БҰЛ БІР ӘЛЕУМЕТТІК ЖОЛДАУ БОЛДЫ

Смағұл Елубай, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бізді бір елең еткізгені, толқытқаны, тебі­ренткені Тіл туралы мәселе болды.   Бұл  мәселе   бізді 30 жыл бойы, тіпті 100 жыл бойы елеңдетіп келген еді. Тіл жанашырларының даусын 30 жыл бойы, күн құрғатпай естумен келеміз. Міне, соны сезгендей Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесін күшейтуіміз керек деді.

Ұлтаралық тіл болатын кезінің де жақын екенін айтты. Егер ана тіліміз ұлтаралық тіл болса, онда көптеген құқықтық негіздерді жаңалап, реформалау қажет болады. Олай болмаса, бұл сол бұрынғы қалпында қалып қояды.

Тіл майданы дегеніңіз ушығып тұр. 30 жыл бойы Қазақстанда қазақ тілінің еңсесі көтерілмей қойды.

Мемлекет басшысының Жолдауы әлеуметтік жолдау болды. Қалың көпшілік күтіп отырған көптеген сауалының жауабын естігендей болды. Мәселен, көпбалалы отбасылар, ауру бала бағып отырған отбасыларға баспана алу кезінде басымдықтың берілуі де көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Бұл біздің мүшкіл демократиямызға қолдау болар еді. Халық саны көбеймей, мемлекеттік тілдің айдарынан жел еспейді.

Жолдауда театр, музей, кітапхана қызметкерлерінің жалақы деңгейінің төмен екендігі де айтылды. Оны қолға алу керек деді. Мемлекетіміздің болашағы жас ұрпаққа байланысты екендігі белгілі. Сондықтан мұғалімдердің айлық жалақысына 25 пайыз қосылады деп ашық айтылды.

Біздің қоғамда тағы бір келеңсіз көрініс бар. Мәселен, көшеде біреу пікірін білдіріп тұрса, құқық қорғау қызметкерлері келіп сүйрей жөнеледі. Ол үлкен кісі ма, бала ма, әйел ме деп қарап жатпайды. Осыған байланысты Президент әркім өз пікірін білдіруге құқылы. Тек заңға қайшы келмесе болды деді.

Біздің санамыздағы олқылықтың да орны толғандай болды. Алтын Орда тарихы туралы кеңінен айтылды. Енді Алтын Орда туралы оқулықтарға еніп, киножобалар арқылы 250 жыл бойы жақ ашпай келген тақырып күн тәртібіне енетін болды. Айналып келгенде, бұл әлеуметтік жолдау халықтың өзгерістерге деген үмітіне үміт қосады деп білемін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *