ҚазИТУ-да Наурыз мейрамы аталып өтті

Жерімізге береке-бірлікті, ынтымақ пен бақ-берекені ала келген Наурыз мейрамы жақында ҚазИТУ-да аталып өтті. Бұл мереке университет басшылығы, оқытушы-профес­сорлар құрамы, Жастар ұйымдары комитеті мен студенттердің атсалысуымен жоғары деңгейде ұйымдас­тырылды. Оған ардагерлер, «Академқалашықтағы»  ҒЗИ ғалымдары, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы, Бостандық аудандық ішкі саясат бөлімі, «Рухани жаңғыру» Алматы қаласы кеңсесінің өкілдері, Алматы жоғары оқу орындары басын қосқан G-38 мүшелері, «Зерде-ҚазИТУ» олимпиадасы жүлдегерлері мен басқалар қатысты.

Мерекенің шымылдығын университеттің «Шабыт» би тобы «Шашу» биімен ашты. Сосын Елбасымыз Н.Назар­баевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттарды өзек етіп, Ұлы дала дәстүрін, ұлттық рухты және Астананың 20 жылдығын  жұрт назарына ұсынуды мақсат еткен студенттердің сахналандырылған қойылыммен мереке жалғасын тапты. Онда студенттер Күн мен Түннің теңеліп, жер дүниенің жаңаруын бейнелейтін сахналық көріністі көрсетіп, Біржан-сал, Қыз Жібек, Төлеген, Шеге сияқты образдарға еніп, Жер Ана мен Қыдыр Атаның ыстық лебіз, баталарын алып, тәуелсіз Қазақстанда еркін өсіп келе жатқандарын жеткізіп, көрерменнің ыстық ықыла­сына бөленді. Бұл ретте 100 студент ұйымдаса билеген қазақ биі «Қара жорға» жұрттың делебесін қоздырып, тамаша көңіл-күй сыйлады.

Одан кейін Қазақстан инженерлік-технологиялық  университетінің ректоры,  профессор Нұрлан Темірбеков пен мерекенің қадірлі қонағы екі дүркін Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің үйіндегі Орындыбике апамыз жиналған жұртты Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Одан әрі еліміздің 11 аумағын қамтып, 2300-ден аса оқушылардың басын қосқан «Зерде-ҚазИТУ – 2018» пән олимпиадасы жеңім­паздарын  марапаттау рәсімі жалғасын тапты.

Наурыз мейрамына қонақ ретінде әннен шашу шаша келген әнші Жігер Ауыпбаев  және ҚазИТУ өнерпаз жастары жұрт көңілін әсем ән мен көркем биге бөледі. Ескі оқу ғимаратының алаңында ұлттық нақышта киіз үйлер тігіліп, ҚазИТУ ұжымы мен барша қонақтар наурыз көжеден дәм татты және олар ақ дастархан басында  әндер шырқады. Әрі Алтыбақан теуіп, шаттықтан жүздері жайнап, «Арқан тартыс», «Қол күрес» сияқты қазақтың ұлттық ойындарынан жарыстар ұйым­дастырылды. Сөйтіп, мерекеде жеңіске жеткен студенттер мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапатталды.

 

«Ақшам-ақпарат».

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *