АЖЫРАСУЛАР ЕЛДЕ НЕГЕ КӨП?

Отбасын құру, ұрпақ сүю қазақ халқына тән қасиеттердің бірі.

Қазақ келіндері ешуақытта ер кісінің алдынан кесіп өтпеген. Ата-енесі мен күйеуінің қас-қабағына қараған. Баласын жылатпай, оны бесікке бөлеп, әлдилей білген. Ерте тұрып, сиыр сауып, малдарын өріске айдап, одан қайтқан жолда отын-тезек терген. Оны әкеп, ошағына от жағып, суын қайнатып, тамағын пісірген. Ошақтан  күл  шығарып, бәріне үлгерген. Тіпті, алыстан иінағашпен су әкеліп, кір-қоңын (мәшинасыз-ақ) жуып, шоқ салынған үтікпен киім тегістеген. Осының бәрін істей жүріп «мен пәлендей іс қылдым!», – деп міндетсінбеген.

Бүгінгінің келіндері ондай  «ауыр жұмыс» істемейді. Отын, суы үйге еніп тұр. Техника электр жүйесі дамыған дәуірде кір жуу, газ оты – бәрі оңай орындалады. Тіпті, баласын балабақша тәрбиелейді.

Сондықтан (кейбір) келіншектер кеш тұрып, айна алдында қас-кірпігін, шашын түзеп, тырнақ, ернін, бетін бояп, түске дейін әуреленіп жүреді. «Жұмысы жоқ­тық аздырар адам баласын» деп Абай ата­мыз айтқандайын, әлгі бикеш күйеуінің басқан қадамын аңдумен болады. Қалта телефонын ақтарып, оның «көңілдесі» бар-жоғын анықтауға кіріседі. Егер біреу-міреу барын сезе қалса, қызғанған әйелі «тергеу  істеріне» кіріседі. Мұның арты дау-жанжал, ұрыс-керіске ұласады.

Тіпті, келіспеушілік нәтижесінде ажырасып тынады. «Түкке тұрмайтын нәрседен ілік тауып, баланы ата-әже­сінен, әкесінен ажыратпайын!?» деген ой жас келіншектердің  ойына кіріп те шықпайды. Ол жағына: «Ей, қызым, барған жеріңе (үйіңе) судай сіңіп, тастай батып, ұсақ-түйекке бола ажыраспа!» деудің орнына шешесі қыз жағын жақтап: «Ішіме сыйған қыз, сыртыма да сияды!», – дейді де қызын (жиен немере­сін)  бірге ала кетеді. Ертең­гісін  сотқа арыз беріп:  «Күйеу бала, маскүнем!», – дейді де алимент өндіріп алғандарына мәз болып,  бөлектенеді.

Кеңес тарапынан енген махаббат еркіндігі қазақ жастарының (кейбірінің) миын улады. Олар некеге тіркелмей-ақ, «астыртын» төсек қатынасын жасады. Оның аяғы жүктілікке жеткізіп, туған баласына аяушылық-мейірімділік жасамай аборт жасатуға, оны әр жерге тастап кетуге дейін барды.

  1. Қыз «абыройынан» айрылды.
  2. Туылғаны (тірі қалғандары) тексіз ұл-қыз боп жетілді. Әкеден ажыраған бала ертеңгі күні ел қорғайтын жауынгер немесе жанұя басқарар әке боп жетілуі неғайбыл?! (Бұл күнде өгей әкеден (анасының 2-күйеуінен) немесе жетімдер үйінен тәрбие алғандар осының айғағы емес пе?) Ерлі-зайыпты ажырасқан күнде, сот жағы:  «Жас балаға әке барлығын (оның маскүнем еместігін байқап),  мейірімді ата-әжесі барлығын ескеріп (баяғы қазақ салты бойынша) әке қолында (2-3 жастан жоғары) баланы қалдыруға үкім шығарғаны жөн!» – дер едім.  (Оған мысал: немерем «ата, ата!» деумен кете барды. Келін баламнан  болмайтын  нәрсеге бола ажырасқан-ды).  Ал қазір сол баяғы «қатып қалған» совет (орыс) заңына сүйеніп, әйелдер жағын «жақтау» басым боп тұр. Еркек сорлының «аузы жесе де қан, жемесе де қан» боп, маскүнем атанумен келе жатырмыз.

Ал «әумесер» қыз махаббат отына «түсіп» айлакер жігітпен жыныстық қатынасқа түспесе екен? Алдымен жігітінің барлық жағына мән беріп (ата-анасы, мекен-жайын) толық білген жөн! Ал алдап кеткен жігіт болған күнде оны аямай  «соттау қажет!». Сол кезде дүниеде ажырасу азайып, тексіз ұл-қыз да болмайды.

 

Ахан ҚАНАҒАТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *