БӘЙТЕРЕК

Қазақстанның әді­лет саласының ақ­са­қалы, заң сала­сына жарты ғасыр­дан ұзақ ғұмырын берген абзал ата Баян Рысменді бү­гінде 85 жасқа толып, та­мыры терең, мәуелі бәй­терекке айналып отыр. Сот жүйесіндегі еңбек жо­­лын 15 жасынан бас­таған әділет саласының саңлағы әлі де аттан түспеген.218

 Нұрлан СҮЙІН

Шынарға айналған шыбық немесе Сарыбай би, Сүйінбай, Жамбылдардың жұрнағы

Фототілші Самат екеуміз Алматының төріндегі А.Асқаров көшесі бойындағы «Әл-Фараби тұрғын үй кешенін» бетке алғанда, балалығы Ұлы Отан соғысы жылдарында өтіп, бұғанасы бекімей жатып еңбекке араласып, ендігі жерде Құдайдың берген жасын жамбастап тосып алып жатқан, жүз жастың ауылына бет бұрған ақсақал «не естелік айта қояр» деген пендешілік  ойдың болғаны да рас. Қателе­сіппіз. Бізді жетпіс жастан артыққа қимайтындай «жігіт ағасы» қарсы алды.

Жұмыс үстелінен жаңа ғана тұрғандай. «Құдай қуат берсе, тоқсаның да түк емес екен ғой» деп ойлап та үлгердік. Баян аға әңгімесін балалық шақтан бастады.

– Алатаудың етегінде, Алматы облысы­ның қазіргі Жамбыл ауданында 1929 жылдың ақпан айында дүниеге келіппін. Біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы жылдары тұсында өтті ғой… – деп әңгімені тарқатты ардагер аға.

Иә, Рысменді мен Ләтіштің ортаншы ұлы, он жастан енді асқан Баян сол соғыс жылдарында әулеттің бас көтерері болып қалған. Әке мен ағаны соғысқа алып кетті. Буыны бекімеген, 11-12 жастағы Баян отан қорғау жолында елмен бірге еңбекке араласқан. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұранымен басталатын, таңнан тас қараңғыға дейін созылатын кеңшар жұмысы бала Баянды ерте есейтті.

Таңсәріден өгізге жегілген соқаға ие болатын қара бала арасында бригадирдің «жазу-сызуына» да көмектесетін. Қағылез қара баланың сол «жазу-сызу, «зәкөнге» жақындығы, кейін алпыс жыл азық болған мамандығының бастауы іспетті.

219Соғыс бітіп, қара баланың кеңшардың қара жұмысынан қолы босап, әке мен аға майданнан оралған жақсылықты жылдар да келді. Елмен бірге Жеңісті жақындатуға үлес қосқан бозбала Баянның оқу оқып, мамандық таңдау мүмкіншілігі ашылған. Майданнан балдаққа сүйеніп оралған Зәкір ағасы ауылдық кеңеске хатшылық қызметке қабылданды.

Жанашыр таныстардан аудандық сотта жұмыс орны бар екенін естіп, әлі кәмелетке толмаған Баян аудандық соттан бір-ақ шыққан. Ақсақал сол күндерді тебіреніспен еске алады.

– Аудандық сотқа кіріп барсам, екі әйел кісі отыр екен. Бірі қазақ, бірі орыс. Кейін біліп жатырмын, ауданның соты Зайра Молдабаева мен адвокат екен.

Жөн сұраған кісілерге жұмыс іздеп жүргенімді баяндадым. Тыңдап алған аудандық соттағылар сот орындаушысының орны бос екенін, бірақ, ол орынға арнайы білімі бар, кәмелетке толған адамдар қабылданатынын түсіндіріп жатыр. Ал мен болсам, 16-ға да толмағанмын. Түйін сөзді Зайра Молдабаева айтты. «Талапты жастың бетін қайтармайық. Қазір кадр тапшылығы. Оқу бітірген мамандар келіп жатса, көрерміз. Жұмысты алып кетемін деген бозбаланың жолын кеспейік», – деді. Осылай 16 жасқа толмаған менің сот жүйесіндегі еңбек өтілім басталды.

Он алты жасқа енді толатын Баян Рысмендиевтің еңбек кітапшасы ашылып, алғашқы жұмысқа қабылдау бұйрығы да жазылды. Жарты ғасырдан ұзақ уақыт сот, әділет жүйесінде еңбек еткен Баян ақса­қалдың еңбек кітапшасында 2-3 бұйрық қана жазылған екен. Ақсақал осы салада үздіксіз 50 жылдан астам уақыт қызмет етіпті.

Еңбек жолын сот жүйесінен бастаған бозбала Баян 1949 жылы Алматыдағы Мемлекеттік заң институтына оқуға түседі. Бұл – әділдігімен аты аңызға айналған Сарыбай бидің, ақ сөзі мен найзағай жыры елді аузына қаратқан Сүйінбай, Жамбыл­дардың ұрпағының мамандық таңдаудағы жүрек қалауы болатын.

Әділет саласындағы алпыс жылдық қызмет те әділдікті ту еткен сол бабалардан берілген қасиеттей. «Соғыстан кейінгі сол қоғамда әділдікпен қатар, әділетсіздік те, қылмыс та орын алатын. Бірақ, еңбек жолым басталған аудандық соттан бастап, менің өмірімде әділдік жолында жүрген, мен үлгі тұтар жандар көп болды. Менің ма­мандық таңдауыма судья Зайра Молда­баева, прокурор Айұп Алдоңғаров сияқты жандардың әсері зор болды» деп еске алады Баян ақсақал.

Аудандық сот орындаушысы, бозбала Баян Рысмендиевтің алғашқы «ісі» де есте қаларлықтай. Сот шешіміне орай, істі болған, ауданның сауда саласының беделді басшысының дүние-мүлкін хаттауға барған алғашқы жұмысында, Баянды бала­сынғандар барынша кедергі жасаған. Аудан прокуроры Айұп Алдоңғаровтың аралас­уымен ғана сот шешімі орындалған еді сол жолы.

Алпыс жылдық қызметінде алдынан әлі талай түйінді істер шығатынын әлі білмейтін еді бозбала сот орындаушысы Баян Рысмендиев.

 Тамырын Сырға суарған

Таңдаған мамандығы бойынша Заң институтын үздік бітірген жас маман Баян Рысмендиев жолдамамен, алыс өңірдегі әділет саласын көтеруге Қызылорда облысына жіберілді. Тәуір маман болуды мақсат тұтқан, заң саласында 16 жастан алған азды-көпті тәжірибесі бар Баян Сыр өңірінде де абыройлы болды.

1953 жылдан Қызылорда облысында басталған еңбек жолында Баян Рысмендиев нотариустық қызметтен, облыстың Терең­өзек, Жаңақорған аудандарында аудандық сот төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Соғыстан соңғы жылдарда еңсесін енді көтерген елдің өмірінде әділеттік жолмен қызмет атқарды. Облыстық сот жүйесі де Баян сияқты білікті мамандар арқасында қалыптасып жатты.

«Қызылорданың қатал табиғатына қара­мастан, халқы өте жақсы болатын. Сыр­дарияның су тасқыны да, түрлі жағдай­лардың да куәсі болдым. Қандай қиыншы­лық болмасын, жергілікті халықпен бірге көрдік. Абыройды да, тәжірибені де сол елдің ортасында жүріп жинадым», – деп еске алады әділет жүйесінің ардагері.

Ақсақал жас маман ретінде тәжірибе жинақтаған, абыройлы болған Қызылорда жерінде өткен еңбек жылдары жөнінде алғыс сезіммен айтады.

1953-1954 жылдары өңірде енді қалып­тасқан нотариат жүйесінің бастауында тұрды Баян Рыс­мендиев. Жүйе жолға қойылғаннан кейін білікті заңгер 1954 – 1960 жылдарда Тереңөзек, Жаңақор­ған аудандарының сот төрағасы қызметіне жіберілді.

Жастық шақтың 7-8 жылын Сыр бойында, Қызылорда облысында қызметте өткізген Баян Рысмендиев елде қалған қарт ата-анасының жанына оралуды ойлап жүретін. Қызылорданың облыстық басшылығы, сот жүйесі білікті маманнан айрылғысы жоқ еді. Соғыс жылдарындағы қиын балалық шақтың, ерте араласқан ауыр кеңшар жұмысының әсері болмай қоймады. Денсаулық сыр бере бастады сол тұста.

Қазақстанның қай өңірінде жүрсе де қоғамға тек пайда әкелетін білікті маманды республика сот жүйесінің басшылығы өз өтінішіне орай Алматы облысына қызметке ауыстырады. Бұл – 1960 жылдың аяғы еді.

Көлеңкесі көпке сая болған

Жақсы маман қай жерде де қажет. Туған өлкеге оралған Баян Рысмендиев қызметке Алматы облысы Қаскелең аудандық сотына жіберілді. Қарт ата-анаға, туыс-бауырларға жақындаған судья Баян ерекше құлшыныспен қызметке кіріскен.

1960–1968 жылдар аралығында Алматы облысы Қаскелең ауданында судья, сот төрағасы болып абыройлы еңбек етті. Астана маңындағы аудан сотының көмегі көп халыққа тиді де. Әділдік іздеген жұрт оң шешімге қуанып жатса, қылмыс жасағандар жазадан құтылмай жатты.

«Сот жұмысы тек әділ шешім қабыл­даумен бітпейді. Ең бастысы, сотқа келген­дердің әрқайсысы әділ сот деген пікірге көз жеткізуі керек. Сонда ғана халық заңның, сот жүйелерінің, судьялардың қоғамдық өмірдегі адалдықтың, әділдіктің тірегі екендігін түсінеді. Бұл жағдай мемлекет пен халықтың бірлігін арттырады. Міне, сот жүйесінің тәрбиелі мәні де, мағынасы да осында», – дейді әділдік жолының ардагері Баян Рысменді.

Жетпісінші жылдары Алматыда қала­лық Әділет басқармасы құрылып, оның қарамағына аудандық сот, әділет мекемелері беріледі. Жаңадан құрылған салаға басшылық етуге тәжірибелі заңгер Баян Рысмендиев тағайындалды. Басқарма бастығы Баян Рысмендиев әділет, сот жүйелерінде заңдылықты іске асыру, еңбек ұжымдарында, оқу орындарында құқықтық жұмысты жандандыру, қала халқына, әсіресе, жастарға құқықтық тәрбие беру, заңсыздыққа, қылмысқа қарсы күресті ұйымдасқан, заңда негізделген түрде жүргізу, басқа да көптеген міндеттерді өрелі жолға қоя білді. Жаңа басқарманың жұмысын жолға қоюда саладағы тәжіри­бесі мен біліктілігі көмекке келді.

Баян Рысмендиев жаңа қызметке дейін 1968 – 1974 жылдар аралығында Алматы облыстық соты төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерінде және Алматы қалалық, облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының төрағасы қыз­метінде болды. Жаңадан құрылған Алматы Әділет басқармасын Баян Рыс­мендиев 1974 жылдан 1983 жылға дейін басқарды.

1983 жылдан Алматы облыстық соты төрағасының бірінші орынбасары қызметіне сайланған Баян аға осы және өзге де қосымша қызметтерді 1986 жылға дейін абыройлы атқарды.

1987 жылы Алматы қалалық адвокаттар коллегиясына жұмысқа жіберілді. Әділет саласында соттаумен қатар, қорғау бар. Әділет, сот саласының сайыпқыранына айналған Баян Рысмендиев білікті адвокат та бола білді.

Саналы ғұмырының негізін әділет жолына арнаған абыройлы заңгер Баян Рысмендиевке Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1990 жылғы 20 ақпандағы Қау­лысымен айрықша еңбегі үшін республи­калық дәрежедегі зейнетақы тағайындалды. Бірақ, 16 жасынан бастап әділет саласында жарты ғасырға жуық тәжірибесі бар Баян Рысмендиев жұмыстан қол үзуге асықпады.

Мемлекет заң саласының ардагерін адвокатура саласында әлі де 15 жыл­дай қызметте ұстады. Ардагер заңгер сексеннің сеңгіріне дейін аттан түспей, мол тәжірибесімен бөлісті.

Биыл 85 жасқа келіп отырған ақсақал бүгін де бір мезгіл жұмыс үстеліне отырып, өмір жолы, әділет жолы жайында қалам ұстап, естелік жазады.

Жетпіс жыл жапырақ жайған

Биыл 85 жасқа толып отырған заң, әділет саласының ардагері, абыз-ақсақал Баян Рысменді әлі тың. Ұлы Отан соғысы жылдарына тұс келген балалық шақ, 16 жастан басталған әділет жолындағы еңбек, алпыс жыл үзілмеген тәжірибе ардақты ағаны өмір қазанында әбден пісірген болар. Және де азаматтың бозбала шағынан қалыптасқан жан тазалығы шығар, қалай болғанда да, халықтың өмірін орта есеппен 80 жасқа жеткізуді мақсат еткен біздің мемлекет үшін көрсеткішті алыстан іздеп керегі жоқ. Бәріміз де Баян ақсақалдың өмір тәжірибесін үлгі етсек болатындай көрінеді маған.

Тумысы бөлек адамның жүрегі ерекше кең болады деуші еді. Баян ағаның үлкен жүрегіне асқаралы Алатаудан кең жазира Сыр өңіріне дейінгі жарты Қазақстан сыйып кеткендей көрінеді маған. Менің осы ойымды Баян ағаға жарты ғасыр жолдас болған жан жары Майя апай да қолдайтынына сенемін.

Өзі де саналы ғұмырын денсаулық саласына арнап, дәрігерліктен зейнетке шыққан апамыз бүгінгі күнге дейін азаматын алға шығарып, қарапайым­дылықтың белгісі болып отыр. «Бәрі де Баякеңнің арқасы», – дейді төрт немере, бір шөбереге әже болып отырған Майя апай.

– 23 ақпанда, атасымен бір күнде дү­ниеге келген немереміз Меруерт Баян атасы үшін ерекше перзент. Меруерт те – заңгер. «Атамның жүзге келген туған күнін де бірге тойлаймыз» деп еркелейді немере­міз, – дейді асыл әже.

Сонау буыны қатпаған балалық шағын­да бір отбасына бас-көз болып қалған 11-12 жасар бозбала Баян бүгінде жапырағы жайқалып, тамыры тереңге тараған алып шынар болып отыр. 85 жыл ғұмырының 60 жылдан астамын әділет, сот саласына арнаған ардагерді мемлекет те қадірлеп, ардақтады.

Республикалық дәрежедегі ерекше еңбек сіңірген зейнеткер. Бұл дәреже де ардагерге алғашқылардың бірі болып тағайындалды.

1970 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі, 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалі, 1979 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасы – мемлекеттік марапат­тарының иесі. Қазақстан Әділет министрлігі мен Қазақ республикалық кәсіподағының құрмет грамотасының иегері. 2012 жылы ҚР Судьялар одағы тағайын­даған «Үш би» құрмет белгісінің де алғашқы иегерінің бірі.

Саналы ғұмырын Отан қызметіне ар­наған ардагер ата Баян Рысменді тағдырына тәубе айтады. Ұрпақтары да Тәуелсіз Қазақстанның ардақты азамат­тары. Абыз­дың тамыр-бұтақ­тары болып балалары, төрт немере, бір шөбересі тарап отыр. Елі үшін еңбек еткен, әділдіктің сарбазы болған, Сарыбай бидің, Сүйінбайдай даңғылдың сарқыты Баян Рысменді ақсақал өз бабасы, жыр алыбы Жамбыл­дың жасына жетуіне тілекпеспіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *