БҮГІНІҢДІ БАҒАЛАЙ БІЛ!
«Таң шапағы» фотокартинасынан туған ой

«Көрікті көл беті,
Көк елес көлбеді.
Мен тұрмын жағада жабырқау…».
Неге екенін қайдам, тек кешкі уақыттарда ғана айтылуға тиістей көрінетін осы ән таң атпай көңілімде ойнап қоя берді. Бағымызға балайтын Балқаш көлінің батыс жағында тұрып, таң мезгілін қарсы алудың өзі бір бақыт. Қараңызшы, тұп-тұнық көл аспан картинасын су бетіне көшіріп алғандай. Шығыстан арайланып атып келе жатқан ақ таң айналасына неше түрлі әр беріп, шуақ шашып тұр. Күн судың ішінен шыққандай көрінеді. Санаулы сәттен кейін бірі көкте, бірі көл бетінде екі күн сәуле шашып тұрғандай болады. Бұл – Балқаштың таңы.
Таң атып келеді. Жаңа күн есік ашып тұр. Айналасы нұрлы, сәулелі, сан шапақты, мың бояуға боялып, мың құбылған үміт бауырына басқандай. «Кеше» деген артта қалып, «бүгін» басталды. Меніңше, нағыз өмір осы бүгінде ғана тұр, маған бүгінгі өмір ұнайды…
Кеше. Бүгін. Ертең.
Адам өмірі осы үш мезгілмен өрнектелетіні белгілі. Алайда… ендігі жерде сізге кешеден пайда жоқ, қуанышы көп болды ма, өкініші өзек өртеп кетті ме – бәрібір, ол күн қайта оралмайды. Тіпті, ештеңені өзгерте де алмайсыз, кешегі күн келмеске кетті. Оқта-текте ойша ғана оралып тұратынымыз болмаса, өткен күннен бізге келер-кетер пайда жоқ.
Ертеңгі күннің де сұлбасы сағымданып көрінуі мүмкін, тіпті көрінбейді де. Ол бар, бірақ қалай болары күмәнді, сондықтан адамның пайдасы үшін бүгінгі күн ғана қызмет ете алады.
Балқаш көлінің батыс жағынан көз салып, таң шапағын қарсы алғанда сіздің ойыңызға не келерін білмеймін, менің көңіліме сан алуан ойлар ұя салып, беймәлім бір тәтті сезімнің сызықтары кеудемді қытықтай жөнелді. Тамсанбау, тебіренбеу мүмкін емес.
Туған ел, туған жерім бар, өз Отаным бар – мен неткен бақыттымын! Бақыт деген не десе, бақыт деген міне осы – бүгін дер едім. Өз жерімде табанымды нық тіреп, шырақ боп жанып тұрған алау Күн – от пен суға сүйсіне қарап тұрудың өзі екінің біріне бұйыра бермесі анық. Ал бүгінгі күннің қалай өрнектелетіні өзіме байланысты екенін де жақсы білемін. Алдағы күннен ғана үміт күтіп, қол қусырып қарап отырсаң, бүгін де, ертең де ештеңе бітпейді. Ертең бірдеңе бітіру үшін жұмысты бүгін бітіруге күш салу керек, әйтпесе бәрі зая кетеді. Алдамшы үміт жетегіне алып, күн сайынғы құр қиялмен бар өміріңді өткізіп аласың.
Бүгінде береке бар. Ертеңгі күннің несібесі де бүгінде жатыр. Қазақ атам «Еріншектің ертеңі бітпейді» дегенді де үлкен оймен айтқан деп ойлаймын. Ол аздай, «Бүгін бітетін істі ертеңге қалдырма» дейді. Ал таласып көріңіз.
Кешегі күн адамға сабақ алу үшін ғана керек екенін ұғасыз. Кешегінің өкініші бүгін қайталанбас үшін әрекет ету қажет. Ертең де бүгінгіге өкінбеу үшін нақты істерге аяқ басқан абзал. Байқап қарасаңыз, Құдай бізге бүгінгі күнді ғана асқан жауапкершілікпен мойынға артып тұр. Бар бақытын, бар байлығын, бар несібесін бүгінгі күнге сыйдырған. Оған қол жеткізу де бүгінгі күннің сыбағасына бұйырған.
Балқаштағы таң шапағы, тұнжыраған көл беті, кең құшағы ашылып келе жатқан көк аспан – біздің бар ғұмырымыздың мәнін көрсетіп тұр. Терең тұңғиығын бүркеп жатқан көл түнеріп, уайымды еске салса, жадырай ашылып келе жатқан ақ аспан, көк жүзі тәуекел етуге шақырады. Қайран қазағым «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі – жел қайық, Өтесің де кетесің» дегенде, бар әлемнің бастауын бүгінгі күнге әкеліп тіреп қойғанын бағамдайсыз. Бар бақыт, бар байлық туған ел, туған жердің төсінде тұрғанына куә боласыз.
Е, өмір-ай десейші! Біреу бақытты жерден іздейді, біреу бақытты көктен іздейді. Қайсысы болсын, үмітін үзбейді. Ал бақыт деген қызық, көрінбейді, бейне бір адаммен жасырынбақ ойнап жүргендей. Меніңше, бақыт деген адамның өзі мен дәл қазіргі сәті. Одан асқан байлық, одан асқан қазына жоқ. Бағаласаң – бүгініңді бағала!
Міне, таң шапағы бізге жаңа өмір есігін ашып тұр. Сергек бол, батыл бол, іске кіріс деп тұрғандай. Әр сәтті қалт жіберіп алмаңыз! Бізге бұйырған өмірдің мәні де осында жатса керек.
Қуаныш ОСПАНБЕКОВ.