ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ орыс балуан достары

2212Қажымұқанның балуандығы жайында жеке дайындалған мақалам бар. Күрес ұйымына жаңа ғана келген Қажекең әлемге белгілі бірнеше чемпиондық атақтары бар балуандармен кездеседі. Алғашқы кезде қара күші мол, тәжірбиесі аз болғандықтан, біреуінен жеңіліп, біреуін жеңіп жүреді. Бертін келе орыс достары — И.Шемакин, И.Зайикин және И.Поддубныйлар өздерінің ақылдарын айтып, күрестің әдіс-айласын үйретеді.

Осы арада Иван Шемакин: «Мұқан, сенің қара күшің басым, қолың ұзын, нағыз балуан­дыққа жаралған жансың. Әттең, француз күресінің әдіс-айласын меңгермегенсің», – деген екен. Досының айтқанын екі етпей, француз тәсілі мен басқа күрестердің әдістерін меңгеріп алады. Ресейде, Еуропада жарыстар өтіп жатады. Қажекең кемеліне келгендей болады. Осы орыс балуандарына байланысты бастаған әңгімеміздің тоқетерін айтсақ, бәрінің (И.Шемакин, И.Зайи­кин, т.б.) алдында оқшау Иван Поддубный тұр­ғанда, басқа орыс балуандарынан жеңілді ме, жең­ді ме, оның аса маңызы жоқ. XX ғасырдың басын­да Ресейде, Еуропада болсын, орыстың бал­уаны Иван Поддубный «чемпиондардың чем­пионы» болғаны рас. И.Поддубный мен Қажы­мұқан, Ресей ақпаратына қарағанда, төрт рет кездеседі. Біріншісі – Санкт-Петербургте Форс паркінде (1907ж.), екіншісі – Санкт-Петербургте (1913ж.), үшіншісі – Орелда (1913ж.), төртіншісі – Тбилисиде (1913ж.). Ресми басылымдарда үш кездесуі тепе-тең, ал, біреуінде И.Поддубный жеңген болып шығады. И.Поддубныйдың осы жеңісіне күмәндімін. Иван Васильевич Аме­рикаға барғысы келіп, тастаңқырап кеткен күресін бастап, сол елге жолдама алғандардың бірі — Қажымұқанмен күреседі. Осы күресте И.Поддуб­ный жеңген болып жарияланады. Ал, Қажымұқан жеңгенде И.Поддубный, біріншіден, Америкаға бара алмайды, екіншіден, орыс балуандарының ұраны, қолға ұстаған туы қайдағы бір «Мұхану­радан» (Қажымұқаннан) неге жеңіледі?

Ресей империясының ұлттық идеологиясы кеңес идеологиясынан әккі болмаса, кем болмағаны белгілі. Қажымұқанды И.Поддубный ұпаймен жеңді ме, таза жеңді ме, ол басылымдарда айтылмаған. Қалай болса да, цирк шенеуніктері, күрес ұйымдастырушылары, төрешілері де өздерінің «патриоттық» қызметін жақсы білген. Оқырмандар ойын болжай алмаймын, менің өз пікірім И.Поддубныйды жеңген және бір емес. Сол кезде Қажекеңнің күрестеріне қанық — ақын Сәкен Сейфуллин.

Күресте СССР-да жеке-дара,

Талай дәу қыла алмаған ешбір шара,

Еуропа, Азиядан асқандар да,

Поддубный, Ганс-Гауан, Казбек Гора.

Шіркін, қандай теңестіру, әділетті бағалау.

Тағы бір «Боец» атты телеарнада грек-рим тәсілімен күрескен үш рет Олимпиада чемпионы болған Александр Карелинді «супертяж» деп жұма сайын көрсетіп, жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Ал, енді Александр Карелин — 120 келі салмағы­мен жалғыз ғана классика (грек-рим) күресінің чемпионы. Біздің Қажымұқан 130 келі салмағы­мен классиканың да (грек-рим), еркін күрес (вольная борьба), джюджица (жапон) күрестерінің чемпионы болғаны әлемге белгілі.

Бүгінде кәсіпқой күрескерлердің ішінде осы біздің Қажымұқандай 130 келіде «сумодан» басқа әр тәсілменен күресіп жүрген «супертяждар» бар ма екен деп теледидар арналарын күнде қараймын. Шынымды айтсам, жоқ, көре алмадым.

Бұл мақаланың бөлімін мен 2013 жылы жазған едім. Ал, Глеб Орловтың «Поддубный» кино­фильмі, бас кейіпкерінің рөлін ойнаған Михаил Пореченков экранға 2014 жылы тамыз айында шықты. Сол киноның басында көзді ашып-жұмғандай уақытта Қажымұқанның жалт-жұлт еткен портретін (суретін) көзім әзер шалып қалады. Одан кейін фильмнің негізгі мазмұнында Қажымұқанды түрік балуаны деп цирк аренасына шығарып, И.Поддубный оның желкесін үзіп, сұлық жатқан түрік балуанын кілемнен сүйреп алып кетеді. Жоғарыда жаздық қой, Қажекең мен И. Поддубный қай жылдары, қай жерлерде, неше рет күрескендерін және оның нәтижелерін. Оған талас болмау керек. Құжаттар мен көрген аза­маттар арқылы шындық сақталған, дәлелден­ген.

Бәрімізге тарихтан белгілі, сол кезде Қажы­мұқан Еуропа аренасында Ресей атынан, Шығыс әлемінің аренасында бір жылдары жапон- манчжур елдері атынан күреске қатысқан. Тарихи жазбаларда Қажымұқан атамыздың түрік балуаны болып күрескенін көрмедім. «Анау айтты, мынау айтты» дегенді естімедім. Ал, түрік балуандарымен кездесіп, Стамбулда – Нұраны, Парижде – Шәкірді жеңгені бірнеше естеліктерде жазылған.

Сценарийін жазған, ол кинофильмді қойған Ресей шығармашылық азаматтары Қажымұқан­ның қазақ халқының белгілі ұлы, батыры екенін жақсы біледі. Неге десеңіз, кинофильмді қойған Г. Орлов, оның бас кейіпкерін (И.Поддубныйды) ойнаған М.Пореченков Сұлтан Қожықовтың Қажымұқан атамызға арналған 1985 жылы Бүкілодақтық экранға шыққан «Знай наших» кинофильмін, әрине, көрген болулары керек. Онда И.Поддубныйдың рөлін Д.Золотухин ойнаған.

«Поддубный» атты киноны Алматы экранында көрген көп азаматтар таңқалып, не үшін Под­дубныйды биіктетіп, Қажымұқанды аласартқан дегені «Айқын» газетінде жарияланды. Белгілі ақын Төреғали Тәшенов ініміз: «Режисерлер түрік балуанына басқа есім таппай, Қажымұқанның атын таңдауы кездейсоқтық па, әлде қазақ батырын төмендету үшін әдейі істеді ме, ол жағын басып айта алмаймыз», – деп ренішін білдірді. Бұл жерде Төреғали мәдениетті түрде ойын жеткізген. Әр ұлт, әр халық өз батырының беделін көтеру үшін қарсыласының қабырғасын сындыру, әлде желкесін үзу керек. Тым арзан тәсіл.

Қажекең жайында 2000 жылға дейінгі жария­ланған ізденіс, естеліктер, тағы бір мақалаларды оқып, оның ішінде өзінің өміріндегі кейбір жазбаларды жасырып, жалған айтылған әңгіме­лерге көп авторлар сеніп, өз ойларын болжамдап қағазға түсірген. Мен де солардың бірімін. Бірақ, өзімше Қажекеңнің өміріне байланысты осы күнге дейінгі жарық көрген ақпаратты талдап, шындықты іздеп, көп уақи­ғаларды дәлелдеп, өз пікірімді білдірген болдым.

Қажымұқан мен Поддубныйдың өмірбаянына келсек, екеуінің өмірі бірдей сияқты. Теңестіру емес, орынды теңеу. Екеуі де қарапайым халық қатарынан шыққан. Қажымұқан Қоспа ауылы Ақмола уезі, Батыс-Сібір өлкесінде туған. Әкесі — қарапайым қазақ, малшы. Өзі малшы-жалшы болған. Руы – Ұзын Қыпшақ, арғы жағы Қара қыпшақ Қобыланды.

Поддубныйдың туған жері — Украинадағы Богодуховка селосы, Запорожья казак-орысы (казак). Әкесі — кедей шаруа, өзі — Севастополь портының жүк тиеушісі болған.

Қажымұқанның бойы – 186 см. салмағы – 130 келі, Поддубныйдың бойы – 184 см. салмағы – 118 келі.

Алған наградалары мен атақтары – Қажымұқан «Алтын Арыстан» және «Күн ордені» (1909 ж.) Парсы, Манчжур ризашылық ордені (1912 ж.), Ескерткіш медалі, Варшава мұсылмандарынан 1912 жылы алған Еуропаның чемпионы атты белбеуі. Поляк халқының королі өз белбеуінен алып, Алтын пластинканы Қажымұқанның белбеуіне қадаған. Қазақ даласының батыры атағын Қазақ автономиялық республикасы (1927 ж.) берген. Поддубный – Құрметті легион ордені (1911ж.), Ресей «Еңбек Қызыл Ту» ордені (1939ж.), Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, спорт шебері.

Қажымұққан 1929 жылы Новосібір қаласында сотталып, алты ай абақтыда отырады. Поддуб­ныйды 1920 жылы Одессаның төтенше комитеті соттап, түрмеге жабады. Екеуі де (Қажымұқан, Поддубный) күресті цирк арена­сынан бастап, 1941 жылы цирктің аренасымен қоштасады. Кәсіпқой күрестен кеткен (Поддуб­ный, Қажымұқан) ауыр тұрмысқа кезігеді. Уақытында алған наград­а­ларын, Қажымұқан Отан соғысының алдында, Поддубный – соғыс кезінде сатқан.

Қажымұқан мен Поддубныйды салыстыруға келмейтін де жерлері бар. Поддубный Ұлы Отан соғысы уақытында (1941 – 1943 ж.ж.) немістер жаулап алған Ейск қаласында тұрған. Немістер оған әскери ауруханаға (госпиталь) бильярд залын ашуға рұқсат беріп, сөйтіп Германияға айдалудан аман қалған. Қажымұқан 1943 жылы Жеңіс күнін жақындатам деп, өзі бас болып ойын-сауық өткізіп, одан тапқан ақшасына ұшақ жасатып, Ұлы Жеңіске үлесін қосты.

Келіспейтін тағы бірнеше жағдайлар бар. Кеңес одағы 1953 жылдан бастап Поддубныйдың мемориалын салады, 1962 жылы Поддубныйға естелік ретінде халық­аралық турнир өткізеді. 1972 жылы «И. Поддуб­ный» атты мұзжарғыш теплоход Феодосия теңіз портында қатарға қосы­лады. 2011 жылы Ейск қаласында Поддубныйға қоладан жа­салған ескерткіш орнатып, онда «Чемпион­дардың чемпионына» 140 жыл­дығына жолын қуу­шылар­дан ризашылық» деп жазылған. Ескерт­кішті классика күресінің чемпионы, жоғарыда айтқан Александр Карелин Новосібірден келіп ашты. Поддубныйға арналған төрт кинофильм жасалды.

Бізде жоғарыдағы И.Поддубныйға жасалған әрекеттердің бірі де жоқ. Бары – Астанадағы Қажымұқан атындағы кеңес өкіметі дәуіріндегі ескі стадион, «Знай наших» киносы. Басқасын айтпағанда, тым болмаса, Астана мен Алматыда бір үлкен көшенің ортасынан темірден, не тастан болсын, Қажымұқан атамызға арналған сұрапыл күшін, толық тұлғасын бейнелейтін ескерткіш болуы керек-ақ.

Қалиакпар ӘМІРЖАНОВ, дербес зейнеткер, мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері.

 

Қажымұққан 1929 жылы Новосібір қаласында сотталып, алты ай абақтыда отырады. Поддуб­ныйды 1920 жылы Одессаның төтенше комитеті соттап, түрмеге жабады. Уақытында алған наград­а­ларын, Қажымұқан Отан соғысының алдында, Поддубный – соғыс кезінде сатқан.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *