Бұл – жаңалық емес, өмір талабы

Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ, 

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар

академиясының профессоры

 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ла­сында жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу керектігін, таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері түбегейлі өзгеретінін айтса, ал халыққа арнаған Жолдауында «Төртінші өнер­кәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын» табу үшін не істеу қажеттігін айқындаған.

Ол үшін елімізге индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу­дің көшбасшысына айналуы тиіс ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», адами капитал – жаңғыру негізі, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстем­дігі, «Ақылды қала – ақылды ұлт үшін» атты міндеттерді шешуге жұмы­ла кірісудің керектігін атап көрсеткен. Сөз жоқ, бұлар «озық дәстүрлердің табысты жаңғыруының маңызды алғы шарттары».

Шағын инновациялық кәсіпкерлік — табыс көзі

Өндірісті индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу міндеті бірінші орынға қойылғаны «Үдемелі индустриялық даму» мемлекеттік бағдарламасын (2010–2014 ж.ж.) іске асырудың жалғасы болып табылады. Инновациялық даму мен ғылы­ми-техникалық әлеует өзара тығыз байла­нысты. Үндеуде көрсетілгендей, «нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық жетістіктердің негізгі факторлары» болатындықтан, «тиісті заңнама» қабылдануымен қатар, ең басты­сы оның орындалуы актуалды мәселе. Өйткені, дереккөздер көрсеткендей, «ғы­лыми жаңалықтардың өндіріске енгізілуі төмен, технологиялық жаңалықтарды жүзе­ге асыру жетістіктері әлсіз, шағын иннова­циялық кәсіпкерлік өз дәрежесінде дамы­май отыр.

Қазіргі күнде тіркелген 31077 кәсіп­орын­ның 1743-інде ғана инновациялық белсенділігі – 5%; ғылыми зерттеу инсти­тут­тарының материалдық- техникалық жабдықталуы әлсіз. 2016 жылы елімізде ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы 0,17%  құраған (дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 3 пен 4 пайыз аралығында). Оның үстіне ғылымға бөлінетін қаржының қайтарылы­мы қадағаланбайды, қаржыны бөлуде белгілі бір жүйелілік, жоспарлылық жетіс­пейді. Мұндай жауапсыздық қолданыстағы мониторинг жасау жүйесінің тиімсіздігін көрсетеді. Көңілге демеу беретіндігі, еліміздің технопарктерінде табыспен жүзеге асы­рылған жекелеген жобалардың барлығы. Өкінішке қарай, олар шет елге шығарыл­мақ түгілі, отандық нарықты да толтыра алмай отыр.

Елімізде ғылыми зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстармен айна­лысатын мамандардың саны мен сапасы да сын көтермейтін актуалды мәселе. Бүгінде елімізде 383 ғылыми ұйым және оларда 1742 маман-зерттеушілер қызмет ететіндігі белгілі. Салыстыра айтсақ, ғылыми ұйым­дарда Германияда 4 млн.-ға тарта, Жапо­нияда 5 млн. адам еңбек етеді. Америка Құрама Штаттарында 2016 жылы 304 мың­нан астам өнертабысқа патент алынған, яғни күніне 800 өнертабыс тіркелген. Ал Қазақстанда 2016 жылы 1221 табысқа тиісті құжат тіркелген.

Дамыған елдерде өнертапқыштарға, шағын фирмаларға техникалық жаңалық­тарды қаржыландыруға көмек көрсетіледі. Бұл мәселелерді тыңғылықты шешуге ықпал етеді. Грандтық қаржыландырумен шұғылданатын Индустрия және даму, Білім және ғылым министрліктері, Техно­логиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік, сондай-ақ, жергілікті әкімшіліктер мен жоғары оқу орындарының ғылымды бас­қарудағы, ұйымдастырудағы белсенділігіне тікелей байланысты.

Қазақстандық экономиканың иннова­циялық дамуы үшін ғылыми-зерттеу инсти­туттарының материалдық-техникалық базасын заманауи технологиялармен қам­тамасыз етуі қажет. Техника­лық жаңалық­тарды ашуға қажетті қаржы уақытылы бөлі­­ніп, іске асырылуы керек. Ғылыми идеяны коммерцияландыруда, Жолдауда көрсет­кендей, мемлекеттік – жеке серік­тестік мүмкін­діктерін пайдалан­ған абзал. Индус­трияландыру жаңа технологияларды енгізуде анықталған белгіленген бағдарла­маның және оны іске асыруда ашықтық, әкімшілік кедергілерді азайту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, белгілі кәсіпкерлердің оң іс-тәжірибесін жоғары және кәсіби оқу орындарында білім беруде пайдалану, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен кәсіпорын­дар қызметінің ашықтығы, ғалымдарға лайықты жалақы төлеу, жас ғалым­дарды қаржылық, моральдық ынталандыру, инновациялық кәсіпорын­дарды қолдау (салық, субсидия, т.б. жеңіл­діктер жасау) жүйесін қалыптастырғанда ғана оң нәтижелерге қол жеткізіледі.

Еліміздің көлік-логистика инфрақұры­лымының тиімділігін арттыру міндетін іске асыру аса маңызды. Деректерде көрсетіл­гендей, Қазақстанның логистика саласы басқа елдермен салыстырғанда өзгеше ерекшеленеді.

Бұл оң көрсеткіштер тәуелсіздік жылдарында еліміздің төрт құбыласын байланыстыра түгендеген жаңа теміржол тораптарының 2682 шақырымға созылып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомо­биль жолының іске қосылуының нәтижесі деуге болады.

 

Логистика – экономиканың күретамыры

 

Айта кету керек, 2016–2020 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес ұзақтығы 2650 шақырым – «Батыс», 1018 шақырым  – «Шығыс», 1282 шақырым – «Оңтүстік» автомобиль жолдарының іске қосылуы тапсырыс берушінің жүктерін дер кезінде апарумен қатар, тасымалдаушы кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Дүниежүзілік банк өзінің әлемдік сауда логистикасы бойынша есебінде «Қазақстан сауда логистикасы қарқынды түрде дамып келе жатқан мемлекет» деп баға берген. Қазақстан тауар логистикасы жөнінде 35 орынға жеткен.

Логистика – экономиканың күрета­мы­ры. Елімізге жан-жақтан ағылатын тауар­дың түр-түрі межелі жеріне логистика арқылы жеткізіліп отырады. Логистика – тауарды аз шығындармен жеткізіп, мол пайда табу көзі.

Америкалық экономист Р.Баллоу логис­тиканы «жоспарлау, ұйымдастыру және тасымалдау, сақтау, тиеп-түсіру жұ­мыстарының орындалуы арқылы тауардың алғашқы орнынан белгіленген орнына дейінгі қозғалысын ақпараттар арқылы бақылау» десе, сондай-ақ, логистика кез-келген өндіріс орындарының, кәсіпкер­лердің нақты пайда табу үшін өз бетінше анықтаған ең аз шығынды шаралар тізбегі және олардың орындалуын ақпараттар жүйесі арқылы бақылау және басқаруды білдіреді.

Жолдауда көрсетілгендей, «Үлкен деректерді» (Bіg data) пайдалану сапасы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады. Қазақстанның геостратегиялық әлеуетіне және эконо­микада көліктік инфрақұрылым жүйесін құрушы ұлттық көлік-логистикалық опера­торы «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ. 2013 жылдан 2020 жылға дейін жылжымалы құрамды жаңарту және инфрақұрылым нысандарын модернизациялау және жаңадан салуға, технологиялық дамуына жұмсалатын инвестиция көлемі 3,5 трлн. теңгеге ұлғайтылып, өндірісті техникалық кешенді модернизациялау мен жаңарту әлемдік вендорлар Sіemens, HP, Bombardіer, Teltronіc, Tera,  сондай-ақ меншікті Know-how компаниялардың зерттеулері негізінде өндірістік процестерге алдыңғы қатарлы ІT-шешімдерін ендірумен қоса жүргізуде. Жолдауда жалпы ішкі өңірлік қатынас­тарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажеттігі баса  айтылған.

Әрине, күрделі қаржы­ның қайтары­мы болуға тиіс. Өкініштісі, көлік логистика инфрақұрылымына салын­ған инвестиция­лардың ашықтығы­ның болма­уы, әсіресе, жаңадан салынған автомобиль жолдарына кеткен қаржы­лардың қайтары­мы туралы мәліметтердің жоқтығы болып отыр.

Жолдауда көрсетілгендей, «банк иелері экономикалық жауапкершілігіне сәйкес, өз шығындарын өздері жабуы тиіс. Акционерлердің аффилирленген компа­ниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс саналып» жазалануы керек.

Ұлттық Банктің хабарламасы бойынша 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында  «Қазақстанның сыртқы қарызы 167,9 млрд. АҚШ долларын құраған, оның ішінде 13,2 млрд. доллар (7,9%) мемлекеттік секторға, 6,2 млрд. доллар (3,7%) – банктердің сыртқы қарызына, 42,4 млрд. доллар (25.2%) тікелей инвестицияға байланысты емес секторға тиесілі, 106,1 млрд. доллар (63,2%) фирмааралық қарыздар.

2016 жылы елдің сыртқы қарызы ЖІӨ-нен асып кеткені байқалған. Экономикада елдің сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 80%-нан аспауы керек. Егер сыртқы қарыз көрсе­тілген межеден асып кетсе, мемлекеттің төлем балансында шешуді керек ететін келелі мәселелер пайда болады, қарыз алушылар дефолтқа түсіп, бірқатар қарыз алушылар өздерінің сыртқы қарыздарын төлей алмауы мүмкін.

Әрине, мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін «Ұлттық Банк қаржы инсти­туттарының қызметін қатаң қадаға­лап, үкіметпен бірге экономика салала­рындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді  несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешкені» абзал.

«Білім беруді жаңа сапаға көтеру, мектепке дейінгі білім беруден бастап, орта білім беру саласында жаңартылған маз­мұнға көшу, жастарды жаңа техноло­гия­лық өзгерістерге сәйкес дайындау, бұл мақсаттарға жетуде білім беру мекемеле­рінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жекелік капиталды тарту арқылы жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіру» заманауи талаптарға сәйкес келеді.

Әрине, мұндай асыл мақсаттар қазақ тілін жаңа әдістемелер негізінде орыс тілді мектептерде оқыту және латын әліппесіне өту, ағылшын тілін саналы түрде меңгеруге негіз болып табылады.

Мұндағы көңіл аударатын мәселе: «сынға ұшыраған аударма» мәселесін ретке келтіру (ол тіл мамандары мен тіл ғалымдарының ісі десек те), қазақ тілін заманауи талаптарға сәйкес стандарттау, тіл орнықтылығын белгілеу, мұнда тілдік белгілердің сыртқы пішінін дыбыспен және әріппен беріліп, тілдік белгінің мағынасын ашатын жетілген ережелерді қабылдап қана қолдануы қажет.

 

Күн тәртібіндегі шешімі табылуы керек өзекті мәселелер

 

Егер «біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде қажетті үш – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру керек» десек, қазақ тілін басқа­лардың үйренуінің қажеттілігін тудыру маңызды. Ал адамдар­дың руха­ни сұранысы қазақ тіліндегі сапа­лы контент арқылы ғана жүзе­ге асырылады. Ол үшін біріншіден, қазақ тілі өмірлік тәжірибеде ресми-кеңселік тілге нақты ие болуы керек.

Әрине, Жолдауда көрсетіл­гендей «орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытуда және ресми іс жүргізуге қатысты тіл тұрқын жиі қолданылатын сөздерді іріктеген сөздік құрып қазақ тілінің мәтіні­нің сапасын зама­науи, өркениетті қазіргі ақпараттық технология, нанотехнология, цифрлық индус­трия, қоғамның шынайлылығын бейнелейтін дамыған халықаралық деңгейге жақындату» маңызды.

Ең бастысы, неміс философы Гегельдің: «Ана тілін аяққа басқан адам өз ұлтын үш рет өлтіреді», К.Кутскийдің: «Ана тілін ұмыт­қан адам Отанға қауіпті», Ж.Баласа­ғұнның: «Адамға екі нәрсе тірек: бірі – тілі, бірі – діні жүректегі» деген өсиеттерін естен шығармайық.

«Өзінің тарихын, тілін, мәде­ниетін білетін, сондай-ақ, заманы­на лайық, шет тілдерін меңгерген озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандықтардың қатары көп болуына атсалысайық.

Заманауи техноло­гияны меңгеріп, экономикалық дамуға қол жеткізу — ғылымға тікелей байланысты. Ақпараттарда көрсетілген деректе 2016 жылы ғылымды қаржыландыруға 21,2 млрд.теңге (ЖІӨ-нің 0,076%) бөлінген. Дамыған елдерде (Батыс Eуропа, Жапония, АҚШ, Канада) ғылымды қаржыландыру мөлшері ЖІӨ-нің 2-3%-нан кем емес. ЮНЕСКО ақпараты бойынша оның халықаралық орташа деңгейі – 1,7%-ды құрайды.

Ғылымды дамытуға қаржы көлемін ұлғайтып, жоғары оқу орын­дары шет елдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орта­лықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорация­лармен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру аса маңызды.

Дейтұрғанмен, ғылыми жаңа­лық­тарды жариялау мен оны іске асыру әр ел үшін құпия болып қала береді.

Сондықтан өз елімізде ғылымға ерекше көңіл бөлінгені, жастар арасында ғылымға деген құлшы­нысты арттыру, білікті танымал ғалым­дарға жасына қарамай қолдау көрсету, отандық ғылыми мекемелерді және ЖОО-н зама­науи құрал-жабдықтармен қамта­ма­сыз ету, олардың арасында тығыз байланыс орнату, ғылыми жоба­ларға халықаралық сараптама­лардың жасалуы күн тәртібіндегі шешімі табылуы керек өзекті мәселелер.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2015 жылғы жүргізген зерттеулері бойынша, Қазақстан денсаулығы ең мықты деген 145 елдің арасында 111-орында екен. Денсаулық сақтау министрлігінің коллегия­сында өткен жылдың есепті кезе­ңінде халықтың емдеу, тексеру не­месе диагностика сапасына халық­тың көңілінің толмауы бірінші кезекте екені және ол жағдай 69% құрайтыны және жалпы осы тұрғыдан шағымдар еліміз бойынша 7%-ға артқаны туралы айтылған.

Ғылыми деректер бойынша, біздің аймаққа байланысты адам­дар­дың денсаулығына негізгі үш фактор әсер етеді. Бірінші – адам­ның өздерінің ақылға сыймайтын, жөнсіз іс-әрекеттерімен (40 жылдам астам елімізде ядролық сынақ өткізудің зардаптарын қоса) мың­даған жылдарда қалыптасқан табиғат теңдігін жою.

Екіншіден, тұрғындардың 80%-ның денсаулығы әлеуметтік (еңбек­ақы, тұрғын үй, тамақтану, жұмыс­сыздық және т.б.) факторларға байланысты.

Үшінші, тұрғындар денсаулы­ғының 10–15%-ы денсаулықты қор­ғау саласының қызметіне тәуелді.

Сондықтан елімізде халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшіп, басқа да Жолдауда көрсетілген іс-шара­ларды, «халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы заманауи талаптарға сәйкес, қа­был­данатын жаңа Кодекс» негі­зінде, сондай-ақ, әлеуметтік саясат арқылы азаматтарды толық­қанды экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылуына» үміт етеміз.

 

Нарықтық экономика имансыздықтың мүмкіндігін тудырады

 

Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі мен тиімді мемлекеттік басқару мәсе­лелері бір-бірімен астарлы. Есеп комитетінің хабарламасы бойын­ша, 2016 жылы 160 млрд. теңге көлемінде қаржы тәртібін бұзушы­лық анықталған. Жолдауда көрсе­тілгендей, «соңғы 3 жылда жоғары лауазымды шенеу­нік­тер мен мем­лекеттік компания­лардың басшы­ларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сот­талған. Ақпарат көздерін­дегі деректер бойынша, 2017 жылдың тек 10 айында бір мың іс сотқа тапсырылған. Сот шешімімен 11 млрд. теңге мемлекетке қайта­рыл­ған. Ең сорақысы, «коррупция» ауруына шалдыққандар үкімет басшылары, министрлер, ұлттық компаниялар басшылары және мемлекеттік басқарудың барлық салаларында кездеседі. Мұның бәрі аға ұрпақ өкілдеріне жататын, біздер үшін, сондай-ақ, есті адам­ның өзі үшін ғана емес, өскелең ұрпақ үшін де үлкен қасірет.

Ел Президенті осыдан біраз жыл бұрын «құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу, заңдарымызды ізгілендіріп, олар­дың сапасын арттыру, құқық қорғау жүйесінің қызметінде ішкі ведом­стволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстыру, парла­менттік және қоғамдық қатал бақы­­лауды қамтамасыз ету» жұмыс­тарын шұғыл іске асыруға тапсырма берген болатын.

Ұлттық экономиканың бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» атты бағдарлама да қабылданып, қолға алынды. Қалай дегенмен, халық кімнің кім екенін, оның тындырып жүрген ісін әрдайым байқап отырады, атқарған ісіне, адами қасиеттеріне, азаматтық көзқарасына қарап бағалайды, құрметтейді. Бүгінде қасиетті қазақ жерінде дүниеге келіп, өсіп-өніп, білім алып, тапсырылған қызметін өзінің жеке басының баюына пайдаланып, теріс жолмен байыған базбір «азаматтардың» шет ел асып жатқандары белгілі.

Биліктің басты парызы — тұлға мен мемлекет жарастығын қамтамасыз ету

 

Мемлекеттік басқарудың тиім­ді­лігін арттыру барысында Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шараларды дайындау, мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдар­дың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жедел­дету әкімшілік шығындарды азайту үшін бір орынға қарайтын қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше бірікті­ру, өңірлердегі мемлекеттік қызмет­тің тиімділік әлеуетін олардың экономикалық дербестігі мен жауапкершілігін арттыру арқылы мейлінше толық ашатын шешім­дерін іске асыру экономикалық жаңғырудың ең басты негізі десек, артық емес.

Мемлекеттік басқаруда терең талдау мен зерттеу негізінде қабылданған шешімдер мен нақты тапсырмалардың шы­найы белгілен­ген мерзімде орында­луы Ахмет Байтұрсыновтың «мойын­даған борышты білім – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық іс» дегеніне саяды. Түйіндеп айтсақ, тұлға мен мемлекет жарастығын қам­тамасыз ету биліктің негізгі қыз­меті ғана емес басты парызы да.

Тәуелсіздіктің басты құндылық екенін түсінетін мезгіл жетті, осыған мемлекетшілдік пен дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды қосып, азат елдің жарқын келбетін жасауды жүйелей отырып, Елбасымыз айтқан­­дай: «Тәуелсіздікті ай сайын, апта сайын, сағат сайын, сәт сайын қорғап күшейте беру керек» емес пе?

Елім, жерім, ұлтым деген әрбір азамат өзге елдермен, шет мемле­кеттермен бәсекеге түсер қазіргі кезеңде, дегдарлық қасиетті оятып, қуаттау, қанағаттандыру секілді іс-әрекеттермен өз басына, жақында­рына қоршаған ортасына, Отанына адал қызмет жасауы абзал.

Сөз жоқ, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес, азамат­тардың конституциялық құқықта­рына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру, сот пен құқық қорғау жүйелерін институ­ционалды тұрғыдан өзгерту жұмыс­тарының жүзеге асырылуының жалғасуы көңілге демеу.

Ұлт жанашары М.Шоқайдың: «…ұлтты құтқару күресі сыртқы жауды жеңіп, туған жерін азат етумен ғана шектелмейді. Ұлтты көтеру көбіне-көп ішкі рефор­маларға байланысты болатында, реформаның қарқыны да ұлттың бойындағы дерт-дербездің қандай­лы­лығына тәуелді еді. Мемлекетті қасіретке душар еткен дерт-дер­безден құтқаруға белді бекем бел байлаған адам кез-келген кедергіні жеңуге алға қойған мақсатқа қарай батыл қадамдар жасауға тиіс. Ұлт үшін азаттық пен тәуелсіздіктен артық тағы қандай қасиетті нәрсе болмақ?» деген сөзі бүгінгі күнге сәйкес келеді.

Тарих көрсеткендей, саяси элита ұлт мүддесін ойлай, қорғай білген қоғамның даму жолы айқын әрі сапалы болмақ. Егер де билік ұлт мүддесімен сәйкес келсе, онда саяси жүйенің қызметі де оң нәтиже береді.

Американдық әлеуметтанушы Эльвин Таффлер «билік – үш негіз­гі қайнар көзге негізделеді, яғни күшке, байлыққа және білімге. Алғашқысы – ең әлсіз билік, екін­шісі – орта деңгейде, ал білімге негізделген билік қана баянды және алдыңғы екеуіне жүргізетін пәрмені де күшті» дегенін, сондай-ақ, ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек: тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген өсиетін есте сақтап, қорыта айтқанда, қадірлі ағайын, бәріміз елімізде «тәрбиелеу және өскелең ұрпақ бойына «Мәң­гілік ел» идеясы негізінде ортақ құндылықтар саналатын азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, ғұламалық және білімпаздық культін «зайырлы ел – толерантты ел» идеологиясын қалыптастырып, Жолдауда көрсетілген игі шаралар­ды іске асыруға бір кісідей атсалы­сайық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *