«БҰЛ ЭПИДЕМИЯ ЕМЕС, ПАНДЕМИЯ»

Коронавирус инфекциясы қандай індет? Бұл вирустан қорғанудың жолдары бар ма? Әлемдік деңгейде ең өзекті мәселеге айналған коронавирус инфекциясы жайында білмек мақсатта ҚазҰАУ профессоры, Ветеринария ғылымының докторы, ҚР ҰЖҒА академигі Батырбек АЙТЖАНОВТЫ әңгімеге тарттық. 

 

«КОРОНАВИРУС – МУТАЦИЯҒА БЕЙІМ»

–       Батырбек Досхожаұлы, дүйім дүниені дүрліктіріп, дүрбе­леңге салған коронавирус инфекциясы жайында айтып беріңізші.

–       Коронавирустың қоздырғышы – вирус. Табиғатта ауру тудыратын микроорганизмдер өте көп: бактериялар, кокка, бацилла, рикетсия, хламидия, саңырауқұлақ, микоплазма, вирустар деп тізбектеліп кете береді. Бұлардың ішіндегі ең күрделісі – вирустар. Вирус басқа микробтарға қарағанда өте ұсақ. Мәселен, басқа микробтарты микрос­коппен көруге болады. Ал бұл вирустың ұсақтылығы сонша, оны тек электронды микроскоппен ғана қарайсың.

Вирустардың басқа микроорганизмдерден ерекшілігі сол, олар бактериялар өтпейтін арнаулы сүзгілерден де өтіп кетеді. Зертханалардағы қолдан жасалған жасанды қорек­тік орталарда өсіп, дамымайды. Тек тірі торшаларда ғана тіршілік етеді. Тірі немесе құрылымы алдын-ала бұзылып, ұнтақталған ұлпаларда, тауық жұмыртқасының эмбрио­нында ғана өсіп, өне алады. Вирустарды 1842 жылы Д.И.Ива­новский  ашқан болатын. Алғашқыда оларды вирустар, яғни «у» деп атады. Қазір олардың түрі 200-ден асып кетті. Вирусты зерттейтін ғылымды вирусология деп атайды. Вирустар құрамындағы қышқылдың түріне байланысты Рибонуклеинді (РНҚ) және дезоксирибо­нуклеинді (ДНҚ) деп екі топқа бөлінеді. Ал вирустар өз кезегінде ортапоксвирус, герпесвирустар, аденовирустар, парвовирустар, реовирустар, парамиксовирустар, ортомик­совирустар, коронавирустар және т.б. болып бөлініп кете береді.

Вирустар микроорганизмдердің басқа түрлеріне қарағанда күрделілігімен, зардаптылығымен және тез жұққыштығымен ерекшеленеді. Адамзат тарихында адамды өлімге душар еткен жүздеген, мыңдаған, тіпті миллиондаған эпидемиялық, пандемиялық жағдайлар осы вирустардың әсерінен болған. Егер ауру бір елдің ғана едәуір бөлігін қамтыса, оны «эпидемия» дейді. Ал бірнеше елді қамтитын континенттік деңгейге жетсе, оны «панде­мия» дейміз. Жануарлар арасындағы мұндай жағдайды сәйкесінше «эпизоотия» немесе «панзоотия» деп атайды.

Әріге бармай-ақ, соңғы жүз жылдан бергі ғылыми деректер вирустардың миллиондаған адамдардың көзін жойғандығын көрсетеді. Өткен ғасырдың 1918-1919 жылдарында болған «Испанка» пандемиясының негізгі себебі тұмау ауруының (H1N1) штаммы  болды. Салдары­нан ауруға шалдыққан 550 миллион адамның 50 миллионы өлімге душар болды. Кейбір деректерде 100 миллион деп айтылады. Ауру Еуропа мен Азияны асып, тіпті Америкаға дейін жеткен. 1957-1958 жылдардағы Азия тұмауынан (H2N5) 70 мың, 1968-1969 жылдардағы Гонконг тұмауынан (H3N2) 37 мың, 2003-2009 жылдардағы құс тұмауынан (H5N1) 360 адам, 2009-2010 жылдардағы шошқа тұмауынан (H1 N1) 2600 адам өмірмен қош айтысты.

Ал әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясы өте аз зерттелген вирустарға жатады. Оның шыққанына да көп бола қойған жоқ. 1968 жылы жеке топ ретінде пайда болды. Оны коронавирус дейтін себебі, ауру қоздырғышын электронды микроскоппен қарағанда вирустың антигендік құрылымы (нуклеокапсид) ортасы дөңгелектеніп келіп, шет жақтарынан жан- жаққа қарай бұтақ тәрізді өсінділер тарайтындықтан оны коронаға (қазақша тәжге) ұқсатып, коронавирустар деп атап кеткен.

–       Коронавирус инфекциясының белгілері қандай?

–       Коронавирус тудыратын аурумен адамдар ғана емес, ірі қара мал, түйе, шошқа, ит, мысық, және т.б. жануарлар да ауырады. Коронавирустар негізінен тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін көбірек зақымдайды. Ауру көп жағдайда жеңіл өткенімен, олардың кейбір штаммда­рынан күрделі асқынулар пайда болады. Коронавирус мутацияға өте бейім. Бір түрден екінші бір түрге жылдам өзгеріп, алғашқыда жануарларда, соңынан адамдарда, белгілі бір уақыттан кейін қайтадан жануарларда ауру тудырады.

2019-nCov Ухань коронавирусы деп аталатын жаңа коро­навирус алғаш рет 2019 жылы пайда болды. Бастап­қыда онымен балық базарына барған адамдар ауырған деседі. Яғни адамдардың бұл ауруды жануарлардан жұқтырған деген болжам бар. Бірақ қандай жануар екені айтылмайды. Ақпарат құралдарының дерегіне сәйкес, бұл базарда теңіз сүтқоректілерінен бөлек, жарқанат, тауық, қоян, жылан және т.б. сатылған. Сол жануарлардың бірі ауру ошағы болуы мүмкін. Вирус зооноз ретінде жануарлар мен адамдар арасындағы байланыстан немесе көптеген микробтар тәрізді ауалы- тамшылы жолдар арқылы тараған. 2020 жылы 20 ақпанда дәрігерлер вирустың адамнан адамға жұғатынын дәлелдеді.

Негізгі жұғу жолы ауалы-тамшылы, яғни адам жөтел­генде, түшкіргенде, сөйлегенде жұғады. Сирек болса да, жұғудың контактілі түрі де кездеседі. Тыныс алу, ас қорыту және жүйке жүйесінің ішіндегі ең көп зақымда­латыны тыныс алу жүйесі. Бұл аурудың белгілері өкпе қабынуының және жедел респираторлық синдромның  ауыр түрінің белгілеріне ұқсас келеді. Ауырған адамда құрғақ жөтел пайда болады, мұрыннан су ағады, тамағы жыбырлайды, температура 380 С және одан да жоғары көтеріледі. Тыныс алу қиындап, ауа жетпей қалады. Адамның көкірек тұсы мен басы қатты ауырып, бұлшық еттерде ауырсыну белгілері пайда болады (миалгия), әлсіздік белең алып, өкпе ұлпаларының прогрессивті бұзылуы салдарынан адам естен танып, нәтижесінде адам өліп кетуі де мүмкін.

–       Бір сөзіңізде коронавирустар тұқымдасы 40 түрлі вирус­тан тұрады деп қалдыңыз. Мұнымен не айтқыңыз келіп еді?

–       Өткен ғасырда тіркелген коронавирустар жедел респираторлық вирустық инфекциялардың қоздырғышы ғана болып, аса қауіптілік тудыра қоймаған болатын. 2003 жылы коронавирустың ТОРС-СоV деген түрі әлемнің 33 елінде пневмонияның (өкпе қабынуының) кәдімгі пневмонияға тән емес түрін таратып, одан 623 адам көз жұмды. Ғалымдар Уханьдағы 2019-nCoV коронавирусы мен өкпе қабынуының өте ауыр түрін қоздыратын ТОРС-СоV коронавирусының бір-біріне 70 пайыз ұқсас екендігін анықтап отыр.

Коронавирустың МЕРС-СоV деген түрі 2012 жылы Сауд Арабиясында індеттің өте ауыр респираторлы синдромын тудырып, одан 416 адам көз жұмды. Бұл ауруға шалдыққан адамдардың 35 пайызы болатын. Ауру түйеден жұққан. Қазіргі жаңа коронавирусты  ғалымдар 2002 жылы Қытайда өкпе қабынуының өте ауыр, кәдімгі өкпе қабынуына ұқсамайтын түрінен эпидемия тудырған SARS коронавирусына ұқсатады. 2020 жылдың 3 ақпа­нындағы мәлімет бойынша, Қытайда 17 000 адам коро­навирусқа шалдығып, одан 362 адам көз жұмған екен. Сонымен бірге, аталған індет Қытайдан өзге Гонконг, Макао, Тайвань, Австралия, Вьетнам, Канада, Малайзия, Непал, Сингапур, АҚШ, Тайланд, Оңтүстік Корея, Жапония, Шри- Ланка, Алмания, Франция және басқа да елдерге  тарап үлгерді.

Аурудың біліне қоймайтын инкубация кезеңі өте қысқа 6-14 күн аралығында. Ал ауру адамнан адамға жұғатын, болса тіптен қысқа, 5-6 күннен ары аспайды. Мұндай қысқа мерзімде аурудың белгілері толық пайда болып үлгермейтіндіктен, аталған індетті анықтау (диагноз қою) өте көп қиындықтар тудырады. Диагноз уақытылы анықталмағандықтан, емдеу шаралары да кеш басталып, көп жағдайда нәтижесіз аяқталады. Коронавирусты індеттің клиникалық белгілері жедел респираторлық вирусты аурулардың белгілеріне өте ұқсас келетіндіктен, дұрыс диагноз қоюға мүмкіндік бермейді.

Иммунодиагностикалық зерттеу әдістері арқылы нақты диагнозды ауруды жұқтырғаннан кейін 21 күннен соң ғана қоюға болады. Иммуноферментті талдау (ИФА) арқылы диагноз қою ауру пайда болғаннан кейінгі 10 күннің ішінде қоюға мүмкіншілік туады. Ең нәтижелі әрі жылдам диагноз қою әдісіне молекулярлық-генетикалық құбылысқа негізделген полимеразады тізбекті реакцияны (ПЦР) жатқызамыз. Оған сынама ретінде қанды, сілекейді және басқа да физиологиялық сұйықтықтар қолданады. Бұл әдіс арқылы қорытындыны 4-5 сағат, әрі кеткенде 1 күннің ішінде алады. Аталған әдіс ДНК фрагменттерінің ең аз мөлшерінің өзін көбейтуге мүмкіншілік туғызады. Бірақ бұл әдіс арқылы диагноз қою қымбатқа түседі.

 

«МҰНДАЙ АУРУДЫ ЗЕРТТЕУГЕ ҚАУҚАРЛЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЕКІ МЕКЕМЕ БАР»

– Батырбек Досхожаұлы, бұл індеттен қорғанудың қарапайым әдістері бар ма?

– Емдеу әдістеріне келетін болсақ, жаңа корона­вирусқа тікелей қарсы әсер ететін препарат әлі алынған жоқ. Бүкіл­әлемдік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) протоколы бойынша науқас толық оқшауланады да, аурудың ауыр-жеңілдігіне, індетті құбылыстың өту ерекшелігіне байланысты жалпы вирусқа қарсы емдік шаралары жүргізіледі. Кейбір мәліметтерге қарағанда вирусқа қарсы әсер ететін Рибавирин, Интерферон, Интерферонның индукторларын береді. Аурудың симптомдарын жою үшін симптоматикалық емдеу әдістері қолданылады.

Індеттен қорғанудың қарапайым әдістеріне мыналар жатады: қолды сабындап жуу, соңынан спиртпен сүрту, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды орамал­мен жауып тұру, тұмау және суық тию белгісі бар адамдар­мен көп араласа бермеу жолдарын қарастыру, жұмыртқа және ет өнімдерін қайнатқаннан кейін қолдану, үй жануарлары мен жабайы аңдарға көп жақындай бермеу және т.б.

Қазіргі таңда коронавирус індетінің алдын алу үшін қолданылатын вакцина жоқ. Қытай ғалымдары вакцина алу жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Олар індет қоздырғышын бөліп алғанымен, вакцина жасауға қажетті штаммды әлі толық анықтай алмай отыр. Бұл өте ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Алған күннің өзінде жаңа препаратты клиникалық сынақтан өткізуге кем дегенде 2-3 жыл кетуі мүмкін.

Ендігі бір деректерде Қытай ғалымдарының вакцина әзірлеп қойғаны және оны сынақтан өткізуді 16 аптадан кейін бастайтындары туралы айтылады. Әрсаққа бір жүгіртіп, шынайы ақпарат беруден жалтара беретін сияқты. Дегенмен, Қытай билігі мәселенің өзекті екенін ескеріп, коронавируспен күресуге Хубэй провинциясының өзіне 144 млн. доллар бөлген. Белгілі болғандай, аталған індеттің жаңа штаммының таралып кетуін болдырмау мақсатында қосымша 60,33 млрд. юан немесе 8,74 млрд. АҚШ долларын бөлген. Сонымен қатар, эпидемияның эпицентрі Ухань қаласында мың орындық емхана құрылысын бастап, оны небәрі 10 күннің ішінде бітіруді қолға алды. Кейбір ақпарат көздері аталған жағдайдың саяси, экономикалық, әлеуметтік, коммерциялық, тіптен биотеррористік астары барын тілге тиек етеді. Кейбіреулері бұл эпидемияны Ухань вирусологиялық ғылыми-зерттеу институты «биологиялық қару» ретінде әдейі қолдан жасаған десе, ал енді біреулері институт қызметкерлерінің тәжірибесіздігінен абайсызда сыртқа тарап кеткен дейді. Институт зертханасынан биоло­гиялық қауіпсіздігі өте жоғары 4-деңгейлі, мұндай деңгейдегі зертханалар әлемде өте аз. Ал Қытайда ол біреу ғана. Ашылғанына небәрі екі-ақ жыл болған. Бұл институт «Эбола вирусы» сияқты зардаптылығы өте жоғары вирустармен тәжірибе жасап, оны жылан, жарқанат және т.б. жануарларға пайдаланған.

Ендігі бір ақпарат көзі Қытайдағы ірі компаниялардың акциясының қомақты бөлігі еуропалықтар мен америка­лықтардың қолында екендігін айтып, елдегі коронавирус эпидемиясына байланысты олар өз акциясын өте төмен бағаға сатып кетіп жатқандығын, соның салдарынан Қытай экономикасы санаулы күннің ішінде кем дегенде 20 млрд. АҚШ  доллары мөлшерінде қомақты қаражат құйылғанын айтады.

–       Біздің елімізде жағдай бақылауға алынды. Алматы­да коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ.

–       Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тиісті министрліктер мен ведомстволарға коронавирустың Қазақстанға өтіп кетпеуін болдырмау жөніндегі тапсыр­маларына сәйкес, Үкімет басшымыз А.Мамин үкімет мүшелерімен Қазақстан тұрғындарын аталған індеттен қорғау жөнінде кеңес өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді. Онда еліміздің Қытаймен шекаралас шекара бекеттерінде, сонымен бірге автомобиль, теміржол және әуе жолдары объектілерінде санитарлық-эпидемиологиялық және миграциялық бақылауды күшейтуге баса назар аударылды. Бұдан өзге, Қытайдан келген жолаушыларға медициналық бақылау жүргізу, эпидемия бола қалған жағдайда медици­на­лық мекемелердің дайындығын қамтамасыз ету, елімізден Қытай Халық Республикасына іссапарға шығушы­ларға шектеу қою, екі ел арасындағы 72 сағаттық визасыз рәсімді уақытша тоқтату, шекара бекеттеріндегі жұмыстарды уақытша шектеу сынды мәселелер тілге тиек етілді. Сондай-ақ, қажет бола қалған жағдайда Қытайдағы отандастарымызды эвакуациялау жұмыстарын қамтама­сыз ету, екі ел арасында ведомствоаралық  комиссия құрып, онда коронавирустың Қазақстанға таралып кетпеуін болдырмауға арналған жоспар әзірлеу және осы жағдайға байланысты басқада маңызды мәселелер қаралды. Айтылған шараларды орындауға 1,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды.

Жаңа вирустың адамнан адамға,  жануар, құс, жылан­дардан және олардың өнімдерінен адамға жұғатынын ескеріп, коронавирустың елімізге өтіп, таралып кетпеуіне бағытталған барлық шаралар медицина және ветеринария мамандарының кешенді түрдегі бірлестігінің негізінде атқарылуы тиіс.

Негізінде жұғымталдылығы өте жоғары коронавирус тәрізді індетті  аурумен күресудегі ең негізгі шара – аурудың алдын алу үшін организмді вакциналық препараттардың  көмегімен иммундеу болып табылады. Бұл ретте қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар.

–       Біздің елімізде коронавирус сынды инфекцияларды зерттейтін мекемелер бар ма?

–       Зардаптылығы өте жоғары, әлі толық зерттеле қоймаған, бұрын-соңды тіркелмеген коронавирус тәрізді экзотикалық ауруларды биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары зертханалық орталықтар мен институттар ғана зерттей алады. Қазақстанда ондай екі мекеме бар. Бірі – Отардағы биологиялық қауіпсіздік проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институты,  екіншісі – Алматыдағы Орталық референттік зертхана. Алматыдағы бұл зертхана Қазақстан үкіметі мен Америка Құрама Штаттары ара­сын­дағы үкіметаралық келісіммен салынып, пайдалануға берілген. Аталған зертханада ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын М.Айқымбаев атындағы «Аса қауіпті, індетті аурулар бойынша ұлттық орталығы» ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарайтын «Ұлттық биотехнология орталығының» Алматы филиалы және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарайтын «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының» Алматы филиалы орналасқан. Орталық референттік зертхана био­логиялық қауіпсіздігі ІІ-ІІІ деңгейге сай келетін заманауи қондырғыларымен жабдықталғандықтан, патогенділігі ІІ-ІV топқа жататын аса қауіпті індетті аурулардың қоздырғыштарымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе алады. Зертхана ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 08.09.2017 жылғы №684 Санитарлық Ережелері мен нормалары бойынша бұйрығының және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Халықаралық деңгейдегі талаптарына сай келеді. Сонымен қатар бұл зертхана ИСО 9001 стандарты бойынша Халықаралық деңгейдегі акредитациядан өткен және иммуноферментті талдау, полимеразды тізбекті реакция, атомды-абсорбционды спектрометр және басқа да заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Бұл ретте аталған орталық тек Қазақ­станда ғана емес, Орта Азия мемлекеттеріне оқу-әдісте­мелік, ақпараттық-талдау, экспресс-диагностикалық, референттік ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша консультативтік мекеме ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни орталықтың күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілігі мол. Бір ғимаратта үш министрліктің ғалымдары жұмыс істейтіндіктен,  ғылыми-зерттеу проблемаларын бірлесе, кешенді түрде шешуге толық негіз бар. Әкелінген сынамалар жан-жаққа тасымал­данбай, бір ғимарат ішінде жүргізілетіндіктен, сынама­лардың сыртқы ортаға таралып кетуіне жол берілмейді.

Жоғарыда атап өткенімдей, коронавирус инфекциясы адамға да, жануарға да жұғады. Мұндай жағдайда оның медицинаға қатысты жағын Денсаулық сақтау министр­лігіне қарайтын мамандар, ветеринарияға қатысты жағын Ауылшаруашылығы министрлігіне қарайтын мамандар,  ал молекулярлы-генетикалық және басқа да күрделілігі жоғары ғылыми жақтарын Білім және ғылым министрлігіне қарайтын мамандар жүргізеді.

Айта кетерлігі, «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының» Алматы филиалының жарлы­ғында ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға болады деген пункт жоқ. Бұл мәселені шешу аса қиын шаруа да емес. Әрі кеткенде 10-15 күннің ішінде орындалатын шаруа. Сонымен бірге, орталықты ғылыми дәрежесі мен атағы бар кадрлармен толықтыру қажет. Елімізде аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерін қоса есептегенде 200-ге жуық ветеринариялық зертхана бар. Аталған орталық, осы зертханаларға өзінің референттік (қазылық) қызметін өз дәрежесіне сәйкес атқаруы үшін ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін зерттеп, оны өз қызметіне пайдалана алатын ғылыми-прак­тикалық әлеуеті жоғары орталық болуы тиіс. Мұндай орта­лықтағы ғылыми жұмыс тек корона­вирусқа қана емес, басқа да экзоти­калық аурулардың таралуын алдын-ала болжау (мониторинг), жедел диагноз қою, иммундеу үшін қолда­нылатын вакциналық препараттарды жетілдіру және емдеу үшін қолданы­латын дәрілік препараттарды жетілдіру бағытында болуы керек.

Коронавируспен күресуде оқу-ағарту, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, плакаттар, брошюралар шығару, теле-радио, газет-журналдар арқылы  аталған індет туралы танымдық-тағылымдық мақалалар жариялау, медицина және ветери­нария саласының мамандары бір­лесіп, аурудың таралып кету қауіп­тілігі жоғары шекаралас аудандарда дәрістер оқып, індет туралы толық­қанды мағлұмат бергендері дұрыс.

 

КОРОНАВИРУС ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

— Коронавирус –  2019-nCoV деп аталатын вирустық инфекцияның жаңа түрі.

— Жоғарғы тыныс алу жолдарының жеңіл немесе орташа ауруын тудырады. өкпе қабынуы  асқынып, өлімге әкелуі мүмкін.

— 2019 жылы Қытайда, Ухань провинциясында анықталды.

— Вирус  басқа елдерге сапар немесе саяхат шеккенде таралады.

— Вирус жылдам тарайды.

— 27 елде коронавирус жұқтырған 20 630 оқиға тіркелген, оның  427-і өліммен аяқталды. Бұлардың  басым бөлігі Қытайда орын алған.

—  ҚХР-да 5974  оқиға  тіркелді.

— Хубей провинциясының

15 қа­ла­сында карантин жарияланып, тұрғындарға қаладан кетуге тыйым салынды.

— Автобус, пойыздардың қозғалысы,  ұшақ рейстері тоқтатылды.

 

Коронавирустың белгілері:

— Дене қызуының көтерілуі

— Тұмау

— Бас ауруы

— Жөтел

— Тамақ ауруы

— Әлсіздік

— Іштің өтуі.

* иммундық жүйесі әлсіз әрі  төмен адамдарда жиі кездеседі, сәбилер  мен қарттар да сырқатқа ұшырауы мүмкін.

Инкубациялық кезең – 2 күннен 14 күнге дейін.

 

Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 сағаттың ішінде нәтиже беретін жаңа тест-жүйелері қолданылуда. Ол үшін:

—   қанның анализі

—  несеп  анализі

—  зертханалық  зерттеулер

—  ПТР тапсыру қажет.

Коронавирусқа арнайы диагностика тек медицина­лық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

 

Профилактикалық  шаралар:

– Қол және тыныс алу  жолдарының  гигиенасын сақтау, қолды 20 секунд бойы мұқият жуу, мұрынды изотониялық ерітіндімен жуу;

– иммунитетті арттыру: дұрыс ұйықтау, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу;

– Бөлмені желдету;

– Жиі қолданылатын заттарды залалсыздандыру құралдарымен сүрту;

– Катаралдық құбылыстары бар тұлғалармен қарым-қатынас жасамау;

– Коронавирус жағдайлары тіркелген, қауіпті аймақтарға сапарға шықпау;

– Адам көп жиналған жерлерден алшақ болу.

 

Инфекцияның берілу жолдары:

— Көбінесе ауру адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа тамшылары арқылы таралады.

— Тұрмыстық байланыс  арқылы – бұл  жеке байланыс (жанасу, қол алысу, залалды  объектіде болу немесе бетті тигізу).

Вирус  өзі ағзадан тыс ұзақ өмір сүре алмайды және бірнеше күн ішінде жойылып кетеді.

 

Сұхбаттасқан –

Мәншүк БЕКБОСЫН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *