атақты Бонапарттың «Кімде-кім шешен сөйлей алмаса, оның мансаптағы жолы болмайды» деген сөзі бар. Әрине, ол оны өз әріптестеріне қарап айтқаны болар. Оған қарағанда Айдар Жұбаниязұлының жолы болған адам.

БҰҰ-ның негізгі тілдері болып саналатын ағылшын, француз, орыс тілдерін білу – бұл сұраныс және талап болатын. Мұндай жағдай болмағанда әлемдік инвестициямен әлемдік биологиямен, әлемдік инновациямен жұмыс істеу мүмкін емес те болатын. Ол сол тұстағы ең жоғарғы биліктегі мемлекет басшылары мен министрлердің келіссөздеріне қатысқаны белгілі еді. Ол протоколдар біздің қолымызға тиген емес, енді тимейтіні де анық. Алайда, оның сол тұстағы Африканың бірқатар бас­шы­ларымен ортақ бір столда отырып, келіссөздерге қатысқаны анық. Олардың арасында Кения президенті Кениатта, Мозам­бик президенті Самора Машелмен, Намибия президенті Сэм Нуйомамен кездесу де болғаны бізге мәлім. Бұл кезде КСРО Намибия мен Кения халқының азаттығы үшін қолдау білдіріп жатқан. Бірақ ол оған бір мемлекеттің емес, БҰҰ-ның өкілі ретінде қатысқан еді. Сондықтан саясатта бұра тартуға болмайтын.

 

БҰҰ Бас хатшысының «Арал апат аймағы туралы» құжатын дайындауға қатысқан

Оңтүстік Африка тез арада әлемнің өндірістік орталықтарының біріне айналды. Қалалар мен темір жолдар салынды, көптеген кәсіпорындар пайда болды және қызмет көрсету саласы дамиды. Айдар Қаратабанов­тың миссиясы ұзақ уақыттар Оңтүстік Афри­ка­да өтті. Миссия басшысымен талай рет Оңтүстік Африка Республикасы президенті Федерико де Клерк арасындағы әңгімеге де қатысты.

1956 жылы африкалықтарға шектеулі сайлау құқығы беріліп, олардың өкілдігі Заң шығару кеңесінде кеңейтілді. 1960 жылы саяси партиялар құруға рұқсат етілді. Д.Кениатта бастаған КАНУ – Кениялық африкандық­тардың ұлттық одағы құрыл­ды. 1964 жылы Кения тәуелсіз республика атанды.

Оңтүстік Африканың батыс жағалауы мен солтүстікке іргелес жатқан Конго бассейнінің отарлық даму процесі құрлықтың оңтүстігінде және Африканың оңтүстік-шығысында болған жағдай­ларға параллель өтті. Бұл жерде британдықтардың отарлауға қатыспауы маңыз­ды рөл атқарды. Бұл басқа держава­лардың – Португалия, Германия, Бельгия, Францияның саяси амбициясын оятты. Міне, осы саясаттың да бел ортасында біздің жерлесіміз Айдар Қаратабанов жүрді.

Конго бассейнінде Еуропа астанасы үшін ашық мемлекет тез дами бастады. Африка халқына қиянат жасау Бельгиялық Конго одағы норма болды, алайда ол наразылық тудырды. 1940 жылдар­дың басынан бастап, Бельгиялық Конгода жаппай жұмысшы қозғалыстары пайда болды. 1956 жылы П.Лумумбаның бас көтеруімен ұлт-азаттық қозға­лысы пайда болды. 1960 жылы Конго тәуелсіз мемлекет болды. Ол 1971 жылдан Заир мемлекеті атанды. 1958 жылы Конго Француз Одағы аясында Конго Республикасы автоном­ды, 1960 жылы Тәуелсіз мемлекетке айналды. Осы саяси текетірестің бел ортасында қазақ дипломатының болғанын қазір біріміз білсек, біріміз білмейміз.

«Саясаткер – бұл ең алдымен, келесі жұмаға дейін аман қалу амалы» дейтін қағида бар. Ал дипломатия – бұл келешек жүзжыл­дықта да аман сақталудың ғаламат өнері. Ол осы өнерді өзіне ұстаным етті.

Адамның өз психологиясына, өз әрекет­теріне, өз қылығына бойлауы зерттегіштік нысаны десе де болады. Айдар Жұбаниязұлы­ның БҰҰ Бас хатшысына «Арал апат аймағы» туралы құжаттар негізін дайындауға қатысып, әлемдік хаттама қабылдауда қолының таңбасы барын да ұмытпа­ғанымыз абзал. Осының өзінен қазақ диплома­тының қоғамдық пікірге ықпал ететін саясаткер болғанын білеміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *