БӘЙГЕ АТЫ МҮСІНІН ЖАСЫРАДЫ

Жанболат АУПБАЕВ

«Жазушы аға 1969–1971 жылдары Мәскеудегі Әдебиет институтында оқыды. 1971–1977 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болды. Ал 1977–1980 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редак­торы, 1980–1991 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Жа­зу­шы» баспасының директоры, Қазақ­стан Жазушылар одағының екінші хат­шысы қызметтерін атқарды. Қаламгер­дің әр жылдары жарық көрген «Отау үй», «Жабайы алма», «Көкорай» кітап­та­ры өмірдің өзінен ойып алынған шындыққа толы шығармалар ретінде сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болды».

«Өмірдің өзінен ойып алынған шын­дыққа толы шығармалар…». Мына сөзді естігенде, оның есіне осыдан біраз жыл бұрынғы екі оқиға оралды. «Есіңде ме, мен ол кезде «Сарыбұлақ» совхозында интер­нат меңгерушісі болып жұмыс істеуші едім ғой, – деген Байтұрбай деген туыс ағасы ауылға барғанында. – Бір күні сенің «Ауыл оттары» атты жал­ғыз дана кітабыңды біздің оқушылар кітапханадан тауып алып, қолдан-қолға тигізбей оқып жүрді. Біраз уақыт өткен соң әлгі жинақтағы «Күзгі бұралаң жол» атты әңгіменің жыртылып алынға­нын білген балалар шу шығарып, айыпкерді іздеуге кіріссін. Ол көп кешік­пей табылды да. «Кітаптағы әңгімені неге жыртып алдың? Ол саған не үшін қажет болды?», – деп ортаға алмай ма кінәлі оқушыны жолдастары. Сонда ол: «Басқа ешкім оқымасын деп әдейі жыртып алып едім. Себебі, онда мен.., мына менің өмірім туралы жазылған екен,– деп бар сырын айтқан айыпкер өкіре жылап жібереді. Кейін білсек, шынында әлгі оқушы соғыстан кейін туған, бірақ: «Әкең қайда?», – деп сұрағандарға: «Соғыста қаза тапқан», – деп күмілжи жауап беріп жүретін «Күзгі бұралаң жол» әңгімесінің кейіп­кері Қанатай сияқты жолдыбай бейбақ екен. Содан оны: «Жоқ, бұл сен туралы емес. Қуыстанба. Көркем әңгімеде мұндай ұқсастықтар бола береді», – деп әрең жұбатқанымыз бар».

Байтұрбай ағасы осылай десе, Ғұмар деген тағы бір ағайыны мынадай жәйтты айтады: «Сенің «Көкорай» кітабыңда «Жусан иісі» атты повесің бар емес пе?! Міне, соны оқыған ауылдағы Тәжібай, Науқан деген өзіңмен құрбылас меха­низатор екі жігіттің әуелі біреуі: «Бұл мен туралы жазылған екен», – дейді қызып отырып. Оны естіген кішісі: «Жоқ, мұндағы Аянның тағдыры тура маған ұқсайды», – деп оған қарсы өз уәжін айтады. «Оттапсың! Ол – мен!», «Жоқ, сен емессің… Аян – мына мен­мін!». Содан екеуі сарт та сұрт төбелесе кеп түседі де, әйелдері арашаға түсіп, әрең ажыратып алады».

Ал қаламгер, оның әр жылдарғы шығармаларына  айтылған пікірлерге келгенде еске мәскеулік екі орыс әдебиет­шісінің сөздері түседі. Сыншы П.Ульяшов ол туралы: «Шынайы да нәзік, психологиялық жағынан бедерлі рухани портрет сомдау – Сайын Мұрат­бековтің суреткерлік басты қасиеті», – десе, В. Вартанов: «Бас қаһарманның бірегей бітімін, даралығын сақтаумен қатар… Сайын Мұратбековтің оқиғаға қатысушы әрбір кейіпкері әманда қайталанбас толымды көркемдік тұлға болып шығады», – деген жүрекжарды сөзін айтады. Дәл осындай пікірлер сыншы А.Руденко-Деснякта да, В.Бон­даренкода да, И.Крамовта да бар.

…Жазушы ағаның ойын сатырлай соғылған шапалақ үні бөліп кетті. Мін­беге қараса баяндама аяқталған екен. Орнынан жіті көтерілген Сәкең өз мінде­тін атқарып біткен баланы шақырып алды да, бетінен сүйіп, рахмет айтты. Содан кейін жүздесудің сұрақ-жауап бөлімі басталған. Ондағы қойыл­ған сауалдың кейбіреулері мыналар еді.

СҰРАҚ: Сіздің жақсы көретін жазу­шыларыңыз… Үлгі тұтатын қалам­гер ағаларыңыз… Олар кімдер деп айтар едіңіз?

ЖАУАП: Шетелдік творчество иелерінен Эрнест Хемингуэй мен Ген­рих Бельді, Виктор Астафьевті жақсы көремін. Ал өзіміздің төл әдебиеті­міздің өкілдеріне келер болсақ, жазу­шылар Бейімбет Майлин мен Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары мен үшін орны бөлек, ерекше дүниелер.

СҰРАҚ: Сіз қалай жұмыс істейсіз? Күні бойы бас алмай отырып жазасыз ба, жоқ әлде… Творчестволық дағдыңыз қандай?

ЖАУАП: Мен күн құрғатпай жаза­тын қаламгерлердің қатарына қосыл­маймын. Көп ойланамын. Көп толғана­мын. Діттеген дүниеме міне, содан соң барып қана кірісемін. Осыдан болар, шығармаларымның жазылып-аяқталуы да қызық. Бір әңгімем өте тез бітеді. Екіншісі жылдарға созылып барып тәмам­далады. Мәселен, «Біреу» деген дүниемді алайық. Ол 10 жыл бойы жазылды. Ал «Басында Үшқараның…» атты хикаятым бар-жоғы 2-3 күнде-ақ өмірге келді. Қаламгерге күн құрғатпай жазу міндет болмаса керек. Ондай жағдайда ой қайталанып, жаттандылық белең алуы мүмкін. Менің әдеби кредом – аз болса да саз жазу. Сол арқылы сапа­лы да шебер орындалған толық­қанды шығармаларға қол жеткізу.

СҰРАҚ: Өзіңізді әңгіме жанрына табиғи түрде тартқан қозғаушы күштің қайнар көзі неде деп ойлайсыз?

ЖАУАП: Бұл сауалдарыңызға: «Ер­те­гілер!» деген бір ғана сөз айт­қым келеді. Иә… иә, ертегілер. Баукең – Бауыржан Момышұлы: «Біз өзі көне дәуір поэзиясындағы ерлік жыры – эпоспен ауызданып, эпоспен ержеткен халықпыз», – демеп пе еді. Олай болса, про­задағы қиял-ғажайыпқа толы қара­сөз үлгісі – қазақ ертегілерін де міне, солай ұғып, солай түсінгеніміз жөн. Біліміміз жетсе де білгіміз келмейді, әйтпесе, кейбір ертегілер өзінің сюжеті мен композициясы, психологиялық иірімдері жағынан бүгінгі қай жазушы­ларымыздың шығармаларынан кем деп ойлауға болады? Мәселен, «Күн астын­дағы Күнікей қыз» бен «Толыбай сын­шының баласы» атты ертегілерді алып көрелікші. Өз басым кезінде бұларды қазақ новеллистикасының алтын үлгісі деп бағалағанмын, қазірде де сол пікірдемін. Тоқ етерін айтқанда, менің әңгіме жанрын таңдауыма, новеллист болып қалыптасуыма: «Адам өзі сенер-сенбес нәрсе жазу керек екен ғой», – деген таза әрі мөлдір творчестволық пікір қалыптастырған қазақ ертегіле­рінің ықпалы өте зор болды.

СҰРАҚ: Сіз үшін жұмыс істеу ол – жазу ғой. Олай болса, өзіңізге жылдың қай мезгілі өнімді болып көрінеді деп ойлайсыз?

ЖАУАП: Күз бен қысты ұнатамын. Жылдың бұл кездері маған өте тыныш, ыңғайлы, әрі көп ешкім мазаламайтын сияқты болып көрінеді. Ойымда пісіп-жетілген шығармаларымды міне, осы уақытта отырып жазуға тырысамын.

СҰРАҚ: Қалам иелері үшін тағдыры таңғажайып тұлғалармен жүздесіп, пікірлесудің жөні бөлек қой. Өз өмірі­ңіздегі ерекше есте қалған сәттер деп қандай кездесуді айтар едіңіз?

ЖАУАП: Бұған Жоһар Дудаевпен болған кездесуді айтуыма болады. Өз елінің біртуар азаматы осынау қаһар­ман адаммен жүздесудің сәті 1994 жыл­дың ақпан айында түсті. Ұлы Отан соғысы кезіндегі шешен халқына жасал­ған депортацияның 40 жылдығына байла­нысты ол Қазақстаннан Олжас Сүлейменов бастап барған біздің делега­цияны арнайы қабылдады. Жоһар Дудаев алғаш көргеннен-ақ бәрімізге қатты әсер қалдырды. Сөзі кесімді, ойлау жүйесі өте жүйрік, қимылы ширақ та шапшаң жан екен. Нағыз демократпын, қара халықтың ортасынан шыққан бұқараның баласымын деген өкімет басшыларының өзінде бір ресмилік байқалып тұрады емес пе. Ал Жоһарда бұл сезілмеді. Ол маған кез-келген сәтте атылуға дайын тұрған жолбарыс тәрізді көрінді. Сондай-ақ, көз алдымда бұл адам елінің еркіндігі үшін жанын суырып беруге әзір ел ұлы ретінде қалып қойды.

СҰРАҚ: Әдебиет әлемінде жалт етіп бірден көзге түсіп, артынан үн-түнсіз жоқ болып кеткен талант иелері туралы не айтасыз? Ондай әріптесте­ріңізді өз өміріңізде кездестірдіңіз бе? Кездестірсеңіз, мұның себебі неде деп ойлайсыз?

ЖАУАП: Бір оқиға есімде. Алпы­сын­шы жылдары болатын. Оқырман қауымды баспасөз бетінде жарық көрген «Ақ бантик» деген шағын әңгіме елең еткізді. Бұл шығарманың жұртқа ұнағаны оның мөлдірлігі еді. Авторы – Ерғали Ахметов деген жас жігіт болып шықты. Талдықорған облысының Пан­фи­лов ауданындағы «Басши» совхозында мұғалім екен. Іздеп бардым. Әңгіме­лестім. Кейін ол Астанаға көшіп келді. Республикалық үлкен басылымда тиянақ­ты қызметкер ретінде жақсы жұмыс істеді. Бірақ неге екені белгісіз, содан қайтып «Ақ бантик» секілді әңгіме жаза алмады. Осыған күні бүгінге дейін өзім де түсінбеймін…

СҰРАҚ: Қазір не жазып жүрсіз? Оқырмандарға қандай жаңа дүниеңізді ұсынбақшысыз?

ЖАУАП: Соңғы жылдардағы өліара, өтпелі кезеңді алып қаралық. Ол бәріміздің көз алдымызда өтіп жатыр ғой. Осы уақыттағы толғауы тоқсан қиын тіршілікті бейнелейтін қысқа-қысқа әңгімелер циклін жазып жүрмін. Бір ғана ортақ тақырыпқа бағындырылған бұл ой үзіктерім «Уа­қытша…» деп аталады. Мұндағы негіз­гі лейтмотив: «Қазіргі рухани құлдырау да, қайыршылық та, ауылдың азып-тозуы да, бәрі-бәрі де өтпелі, уақытша құбылыс болса екен»,– деген тілек.

…Осы сұрақ-жауап бөлімінен кейін кездесу де аяқталды. Ел тарап, Оқушы­лар сарайынан енді шығып келе жатқан Сәкеңе немересін жетектеген қарт адам кездесті.

– Қарағым, Сайын! – деді ол кісі. – Мен Баданбек Әлімбеков деген оқыр­ман ағаң боламын. Ұлы Отан соғысына қатыстым. Ұзақ жыл мектепте ұстаз боп қызмет атқардым. Қазір зейнеткер­мін. Қазақта: «Бәйге аты мүсінін жасы­рады» деген мақал бар ғой. Мен кітап­тарыңды оқығанда, өзіңді көргенде ылғи да осы сөз ойыма оралады. Халқыңды жақсы шығармаларыңмен қуанта бер, бауырым!

«Бәйге аты мүсінін жасырады».

Ардагер ақсақалдың мына сөзін есті­генде Сәкеңнің жүрегі шым ете түсті…

 

1996 жыл.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *