ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ КЕМЕЛЕРІ

Дәрігерлік қызметіме байланысты емес кейбір ойлар түрткілеп, оның кейбір ұтырлы тұстары күтпеген жерден ойыма сап ете қалып, кейін оны еске қайта түсіре алмай, ноутбуктен орын алып барып, жинақтала береді. Бұл мәселеге енді қосар жоқ-ау, көпшілікпен бөлісуге тұрады-ау деген кезде газетке беруге көлемі көбейіп кетіп, қысқартсаң тырнақтап жиналған бәрі жанды жер сияқты шығармашылықтың машақатына қаласың. Сондай бір «Қазығұрттың басында кеме қалған ба?» деген мақаланы сүйікті газетіміз «Алматы ақшамына» (24 желтоқсан, 2016 жыл, №151-152 (5345)) шығарып, енді бұл мәселеге оралатын жөн жоқтай болған. Бірақ олай болмады.

Бұлар не деп жатыр екен деп орыс тілді газеттерді шолатыным бар еді. «Караванда» Қазығұртқа талай кеме келген деген ойлар айтылыпты. Тур Хейрдал папирус қамыстан жасаған «Ра» кемесімен Атлант мұхитын кесіп өтуінің бірінші сапары сәтсіз болып, екіншісінде «Ра2» кемесімен Америка континентіне жеткен. Еділ мен Жайық өзендері арасын мекендеген Арий­лер жаугерші­лік­тен ығысып, жаңағыдай қамыс кемелермен келіп, әрине бізге белгілі Тетис мұхитымен, Қазы­ғұртқа тіреліп, олардың нобайысы жан-жаққа тарап кеткен. Қазы­ғұртта қамыс кеменің қалдықтары кейінге дейін болған. Генети­калық зерттеулер нәтижесінде кәзір сол арийлердің ұрпақтары Қазақстанның оңтүстік өңірінде 60%, Өзбекстанда 70%, Тәжік­станда 80% құрайды екен. Ал Табын тайпасының арасында олар 10% көрінеді. Табындар территориясы Каспий мен Арал теңіздерінің ортасындағы Жем мен Сағыз өзендері, Доңыздау, үстіртпен Сам құмы­ның Тұры­шына дейінгі 400х800 шақырым­дай алып жатқан, 1940 жылға дейін Табын ауданы аталған, қазіргі Ақтөбе облысының Байға­нин ауданының ежелгі тұрғын­дары. Жаңағы кең кеңістіктің бірсыпырасы Тетис мұхитының түбі болған.

Енді бірде киоскідегі газет­терді сырттай шолып жүрсем, «Қазығұрттың шыңына кеме қонған…» мақаласының тақыры­бы көзіме оттай басылды. Мақа­ланы «Жас Алаш» газетіне жазған (№38, 17 мамыр, 2018 жыл) физика-математика ғылымының кандидаты Мағрипа Шөжеғұл­қызы. Бір қарағанда, әбден санаға сіңген «кеме қалған» сөз тіркесін оқығандай болғанмын. Мақаланы оқи бастап, тақырыбына қайта оралдым. Автор айтқандай, бұл кеменің жөні бөлек екен. Алтын адам жазуына сілтеп, Қазығұртқа Хаң галактикасынан Қазығұрт маңында Қасқыр Енеге алып Рухты, ұрықты десе де болар, әкеліп жүктепті. Айы-күні жеткенде Қасқыр Ене толғақты көтере алмай өліп кетіп, болашақ ақыл иесін құтқару үшін Хаң галактика­сынан ғарыш кемесі келеді. Бірінші кемедегі тоғыз Рух бар қуатын сарқады. Құзға жабысып қалған бірінші кеме көтеріле алмай, көмекке келген екінші кеме де оны қозғалта алмайды. Үшінші кеме келіп екеулеп, бірінші кемені ұшырып жіберіп, орынды босатып, екінші кеме қонып, бар қуатын жұмсап, Өріс күшімен шарананы сыртқа шығарып алады. Шарананы адам қалпына келтіру­мен үшінші кеме рухтары айналысады. Бұл аңызды растайтын таңбалы тас осы жартас маңында көмулі болуы мүмкін көрінеді. Радиоактивтілік ыдырау қуатын пайдалан­ғанын ескерсек, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың, Алматыдағы Ядролық физика институты және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, аса дәл­дікке негізделген ғылымның мамандарының қатысуымен бұл мәселеге байланысты кейбір жәйттарды анықтауға болар.

Мағрипа Шөжеғұлқызының «жазба» деп отырғаны, Алтын адамның күміс тостағанының ішіндегі 26 әріптен тұратын жазудың геометриялық үш кеңістікте (Х, Y, Z) оқылатын құпиясын ашқанда осы тарихты оқыған. Автор «Ер Жәнібек» сайтындағы белгілі филолог Тұрсынбек Кәкішов жайлы мақаласында осылай түсінік береді. Бір кездері тау басында кемелерден қалған радиоактивті қалдық­тардан жергілікті науқас кісілер қуат алып емделген екен. Кезінде радиоактивтілікті ғарыш кемелеріне отын ретінде пайда­лануға КСРО мен АҚШ ғалым­дары жарыса кіріскен. Кейін Америка келе­шексіз деп бұл жобадан бас тартқан. Қазақстан­ның Курчатов қаласына жақын жердегі осы мақсатқа құрылған ядролық реакторы, қандай қызметке болса да, қазір жұмыс істеп тұр. Бұл технологияның құпия еместігі анық. Бұнда шетелдіктер мен біздің мамандар бірге жұмыс істеуде. Халық­аралық конференцияға қатыс­қанда естіп, көріп білгенім осы. Биыл Ресей президенті ядролық отынмен ұшатын ешбір елде жоқ қару жөнінде Америкаға сес көрсеткен мәлімдеме жасады.

Сонымен, үш аңыздың екеуі бойынша Қазығұрт су жолының айлағы, үшіншісінде ғарыш ай­лағы – космодром болған. «Жеті жүзден астам әзіл жина­ған» деген ақын Болат Шарахым­байдың кейіпкері ғұлама тіл­танушы академик Шора Сары­баевтың болжауы бойынша Нұх пайғам­бар кемесіне матростар­дың ірі, мықты, сенімділерін таңдап алған. Қазіргі қазақтар солардың ұр­пақтары, «Аңыз түбі – ақиқат демей ме қазақ, мен соған сенемін» деген екен ғұлама.

Қаншама ұлттың өкілі өмір сүріп жатқан Қазақ жері қазірде Нұх пайғам­бардың кемесіне ұқсамай ма? Осыншама ғылыми негізсіз емес аңыздар неге Қазы­ғұрт тауына тіреледі? Ядролық медицина маманы әріптес түрік профессорымен әңгіме кезінде қайдан ойыма келе қалғанын білмеймін, сұрағыма түрікше «құрт» сөзінің қазақшасы «қасқыр» екенін мақұлдады. Эпостағы қыз Құртқа, батырға лайықты қалыңдық, болашақ батырлар ұрпағының анасы. Қазығұрт Қасқыр Ененің тауы десек, Қазығұрт және «қазақ» сөздерінің алғашқы буынының бір мағына беруі мүмкіндігін қарастырған жөн. Осыншама сынақтардан қалай өтіп келе жатырмыз? Сол сынақтарда көп нәрсемізден айыры­лып қалдық, оларды қалай қалпына келтіріп жатырмыз? Жаһандану сынағы­нан өту үшін қандай белгілі жос­парлар бар, олар іске асырылып жатыр ма? Мақтаншақ халықпыз, айдаһардың арбауына түсіп, елдің алдын бермей, жұтылып кетіп бара жатқан жоқпыз ба? Жеке басымыздан бастап, қоғамның әр деңгейінен, билік басындағыларға дейін осы сұрақтарға қызметте жауап бере отырып жұмыс істеуіміз, отбасымызда да осы бағытта өмір сүруіміз керек. Дүниені ұстап тұрған ақыл, ой, сана және парасат төртеуінің әр мүшесін түгел тең меңгергенде ғана, осындай тарихы тереңнен басталатын, қазақ елі мәңгілік болады деген тұжырым келтіреді Мағрипа Шөжеғұлқызы. Ол мұнда Алтын адам жазбасын негізге алып отыр. Ойланатын нәрсе.

 

 Иса ТӘЖЕДИНОВ,

медицина ғылымының докторы,

жоғары санатты дәрігер.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *