Қазіргі психология тарихы

Түпнұсқадан ана тілімізге тұңғыш аударылып отырған  бұл оқулық ХІХ ғасырдың соңынан бастап күні бүгінге дейінгі аралықтағы психология тарихын  толық  қамтиды

«Рухани жаңғыру» аясында ана тілімізде жарық көріп отырған бұл жаңа оқулық (11-басылым) автор­лары  Д.П.Шульц пен  С.Э.Шульц. Еңбекте бұрынғы философиялық ой мектептеріне қысқаша тоқтала отырып, басты назарды психологияның жаңа және жеке-дара зерттеу саласы ретінде қалыптасуына тікелей қатысы бар кезеңдік маңызды материалдарға аударады.

Оқулықтың  мақсаты – психология­ның алғышарты болып саналатын бұрынғы философиялық еңбектерді жинақтап ұсыну емес, студенттерді қазіргі психология пәнінің даму өрісімен таныстыру. Психология тарихы адамдар­мен, идеялармен, ғылыми ой мектептері­мен, оларды жаңалық ашуға итермелеген жаңа заманның лебімен байланыстырыла отырып, талданады. Әрбір ой мектебі өзіндік тарихы мен әлеуметтік негізі бар қозғалыс есебінде қарастырылған және ретіне қарай жүйелі құрастырылған.

Оқулықта танымал тұлғалардың ғылымға қосқан үлесі жеке-дара емес, олар өсіп-өнген дәуірмен сабақтастырыла қарастырылады және бұдан жеке өмірлері де сырт қалмайды. Ал психология тарихындағы маңызды тұлғалардың «Өзі оқыған дәрістен» айдары арқылы берілген түпнұсқа дәрістері  ізденушілер үшін тың дүние. Психологиядағы әр бағыт ойшылдарының идеялары мен жаңалық­тары олардың өзіне дейінгі және кейінгі ғылыми идеялармен байланыстырыла зерттелген. Жалпы, қазіргі психология­ның даму сабақтастығы терең ашылып,  дәлелді баяндалады.

Еңбек 15 тараудан тұрады. «Психо­логия тарихын зерттеу» деп аталатын 1-тарау  қазіргі психология – психология­ның барлық саласын және барлық мәселелерді біріктіретінін түсінуге мүм­кіндік береді. Ол түрлі идеялар, теориялар мен тұжырымдамалар арасындағы өзара байланысты ұғынуға  көмектеседі.

Психология тарихы – драмаларды, трагедияларды, шынайы қаһармандық, революциялық өзгерістерді, күйзеліс пен шабыттану жағдайларын саралап жет­кізетін ғылыми зерттеулердің баяны.

Философияның психологияға ықпа­лына қатысты ХVІІ ғасыр мәдениетінің негізгі идеясы болған механицизм рухы –  детерминизм мен редукционизм ілімдері. XVІІ ғасырда маңызды болған ілімдерді зерделеу мен эксперимент арқылы тануды білдіретін эмпиризм бағыты ғылыми ізденістерді ғасырлар бойы қалыптасып қалған теологиялық көзқарастар мен әр  түрлі наным-сенімдерден ажыратуға мүмкіндік берген Рене  Декарттың еңбек­терінің үлесі. Оқулықта көзбен көруге болатын құбылыстар мен фактілерді ғана рас деп санайтын  Огюст Конт, ақылдың білімді қалай меңгеретінін зерттеген Джон Локк, түйсінуді жалғыз ақиқат деп есептеген Джордж Беркли, түйсіктер мен идеяларды тіршіліктегі жалғыз менталды элементтер деп санаған Джеймс Милль, қарапайым идеялардан түзілген күрделі идеялардың жаңа қасиетке ие болатыны жайлы айтқан Джон Стюарт Милль идеялары қарас­тырылады.

ХІХ ғасырдың ортасында философтар адам табиғаты туралы жаратылыстану ғылымының теориялық негіздемесін анықтады. Теорияны шындыққа айнал­дыру үшін сол тақырып бойынша сынақтар жүргізу қажет болды. Бұл сынақтарды физиологтар жүзеге асырды. Физиологияның алғашқы жетістіктері: сенсорлық нервтер мен жүйке жүйесін зерттеген Иоганн Мюллер; ми функция­ларын зерттеушілер  Пьер Флуранс,  Поль Брока, Франц Йозеф Галль еңбектері және жаңа психологияның зерттеу пәні болып есептелетін, санаға эксперименттік әдісті алғаш рет қолданған төрт ғалым – Герман фон Гельмгольц, Эрнст Вебер, Густав Теодор Фехнер және Вильгельм Вундттың эксперименттері туралы 3-тарауда әңгімеленеді.

4-тарау «Жаңа психология» деп аталады. ХІХ ғасырдың ортасында ғылыми әдістер психикалық құбылыстарды зерттеудің үйреншікті құралына айналды. Ағылшын эмпирикалық философиясы және астрономия жөніндегі еңбектер сезімдердің рөлін айқындаса, неміс ғалым­дары олардың функциялық аспектілерін сипаттады. Позитивтік «уақыт рухы» осы екі психологиялық мектептің жақын­дасуына ықпал етті. Осы мектептерді жаңа ғылымға біріктірген – «сана бір ой мен бір дүниені ғана қабылдай алады. Біз бір мезетте бірнеше құбылысты қабылдай алмаймыз. Біз оларды рет-ретімен ғана қабылдай аламыз» деген  заманының озық тұлғасы Вильгельм Вундт психология­сының дәуірі; жад пен оқып-үйрену қабілетін эксперименттік әдіспен зерттеген алғашқы психолог Герман Эббингауз, «тәжірибені құрылым ретінде және тәжірибені қызмет ретінде ажыратып қарау керек» деген пікірді ұстанған  Франц Брентано, «феномендер психоло­гияның дереккөзі болады» деген Карл Штумпф, «ойлау процесі сенсорлық жолмен немесе бейнені елестетусіз жүзеге асады, түйсік­тер мен бейнелер ойлау  процесі кезінде қосалқы рөл атқарады» деген қалпысыз ой теориясын ұсынған Кюльпенің Вюрцбург мектебінің психологтері туралы мәлі­меттерге осы тарауда; ал «Структурализм» тарауында Вундттың   психологиясы  оның шәкірті Э.Б.Титченердің жетек­шілігімен АҚШ-та қалай дами баста­ғанына қанық бола­сыздар. «Функциона­лизмнің қалыптас­уына әсер еткен жағдаяттар» (6-тарау) тарауында жануарлардың мінез-құлқын зерттейтін Чарльз Дарвин, Фрэнсис Гальтон және тағы басқа ғалымдардың еңбектеріндегі функциялық психология ағымы, өз идеяларын жетілдірген функциона­лизмнің жолбасшылары туралы, 7-тарауда функционализмнің дамуы мен қалып­тасуы, соның ішінде әйелдердің функ­циялық теңсіздігі де  кеңінен сөз болады.

Германияда Вундттан психологиялық білім алған Холл, Кеттелл, Уитмер, Скотт және Мюнстерберг заманынан бастап, АҚШ-тағы психология ғылымы ради­калды өзгерістерге ұшырайды. Тестілеу, мектеп және жоғары білім, клиникалық, кеңес беру, индустриалды және сот психологиясынан бөлек, тұтынушы, халық, қоршаған орта психологиясы, әлеуметтік, терапиялық, реабилитация­лық, отбасылық, спорттық, сауықтыру психологиясы және әскери психология, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары психологиясы пайда болады. Психологтер наркомания, дін, өнер, соғыс пен бейбітшілік, этникалық азшылықтар және т.б. мәселелермен айналысады.  Функция­лық психологияның жалғасы болып саналатын қолданбалы психология­ның  (8-тарау) тақырыбы – осы мәселелер.

Америкалық практикалық психоло­гияның мықты қозғалысы психологияда бихевиоризм ой мектебімен (9-тарау) күшейді. 35 жастағы психолог Джон Б.Уотсон оның көшбасшысына айналды. Тарауда психологияның жаңа жүйесін тұжырымдау үшін Уотсон сәтті біріктірген негізгі күштер – объективизм мен механицизмнің философиялық дәстүрлері, зоопсихология мен функция­лық психология Жак Леб, Эдвард Ли Торндайк және т.б. ғалымдардың зерттеулері арқылы; мінез-құлықты зерттеудің жаңа әдісі мен оны байқау және модификациялаудың жаңа әдістерін тауып, Уотсонды толықтыра түскен; «Тірі ағза құдды машина іспетті. Өте күрделі. Соған қарамастан, машина сияқты көнгіш және тіл алғыш»  деген көзқарасты ұстанған Иван Петрович Павловтың зерттеулері; жануарлар психологиясы мен бихевиоризмнің дамуындағы бірден-бір маңызды тұлға – Владимир Бехтеревтің зерттеулері әңгіме болады. 10-тарау бихе­виоризмнің дамуына (Джон Б.Уотсон) ұласады: бихевиоризм зерттейтін мәсе­лелер, Уотсон бихевиоризмін сынға алу (Карл Лэшли, Уильям Мак-Дугалл), Уотсон бихевиоризмінің психологияны дамытуға қосқан үлесі қарастырылады. 11-тарау бихевиоризмнің екінші кезеңі – необихевиоризм өкілдері – «Психоло­гияның ядросы – танымды зерттеу», «Мінез-құлықтың көп түрін, қандай күр­делі болса да, шартты рефлекс заңдарымен түсіндіруге болады», «Психология опера­ционизм принципін қабылдауы керек» деген ойлар айтқан Толмен, Халл және Скиннер, ал үшінші эволюциялық кезеңі – необихевиоризм немесе социо­би­хевиоризм кезеңінде Бандура мен Роттер­дің еңбектері когнитивті процес­терді зерделеуге қайта оралу мен ашық бихевиоризмге назар салуды құптаумен ерекшеленді.

Ғылым саласында өзіндік із қалдырған гештальт-психологияның өз заманындағы ең басты бәсекелесі – бихевиоризмнен айырмашылығы – өзінің жеке ерекшелігін сақтап қалуы. 12-тарау қамтитын мәселе­лер – гештальт-психологияның қалыптас­уына әсер еткен жайттар; физикадағы «уақыт рухының» өзгеруі; Фи феномені: Вундт психологиясына қарсы шығу (Макс Вертхаймер, Курт Коффка, Вольфганг Келлер зерттеулері арқылы);  гештальт революциясының табиғаты; гештальт-психологияның таралуы; Өріс теориясы (Курт Левин зерттеулері); гештальт-психологияның сынға ұшырауы.

«Психоанализдің пайда болуы» ата­латын 13-тарау психоанализдің қалып­тасуына  әсер еткен жайттар және «психо­анализ аспаннан дайын күйінде түскен жоқ, ескі идеялардан бастау алып дамы­ды» деп жазған Зигмунд Фрейд зерттеу­лерінен (Анна O. оқиғасы, Невроздың жыныстық қатынасқа байланысты себебі, Истерияны зерттеу, Балаларды жыныстық қатынасқа азғыру мәселесі, невроз және өз түсін талдауы, емдеу әдістері, психо­терапевт және дәстүрлі психология, психоанализ – мінез-құлық жүйесі, психоанализ және академиялық  психология: салыстыру, т.б.) тұрады.

«Қалыптасқаннан кейінгі психо­анализ» (14-тарау) – психоанализді ғылыми психологияның қабылданған бөлігі етуді мақсат еткен неофрейдистер (Анна Фрейд, Карл Юнг) зерттеулерін; әлеу­меттік психология теориялары: «уақыт рухының» қайта шабуылдауы (Фрейдтен кейінгі психоанализге айтарлықтай әсер еткен Альфред Адлер, адам болмысы туралы Фрейдтің көзқарасына қарсы өз көзқарасын ұсынған Карен Хорни) теориясын, тұлға теориясының эволю­циясы: гуманистік психологияны (мақ­саты адамның ең жоғары идеалдарымен жұмыс істеу болған Абрахам Маслоу, тәсілдемесі психоло­гиялық кеңес беруде және психотерапияда ықпалды болған Карл Роджерс), позитивті психологияны («біз позитивті психоло­гияны бұған дейінгі болған нәрселердің орнын ауыстыру деп емес, оларды жай ғана толықтыру және кеңейту деп көре­міз» деген  Мартин  Селигман)  қамтиды.

Соңғы тарауда  ой мектептерін електен өткізе отырып, психологиядағы когни­тивті қозғалысқа (Джорж Миллер, Ульрик Найссер), заманауи компьютер­лердің пайда болуына (информатиканың әкесі аталатын Алан Тюринг), когнитивті психологияның қазіргі ахуалына тоқтала отырып, психологияның  үздіксіз  дамуымен  таныстырады.

 

Зәуреш БАШБАЕВА,

Ұлттық аударма бюросының редакторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *