Қазіргінің қасіреті мен құпиясы

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры репертуарының қоржыны «Құпия» драмасымен толықты. Ана сүтімен қанына сіңген өзінің ана тілі – қазақ тілін мүлде менсінбейтін, ұлағатты ұстазын құрметтемейтін, байлығы үшін өзін басқалардан биік санайтын, батысқа еліктейтін  жас ұрпақтың бүгінгі бейнесін көрсететін қойылым дәл қазіргі өміріміздегі шындыққа негізделген.

Балнұр АХМЕТ

Қойылымдағы студенттердің әдепсіз іс-әрекеті, тәрбиесіздігі, менмендігі, адамгершілігінің аздығы, ұстазбен арадағы дөрекі қарым-қатынасы, мұғалімдерді сыйламайтыны, қоғамдағы адамның абырой-беделін оның байлығымен бағалауы, өмірлік құндылықтарды байлықпен өлшеуі әрбір көрерменнің жан-дүниесінде жағымсыз қасиеттерге деген жиренішін тудырады. Батысқа қарап бой түзеген, ой түзеген қазіргі замандағы кейбір жастарды адамгершілікке шақырады,  әдепсіз қылықтардан бойын аулақ ұстауға үндейді, қойылымдағы жағымсыз жастар тәрізді болмау керектігін жұртшылықтың жүрегіне жеткізеді. Білім беру жүйесіне, оқу орнының тыныс-тіршілігіне үңілдіріп, жастардың жүрегінде ұлттық рухты оятатын қойылым бүгінгі ұрпақ тәрбиесі мен ұстаз мәртебесі туралы терең толғандырады. Ұстаз бен шәкірттің арасындағы қайшылықты қарым-қатынасты көрсеткен қойылым қоғамда ұлағатты ұстаздардың беделін биік­тетіп, ертең қоғамның қозғаушы күшіне айналатын жастарды жақсылыққа жетелеуді көздейді. 

Қойылымның рухани өзегі – ұрпақ тәрбиесі

Ұлттық рухты бойға дарытатын – ұлттық тіл мен ұлттық тәрбие мәселесін арқау еткен қойылымның тағылымдық маңызы терең. Ұрпақ тәрбиесі – келешек ұлт тағдыры қойылымның рухани өзегіне айналған. Асыл құндылықтарымызды қастерлеуге, бағалауға, оларға құрметпен қарауға баулитын драманың авторы – «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының президенті Жәнібек Әлікен, қоюшы-режиссері Ерлан Кәрібаев.

Жәнібек Әлікен қойылымда ұлтқа ұстаздық ететін мұғалімдер мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты.

– Осыдан 1-2 жыл бұрын мұғалімдік салада жұмыс істеген едім. Сол жерде дәл осындай жағдай болмаса да, бірқатар қайшылықтарға, келеңсіздіктерге куә болдым. Ақылы оқу бөлімінде студенттерге лайықты бағасын қоя алмаған секілді мәселелер санама сыймағандықтан, жан бұлқынысынан осындай дүние шыққан еді. Ерлан Кәрібаев кеңейтіп, ауқымды дүние сахналапты. Автордың есіктегі басын төрге сүйрейтін де, төрдегі басын есікке сүй­рейтін де – режиссер. Бұл тұрғыдан Ерлан Кәрібаевтың еңбегі көңілімнен шықты, тіпті, мен айтқым келген көңілімдегі ойды да дәл жеткізе алыпты. Бұл пьесаның атауын қойған – спектакльдің қоюшы-режиссері. Менің жазған нұсқамда бұл аты жоқ пьеса болатын еді. Өйткені, мұнда қазақ тілінің, мұғалімдердің мәселесі бар, сондай-ақ, қоғамның үнсіз қалу пробле­масы көтерілгендіктен, сол кезде атауы қойылмаған еді. Қазір бұл пьеса «Құпияға» айналды. Қазір ол өзінің концепциясын тапты деп ойлаймын.

Ұлтқа ұстаздық ететін ұстаздардың белгілі бір дәрежеде шабарман болып шапқылап жүргеніне кінәлі кім? Мұға­лімдердің мойнына мініп алған адамдар ма, әлде мінгізген өздері ме? Кейбіреулерді мойындарына мінгізіп алған ұстаздардың өзі ме? Ойлап қарасаңыз бізді үйретеді деген білімді кісілер қазір сөйтіп жүр ғой. Қойылымның құпиясы міне осы өзекті де өткір мәселеге негізделген. Қойылымның құпиясын ашуды көрермен қауымның құзырына тапсырдық. Айта кетерлігі, бұл спектакль Ғабит Мүсірепов театрында сахналанған екінші туындым. Өткен жылы бұл театрда «Сиқырлы терезе» атты пьесам сахналанды.

Жалпы, театрдағы қазіргі қойылым­дардың ұрпаққа берер тәрбиелік тағылымы терең болуы керек. Біздің қоғамдық қоры­мыз білімді әрі иманды ұрпақ тәрбиелеу мақсатында жұмыс істейді, – дейді Жәнібек Әлікен.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық балалар мен жасөс­пірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды спектакль өзіндік өрнегімен ерекшеленетінін атап өтті.

– Әрбір спектакльдің өз өмірі, өз  кө­рер­мені болады. Бұл қойылым өзінің кө­рерменін табатын, оларға ой салатын, жақ­сы бағыттағы өзінің бір стилі бар спек­такль. Мұндай спектакль де біздің репер­туарымызға керек дүние. Тәрбиелік тағы­лымы терең қойылымда қазіргі кездегі жастардың дүниетанымдық көзқарасы, ұстаздармен қарым-қатынасы, ғылым-білімге, мамандыққа деген салғырттығы көрсетіледі. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны істейсің» деген даналық бар. Қанатын қатайтып, өмір белестерін бағындыру үшін жастар ұстаз­дармен жақсы қарым-қатынаста болып, білім нәрімен сусындап, жандүниесін біліммен байытқаны абзал. Қазіргі кезде оқу орындарында ұстазды тыңдамайды, ұстаздар дұрыс тәрбие бермейді деген тәрізді кемшіліктер кездесіп жатады. Шәкірт атаулы ғылым-білімге ұмтылу керек. Шәкірттерді білімге баулитын, балалықтан даналыққа жетелейтін ұстаз олардың санасына білім нәрін құйып, жастардың жан-дүниесін біліммен байыту керек. Себебі, ұстаз – болашақты тәрбие­лейтін тұлға. Бұл қойылымды тамашалауға келген көрермен кейбір заманауи жас­тардың бет-бейнесін көретіні күмәнсіз, – деді театр директоры Азамат Сатыбалды.

 

Санасы құлыпталған кейіпкерлер

Қойылымда қалтасы қалың, менмендік­ке бой ұрған шәкірттердің беделі ұлағатты ұстаздың мәртебесінен де биік қойылады. Себебі, спектакльдегі ұстаздар қауымы «Әр баланың оплатасы – мұғалімдердің зар­платасы» деген санасына сіңірілген қисық қағиданың шеңберінен шыға алмай өмір сүруге мәжбүр болады. Адамгершіліктен алыстаған, ұстазға құрметі азайған ұрпақ тәрбиесі алаңдататыны ақиқат. Ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасы туралы тол­ғандыратын қойылым қағазбастылық қасіретіне айналған ұстаздар қауымының жанайқайын жеткізеді.

Спектакльдің қоюшы-режиссері Ерлан Кәрібаев ұстаздың адам өміріндегі рухани маңыздылығын атап көрсетті.

– Адамның тұлға болып қалыптасуы ең алдымен білім беретін ортадан басталады. Адам ең алдымен өзінің отбасында тәрбие алады, екіншіден, адамды тәрбиелейтін институт – білім ордасы, мектеп, колледж, жоғары оқу орны. Ал ол жерде балаларға білім беретін кімдер? Мұғалімдер. Бұл спектакльде сол мұғалімдердің бүгінгі таңдағы жағдайы, білім беру жүйесіндегі бірқатар проблемалар көрсетілген. Спек­такльде санасы құлыпталған адамдардың бет-бейнесі көрсетілген. Бұл көрініспен «құлдық психологиядағы ұстаздар шәкірт­терін сол ұғым бойынша тәрбиелеп, олар­дың  санасында дәл сондай көзқарас қалып­тастырады» деген ойды көрерменге жеткізу мақсатын көздеген едік. Шынында да ойлап қарасаңыз, санасы еркін емес ұстаз шәкірттеріне ештеңе үй­рете алмайды ғой. Сондықтан мұғалім­дердің де жағ­дайына көңіл бөлгеніміз абзал. Спектакль соңында «Қоғамдағы бұл жағдайға кім кінәлі?» деген сұрақ туын­дайды. Бұл сауалға озық ойлы көрермен қауымның өзі жауап іздейді, өзі ойланады, – дейді қоюшы-режиссер Ерлан Кәрібаев.

Қойылымда басты кейіпкерлердің бірін сомдаған актер Дархан Сүлейменов сахнадағы Арманның рөлі кезінде «мыңмен жалғыс алысқан» Абайдың бейнесін көрерменнің көз алдына елестететінін жеткізді.

– Бұл қойылымда режиссер мен актер­дің ойы бір арнада табысып, қабыса кетті. Спектакльдегі сомдаған Арманның рөлі «мыңмен жалғыз  алысқан» Абайдың бей­несін елестетеді. Арман – қоғамдағы әді­лет­сіздікке, жалғандыққа қарсы жалғыз өзі күрескен кейіпкер. Театрымыздағы қойы­лымдарда бұрын махаббат кейіпкер­лерінің келбетін кескіндеген едім. Мысалы, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» спектаклінде Қозыны, «Қарагөз бен Сырым» спектак­лінде Сырымды сомдадым. Қазіргі кейіп­керім Арман – әділдік үшін күресіп, жан-дүниесімен алысып, қоғаммен күресіп жүрген болмысымен ерекшеленеді. Келешекте сахнадағы бұл кейіпкерімнің бейнесі биіктей береді деген үміттемін, – дейді актер Дархан Сүлейменов.

Ұрпақ тәрбиесінде жан сұлулығына, рухани сұлулыққа тәрбиелейтін театрдың тағылымы терең. Еліміздің ертеңін ұлттық құндылықтарымызды қадірлейтін ұлтжан­ды ұрпақ жалғайды. Ұрпақ тәрбиесі – бо­ла­шақ ұлт тағдыры болғандықтан, келе­шектің кірпішін қалайтын жастардың жан-дүниесін ізгі сезіммен нұрландыратын, ұлттық тамырына жақындататын құнды қойылымдар көбейе берсін!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close