БҰҰ Бас хатшысы Антониу ГУТЕРРИШ: «ӘЛЕМ КОРОНАВИРУС ПАНДЕМИЯСЫ САЛДАРЫНАН ЖАҺАНДЫҚ АЗЫҚ-ТҮЛІК АПАТЫНА ТАП БОЛУЫ МҮМКІН»

Әлемде 820 млн. адам аштықты бастан кешіріп отыр. Коронавирус пандемиясы  салдарынан  тағы 49 миллион адам төтенше кедейлікке  тап болуы мүмкін. Бұл туралы  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мәлімдеді.

Пандемия басталғанға дейін әлемде 820 миллион адам аштықта өмір сүріп келгенін  және толыққанды тамақтана алмай келгендігін  тілге тиек еткен Бас хатшы әлем коронавирус пандемиясы салдарынан жаһандық азық-түлік апатына тап болуы мүмкін екендігін айтты: «Біздің азық-түлік жүйелеріміз онсыз да іркіліспен  жұмыс істейді, ал Covid-19  пандемиясы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Биыл дағдарыс салдарынан тағы 49 млн. адам кедейлікке ұшырауы мүмкін»,-деді ол  Covid-19 пандемиясының  әлемдегі азық-түлік жағдайына әсері туралы талдамалы баяндама жасауға  арналған брифингте.

Антониу Гутерриш азық-түлікпен қамтамасыз ету  тізбегіндегі іркілістер  тіпті азық-түлік тапшылығы жоқ елдерде де бар екенін атап өтті.

Коронавирус пандемиясына байланысты аштықтан  болатын ай сайынғы балалар өлімі  көрсеткіші  көбейе түсіп, әлемде 10 мыңнан асып кетті. Бұған БҰҰ мәліметтері дәлел.

Инфекцияға байланысты қойылатын шектеулер салдарынан  дұрыс тамақтанбаған балалардың жалпы ай сайынғы өсімі  550 мыңнан асқан. Бұдан шығатын қорытынды, демек, бір жыл ішінде мұндай балалардың саны қосымша 6,6 млн.-ға өседі деген сөз. 2019 жылы осындай  47 млн. жағдай тіркелген. Мамандар балалардың ұзақ уақыт  дұрыс тамақтанбауы салдарынан  олардың іштері кеуіп, ер жетуі  тежелетінін, ақыл-ойының  дамуы  бұзылатынын  айтады.

Көптеген жылдар ішінде алғаш рет балалар өлімінің көрсеткіші  (бес жасқа дейін) қайтадан көбейе  бастайтыны жөнінде  болжам жасалып отыр.  Бұл ретте балалар өлімінің 45%-ы  дұрыс тамақтанбаудан немесе сапасыз тағамнан  болатыны да назарға алынып отыр.

France Press агенттігінің хабарлауынша, кедейшілікте өмір сүретін балалар саны  пандемия салдарынан  86 миллионға артып, 670 миллионнан асады.

«Save the Children және ЮНИСЕФ-тің бірлескен зерттеуі көрсеткендей, COVID-19 пандемиясының экономикалық салдарынан  2020 жылдың аяғына қарай  тағы 86 миллионнан астам бала  кедейлік құрсауына түседі. Бұл кедейлікте өмір сүретін балалардың жалпы саны 672 миллионға жетеді деген сөз, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15% -ға көп», — делінген хабарламада.

 

Балалардың үштен екісі Сахараның оңтүстік  бөлігіндегі Африка елдері мен Оңтүстік Азияда тұратындығы атап өтілді. Алайда, пандемиядан туындаған кедейліктің өсімі  негізінен Еуропа мен Орталық Азияда болады деп күтілуде.

ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Генриетта Форе мәлімдегендей, «Балалары бар отбасыларға түсетін  қаржылық қиыншылықтың ауқымы мен тереңдігі  балалар кедейлігін төмендету жолындағы  көп жылғы еңбекті  жоққа шығарып, оларды  негізгі игіліктерден айырады».

Бұл зерттеулер Дүниежүзілік банктің (ДБ), Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамдарына және 100-ге жуық елдердің демографиялық мәліметтеріне негізделген.

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВАЛЮТА ҚОРЫНЫҢ БОЛЖАМЫ

Халықаралық валюта қоры  жарияланған болжамға сүйенсек,  әлемдік экономиканың коронавирустық пандемиядан болатын жалпы шығыны 2008-2010 жылдардағы қаржылық дағдарыстың шығындарынан асып түседі және салыстырмалы түрде өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ұлы депрессияның зардаптарымен бірдей болады, деп тұжырымдайды  американдық Principal Investors атты қордың басқарушысы Кайл Шостак.

Халықаралық валюта қоры жаһандық экономиканың дамуының жаңа болжамын жариялады. Оған сәйкес, осы жылдың аяғында дүниежүзілік ІЖӨ пандемияға байланысты 4,9%-ға,  АҚШ -та –  8%-ға , еуроаймақта – 10,2%-ға төмендейді.

«ХВҚ-ның барлық статистикалары тарихи стандарттар бойынша құлдырау ауқымының  2008-2010 жылдардағы қаржы дағдарысының жиынтық шығындарынан асып түсетінін және 1930 жылдардағы ұлы депрессияның зардаптарына ұқсас болатындығын көрсетеді», — деді Шостак.

Оның айтуынша, 2020-2021 жылдарда пандемиядан әлемдік экономиканың жалпы шығыны 12 триллион доллардан  асады.  «Бір жыл бұрын мұндай катаклизмнің мүмкін болатындығын немесе онымен байланысты шығындардың мөлшерін ешкім де айта алмағанын ескерсек, бұл керемет сан», — деді ол.

Сарапшы болжамы бойынша, әлемдік сауда 12%-ға  құлдырауы мүмкін. Инвестор бұл болжамның   қайта қаралуы да мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

Бір жағынан, вакцинаның  табылуы  мен вирустан емделу мүмкіндігі туралы жаңалықтар халықтың  мобильділігін қалыптастырып, тұтыну шығындарын арттырып, тез арада  қаржылық сауығуға жол ашуы мүмкін. Екінші жағынан, вирустың таралуының жаңа толқыны  тіпті осы үкілі үміттің тамырына балта шабуы ықтимал, дейді ол.

Алайда, ІЖӨ-нің құлдырауы  мемлекеттер  айналысатын  жалғыз фактор  ғана емес.

«Көптеген дамыған және дамушы елдер адам ресурстарының экономиканың тоқыраған салаларынан қарқынды дамып келе жатқан салаларына ауысуын күтеді. Қоғамдық қарыз еселеп өседі, елдер сыртқы қарыздарға көбірек жүгінеді», — дейді Шостак.

 

АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ

АҚШ-тағы кедейлік деңгейі, болжам бойынша, 2020 жылдың соңғы бес айында 11,9 пайызға дейін көтеріледі.

Конгресс отбасына көмек көрсету бағдарламасын кеңейтпейінше, шамамен 12,2 миллионға жуық  американдықтар  кедейлік шегіне тап болуы мүмкін. Urban Institute мекемесінің  мамандары  осындай  болжам жасап отыр.

Егер жұмыссыздық бойынша жәрдемақылар бекітілмесе, екінші ынталандыру жинағы қабылданбайтын болса және SNAP (азық-түлік талондары  бағдарламасы) аясында  ай сайынғы дотациялар көбейтілмесе, кедейлік деңгейі 2020 жылдың соңғы бес айында 11,9 пайызға дейін артады.

Дағдарыстың салдарынан кемінде бір адам жұмысынан айырылған үй шаруашылығында тамыз бен желтоқсан аралығында кедейлік деңгейі 15,6 пайыз, ал латиноамерикандықтарда — 20 пайыз болады деп болжануда. 27 шілдеде республикандықтар  апта сайынғы жәрдемақыны қысқартатын, бірақ кейбір отбасыларға тікелей төлемдер беретін триллион долларлық жоспарын  жариялады.

 

ЛИВАН

Қазір Ливан экономикасы, әлемнің көптеген экономикалары сияқты, коронавирус карантинінің теріс ықпалын  толық сезінуде. Бұл елде төтенше жағдай режимі үш рет енгізілді (үшіншісі 30 тамызға дейін) және елде  тиісінше, қатаң карантин енгізілген. Нәтижесінде қызмет көрсету, құрылыс және басқа салалардағы кәсіпорындардың қызметі тоқтатылды. Бір айта кетерлігі,  6,8 миллион халқы бар Ливанда COVID-19 оқиғасының 6 223 оқиғасы тіркелген, олардың 78-і өлімге соқтырды.

Алайда, Ливан экономикасы тіпті COVID-19 пандемиясына  дейін де жақсы жағдайда болмағанын атап өткен жөн. Мәселен, 7 наурыз күні ел үкіметі — мұнай нарығындағы бағалық соғыс басталар қарсаңында және  пандемия әлем бойынша ушығар тұста, өз тарихында алғаш рет  шетелдік қарыздары бойынша дефолт жариялады. Атап айтқанда, Ливан еурооблигациялар бойынша 1,2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі кезекті траншты жүзеге асырудан бас тартты,  елдің валюталық резервтері дағдарыс деңгейіне түсіп кеткенін алға тартып,  қалған бөлігі сыртқы қарызды төлеуге емес,  ливан халқының «негізгі қажеттіліктерін»  өтеуге жұмсалатынын мәлімдеді.

Осылайша, Ливанның сыртқы қарызының ЖІӨ-ге қатынасы әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады және 170% құрайды, ал соңғы жылдары елдің алтын-валюта резервтерінің көлемі айтарлықтай төмендеген. Егер 2012 жылы резервтердің сыртқы қарызға қатынасы 95-100%-ыз  болса, қазір ол 50-55%-ызға  дейін төмендеп кетті. Атап айтқанда, Transparency International өкілдерінің  мәліметтеріне сәйкес, Ливан 2019 жылы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 180 елдің  арасында  137-ші орынды иеленген.

 

 

ГЕРМАНИЯ

Германияда соңғы 10 жыл ішінде  адамдардың  кедейлік шегіне  түсу қаупі жиілеп кетті.  Бір үлкен қалада халықтың төрттен бір бөлігі осы санатқа жатады.

Үкімет мәліметтеріне сүйенсек, Германияда кедейлік қаупі бар адамдар саны соңғы онжылдықта елдің барлық батыс штаттары мен Берлинде күрт өскен.

Жалпы Германия халқының 15,9% -ының  кедейлік шегінен төмен түсу қаупі бар — Федералды статистикалық басқарманың мәліметі бойынша, бұдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш  15,5%  болған екен.

Тәуекел топ санатындағы  адамдарға деген көзқарас кейін нашарлауы мүмкін.

Коронавирус пандемиясы кезінде 6,7 миллион адам жұмыстан шығарылып, мыңдаған адамдар жұмысынан айырылғандықтан тәуекелділік тобындағы адамдардың болашағы күмәнді болып отыр.

 

ФРАНЦИЯ

         Елдегі  INSEE Ұлттық статистикалық институты хабарлағандай, екінші тоқсанда Франция экономикасының  карантинге байланысты рекорды 13,8%-ға дейін қысқарған. «2020 жылдың бірінші жартысындағы ЖІӨ-дегі негативті  өзгерістер наурыздың ортасынан мамырдың басына дейінгі кезеңдегі құлдырау жағдайындағы» «қосымша»  шаралардың тоқтатылуына байланысты болды, — делінген INSEE хабарламасында.

Екінші тоқсандағы көрсеткіш Франция экономикасының үш тоқсан бойы қысқарып келе жатқанының  және  әлі де рецессия жағдайында екендігінің дәлелі.

Франциядағы екінші тоқсандағы құлдырау Германияда болған  рекордтық 10,1%-ыз құлдырауға қарағанда әлдеқайда жылдам болды. Бұл көрсеткіш Австрияда – 10,7%, Бельгияда – 12,2%.  Ал, екінші тоқсанда Испанияның ІЖӨ-і 18,5%-ға  төмендеген.

 

ЧЕРНОГОРИЯ

Черногориядағы жұмыссыздар саны өткен жылмен салыстырғанда күрт өскен. Статистика басқармасының (MONSTAT)  мәліметінше, егер 2019 жылдың маусым айында 213488 азамат жұмыспен қамтылған болса,  2020 жылдың маусым айында бұл сан шамамен 35 мың адамға төмендеп кеткен, яғни  178 178-ге дейін азайған.

Сондай-ақ, шілдеде ресми жұмыссыздар саны 48 мыңнан асқан,  бір ай бұрын олардың саны одан 6,5 мыңға аз болған көрінеді.

 

УКРАИНА

 (сауалнама)

Украиндықтардың 60%-дан астамы соңғы алты айда елдегі экономикалық жағдай нашарлап кетті  деп санайды.

Қырым мен Донбасс аумақтарын қоспағанда, Украинаның барлық аймақтардағы 18 және одан жоғары жастағы жергілікті  тұрғындары арасында жүргізілген «Рейтинг» әлеуметтік тобының сауалнамасының нәтижелері осындай. Сауалнамаға  2000 респондент қатысқан, ол жеке  сұхбат әдісі бойынша (бетпе-бет) 15 — 20 шілде аралығында ұйымдастырылған.

«Сауалнамаға қатысқандардың 60%-дан астамы  Украинадағы экономикалық жағдай соңғы алты айда нашарлады деп есептесе, төрттен бір бөлігі өзгеріс жоқ деп санайды және тек 8% -ы жағдайдың жақсарғанын айтады. Сонымен бірге, болашаққа деген көңіл-күйде оптимистік көзқарас басым: сауалнамаға қатысқандардың 17%-ы Украинадағы экономикалық жағдай алдағы 6 айда жақсарады деп сенеді, 35% -ы жағдай  өзгермейді деп есептейді, ал 40%-ы  жағдай нашарлайды деп ойлайды», — делінген  «Рейтинг» мәліметінде.

Ықтимал экономикалық дағдарыстың негізгі себептерінің арасында респонденттердің көпшілігі биліктің біліксіздігін алға тартса, ал сұралғандардың 25%-ы  экономикалық құлдырау коронавирустың кесірінен болып отыр  деп санайды.

 

ГРУЗИЯ

(сауалнама)

АҚШ-тың Халықаралық Республикалық институтының (IRI) 12 шілдеде  жариялаған әлеуметтік зерттеуіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан Джорджия тұрғындары жұмыссыздықты, жоғары бағалар мен кедейлікті басты проблема деп атаған.

Грузия респонденттерінің 46%-ы  жұмыссыздықты басты проблема деп көрсеткен. Халықтың 17% -ы жоғары бағалар жайлы,  10%-ы  кедейлік туралы айтқан. Тағы 6% -ы  негізгі проблема – экономикалық проблема деп атаған, ал респонденттердің тек 4% -ы ғана  проблеманы  коронавирус  пандемиясымен байланыстырған.

Сонымен бірге, сауалнамаға қатысқандардың 82%-ы коронавирустық пандемияға байланысты экономикалық жағдайдың күрт нашарлағандығын сезінгенін, 15% -ы ешқандай өзгерісті байқамағанын, 3% -ы жағдайдың  жақсарғанын айтқан.

Сауалнамаға қатысқандардың 65%-ы өз отбасыларының экономикалық жағдайын нашар немесе өте нашар деп бағалаған, бұл көрсеткіш 2019 жылдың қазан айында IRI жүргізген соңғы сауалнамадан бері 5%-ға өскен. Сонымен бірге, респонденттердің 67%-ы отбасындағы экономикалық жағдайдың нашарлауына коронавирус пандемиясы  себеп болды  деп жауап берген.

   Т. ДЕРБІСАЛИН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *