Қажылыққа алғаш барған қазақтар

img_1635

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Қасиетті Меккеде мұсылман елдерінің арасында қазақ ұлты тіркелмегендіктен зиярат етуге жіберілмеген Нұрпейіс Байғараұлы хазіреті көп қиындықты басынан өткеріп, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті негізінде халқымызға жол ашып, тиесілі жерді  алғанын тарихи деректер дәлелдейді 

 

Ұлтын жасырғандар бұхаралық сартпыз, не ташкенттік өзбекпіз дейді екен

 

Ақтөбе өңіріне жолымыз түскенде жергілікті халық өкілдері Қарғалы ауданы  «Қарабұтақ» ауылындағы ертеде тұрғы­зылған Нұрпейіс хазіреті көне мешітінің жаңартылып, ас берілгені, еліміздің түкпір-түкпірінен ел жинал­ғаны облыстағы елеулі оқиға болғанын айтып жүрді. Нұрпейіс хазіреті туралы бұрыннан баспасөз беттерінен оқып, ел аузынан естіген де едік. Машһүр Жүсіп Көпеев «Қазақ шежіресі» атты еңбе­гінде: «Орта жүзден Тобықты Құнанбай бастаған жиырма кісі, Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан қалпелер бар дейді. Қазақ мұнан бұрын бүйтіп бас қосып, қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып, арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері көзге түсерлік әр топтың қасқа мен жайса­ңы болғандықтан көргендер таңқаларлық болыпты. Ал оның Құнанбай қажымен бірлесіп салдырған тәкия үйін 1905-1906 жылдар аралығында қажылыққа барғанда көргенін, Досжан хазірет атында екенін Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы жазып кеткендігін» жазған еді.

Тарихи тақырыпқа көп қалам тербеген жазушы Дүкенбай Досжанов 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген көлемі 366 беттен тұратын «Абай айнасы» атты кітабында Нұрпейіс хазірет туралы құнды дерек­тер келтіреді. «Шәкәрім шежіресіндегі «Қажы марқұм тәкияны мен бастап алсам да Кіші жүз қажылары көп ақша берді деп еді» деген сөзге айрықша назар аударған жөн («Жұлдыз» журналы», 1991 жыл, №1). Шәкәрім шежіресінде, одан жәдитше жазулы қазіргі кирил­лицаға түсіргенде стильдік селкеуліктер кеткен. Ол сөйлемді былайша оқыған ләзім: «Қажы марқұм, яғни марқұм Құнанбай айтып отыратыны есімде қалыпты, ол кісі айтушы еді: тәкия жайды мен бастап салғызсам да, Кіші жүз қажылары жерге, құрылыс жабдығына көп ақша өткізіп, күш жұмсап еді» болып оқылуы қажет. Құнанбайдың әлгі тәкия жайды қалай салғызғаны, кімдер қолұшын бергені, қандай қиыншылықтар көргені туралы басқа деректер тапқан едік. Сол деректерге жүгінсек, әңгіменің түп төркіні, оқиғаның нағыз шындығы ашылып шыға береді. Енді оқырманды жаңадан табылған деректер ізіне түсіріп жетелеп, әңгіменің анық-қанығына көз жеткізелік. (Тәкия жай – қажылар түсетін қонақүй. Ө.Ө.).

Шымкент қаласының байырғы тұрғыны Мұқатайұлы Рахметолла «Меккедегі қазақ тәкия жайы» деген атпен төмендегі естелікті жариялады. Әлгі шағын естеліктің кітабы­мызға керек-ау деген жұлынды тұсын оқушы назарына ұсына кетелік. «Мен бала кезімде қазақ халқының шежіресін, атақты батырлар мен билерді, олар айтқан нақыл сөздерді жатқа білетін әкемнің ауыл ақсақал­дарына айтып отыратын әңгімесі – өткен ғасырдың соңында Кіші жүздің атынан Абайдың әкесі Құнанбай, қырғыз халқының атынан атақты Шәбден мырза­ның мұсылмандардың қасиетті қаласы Меккеде тәкия жайларды қалай салдырға­нын айтып отырғанын естіген едім. Әкем­нің айтуынша, ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ пен қырғыздан қажылық жасауға барғандар өз ұлтын жасырып, бұхаралық, ташкенттік сартпыз, не өзбекпіз деп айтады екен. Өйткені, қазақ пен қырғыз халықтары Меккедегі мұсылмандар тізіміне жазыл­май қалған көрінеді. Сондықтан, қазақ пен қырғыз өкілдерін қасиетті орынға зиярат етуге жібермеген. Осындай қорлық­қа шыдамаған Жайық бойындағы қарадан шығып, хазіреті дәрежесіне жеткен Нұр­пейіс молда қажылыққа баратын бірнеше кісілерді басқарып Меккеге жетеді. Бірақ Нұрпейіс хазіретті Қағбаға зиярат етуге жібермейді. Сонан соң қасындағылар еліне қайтып кетеді де, Нұрпейіс хазіреті Мекке­де қалып қояды. Соны­мен, ол қайыршылық жағдайда жеті жыл жат елде жүріп, қазақ пен қырғыз халықтарын Меккедегі мұсыл­мандар тізіміне енгізіп қана қоймай, Мұхам­мед пайғамбардың (с.ғ.с) өсиеті негізінде қазақ халқына тиесілі жерді алады».

Шөл төсіндегі пайғамбардың табаны тиген, құмы алтыннан, тұщы суы зәмзәм­нан қымбат ыстық жерді қалай иемденді деп іштей, әрине, қайран қаласыз. Хазірет­тің қажырын тасқа жанығандай табанды­лығы, бірбеттілігі кім де болса тәнті еткіз­гендей еді. Серіктері елге кеткен соң жат жерде қалтасы қағылып, жалғыз қалған хазіреті тек қана адал бейнетіне сенеді. Күн демей, түн демей тер төгіп еңбек етеді. Меккенің сыртындағы бір таудан күніне екі мес тұщы суды арқалап әкеліп, оның бірін базарға сатып, түскен тиынына тамақта­нады. Бір месін құм үстінде күнге шыжып отырған кемтарларға бөліп береді. Жеті жыл бойы белі бүгіліп, ыстық күнде меспен су тасиды, маңдай терін тамшылатып, самай шашы күнге ағарып жүріп жат елдің тілін, ғұрпын меңгереді. Ыстық күннің астында бүкшие ілбіп мес арқалап, су тасыған хазіреттің сұлбасын елестетіп көріңізші. Жеті жыл осылай. Неткен дүлей қайсар мінез десеңізші!

Тағы да жоғарыдағы естелікке жүгі­нелік.

«Арада біраз уақыт өткен соң Нұрпейіс хазіреті Меккеде зиярат ету үшін келген араб дін басыларының қабылдауында болады. Сонда Бағдат ханы Нұрпейістің тала­бын қолдаған екен. Қазақтарды қасиетті жердегі мұсыл­мандардың тізіміне енгізу, пайғам­бардың өсиетіне сәйкес оларға тәкия жай – қонақүй салу үшін жер бөліп беруге рұқсат етеді. Тәкия жай салуға бөлінген жерді алған бабамыз Нұрпейіс хазіреті оны теңдей төртке бөледі: қазақтың үш жүзіне және қырғыз халқына еншілейді. Кіші жүзден Жаппас руының ең бай адамы ақме­шіттік Мырқы мырзаны, Орта жүздің Тобықты руынан Құнанбайды, Ұлы жүзден Қасымбек датқаны, қыр­ғыздан Шәбден батырды таңдайды. Шәбден батыр қырғыз халқының ел басшысы болған Асқар Ақаевтың бабасы көрінеді.

Нұрпейіс хазіреті ең бірінші хабарды Жаппас Мырқы мырзаға жібереді. Сол дәуірде Кіші жүзде Мырқы мырзадан бай кісі болмаған екен. Оның байлығы­ның мөлшері жайында ағасы Аппаз мырза: «Мырқы мырзаның алтын ақшалары Еуро­паның ірі банктерінде жатыр. Түйелерінің өзі отыз тоғыз мыңнан қайтты» деп отыра­ды екен. Мырқы мырза бірнеше миллион­даған сом қаржымен қасына нөкерлерін ертіп, тәкия жай – қонақүй салғызуға Мек­кеге жүріп кетеді. Оның қасында араб тілін жетік білетін татар молдасы болған. Сол татар молдасы осы әңгімені 1901 жылы Кенесарының баласы Сыздық төре мен Ресейдегі Мемлекеттік ІІ думаға делегат болып қатынасқан бабам Мұңлыбекке айтқан екен».

Жаппас Мырқы мырза Кіші жүзге арнаған тәкия жайын үш жылда салып біті­ріпті. Айшығы әсем ғажайып жайды көріп тамашалаған Бағдат ханы тәкия жайды Нұрпейістің атымен атауды ұсыныс етеді. Сонда Нұрпейіс былай депті: «Бұл ғимаратты қаншама қаржы жұмсап салдыр­ған мына отырған сақы Мырқы мырза, бұл тәкия жай осы кісінің атымен аталғаны жөн» («Жас Алаш» 1933 жыл, 30 наурыз). Осы күнге дейін әлгі әсем ғимарат Мырқы мырза­ның атымен аталатын көрінеді. «Тас қашап, там салғанның аты қалады, қылыш қайрап, ұрыс салғанның басы жоғалады» деген сөз осындайдан шыққан, бәлкім.

Енді Орта жүздің ақылды адамы Құнанбайдың қасиетті жерге қалай барып, қалай үй салғызғаны туралы әңгімелеуді жөн көрдік. Құнанбай қасына аса жірерлі өжет мінезді Ізғұттыны ілестіріп, 1870 жылы Меккеге сапар шегеді. Жолда ат тұяғын күйдірген шөлден, құс қанатын талдыр­ған таудан өтеді, көп қиындықпен Меккеге жетеді. Меккеде өзге елден келген мұсыл­ман­дардың жататын үйі болады екен. Үйсіз, күйсіз босып жүрген тек қана қазақтар мен қырғыз­дар. Кейде арабтар­дың үйін уақытша жалдап тұрады, кейде көше бойында қонып қалады, көргендері азап пен мазақ. Осыны байқаған Керей Андамас мырза Көшербайұлы бір тайлақ пен дөнен шығар жылқы сатып алып сойып, бір үйге қазақ қажыларын қонақ етеді.

«Жалғанда қорлық қазақтың жата­тын үйінің жоқтығы екен. Дүние-малды несіне жинап жүрміз. Өлсек ертең бәрі қалады. Ретті жерінде кәдеге жарат­қанға не жетсін. Мұны айтып отырға­ным, осында келген қазақ қажылары шілдің қиындай пышы­рап, әркімнің үйіне қонып жүрміз. Бұл ат арылтып, тон тоздырып келгенде атымызға лайықсыз іс. Біздің соңымыздан талай жұрт қажылыққа келер. Олар біздің кебі­мізді кимесін. Сондықтан қазақ­тарға арнап үй салдырайық. Мен осында қалып, іс қылуға бекініп отырмын» дейді. («Меккедегі төрт үй», Рахымжан Отарбаев, «Парасат», 1992 жыл. №11). Бұл әңгімені жазушы Он екі ата Байұлының Жаппас руынан шық­қан Мінайдар Жарасбайұлының архивінен жазып алыпты. Осынау Андамас мырза­ның сөзіне Құнанбай, Жансары Уақ Түйте Нұрекеұлы, Ағытай Қосшығұл Шопанұлы, Он екі ата Байұлының Жаппас руынан Мінайдар Жарасбайұлы бой көрсетіп, мақұл көреді. Дұрыс сөзге бас изейді. Басқа қажылар: «Ақшамыз сарқылды, елге аман-есен жетсек болды» деседі.

«Содан бес қажы Меккенің әкіміне жолығып, бес үйдің орнын, құрылыс материалдарын сұрайды. Алғашқы екі үйдің орнын жасымыз үлкен деп Құнанбай мен Түйте иеленеді. Үшінші үйдің орнын қарашаңырақтың иесімін деп Мінайдар иеленеді. Андамас пен Қосшығұлға орын қаланың шетінен тиеді. Құрылысқа қажетті заттар да осы ретпен бөлінеді. Үйдің іргетасын салған­да Түйте қажы ауырып қайтыс болады. Өлер алдында ол кісі барлық қаражатын Құнанбайға тастайды… Сонымен, қазақ қажыларына арналған бір мәрмәр, үш кірпіштен салынған төрт үй бітеді. Әркім өзі салдырған үй­дің маңдай­шасына аты-жөнін жазды­рады».

Бірінші естелікті айтқан кісі «Әкем­нің аузынан естідім» деп шежірелеген Мұқатайұлы Рахметолла. Бұл әңгімеде қазақ қажылары үшін арқа еті арша, борбай еті борша болып, меспен су тасып жүріп, жер сұрап алған Нұрпейіс хазіреті. Екінші естелік архив шаңының арасынан алынды, оны жарыққа шығарған Рахым­жан Отарбаев, барша әңгіме сол деректен тарқатылып жазыл­ғаны мәлім. Мұнда Меккедегі қонақ­үйіне арналған жерді алуға және үй салуға күш салған Андамас Көшербай­ұлы болып суреттеледі. Екі әңгіменің де тоғысар тұсы – уақыт кезеңі, тәкия жайдың 1870 жылдардың басында салынуы, осынау қажылар түсетін ғимарат үйдің біріне Құнанбайдың иелік етуі еді. Қалай айтсақ та, Құнанбай заманынан иығы оза туған, қолы ашық, елі үшін қам жеген қарым­ды, қажырлы кісі Нұрпейіс қажымен таныс-біліс болуы да әбден мүмкін. Андамас Көшербайұлымен жат жерде мұңдас, сырлас, қанаттас болғаны тағы мәлім.

 

«Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығын алған

 

Қасиетті Мекке жеріне алғаш табаны тиген Нұрпейіс хазіреті – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауат­тылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым болған. Нұрпейіс Байғара­ұлы қазіргі Батыс Қазақстандағы Шыңғыр­лау ауданының Қаратөбе, Томар­өткел елді-мекенінде дүниеге келген. Атақты ғұлама 1817–1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейін білімін жетілдіру үшін Бұхарадағы «Көгілташ» медресесінде алты жыл оқиды. Одан соң араб елінің Шам шаһарында төрт жыл оқып, елге оралады. Елге келгеннен кейін Петер­бургке барып, Ақ пат­шаның қабылда­уында болады. Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін, діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзен­дерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді. Сол жылы жаз ортасында бұрынғы ұлы қорым, атақонысын тастап, Нұрпейісті жалғыз жібермейміз деп, Қар­жаудың төрт ұлы – Байғара, Қосуақ, Жұрын, Меңдібек – Шың­ғырлау, Қоңырат деген жерлерден қоныс аударған. Хазірет ата Шыңғыр­лау­дан көшіп, Қия деген жерде екі жыл қыс­тайды. Қазіргі «Қызыл партизан» ауылында ескі мешіт бар. Кезінде Нұрпейіс хазіретінің қолында «Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлы­ғы болған екен. Қия деген жер ұнаңқырамай, ата әрі қарай жайлы жер іздейді. Елек бойындағы Көкі тамасы Есет әулиенің басына келіп, дұға қылады. Сол жылы Бестамақ деген жерде киіз үйде қыс­тайды. Жаз шыға, мал төлдеп болған соң, тағы да қоз­ғалып, Ор өзені бойындағы Ақсу-Шиелі деген жерге орналасады.

Қоныс таңдау Нұрпейіс атаның еркіне берген жерлер: Жайық сағасы, Елек бойы, Ор бойы, Қарғалы өзен бойы болатын. Нұрпейіс Байғараұлы Жағалбайлы ақса­қал­дарының, соның ішінде сол кездегі Жетіру жеріндегі Дербісәлі Беркімбаев болыстың «Біздің жерге молдалық құрып отырыңыз» деген шақыртуы және халықты оқытып, сауаттандырамыз деген ұсыныс жасауы бойынша 1864 жылы Ор өзені басындағы Ақсу-Шиелі деген жерден 14 үй болып, қазіргі Қарғалы өзенінің бойына, «Қарабұтақ» ауылына көшіп келеді. Бұл ауыл екі өзеннің – Жақсы, Қарғалының бас жағындағы Ащылсай саласының тоғысқан жерде орналасқан, табиғаты әсем, шұрайлы жер еді. Ата жаңа қоны­сында 16 жыл тұрады. Нұр­пейіс хазіретінің жайлау, қыстауларын осы уақытқа дейін халық пайдаланып келеді. Нұрпейіс хазіреті «Қарабұтақ» ауылына қоныстанған соң мешіт салу жұмысын бастайды.

 

Нұрпейіс хазіретінің жаңарған мешіті

 

Ақтөбе өңіріне сапарымызда осындай тарихи ірі тұлға Нұрпейіс хазіреті өмірінің соңында тұрған, халықты имандылық жо­лына түсіруді мақсат етіп, мешіт тұрғызған, өзінің сүйегі жатқан «Қарабұтақ» ауылына арнайы бардық. «Қарабұтақ» ауылы кешегі кеңестік кезеңде «Қазақстанның 30 жыл­ды­ғы» кеңшарының №3 бөлім­шесі болған екен. Кешегі кеңшардың кезіндегі 60 үйдің жиырма шақтысының ғана тұрғыны бар. Мал ұстайды, егісін егіп, өнімін сатады, несие алып, қаладағы балаларын оқытады. Тіршілігі қайнаған базарлы ауылдан қалғаны қырдағы еңселі мектеп пен Нұрпейіс хазіреті тұрғызған мешіт қана. Бізді Қарғалы ауданындағы «Степной» ЖШС-нің төрағасы Аманқос Сансыз­бай­­ұлы мен мамандығы мұғалім, «Ше­жіре» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Меңзада Тоқтарова бастаған ауыл тұрғын­дары қарсы алды. Олар әуелі Ақтөбе өңіріндегі ертеден келе жатқан көне тарихи ескерт­кіштердің қатарына жататын Нұрпейіс хазіреті мешітіне алып келді. Өткен ғасыр­дың басында тұрғызылған имандылық орталығы кешегі кеңестік кезеңде талай құқайды басынан өткерген екен. Сол кездің саясатын жүргізетін клуб, кейіннен мал қора мен астық жинайтын қойма болған. Бертінде мектептің спорт залы да болыпты. Ауылдан 2007 жылы мектеп тұрғызылған соң ұзақ жыл азып-тозып бос қалған. Еліміз егемендікке қол жеткізген тәуелсіз­дік жылдары иман­ды­лыққа бет бұрған ел көне мешітті бастапқы қалпына келтіру туралы ойлана бастайды. Ауыл қарттары мешіт­тің іші-сыртын тазалап, намаз оқитын орынға айналдырады. Сол қария­лар­дың көпшілігі өмірден өтіп, қатары сиреп те қалған. Араға талай жыл салып, көнеден келе жатқан тарихы бар, елдің ынтымақ-бірлігі жолында қызмет етіп келе жатқан ауыл мешітін күрделі жөндеуден өткізуді осы елдің азаматы Аманқос Сансызбай­ұлының ұлы, кәсіпкер Төлеуов Қайрат Аманқосұлы  қолға алды. Нешеме қиын-қыстау заманды бастан өткеріп, мал қамалып, қойма да болған, қаншама құқайды көрсе де сүйегі асыл мешіттің іші-сыртын, төбесінің шатырын заманауи үлгіде жаңалап, төңірегін қоршап, абаттандырып, Алла тағаланың ғибадатхана­сына айнал­дырды. 2017 жылдың 22 қыр­күйегінде күрделі жөндеуден өткізілген Нұрпейіс хазіреті мешітінің жаңадан ашылу салта­наты болып, еліміздің түкпір-түкпі­рінен, Ақтөбе өңірінен жұртшылық өкілдері көп жиналды.

Бүкіл саналы ғұмырын халқының жарқын бола­шағына арнаған, қанша азапты күндерді басынан өткерсе де алдына қойған мақса­тына жету үшін асқан қажырлы­лықпен еңбек еткен хазіреті атамыз өзі мешіт тұрғызып, елдің басын құраған ауылдың іргесін­дегі қорымда қалған шаруаны кейінгі ұрпағына аманат етіп тапсырып, жаны жай тауып жатқан жәйі бар.

 

Алматы–АқтӨбе–Алматы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *