Бұл байлам қаншалықты рас?

Д.Ақышев: «Қаржы нарқы толықтай қалпына келді», – деді. Осыны жұрт қалай қабылдады?

Өмірзақ МҰҚАЙ

 

Парламент қазақша сайрап кеткен соңғы кезеңнің елді елең еткізген бір оқиғасы Ұлттық Банк төрағасының осы бір сөзі болды. Елдегі Ұлттық Банктен басқа банктердің бәрі екінші деңгейлі болып есептелетінін ескерте кетуге тиістіміз. Бірінші деңгейлісі – тек «ұлттық тілді енді меңгере бастаған» Ақышев мырзаға қатысты банк қана.

Мемлекет басшысы соның алдында ғана «ышқыры босай бастаған» кейбір банктерді қолдауды  тоқтату туралы ескерту айтқаны да есімізде. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев сол жолғы жиында:  «Қалталы адамдар банк ұйымдас­тырып, оны жұмыс істетуді қалайды. Ал оған мемлекеттің ешқандай қатысы жоқ. Ең соңында әлгі қолтума банктердің «ыш­қыры босай бастай­тыны» жиі байқалады. Ал ондай меке­мелерді қолдаудың, асыраудың қажеті қанша» деген болатын.

Өткен аптада болған үкіметтік оты­рыста Данияр Ақышев Мемлекет бас­шы­сының бұл шешімінің жүзеге асы­рыла бастағанын атап көрсетті. Бірақ жылдар бойы қалыптасқан кейбір банктерде бұл мәселе оңай­лықпен шешіле қоймайтынға ұқсайды.

– Дегенмен,  мұндай қателіктің енді қайталанбайтынынан үміттімін. Біз Ұлттық Банктің бақылау құзыретін күшейтетін заң жобасын әзірлеп жатыр­мыз, – деп атап көрсетті Ақышев мырза.

Оған қоса, Ұлттық Банк төрағасы елдің қаржы нарқындағы ағымдағы жағдай туралы да жан-жақты есеп берді. Оның айтуынша, елдегі жылдық инфля­цияның төмендеу қарқыны қаңтар айында да жалғасып, 6,8 пайызға жеткен. Әрі ол 2018 жылға белгіленген 5—7 пайыздық дәлізге толық сәйкеседі.

Қарапайым халықты алаңдатып отырған тағы да бір жәйт бар. Ол – Ұлт­тық Банктің алтын-валюта резервіне қатысты. Алдын-ала есепке сәйкес қазір ол бір айдың ішінде 3,2 пайызға өсіп, 31,7 млрд. АҚШ долларына жетіпті. Жалпы, Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 58,3 млрд. дол­ларды құрап отыр. Ал еліміздің жалпы халықаралық резерві – 90,1 млрд. доллар мөлшерінде.

Сондай-ақ, қаңтар айының екінші жартысынан бастап базалық ставка 9,75 пайызға дейін төмендеген көрінеді. Бұл жерде қарапайым оқырманға базалық ставканың не екенін түсіндіре кетуді парыз санаймыз. Базалық ставка деге­німіз  – банкке клиент тартудың кепілі. Соңғы кезде тұрғындардың қаржысын бір банктен екінші банкке ауыстырып салып, жаппай долларландыру үрдісіне кіріскені өтірік емес. Демек, бұл жерде де Ұлттық Банктің осы жәйтті ескер­гені аңғарылады.

Ұлттық Банк әлі күнге дейін валюта бағамын еркін режимде ұстап отыр. Оның оң игіліктері қазірдің өзінде көзге ұра бастады. Мәселен, таяуда дол­лар бағамы жыл басынан 4 пайызға дейін төмендеп, 318,99 теңгені құрады. Әрі мұндай нәтиже көптен бері байқалмаған да  болатын.

Іс жүзінде бұл жерде тек елдегі қар­жы саясатын ғана емес, басты байлық көзі мұнай нарқының да елеулі фак­торға айналғанын айта кету керек.

 

Несие – ұлттың проблемасы ғана емес, қаржылық өсімі де

 

Қазір банктен несие алмаған қазақ жоқ. Тіпті, жаппай ұлттық үрдіске айналған осы мәселеге байланысты «банктер – қазақтың нағашысы» деген тың мәтел де айтылып қалып жүр. Ол мәселенің бір жағы.

Ал екінші жақтан алып қарағанда, несие беру арқылы елдегі мемлекеттік банктердің жағдайы жақсармақ. Соған сәйкес тұтастай мемлекеттің қаржы­лық-экономикалық жағдайының да түзелуі заңды.

Үстіміздегі жылдың басынан бері тұтас еліміз бойынша жаңа несие беру мөлшері 830 млрд. теңгені құрады, әрі бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 44 пайызға көп. Қаңтар айында несие жөніндегі ставка 14,7, бизнестегі несие бойынша 13,4 пайыз болды.

Жылдың басында жеке салымшы­лардың салымы 20,8 пайызға артқан. Теңге салымдары 2,1 пайызға өсіп, 9,4 трлн. теңгеге жеткен. Ал шет ел валю­тасы бойынша салымдар 7 пайызға төмен­деген. Осының бәрі төл валюта­ның нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ, ақпан айының басында банк секторының жалпы актив мөлшері 23,8 трлн. теңге болған. Банк секторы­ның  жеке капиталы 2,9 трлн. теңгеге жеткен.

 

Теңгенің жағдайы қандай?

 

Алдыңғы жылғы доллар бағамының 180 теңгеден бірден 300 теңгеге дейін көте­рілген сәтінен аузы күйген тұрғын­дардың бұл мәселеге бей-жай қарай алмайтыны айтпаса да белгілі. Ал Ұлттық Банк төрағасы халықтың теңге бағамының толқымалы жағдайына қатты алаңдайтынын жасырмайды.

2015 жылғы девальвациядан кейін түрлі газеттерде жағымсыз материалдар жарияла­нып, түрлі әңгімелердің айты­луына орай халықтың жаппай доллари­зация­лық үрдіске ден қойғаны да есте.

– Біз осы тұрғыдағы болжамдар мен пікірлерден қарапайым халықтың негі­зінен жағымсыз факторларды іздеуге бейім тұратынын жақсы білеміз. Олар алдымен біздің маман сарапшыла­ры­мыздың оңтайлы болжамдарын қаперге ала бермейді. Бірақ жағымсыз болжам­дардың бірде-біреуі расталған жоқ. Теңге қазірдің өзінде аяғынан нық тұра бастады, – деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, кейбір теріс ниетті сарапшылардың болжамдары қоғамды тұрақсыздандыруға ұшырату үшін жаса­латынға ұқсайды.

– Қазір қаржы нарқы толықтай қалпына келді, – деп атап көрсетті Ұлттық Банк төрағасы.

Шынында да соңғы кездегі отандық мамандардың қаржылық саясаты өз алдына, әлем бойынша мұнай нарқының қымбаттауы да осы мәселеге тікелей әсер етіп отырғаны күмәнсіз.

Сарапшылардың болжамынша, қазіргі бір баррель мұнайдың 60 доллар шамасындағы бағамы әлі де ұзақ сақта­латынға ұқсайды. Демек, Қазақстан Республикасы сияқты негізгі табысы макроэкономикадан тұратын мемле­кеттердің қаржылық экономикалық жағдайының жақсара түсетінінен күдер үзу қате.

Макроэкономикаға байланысты тұста айтар болсақ, Латын Америка­сында Венесуэла деген мұнайға аса бай мемлекеттің жағдайын көріп отырмыз. Мұнайы – мол, ал қаржылық эконо­микалық жағдайы адам аярлық.

 

Қазіргі қоғамды алаңдатып отырған бензин нарқы туралы әңгіме дәл осы жерден өрістесе, құба-құп. Әлем бойын­­ша ең арзан бензин осы Вене­суэлада. Одан әрі ТМД елдерінен Түркіменстан кетеді. Ал Қазақстан Республикасы бензині ең арзан 15 мемлекеттің қатарында.

 

Негізгі сауал осы жерден туындайды. «Сонда мұнайға бай, бензині ең арзан Венесуэланың қаржылық экономика­лық жағдайы неге төмен?».

Мамандардың айтуынша, бұл жердегі әңгіме байлықта ғана емес, сол байлықты ұқсата білуде жатыр. Алды­мен аталмыш елдің сыртқы саясатын айтпағанда, нарықтық қатынастар эле­менттерін тиімді пайдаланудың кемшін тұстары көп. Елдің төл валютасы қатты құнсызданған. Елдегі кедейшілік пен қымбатшылық, халық тұрмысының ауырлауы осыдан туындаған құбылыс.

Бұл орайда ел басшылығының кемеңгер саясатының арқасында мемлекеттегі қаржылық экономикалық ахуал барын­ша түзеліп келеді. Демек, қазіргі ықти­мал факторларды есепке алсақ, алдағы уақытта елдің экономи­касымен қоса халық­тың тұрмысы да түзеле түседі деуімізге болады. Оның басты бір кепілі – Ұлттық Банк төраға­сының жоғарыда біз келтірген кесімді сөзі ғана емес, ұлттық валютамыздың соңғы кезде нығая түсуі.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *