«ҚАЗІРГІ ЖАҺАНДАНУ ЗАМАНЫНДА ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗ БЕН МӘДЕНИЕТІМІЗДІ ЖАС ҰРПАҚҚА ҚАЛДЫРУ ЕРЕКШЕ МАҢЫЗДЫ»

ЕЛБАСЫ ТҮРКІ ТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ VІ САММИТІНЕ ҚАТЫСТЫ

Нұрсұлтан Назарбаев  Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммитіне қатысу үшін Қырғызстан Республикасының  Шолпан-Ата қаласына барды. Сапар барысында Мемлекет басшысы  Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесіп, сондай-ақ ІІІ Бүкіләлемдік Көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне қатысты.

ІІІ Бүкіләлемдік Көшпенділер ойындары  спорттың 37 түрін, соның ішінде қырғыздың 16 ұлттық және басқа да көшпенді халықтар спортының 21 түрін қамтиды. Атап айтқанда, түрлі қашықтықтағы ат бәйгесінің 8, күрестің 13, дәстүрлі садақ атудың 5 және зияткерлік ойынның 3 түрінен сайыстар өтеді. Сондай-ақ, ит жүгіртіп, құс салатын ұлттық аңшылық ойындардан жарыс болады. Ойындарға әлемнің 60-тан астам елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады.

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммитін Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

– «Саммитте қол жеткізетін уағдаластық пен шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан әрі арта түсетініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа қалдыру ерекше маңызды екенін айтты.

– Осыған байланысты бүгінгі саммит ұлттық ойын түрлерін және жастар саясатын дамытуға арналып отыр. Жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Түркі кеңесіне төрағалық еткен кезеңдегі нәтижелеріне арнайы тоқталды.

– Біздің төрағалығымыз барысында ғылыми-ағартушы­лық жұмыстарға айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзербайжанның, Түркияның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілді. Түркі Академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталы іске қосылды. Туысқан елдердің тіршілік тамырын басып отыратын «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасы жүзеге асырыла бастады. Туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жоба іске қосылды. Бұл Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Түркі кеңесі аясындағы ынтымақ­тастық күш-жігерді жұмылдырып, өзара даму үшін елдеріміздің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, елдердің транзиттік әлеуетін пайдаланудың басымдықтарына тоқталды.

– Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан Түркі кеңесі көлік және теңіз әкімшілігі министрлерінің кездесуі аясында тариф саясаты мен әкімшілік тәртіптерді жеңілдету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуі керек, – деді Қазақстан Президенті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуына орай Мемлекет басшысы түркі халықтарының рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы  жобаларын әзірлеуді ұсынды.Түркі кеңе­сінің басқарушы органдарының қызметін оңтайландырып, тиімділігін арттыру мәселелеріне арнайы тоқталды.

 

 

КЕРЕК ДЕРЕК:

 

Мемлекеттер басшылары саммиттің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VІ саммитінің декларациясы.
  2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен оның орынбасарын тағайындау туралы шешім.
  3. Венгрияға Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім.

Мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылдады:

  1. Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы.
  2. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі.
  3. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты бірлескен мәлімдемесі.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *