АЗИЯДА ІРІ БАНК АШЫЛДЫ
Ол, негізінен, инфрақұрылымды қаржыландырмақ
Кейінгі кездері басқа құрылықтарға қарағанда, Азия экономикасының қарқынды дамып, мұндағы мемлекеттер арасындағы қаржылық қарым-қатынастың тереңдеп бара жатқаны мәлім. Алайда, оның бұдан да жедел дамуына экономикалық нысандардағы инфрақұрылымның кенже қалғаны қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылғы қазанда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасаған сапарында Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін құру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Ол ұсыныс бірден Азияның көптеген елдері тарапынан қолдау тапты.
Сондықтан да іле мұндай қаржылық институтты құруға дайындық және ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. 2014 жылдың қазанында ондай банкті құру жөніндегі Меморандумға Қытай, Үндістан және Сингапур бастаған 21 мемлекет қол қойды. Бұл жобаның маңызды екеніне Азия континентімен тығыз сауда-экономикалық байланыстағы Еуропа мен Латын Америкасы және Африкадағы бірқатар мемлекеттер де назар аударды. Сөйтіп, 2015 жылдың сәуірінде АИИБ (Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне) құрылтайшы болуға тілек білдіруші елдер саны 57-ге жетті. Оның құрамына: Әзірбайжан, Бангладеш, Бруней, Камбоджа, Қытай, Үндістан, Индонезия, Иран, Израиль, Йордания, Қазақстан, Корея Республикасы, Кувейт, Қырғызстан, Лаос, Малайзия, Мальдива, Моңғолия, Мьянма, Непал, Оман, Пәкістан, Филиппин, Катар, Сауд Арабиясы, Сингапур, Шри-Ланка, Тәжікстан, Грузия, Таиланд, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Вьетнам, Австралия, Жаңа Зеландия және Ресей елдері енді.
Мұнан соң Еуропа мен Латын Америкасы және Африканың: Австрия, Дания, Франция, Финляндия, Германия, Исландия, Италия, Люксембург, Нидерландия, Норвегия, Польша, Португалия, Испания, Швеция, Швейцария, Ұлыбитания, Мальта, Бразилия, Египет және Оңтүстік Африка Республикасы сияқты 20 мемлекеті қосылды.
Өткен сенбі күні (2016 жылғы 16 қаңтар) Пекинде талайлар үлкен үміт артып, тағатсыздана күткен АИИБ банкінің салтанатты ашылу рәсімі болып, онда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин құттықтау сөз сөйледі. Тұсауы кесілген Азиядағы ірі банктің Басқарушылар кеңесінің түс қайта болған алғашқы отырысына ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян қатынасып, жаңа қаржылық құрылымның жұмысына сәттілік тіледі.
АИИБ банкінің жарғылық капиталы 100 млрд. АҚШ доллары болып белгіленді. Оның 30,34 пайызын Қытай құйып, 26,06 пайыз дауысқа ие болатын болды. Мұнан кейін Үндістан мен Ресей де мол инвестициялық қаржы құятындықтарын мәлімдеді.
Атауынан да аңғарылып тұрғандай, бұл банк, негізінен, Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады. Және де аспанасты елі бастамашы болып отырған «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен «ХХІ ғасырдың теңіздегі Жібек жолын» құруға да қаржылық көмек көрсетеді.
Бас-аяғы 11 тарау және 60 баптан тұратын Жарғылық құжатта банктің алға қойған мақсаты, мүшелерінің мандаты, акционерлік капиталы, дауыс беру құқығы, операциялық қызметі, басқару құрылымы, шешімдерді қабылдау механизмі, т.б. нақты белгіленген.
Осы сияқты банкті құрушы елдер құрамы аймақтық және аймақтық емес деп бөлініп, олардың қаржы құю үлестері 75:25 қатынасы көлемінде болатыны көрсетілді. Демек, бұдан аңғаратынымыз, банктің жұмысында шешуші дауыс — аймақтық, яғни Азия елдерінің жағында болмақ. Дегенмен, қаржылық капиталға үлес қосуда әрбір мемлекеттің ЖІӨ көлемі ескеріледі. Келешекте мүмкіндік пен жағдайға қарай жарғылық капиталдың сомасы ұлғайтылуы немесе аймақтық елдердің үлес салмағының азайтылуы ықтимал. Бірақ, аймақтық елдердің үлес салмағы жалпы соманың 70 пайызынан кем болмауы тиіс.
АИИБ-нің жұмысын Басқарушылар кеңесі, Директорлар кеңесі және менеджмент жүргізеді. Билік құзыреті Басқарушылар кеңесінде болып, ол Директорлар кеңесі мен менеджменттің қызметіне басшылық жасайды.
Басты бір ерекшелігі, АИИБ банкінің басшысы болып, бес жыл мерзімге тек Азия елдерінің өкілі ғана сайланады. Сенімді ақтаған жағдайда оның өкілеттілігі тағы да бес жылға ұзартылуы мүмкін. Басшы болуға үміткерді Басқарушылар кеңесі таңдап, бекітеді. Сайлау ешбір құпиясыз, ашық түрде өтеді.
АИИБ банкі қызметін жартылай коммерциялық сипатта жүргізеді. Бастапқы кезде несиені егемен мемлекеттердің инфрақұрылымдарын дамытуға бөледі. Болашақта трастық қорлар құру арқылы аймақтағы елдердің үкіметтерімен бірлесе отырып, кредиттік кепілдік ала алмайтын инфрақұрылымдық жобаларды да қаржыландыру және Азиядағы дамушы елдерді әлеуметтік қолдау, зейнетақылық қорларына, инфақұрылымдық нысандарына қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылады.
Бұған қоса АИИБ Дүниежүзілік Банкі және Азиялық даму Банкі өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, бірін-бірі толықтырып отырады. Өйткені, аталған екі банк өз қызметтерін кедейшілікпен күреске арнап келген болса, АИИБ да инфрақұрылымдарды дамытуға қызмет ете отырып, жоқшылықты жоюға жанама түрде ықпал етеді.
2015 жылғы 24 тамызда Тбилисиде өткен жоғарыда аталған 57 мемлекеттің өкілдері қатынасқан кеңесте АИИБ банкінің президенті қызметіне Қытайдың бұрынғы қаржы министрі Цзинь Лицюнь сайланды. Банк президенті Цзинь Лицюннің мәлімдеуінше, алғашқы жобалық жұмыс 2016 жылдың екінші тоқсанында басталып, оған 1,5-2 млрд. доллар көлемінде несие беріледі. Алдағы 5-6 жылда несиенің мөлшері 10-15 млрд. долларға дейін арттырылады.
Алдымен қаражат энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, қаланы дамыту, логистика салаларына жұмсалады. Сонан соң білім, денсаулық, т.б салалар қамтылады. Банктің қаржылық әлеуетін арттыру үшін юань, АҚШ доллары, ағылшын фунт-стерлингі және жапон иенімен облигациялар шығарылады.
Банктің штаб-пәтері Пекинде орналасқан. Бүкіл іс-қағаздары ағылшын тілінде жүргізіледі.
Халықаралық банк болғандықтан, АИИБ өзін құрушы мемлекеттердің мүддесі және «Жібек жолы экономикалық белдеуі мен ХХІ ғасырдың теңіздегі Жібек жолы» жобасы шеңберінде шектеліп қалмай, қызметін одан әрі ұлғайта түспек.
Бір айта кететіні, АИИБ ашық қаржылық құрылым, оған Азия континетіне қоса бүкіл әлемнің дамуына мүдделі басқа да мемлекеттер мен экономикалық субъектілер мүше бола алады. Ол үшін банкті Басқарушылар кеңесінің елу пайыздан артық дауыс беру құқығына ие мүшелері мақұлдаған оң шешім қажет.
Жалпы АИИБ банкінің құрылуы Азия өңірінің экономикалық дамуына серпін береді, дамушы елдер оның қаржылық көмегімен инфрақұрылымдарын жетілдіріп, тұрақты да қалыпты дамуға қол жеткізеді, ал дамыған мемлекеттер өздерінің қаражаттық сұраныстарын қамтамасыз етіп, экономикаларын қалпына келтіруді ынталандыруға мүмкіндік алады деген үміт бар.
Көршілес Қытай елінде мұндай инвестициялық банктің ашылып, жұмыс істеуінің Қазақстан үшін де экономикалық маңызы зор. Осыны ескерген еліміз оған мүше болуға алғашқылардың бірі болып тілек білдірді. Сондықтан да өткен жылдың желтоқсан айында республика Парламентінің Мәжілісі, 14 қаңтарда Сенат Қазақстан Республикасы мен АИИБ банктің арасындағы келісім-шартты ратификациялап, бекітті. Осы Келісім-шарт бойынша Қазақстанның банктің жарғылық капиталына қосатын үлесі 0,7 пайыз, яғни 729,3 млн. АҚШ доллары болып белгіленген. Еліміз бастапқы кезекте мұның 20 пайызын, яғни 145,9 млн. долларын 29,2 млн. доллардан бөліп-бөліп төлеуі тиіс. Есесіне АИИБ-ке мүше болу Қазақстанның бірқатар инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру үшін тиімді де ұзақ мерзімдік несие алуына жол ашады.
Олай дейтініміз, ХХІ ғасырдың ірі жобасы саналатын Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистралінің Қазақстан жері арқылы өтетін 2787 шақырымы өз қаражатымызға қоса, Халықаралық қайта жарақтандыру мен даму банкі, Азиялық даму банкі, Ислам даму банкісі және Еуропалық қайта жарақтандыру мен даму банкі бөлген несиелердің көмегімен салынып бітуге таяу қалды.
Азия құрлығында ашылып отырған жаңа қаржылық ұйым — АИИБ туралы әрқилы пікірлер айтылуда. Біреулер мұны «өңірдің дамуына әсер етіп қана қоймай, әлемдік экономиканың ілгерілеуіне елеулі үлес қосады» деп үміттенсе, енді біреулер «АИИБ МВФ (Халықаралық валюта қорына) және ВБ (Дүниежүзілік банкке) бәсекелес болады» деген қауіп айтуда.
Бәлкім, қазіргідей жаһандану және жиі-жиі бас көтерген қаржылық-экономикалық дағдарыс жағдайында халықаралық банктердің өзара бәсекелесе жұмыс істеуі қажетті фактор шығар.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
«Алматы ақшамның» экономикалық шолушысы