Бұл ел кезінде Кеңес Одағына қосылмақ болған

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Хрущевтің кекесінді  әзілі

Кешегі  социализм заманында  Болгария  КСРО-ға ең жақын және туыстас ел саналатын. Бұл екеуінің қатынасын  социалистік  мемлекеттер  ынтымақтасты­ғының үлгісі етіп көрсететін. Шет елге қыдырғысы келетін  кеңес адамдары  туристік жолдамамен  Софияны тамашалап қайтып,  Қара  теңіздің  болгар жағалауындағы курорттарға барып демалатын. Орыс жұртының болгарларды жақын тартқаны соншалықты, әзілдеп болса да: «Курица не птица, а Болгария не заграница» деп айтатын.

Мұндай жақындықтың сырын  біреулер  1877-1878 ж.ж. орыс-түрік соғысының нәтижесінде  болгарлардың  осман империясынан тәуелсіздік алуынан десе, екінші біреулер тілі, діні және салт-дәстүрі жөнінен  Болгарияның  Кеңес Одағына ұқсастығынан көреді.

Кейінгі кезде  белгілі болған деректерге  қарағанда,  Болгария тарапынан  КСРО құрамына 16 республика болып  ену жөнінде ұсыныс болған көрінеді. (Бұл жайында тарих ғылымдарының докторы Т.В.Волокитинаның «Болгария-16-я республика СССР: замыслы и действитель­ность. 1960-е годы» деген мақаласында кеңінен жазылған. Қараңыз: «Новая и новейшая история», 2012, № 6).

Архивтік құжаттар айғақтайтындай,  1963 жылғы шілдеде  СЭВ (Экономикалық  өзара көмек кеңесінің) кезекті отырысында  болгар басшылығы  КСРО мен Болгарияның  саяси және экономикалық жағынан  ұштасып, бірігуі жөнінде  мәселе көтерген. Алайда,  мұндай ұсынысқа   Кеңес Одағының  басшысы  Никита  Хрущев: «ә-ә, болгарлық қу достар, біздің есебімізден шошқаның жылы-жұмсағына тойғыларың келген екен», – деп кекесінді әзілмен жауап қатып, сол тұста орта есеппен  жылына болгарлықтардың  35 кг., ал  кеңес адамдарының 45 кг.  ет тұтынатынын мысалға  келтірген.

Соған қарамастан  БКП ОК (Болгария Коммунистік партиясы орталық комитетінің)  бірінші хатшысы Тодор Живков еліне оралған бойда  шұғыл ОК  пленумын шақырып,   СОКП  ОК  (Кеңес Одағы коммунистік партиясы орталық комитетіне)  және  кеңес үкіметіне  келешекте саяси тұрғыдан бірігу мақсатымен  кеңес және болгар  экономикасын ұштастыру жайында үндеу  хат дайындатқан. Пленумда сөйлеген сөзінде ол: «қытайлық және румындық жолдастар егемендікті  сақтауды жақтайды. Ал халыққа керегі  –  қарнының тоқ, көйлегінің  көк болғаны. Олар үшін  бақыт та бақуат өмір сүру – еге­мендік. Біз формаға емес, халыққа қызмет етуге тиіспіз, – дегенді айтып, –  Бастапқы кезде бәлкім, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанынан  эконо­микамызды біртіндеп үйлестіріп, болашақта ұштастыруға жеткізетін сектор не бөлім ашу  қажет шығар», – деген ұсыныс  жасаған.

Кейбір сарапшы мамандар: «БКП партиясы да СОКП-ның 1961 жылғы коммунизм құрылысшыларының ХХІІ съезінде қабылдаған Бағдарламасына еліктеп, социалистік құрылысты желдетіп,  алдағы жиырма жылда  коммунизм қоғамын орнатпақ болған. Бірақ та ондай биік мақсатқа  материалдық ресурстардың  жетіспеуі, қаржы-қаражаттың тапшылығы қолбайлау болған. Мұндай  қиындықтан Болгария  КСРО-ға арқа сүйеп, соның көмегімен шығуды көздеген», – деседі. Бұған қоса, Болгарияның  батыстағы капиталистік  елдерге қарызы көбейіп, 1958 жылы  20,8 млн. доллардан – 1960 жылға қарай 120 млн. долларға жеткенін  айтады .

Мұндай пікірдің жаны бар. Сол кезеңде  Болгария үкі­метінің төрағасы  Станко Тодоров  Мәскеуге келіп, кеңес­тік басшылықтан бесжылдық жопарды орындауға  300 млн. сомға қосымша тағы да 400 млн. сом сұрағанда  Хрущев: «қымбатты  Тодоров жолдас бұл тым көп қой?», – деп қарсылық білдіргенде, Анастас Микоян: «қымбатты Тодоров бізді  алтыннан да артық  шығынға батырмақ қой!», – деп мысқылдапты. Дегенмен, екі жақты  келіссөз қорытындысында  бауырлас ел Болгарияның меселін қайтармау үшін алғаш уәде етілген 300 млн.  сом көлемінде несие беру және ірі кәсіпорындарды, оның ішінде  электр қондырғыларын шығаратын үш зауыт  салуға көмек көрсету жөнінде шешім қабылданған.

Жалпы, құжаттық деректерден аңғаратынымыз, 50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың басында  Кеңес Одағы басшылығының  СЭВ-ке мүше елдердің алдымен экономикасын, сонан соң саясатын біртіндеп ұштастырып, қазіргі Еуроодақтың үлгісіндей ортақ социалистік жүйемен жұмыс істейтін одақ  қалыптастыру, оны басқаратын жоғарғы орган құру жобасы болған  тәрізді. «Іздегенге сұраған» дейтіндей,  Болгария мен КСРО-ның бірігуі осы мақсатты жүзеге асырудың айқын үлгісі болатын еді.

Дегенмен, сол тұстағы  халықаралық жағдай: Кариб дағдарысы, Блокқа қосылмайтын   елдер қозғалысының күшеюі, КСРО-ның Африка сияқты «үшінші әлем» елдеріне айтарлықтай ықпалының болмауы, халықаралық коммунистік қозғалыстағы жетекші рөлінің  төмендеуі, Югославия, Албания, Солтүстік Корея, Қытай және Румыния социалистік мемлекеттерімен арада кейбір келіспеушілік-қайшылықтардың  туындауы, Кеңес Одағының өзінде экономиканың дамуы бәсеңдеп, кейбір азық-түлік түрлері тапшылығы мен жетіспеушілік ондай жоспар-жобаны болдыруға мүмкіндік бермеген сыңайлы.

Сонда да болгар үкіметі кері шегініп,  кеңес елімен интеграциялану идеясынан  бас тарта қоймаған. Олай дейтініміз, Тодор Живков 1969 жылы  16 маусымда  Мәскеу түбіндегі  Жұлдызды қалашыққа  келіп тамашалағанда: «Болгария  Кеңес Одағына 16-республика болып қосылуды қалайды. Бірақ та кебіреулер  бұған қазіргі халықаралық жағдайды көлденең тартып, мақұл көрмейді», –  деп өздерінің   ниет-тілегін тағы да еске салған.

Әділін айту керек. Кеңес Одағы  Болгарияны қалауы мен сұрауына қарай өзінің құрамына қосып алмағанымен  оған әркез ең бір сенімді әріптес, туыстас республика  ретінде  ішкі және сыртқы саясатта, сауда-экономикалық қатынаста барынша  қолдау көрсетіп, көмек қолын созып отырды.

Мысалы, Ұлыбритания қолдауына арқа сүйеген Греция Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі басқыншылық  ісі үшін Болгариядан  1 млрд. доллар өтемақы талап еткенде  ол сома  КСРО-ның араласуымен 70 млн. долларға төмендетіліп, оны сегіз жыл ішінде  қайтаруға мұрсат берілді.

Осы сияқты,  Болгарияға электр энергиясы, мұнай және болат қорытпасы   анағұрлым  аразан бағаға  сатылып, оның қайтарымына әлемдік бәсекеге төтеп  бере алмайтын  сапасы төмен  азық-түлік  тауарлары – көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері алынып отырды.

Арада  он жыл өткеннен кейін 1973 жылдың шілдесінде  БКП ОК кезекті пленумында  кеңестік әріптестерін хабардар етпей  ортақ организмнің бір мүшесіне айналуды мақсат етіп, Кеңес Одағына қосылуды  тағы да күн тәртібіне қойылды.  Пленумда  көпшілік дауыспен: «Болгар Халық Республикасында  кемелденген социализм  құру кезеңіндегі  КСРО-мен  ынтымақтастықты жан-жақты дамытудың негізгі бағыттары» деген құжат қабылданып, онда кеңес елімен барлық салада: экономикада, саясатта, мәдениетте, әскери-қорғаныстық мәселелерде терең де тығыз интеграцияланудың  қағидаттары белгіленді.

 

Леонид Брежнев пен Тодор Живков

Өкінішке қарай,  СОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы  Л.И.Брежневтің  басшылығындағы  Кеңес Одағы  Болгария Компартиясының ұсынысына  бұл жолы да ыңғай  білдіріп, мақұлдау танытпады. Саясаттанушы­лардың пайымдауларынша  Кеңес Одағы мұнда: халықаралық ахуалды,  болгар жерімен ортақ шекараның жоқтығын, сондай-ақ, Югославия, Түркия және Грекия елдерімен енді-енді жақсартып келе жатқан қатынасты,  мұндай  әрекетке олардың қарсы болатынын ескерген. Оның үстіне  кеңестік экономист мамандар болгар елінің 16-республика болып қосылуы экономикалық жағынан Болгарияның өзіне ғана тиімді болып, ал Кеңес Одағына пайдасынан гөрі зияны  мен ауыртпалығы көбірек болатынын  есептеген.

Базбір тарихшы зерттеушілер «болгар коммунистерінің көшбасшысы Тодор Живков  Кеңес Одағына қосылу арқылы  өзінің билік басында ұзақ отыруын сақтап қалғысы келген» деп болжайды.

Десек те,  Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақ­тастық  кеңесінің  1975 жылы өткен конференциясында  КСРО, БХР және басқа да социалистік мемлекеттер арасында қалыптасқан шекараларды мойындап, бекіту  туралы  құжаттың қабылдануымен, Болгарияның КСРО-ға  қосылу мәселесіне  біржолата нүкте қойылды.

Живков  Горбачевтің  «қайта құру» саясатын қолдамады

Коммунизм  идеясына қалтқысыз берілген  Тодор Христов Живков Болгария мемлекетін ұзақ уақыт  35 жыл  (1954–1989 ж.ж.) басқарған  саяси қайраткер, айтулы тұлға. Ол 1911 жылы  Софияға жақын маңдағы Правец селосында  шаруа отбасында дүниеге  келген.  17 жасынан  коммунистік жастар ұйымына кіріп, көп өтпей компартияға мүшелікке өткен. Саяси әрекеті үшін  патшалық жасырын полицияның  күдігіне ілініп, бақылау мен қудалауға ұшыраған.

Екінші дүниежүзілік соғыс жыларында антифашистік  қозғалыста белсенділік көрсетіп,  1944 жылы  Болгария жеріне кеңес әскерлері кірген тұста БКП басшылығымен қарулы төңкеріс жасап,  Константин Муравиев үкіметін  құлатуға қатысқан.  1948 жылы  БКП ОК мүшелігіне қабылданып, келесі жылына  ел астанасы Софияның   кмэті (мэрі) болып сайланған. Осылайша небәрі 37 жастағы  оның басшылық қызметтегі өрлеуі  басталған.

1954 жылы болгар коммунистері  Вылко Червенковты  «Сталин сияқты  жеке басқа табынушылыққа жол берді» деген айыппен босатып, оның орнына  бірінші хатшылыққа  Тодор Живковты  сайлады.

Кейбіреулер  Т.Живковты «Кеңес Одағының  ықпалымен жұмыс істеді, оны басқарған  Никита Хрущевтің және Леонид Брежневтің  айтқанынан шықпады» деп кінәлағанымен, кей мәселеде оның  принципшілдік танытқаны  анық. Мәселен,  басқа социалистік  ел басшылары бас шұлғып,  мақұлдап жатқанда Живков Куба аралына КСРО зымырандарының апарып орнатылуына  қарсы болған.

Дейтұрғанмен, Живковтың басшылық қызметте өмірі  бұлтсыз ашық күндегідей, жаумашуақ және  қауіп-қатерсіз өтті  деуге болмайды. 1965 жылы  болгарлық сталиншілдер оны орнынан тайдырып,  Қытайдағыдай  Мао бағытындағы  қоғам орнатуға әрекет жасады. Бірақ та  ұлттық қауіпсіздік  қызметі ондай төңкеріс әрекетін  дер кезінде байқап, ауыздықтап үлгерді. Экономикалық кіріптарлықтан ба екен, әйтеуір Живков  болгар әскерлерінің 1956 жылы Венгрияға, 1968 жылы Чехословакияға кіргізілуіне қарсылық білдіре алмады.

Енді біреулер  Живковты  елді жаппай болгарландыру, түрік сияқты аз ұлттарды ассимиляциялау амал-әрекеті  үшін қатты айыптайды. Сондай саясаттың салдарынан 1989 жылы  түрік ұлты өкілдерінің  Түркияға  үдере көшіп,  қоныс аударғанын  алға тартып, мысалға келтіреді.

Румыния президенті Николае Чаушеску секілді  Живков та  «қайта құру» саясатын қолдамағаны үшін  Михаил Горбачевтің қырына ілігіп, КСРО-ның  Болгарияға экономикалық көмегі сап тыйылған. Осыған  байланысты   ол басқа социалистік елдермен қатынасты жандандыруға ұмтылып, социализм құрудың қытайлық үлгісіне ден қойып,  тіпті Жапония және Федеративтік Германиямен  байланыс  орнатып, сауда-саттық жасасуға  әрекет еткен. Социализм қайта қалыптап, жандандыру мақсатында өзінің ең бір сенімді серіктері Огнян Дойнов пен  Стоян Марков  «қытайлық моделді»  жан-жақты зерттеп, тұжырым жасауға  тапсырма берген.

Билікте ешкім мәңгілік отыра алмайды. Уақыты келгендей 1989 жылдың  10 қарашасында  Тодор Живков ешбір қантөгіссіз  қызметінен алынды.  13 желтоқсанда шақырылған  БКП ОК пленумында оған бірнеше айыптар тағылып,  партия қатарынан шығарылды. 1990 жылы  қылмыстық жауапкершілікке тартылды,  бірақ та жасының егделігі және денсаулығы  ескеріліп, жазасын ұйқамақта өткізу туралы үкім шығарылды.

Артынан ел экономикалық  дағдарысты бастан кешіп, тұйыққа тірелген тұста Тодор Живковтың заманын аңсаушылар  көбейіп, солардың ықпалымен 1996 жылы Болгария Жоғарғы соты оны толықтай ақтады. 1998 жылы 5 тамызды 87 жасында өкпе қабынуынан қайтыс болып, Софиядағы орталық зиратқа жерленді.

Бүгінде  Болгария тұрғындарының 51 пайызы  «Тодор Живков басшылық еткен  социализм тұсында жақсы тұрмыс кештік»  деп санайды. Осының айғағындай 2010 жылы  Болгария премьер-министрі Бойко Борисов  теледидар арқылы сөз сөйлеп: «Егер де біз  Тодор Живковтың Болгария үшін жасағандарының жүзден бірін жасай алсақ, мұнымыз  үкімет үшін  үлкен жетістік болар еді. Арада жиырма жыл өтсе де ол атқарған игілікті істерді жұрт әлі жадынан шығармайды. Біз жиырма жыл бойына оның  жасап, тұрғызғандарын  жекешелен­дірумен келеміз», – деп  мойындады.

«Құлан құдыққа құласа құлағына құрбақа үймелейдінің» керіндей,  Живков қызметінен түскен бойда оны сынаушылар мен табалаушылар табылды.  Тіпті біреулер оған: «Болгарияны  бір кезде  Кеңес Одағына қоспақшы болды» деген кінә тақты. Сондайларға  ол: «мен  әлдебір саяси  жандайшаптар мен   журналистердің  мені Болгарияны  КСРО-ға қоспақшы болды деп айыптаған  өсек-аяңын естіп жүрмін. Бұл барып тұрған сандырақ пен қып-қызыл  өтірік. Өйткені, дәстүрлі  орыс-болгар достығы бір бөлек те, Болгарияның  егемендігі мен ұлттық өзгешелігі бір бөлек. Мұның екеуі де мен үшін қасиетті де қастерлі болған», – деп  жауап берді. Өзі-өзі ақтағаны, ақталғаны дұрыс шығар. Әйтсе де, ол «түбінде архивтік құжаттар жарыққа шығып, ақиқатың ашылатынын  білмеген бе?» деген ой келеді.

 

Дамудың даңғыл «нарықтық қатынас» жолында…

Социалистік елдер тараған  90-жылдар  Болгарияға  да ауыр тиді.  Себебі,  СЭВ  шеңберінде  қалыптасқан  өнеркәсіп пен шаруашылықтар арасындағы байланыс үзілді. Шикізат пен ресурстар тапшылығы, тауарлардың, азық-түліктің жетіспеушілігі айқын сезілді. АҚШ пен Еуропа тарапынан Югославия мен Иракқа  салынған санкциялар да  зиян-залалын тигізді. Құнсызданудың шарықтауына байланысты  1999 жылы 5 шілдеде  бұрынғы 1000  лев  = 1 левке теңестірілді. 2002 жылы Еуропалық комиссия Болгарияның нарықтық қатынасқа көшкенін мойындады. Үкіметтің  дұрыс экономикалық реформалар жүргізуінің арқасында өндіріс ілгерілеп, шет елдерден инвестиция  құйыла бастады. 2004 жылға қарай жағдай біршама түзеліп, экономика 1989 жылғы деңгейге қайта көтерілді.

Болгария парламенттік республика. 2004 жылдан НАТО-ның, 2007 жылдан Еуроодақтың мүшесі. Постсоциалистік кезеңде  президенттік қызметті: Пётр Младенов, Желю Желев, Пётр Стоянов, Георгий Пырванов, Росен Плевнелиев атқарды. 90-жылдардың ортасынан беріге дейін социалистер билік құрды. Демократиялық үрдістің арқасында  2001–2005 ж.ж. Болгария үкіметін елдің 1943-1946 ж.ж. ең соңғы патшасы ІІІ Бористің ұлы, тақ мұрагері,  «Екінші Симеон ұлттық қозғалысының»   жетекшісі  ІІ Симеон басқарды.  2009 жылға дейін  социалистік партияның ықпалы жүрді. Осы жылдың  шілдесінде өткен парламенттік сайлауда София мэрі, харизматикалық саясаткер Бойко Борисов басқарған  оппозициялық   оңшыл ГЕРБ партиясы  жеңіске жетіп, үкіметті жасақтауға  мүмкіндік алды. Бұл партияның идеологиясы  – радикалдық либерализм еуропалық даму бағдарын, еуроатлатиклық ынтымақтастықты  қолдайды.

2013 жылы 15 ақпанда электр қуатының қымбаттауына  байланысты елде жаппай наразылық  бой көтерді. Бұған кінәлі ретінде экономика министрі  орнынан босатылды. Бәрібір жағдай оңала қоймады.  Сондықтан да 21 ақпанда  Бойко Борисовтың басшылығында үкімет түгелімен  қызметтерінен  кетуге мәжбүр болды.

2017 жылғы 27 наурызда өткізілген парламенттік сайлауда   тағы да ГЕРБ партиясы  көпшілік  мандатқа ие болып,  Бойко Борисов  премьер-министр болып бекітілді. Сөйтіп, ол  үшінші рет үкімет басына  келді.

Қазіргі таңда Болгарияның ЖІӨ  64,963 млрд. доллар, жан басына шаққанда  9264 доллардан айналады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан  ең төменгі жалақы 560 лев (124 мың теңге), орташа айлық 580 лев (251 мың теңге). Көңілді сәл тоғайтатыны – елдегі инфляция деңгейі  2,4 пайыз шамасында. Мемлекеттің сыртқы қарызы аса көп емес. Экономикалық дамуы Еуроодақ елдерімен салыстыра қарағанда орташадан жоғары. Статистикалық «Eurostat» агенттігі  Болгарияны өмір сүруге қолайлы Еуропадағы  «арзан» елдің бірі санайды.

Мұнда да  табиғи ресуртар – шикізаттың  жетіспеуі  өндірістің дамуына қолбайлау. Сыбайлас  жемқорлықтың күштілігі де реформаның  қарқынды жүруіне кедергі келтіреді. Сырттан инвестицияның  құйылуы да баяу. Жыл өткен сайын жұмыс күшінің  азайып бара жатқаны байқалады.

Сыртқы экономикалық қатынаста Болгария өзіне тиімді жағын көздейді. АҚШ-пен әскери саладағы ынтымақтастықты  дамытып, Ресейден арзан көмірсутегі  отындарын сатып алып отырады. Соңғы мәліметтерге қарағанда,  кейінгі 25 жыл ішінде  Құрама Штаттар тарапынан Болгарияның әскери инфрақұрылымын  дамытуға 300 млн. доллар көмек көрсетілген.

Халқының  84,8 пайызы болгарлар, 8,8 пайызы  түріктер, 4,9 пайызы сығандар, 0,15 пайызы орыстар және 0,03 пайызы украиндар.

Қазақстан мен Болгария арасында  дипломатиялық, сауда-экономикалық қатынас орнатылған. Екі елдің тауар  айналымы 213,1 млн. долларды құрайды. Болгарияға  мұнай  шикізаты жөнелтіліп, ол жақтан медикаменттер, тақтайлар мен панелдер, мебелдік жиһаздар, телефон желісіне қажетті электроаппаратура, электрлік аккумляторлар  сатып алынады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *