Ажырасу идеясының 80 пайызы әйелдерге тиесілі

Бұл мамандық иесінің қызметі сіз бен біз білетін мамандықтардан өзгерек. Бұл маманның алдына келіп кеңес алған адам ойын ғана емес, шешімін де, өмірге деген көзқарасын да 360 градусқа өзгертіп шығады. Әрі бұл маманның алдына көбіне отбасылы қыз-келіншектер барады. Барғанда да, «ажырасқым келеді» деген ауыр жүкті қол сөмкелерімен «көтеріп» келіп, қайтарында сол жүкті сондағы қоқыс жәшігіне тастап шығады. 

Біз 15 жылдық тәжірибесі бар психолог, отбасылық қарым-қатынас, бала тәрбиесі, тұлғалық даму саласы бойынша сарапшы-маман Құралай Калиевамен ажырасу мәселесі, әйел мен отбасы бақыты жайын қозғаған едік.

– Құралай ханым, 2016 жылы ажырасу бойынша Алматы қаласы бірінші орынға бір-ақ шыққан. Бұл мәселенің астарында не жатыр?

– Ажырасу дерегі бойынша біздің ел әлем бойынша алдыңғы қатардағы он елдің көшінде тұр, өйткені, қазақтың әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалуда. Алматы сияқты алып мегаполистегі тіршілік қарқыны жоғары болғандықтан, мұнда күнкөріс қамы үшін жанталас жоғары. Сондықтан отбасындағы береке мен үйлесімділік екінші орынға ысырылып қалды. Үйленетін жастар көбіне құмарлық пен ғашықтықты ажырата алмай жатады. Құмарлық – адамның биологиялық қажеттілігі. Қолжетпестей болған нәрсеге қолжеткізген кезде оған деген қызығушылығы төмендейді. Құмарлықпен қосылған жастардың бойындағы гормондар өз сабасына түскен сәттен бастап «бұл адамды қалай жақсы көрдім» деген ойлар келеді. Оның үстіне айналамызда ажырасу да көп болғандықтан, жастарымыз оны қалыпты жағдай ретінде қабылдауда. Мұның бәрі олардың психологиясына өз әсерін тигізуде. Ұят екінші орынға ысырылып кетті.  Дегенмен, бұл бүгінгі мәселе емес. Кеңес үкі­меті кезіндегі елу де елу саясаты отбасы мүше­лерінің үйлесімділігін бұзып кетті. Сол кездегі саясат еркек пен әйел теңқұқықты, еркек істеген жұмысты әйел де істейді, «сен мықтысың» деп әйелдерге шалбар кигізіп, темір тұлпарларға отырғызып, қолына қару да ұстатты. Механизатор, тың игеруші Кәмшат Дөненбаева, тракторшы Жадыра Таспамбетова­лар кезінде қаншама қыздарға «үлгі» болды. Соның салдарынан қазақтың әйелдері «мен де еркек сияқты өмір сүре аламын, мен одан кем емеспін» деп ер-азаматтың алдына түсіп, еркектермен тең басып шыға келгенде, Жаратушының әу баста берген нәзіктігі мен әлсіздігін ұмытып кетті. «Алдымен өз басымның қамын ойлаймын, менің бақытым бірінші орында» деген еуропалық көзқарасты ұстанатын да жастарымыз бар. Халық не естісе, соны бойы­на сіңіріп алып жатыр. Оның үстіне еуропалық үлгідегі кітаптарды дәл солай қазақ­шаға аударып, ұсынуда. Қазағым психология­лық тұрғыдағы білімге шөлдеп жүр. Бірақ қазақ­тың қазанында қайнамаған дүние жақсылық әкеле ме, бойы­мызға қона ма? Сүзгіден өткізе алған адамдар өткізеді. Ал жастарымыз ше? Олар сол бойы қабылдап, өзім-өзім деп өмір сү­ріп жатыр. Отбасылық өмірде де олар өзімшіл­дікке салы­нып, әңгімелері жараспай қалса, бірден екі жақ­қа кетуге дайын тұр. Отбасында бақытты бола­мын деген адам ондағы адамдар­дың бақытын ұйымдастырып алу керек. Жеке бастың бақыты одан кейін келеді. Өкінішті жағдай, ажырасу жылдан-жылға азаймаса, кө­бейіп келеді. Ащы да болса шындық, ажырасу идеясының 80 пайызы – әйелдерге тиесілі. Ер адамның ақы­лына көбінде ондай ой келмейді. Оны кезінде Мұхтар Әуезов «әйелдің басындағы сасық тұман айықпайынша, қазаққа жақсы­лықтың күні күліп қарамайды» деген. Әйелді дамытып, әйелді тәрбиелеу керек. Жүрек қа­лауымен немесе қажеттілікпен құрылған отбасы болса да, оны ойрандап, ажырасып, шешуге тиіс мәселені екі жаққа кету арқылы шешем деген пікір қате. Қандай қиын жағдай болса да, ажы­расамын деген отбасының шаңырағын шай­қалтпай, аман алып қалуға болады.

– Бүгінге дейін қазақта қалыптасқан отба­сы­лық институт қандай еді?

– Кез-келген қазақ әйелі ер адамды хан санайтын. Отбасында оның шығарған шешімі дұрыс па, бұрыс па оны талқыға салмай, орын­дайтын. Ер адам қателессе, «сенікі дұрыс бол­мады» демеген, қабылдаған, келесі жолы дұрыс шешім қабылдауына жәрдемдесіп, сенім біл­дірген. Әйелдер бастан алып, төске шаппаған. Қазақтың тәрбиесінде дастархан басына әкесі отырып бата жасамайынша, ешкім ас ішпейтін. Үйде анасы мен балалары әке­сінің қас-қабағына қарайтын. Шешелеріміз кез-келген жағдайда «әкең не дейді екен, әкеңнен сұрайық» деп соңғы сөз бен шешімді отағасынан сұрайтын. Ол кезде еркектің алдына түсіп, ақша жасаудан әйелдер  дәл бүгінгідей жарыспайтын.

– Дегенмен, бүгінгі заманның өмір сүру дең­гейі мен адамдардың өмірге көзқарасы белгілі бір трансформациядан өтуде. Отбасы мүшелерінің екі жаққа кетуінен қалай сақтануға болады?

– Қазақта «тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген жақсы сөз бар. Отбасылық өмірге сауатты түрде тәрбиелейтін мектептер, мамандар қажет. Ондай мектептер көрші Ресей мен Еуропа елдерінде жүйелі түрде жұмыс істейді. 200-300 адам жиналатын семинарлар өткіземін. Соңында әр адамға анкета толтыртамыз, сонда кем дегенде 20-30 адам «ажырасуға арыз беріп қойғам, сіз менің отбасымды аман алып қалдыңыз. Райым­нан қайттым, түсіндім» деген пікірлер оқимын. Маған келетін қыз-келін­шек­тердің көбі орта жастағылар. Немерелі бол­ғандар да ажырасамын деп келеді. Оған орыстар айтпақшы, орта жастағы дағдарыс себеп. Олар жүрекпен емес, ақылмен, есеппен өмір сүрген­дер. Жүрек тыңдалмаған­дықтан «ұйқыға» кетеді, ал ақыл күндердің күнінде шаршайды, ал адам есепке құрылған өмірден жалығады. Соңы сосын ажырасумен аяқталып жатады. Психо­логиядағы он бес жылдық тәжірибемде қазақ­тардан басқа, өзге ұлт өкілдері де «ажырасамын» деп келіп, шешімдерін өзгертіп қайтқандары көп болды. Кейбіреулер менің әлеуметтік желідегі парақ­шамды оқыса, кейбіреулері видеомды көріп, «ажырасамын деген ойымыз өзгерді» деп жазып жатады. Жеке қабылдауыма отбасымызды асыраймыз, күйеуіміздің бір жағына шығысамыз деп ақша қуып жүрген әйелдер де келеді. Күйеуіңізге әйел, сізге күйеу табылады, балаға өз әкесіндей әке табылмайды. Мейлі, әкесі уақытша жұмыс істемей үйде отыр­са да, ол ұлына әкелік энергиясын беріп отыра­ды. Туған әкесімен өскен бала психологиялық тұр­ғыда сау болады. Физиологиялық тұрғыда аман-есен қылып, материалдық жағынан тар­шылық көрсетпей анасы жалғыз өсіруі мүмкін, бірақ әкесіз өскен балалар рухани кемтар болады. Өмірде де байқап қарасаңыз, әкесі бар бала көшеде бір жағдайға тап болса, қорықпай батыл сөйлеп, алдыға атып шығады, ал әкесіз өскен бала тартыншақтап, артқа кетіп тұрады. Бала, ұрпақ үшін өмір сүретін халықпыз ғой. Кез-келген қиын жағдай болса да, отбасыны ажырасудан сауатты түрде аман алып қалуға болады. «Мен шешім қабылдап қойдым, ажырасамын, сіз не дейсіз» деп алдыма келеді. «Ажырас­пайсың деймін. Шыны­мен ажырасқың келсе, менің алдыма кел­мей-ақ шешім қабыл­дай­тын едің. Сен ажыраспа деп айтатын адам іздеп жүрсің, жауап іздеп жүрсің. Отба­сыңды қимай жүрсің, менің алдыма келген екенсің, ажырас­пайсың» деймін.

– Бизнесте ер-азаматтармен қатар жүрген отбасылы әйелдер өте көп. Оларға қандай кеңес бересіз?

– Бизнес жасап жүрген қыздар нағыз әйел бақытын, нәзік жан бақытын сезіне бермейді. Бизнес – еркектің жұмысы. Балаларының басы­нан сипап, күйеуінің тамағын пісіріп, үйде отырған әйелдің бақытын бизнесте жүрген әйелдер білмейді. Үйдің берекесін кіргізіп, сыртта жүрген күйеуінің тілеуін тілеп, үйдегі жағдайды жасап отырған әйелдер – нағыз әйелдер. Олар балаларының тәрбиесіне көңіл бөліп, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отыр. Егер бизнес жасап жүрген әйел болса, нәзіктігін жоғалтып алмауы керек. Өйткені, ер адам нәзіктікті көрген кезде ғана қамқор болады. Әйел­ге өзінің керек екенін сезінгенде ғана жағ­дайын жасайды. Егер ер адам әйелінің жағ­дайын жасамай жатса, ол әйелге нәзіктік нүк­телерін іске қосу керек. Жұмыстан шы­ғып үйге келгеніңізде «Бақытты әйел көй­легін» киіп алыңыз. Яғни жұ­мыста киіп жүрген бастық көйле­гімен үйге кірмеңіз, балаларыңның алдын­да анасы, күйеуіңнің алдында оның жары, енеңнің алдында ке­ліні екеніңізді ұмыт­паңыз. Бизнеске қа­тысты айт­сам, ме­ніңше қазақтың әйел­деріне бизнесті ба­лаларын аяқтан­ды­рып, істерге іс тап­па­ған кезде ғана жасау керек шығар. Бірақ олар келін тү­сіріп, немере тәрбие­леймін деп жүріп-ақ соған бар уақыты мен күшін сарп етеді.

–«Ақшам­ның» оқыр­­мандарына бақыт рецептісін ай­тып өт­сеңіз. Бақытты отбасы деген қандай отбасы? 

– Өзі бақытты әйел­дің отбасы бақыт­сыз болуы мүмкін емес. Бала кезіңізді еске түсі­ріп көріңізші, егер үйде анаңыз көңілсіз болса, сіз жадырап жүре алатын ба едіңіз? Әкеңіздің көңіл күйі болатын ба еді? Отбасындағы береке мен шырайдың ұйыт­қысы – әйел адам. Сондықтан бақыттың кілті – әйелде.

Ер адам өзін әйелге керек екенін сезінген кезде еркек сезінеді. «Қалай ойлайсыз» деп оның ойын, пікірін тыңдап, «сізден артық ешкім оның шешімін білмейді» деп жігер беру арқылы үнемі күйеуіңізді төбеңізге хан көтеріңіз. Әдетте енелер 100 пайыз жақсы келін күтеді, келіндер енесінің 100 пайыз жақсы болғанын қалайды. Соны армандап отырған адам өзі сондай 100 пайызға жақсы адам ба? Бірақ ондай идеалды адам жоқ өмірде. Кез-келген адамды оның кемшілігі мен артықшылығын қоса қабылдау қажет. Өйткені, сіз де, мен де, олар да кемшіліксіз емес. Адамдар бір-бірінің бойынан жақсы қабілетті көре білген кезде ғана бір-бірін ұнатып, сыйласып өмір сүреді. Психологияда энергия деген ұғым бар. Егер бір адамның бойынан жақсы қасиетті көрген адам болса, ол оған жақсы энергия жіберіп тұрады. Энергия көзге көрінбейді, бірақ ол бар дүние. Жақсы энергияны сезінген адам ол адам туралы да жақсы ойлап, жақсы энергия шашып тұрады. Сен жек көретін адамды жақсы көретін адам бар ғой, неге? Өйткені, ол адам оның бойынан жақсы қасиетті көре білді.

Қыз-келіншектер өзімізге көйлек алғанда әдетте жоспарды керемет жасаймыз ғой. Көйлектің түсі, ұзындығы, матасы, бағасы дегенді жоспарлаймыз. Оған мынадай әшекей тағып, мынадай макияж, шаш үлгісін жасаймыз деп үтір-нүктесіне дейін жоспарлаймыз. Ал енді отба­сылық өмір қымбат па, көйлек қымбат па?  Егер әрбір айға отбасыңызға қатысты жоспар жазып, қағазға түсіретін бол­саңыз, оның жүзеге асу жыл­дамдығы екі еселен­еді. Ниеттің баптауы дұрыс жаққа қарай болуы керек. Мұсылман халқында ниет дегеніміз – намаз оқу, тілек тілеу, дұға жасау, садақа берумен әдемі жүзеге асады. Жақында «Бақыттың кілті – әйелде» деген кітабым жа­рыққа шыққан. Оны Фран­цияда жүрген қазақтар инстаграмнан көріп, тапсырыс берді. Мұның өзі отбасындағы бақыт­тың қаншалықты өзекті әрі сұраныста екенін көрсетсе керек. Қазақтың әрбір қыз-келіншегі оқысын деп біз ол кітаптың электронды нұсқасын www. kuralay.kz  сайтына да салып қойдық. Бүгінге дейін оны 5000 адам жүктеп алған.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

 Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *