Бүгінгі ата – кешегі сом білекті, арыстан жүректі азамат

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Кез-келген елдің өркениеттілігі олардың қариялар мен балаларға жасаған игі істерімен таразыланатыны анық. Алматының Бостандық ауданында орналасқан, қарттарға арналған Әлеуметтік үй тұрғындары –  өз пәтерлерінде жалғыздан-жалғыз қалған соң, үйлерін мемлекетке өткізіп, осы үйді мекен етіп жатқан жалғызілікті қариялар.

Мұндағы қарттардың жағдайы өте жақсы. Олар коммуналдық қызметтерге, тұрып жатқан орындарына, ас-суларына ешқандай ақы төлемейді. Ай сайынғы зейнетақыларына да ешкім ортақтаспайды, түгелдей өз қолдарына тиеді. Қарияларға қолғабыс ететін әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы мемлекеттің мойнында. Сондай-ақ, бұл үйдің тұрғындары оқтын-оқтын шет елдерге де сапарлатып, қаладағы демалыс орындары мен көрікті жерлерге шығып тұрады. Бұл туралы бізге Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Әлеуметтік үйдің директоры Анар Оспанова өз сұхбатында айтып берді.

Әлеуметтік үйде бүгінгі таңда 47 қария тұрады, олардың 3-еуі – соғыс, ал 20-дан астамы тыл ардагері.

Бүгінгі ата – кешегі қарулы қолды, сом білекті, арыстан жүректі азамат. Олар бүгінгі алаңсыз күндеріміз үшін отқа да түскен, бірақ жанбаған, суға да түскен, бірақ батпаған. Осындай қарттарымыз, қандай құрмет болмасын, бәріне де лайықты!

Әлеуметтік үй тұрғындары Жеңістің 73-ші көктемін қарсы алды. Салтанатты шарада осы үйдің тұрақты демеушілері, тілекшілері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Станислав Канкуров пен «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов бастаған, иммунолог, медицина ғылымының кандидаты Мира Панова қостаған қайырымды азаматтар ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады.

Үлкендерге ниеттестігін білдіре келген жасөспірімдер концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ, осы үйдің тұрғындарынан құрылған оркестр де жиналған қауымға ән-жырдан шашу шашты. Мүмкіндігі шектеулі балалар да ән айтып, би билеп берді.

Қарияларды соғыс кезінде дүниеге келген әндер мұңайтып, Жеңіс күнінде туған әсерлі әндер шабыттандырды. «Әлия» әнін бәрі қосылып шырқады.

Бүгінде шөкімдей ғана болып қалған, бірақ соншама биік те ұлы құндылықтарды бір бойына оп-оңай сыйдыра алатын, бізге Жеңіс сый     лаған ата-әжелерімізге гүл шоқтары ұсынылды. Ашық аспан астына жайылған кең дастарқан басында қариялар өзара қауқылдасып, шүйіркелесіп біразға дейін отырды. Бір-біріне бейбіт күндер тіледі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *